Жарты ғасырлық тарихы бар комедия

0
3515

Әуезді әуен мен қыран күлкі тоғысқан Шәкен Аймановтың аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильмі – Кеңес Одағы кезінде түсірілген қазақ комедиясы. Талай көрерменнің жүрегінен орын алып, әлі күнге дейін көпшіліктің ерекше ықыласына бөленіп жүрген кинотуындының жарық көргеніне биыл 52 жылға аяқ басты. Өкінішке қарай, «Тайлақтың анасы» – Әмина Өмірзақова 2006 жылы өмірден өтсе, күні кеше «Тайлақтың өзі» – Әлімғазы Райымбеков өмірден озды. Осынау қаралы күні «Qazaq» газеті  жарты ғасырдан астам тарихы бар комедия мен оның кейіпкерлеріне тоқталады.

КИНОДАҒЫ КЕЙІПКЕРЛЕР

Фильмде күні-түні табанын тоздырып келін іздеген Тана апа мен табиғатынан қызға қыры жоқ Тайлақтың бейнелерін Айманов алыстан іздеген жоқ. Кинодағы Тана да, Тайлақ та өмірде болған адамдар. Олар Шәкeн Aймaнoвтың өзінен кейінгі інісі Кәукеннің жұбайы Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекованың анасы Айнакүл мен туған бауыры Сакко.

Бacынaн тaқияcы түcпeйтін бaлacынaн «қaйыp жoғын» түcінгeн aнacы Aйнaкүл кeлін іздeyді өз қoлынa aлaды. Тyыcтapы Шәкeнгe «Дaйын cюжeт қoй. Ocы тypaлы кинo түcіpмeйcің бe?» дeп жиі aйтaды eкeн. Ocылaйшa, Шәкeн cцeнapиcт Зиcкиндпeн біpігіп, «Тaқиялы пepіштe» фильмінің cцeнapийін жaзaды. Сөйтіп, біртуар режиссер Шәкен Айманов тамаша көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызықты сюжетімен есте қалатын ерекше «Тақиялы періште» атты фильмін 1969 жылы жарыққа шығарды. Арада қанша уақыт өтсе де, картина үлкендердің ғана емес, жастардың арасында да қызығып көретін комедияға айналды. Ал, кейіпкер арасындағы диалогтар мен актерлер айтқан афоризмдер жұрттың жадында жаңғырып, көрерменнің әлі де көкейінде сақталды.

ТҮСІРІЛІМ БАРЫСЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТАР

Дәл ocы фильмдe Шәкeн Aймaнoв aлғaш peт «кaмeo» элeмeнтін қoлдaнып, біp эпизoдтa peжиccep oбpaзын coмдaйды. Фильм барысында алпысыншы жылдардағы Алматы қаласын, сол кездегі жастардың болмысын көрумен қатар Александр Зацепиннің «Ты куда, Одиссей?!» әні мен Ермек Серкебаевтың орындауындағы бірқатар әндерді тыңдауға болады.

Фильмге Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Али Исмаилов, Шолпан Алтайбаева, Раиса Лунева, Юрий Саранцев, Мұрат Ахмадиев сынды «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты әртістер түскен. Ал, басты кейіпкер Тайлақ рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков кәсіби актер емес. Ол облыстық колхоздардың бірінде механизатор болып қызмет атқарған қарапайым шаруа адамы еді.

«Тақиялы періште» бағын ашқан ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, атақты актер Әлімғазы Райымбеков өткен аптада 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Әлімғазы Сұмағұлұлы 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауылда жүргізуші болып бастаған. 1965 жылы алғашқы «Ән қанатында» фильмінің спорттық іс-шараларына шақырту алады. 1966 жылы «Қилы кезең» фильміне түседі. 1968 жылы қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақтың рөлін сомдайды. Осы кезден бастап жұртшылыққа кеңінен танылады. Сонымен қатар, «Көгілдір такси», «Қан мен тер» секілді оннан аса фильмге түскен. 

Әлімғазы Райымбеков өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Кез келген іс-шараларда ақ батасын беріп, ел амандығын тілеп жүретін, немере-шөберелеріне үлгілі азамат еді…

Енді түсірілім барысындағы қызықтарға тоқталсақ.

Фильмнің coңғы эпизoдтapын түcіpep кeздe Aлмaтыдa қap epіп кeтіп, Шәкeн Aймaнoв кoмaндaмeн Peceйдің Cвepдлoвcк қaлacынa aттaнyғa шeшім қaбылдaйды.

Фильм сюжеті бойынша Алтыншаштың тапсырысымен басбұзарлар Тайлақты бассейн маңында ұрып кетеді. Бассейнде су болмай, өрт сөндіруші машиналар шақырылып, бассейн 4-5 машина суымен толтырылады.

Медеудегі конькиші қыз рөлін белгілі спортшы Людмила Воронина сомдаған.

«Тақиялы періште» киносы жарыққа шыққан соң, ауылдан қалаға келетін қазақ жастарының саны артқан.

Фильмде Бибігүл Төлегенова «Мама» әнін шырқап тұрғандай түскен, дегенмен, әннің негізгі орындаушысы – Бақыт Әшімова.

РАЙЫМБЕКОВ ТАЙЛАҚ РӨЛІН СОМДАУҒА НЕГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ?

Күні бүгінге дейін көгілдір экраннан түспей келе жатқан «Тақиялы періште» комедиялық жанрында басты рөлдерді сомдаған актерлер фильм туралы естеліктерінде төмендегідей толғанады.

