Допинг дауы: Ильин, Подобедова, Чиншанло, Манеза… енді Рахимов

0
3014

Соңғы жылдардағы допинг дауы ауыр атлетиканың түбіне жететін болды. Дегенмен, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОҚ) 2024 жылғы Париждегі ойындарда ауыр атлетика додасының өту-өтпеуін әлі нақтылаған жоқ. Бірақ, Токиодан кейін ауыр атлеттер Олимпиадамен коштасуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түсетінін, ауыр атлетикадағы даудың басы допингтен басталғанын бұған дейін «Qazaq» газетінде жазған болатынбыз (Қараңыз: «Ауыр атлетиканың ауыр жағдайы», №49, 08.12.2020).

Ауыр атлетикадағы кез келген жаңалықты қалт жібермей отырғанымыз рас. Өйткені, соңғы үш Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынын медальмен толтырғандар негізінен осы зілтеміршілер болды. Мәселен, 2012 жылы Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда, төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Бірақ, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын ХОК-ке қайтарып берді. Сөйтіп, соңғы үшеуінің 2012 жылғы Олимпиадада, алғашқысының қос бірдей Олимпиадада (2008, 2012) көрсеткен жетістіктері жоққа шығарылса, біздің ауыр атлеттердің Рио-де-Жанейрода (2016) жеңіп алған марапаттары әзірге өздерінде қалды. «Әзірге» сөзі бұл жағдайда артықтау болмас, себебі сол кезде алынған допинг-сынамалардың сақталу мерзімі тек 2026 жылы бітеді, ал оған дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Яғни, тыйым салынған заттарды анықтау әдісі ұдайы жетілдіріліп отырады. Айтса айтқандай, 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионы Ниджат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстардан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Ол «2016 жылы зәр талдауын алмастырды» деп айыпталып жатыр. Ал, айыпталған ауыр