«Қазақ киносының анасы» атанған актриса Әмина Өмірзақова көзі тірісінде айтқан өзінің бір естелігінде: «Кино өнеріндегі алғашқы қадамдарымнан кейін, күндердің бірінде Шәкен әзілдей тұрып, мен үшін комедиялық рөл жазылып жатқанын айтты. Содан кейін ешқандай ойын-қалжыңсыз «Тақиялы періштенің» сценарийімен танысып шығуды ұсынды. Бұл мені қуантты әрі қобалжытты, өйткені комедиялық рөлде ойнап көрмеп едім. Шәкең көңілімді демеп, «Сен сан алуан типаждар жасауға жаралғансың» деп күлді», – депті.

Шәкен Айманов Айша мен Тайлақты Әзіржайбан Мәмбетовтің «Ән қанатында» фильмінің түсірілім алаңында байқаған.

«Бұл фильмге түсемін деген үш ұйықтасам ойымда болған жоқ. «Алдыңғы киноларға түскен тиын-тебенімді алайын» деп, киностудияға барсам, дәлізде Шәкен аға тұр. Мені көре салып, «Бері кел» деп шақырып алды. «Ассалаумағалейкүм, аға!» деп сәлемдескенім сол еді, жетектеп кабинетіне алып кірді. «Бала сенің рөліңді жазып, нүктесін қойып, әкелдім. «Тақиялы періште» музыкалық комедия, басты рөлді өзің ойнайсың», – деді. «Аға, мен әртіс емеспін, сеніміңізді ақтай алмасам, сізді ұятқа қалдырамын ғой!» – деп едім. «Оттама, шық кабинеттен, бірақ ертең сағат 10-да осы арада бол, рөліңді аласың» деген соң, «Жарайды» деп, дәліздегі орындыққа жамбасымды басып ойланып отырғанымда, ары өткен, бері өткендер «бірі шабан, тағы бірі бірдеңе» деп мені  келемеждеп тұмсықтарын шүйіре қарады. Содан ызаға булығып, Шәкен ағаға қайта барып: «Мен киноға түспеймін, қайтамын», – дедім. Шәкен аға: «Елдің аузына екі елі қақпақ бола алмайсың, сөздерін естігің келмесе, құлағыңа мақта тығып жүр. Көп сөйлеме, киноға түсесің, дайындал!» – деп райымнан қайтарды. Бұл фильмді жеті айдың ішінде түсірді», – деген еді көзі тірісінде кинодағы Тайлақты сомдаған Әлімғазы Райымбеков.

«Фильмдегі әрбір эпизодтың ел жадында жатталып қалу сыры нағыз халықтық қасиеттің көрсетілуінде болар. Мұнда ұлттық менталитет сәтті қамтылған. Аңғал да жасампаз, өмірге құштар қазақтың жан әлемі тұңғиық тереңнен, ішкі нәзік иірімдерден соншама бір тылсым шуақ арқылы суреттеледі. Елдің мінезі сүрбойдақ баласын аяқтандырамын деп шарқ ұрған қарапайым әйел образы арқылы ашылады. Мұнда қазақ халқының үлкенді сыйлау, кішіпейілдік сияқты озық салт-дәстүрі кестеленеді. Режиссер елдің рухын көтеретін, ұлттық сананы дәріптейтін дәл осындай фильм қажет екенін жақсы түсінген.  Мұнда өзге де ұлттардың жайсаң адамдары көрініс береді. Демографтар осы фильмнен кейін ауыл жастары Алматыға ағылғанын дәлелдепті. Яғни, олар үлкен, жарқын өмірге ұмтылған. Адам болуға талаптанған. «Тақиялы періште» табысының басты «құпиясының» бірі – режиссердің туындыға жанын салғанында шығар. О кісі ешқашан да ақшаны алдыңғы кезекке қойған емес еді. Шәкен аға туған елін шексіз сүйген азамат еді», – деген Айшаның рөліндегі актриса Шолпан Алтайбаева «Тақиялы періште» фильмінің өміршеңдігін осылайша түсіндіріп, талантты режиссердің осы фильмде Италия режиссурасы стилін ұстанғанын айтады.

«Туындының сәттілік сыры режиссердің айрықша қолтаңбасында жатыр. Шәкен Айманов фильмге кәсіби емес адамдарды тартты. Драма артистері басқаша ойнаған болар еді. Қимылдары театрланып, біртүрлі жасанды шығуы мүмкін. Шәкең Италия режиссурасының стилін таңдап алған. Олар массовканың өзін қалың ел ішінен іріктейді екен. Театр басқа. Экранға бөлек ойын керек. Кәдімгі өмірдегідей. Табиғи. Шәкен фильмінің жасампаздық мәні осында. Айша рөлі маған аса қиынға түскен жоқ. Онда бір керемет драма ойналды дей алмайсың. Өзімді өмірде қалай ұстасам, солай жүруге тырыстым», – деген еді актриса.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұлы кинематограф Шәкен Айманов – әр кезеңнің тынысын тамыршыдай тап басып, сол уақыттың атмосферасын кинолентаға шебер сыйғызған сайыпқыран. Режиссердің «Тақиялы періште» фильмі жарты ғасырдан бері көрермендердің көзайымына айналды. Елу жылдан асса да, бұл көркем туындыны көрермен әлі іздеп көреді. Күліп отырып ойланады. Сюжеттік желі жеңіл болғанымен, айтар ойы терең. Аты аңызға айналған фильмнің кейіпкерлері халыққа етене жақын болғандықтан, көрерменнің жүрегінде әлі ұзақ өмір сүреді. Мейірім мен жылулыққа тұнып тұрған туындының өміршеңдігінің сыры да осында болса керек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here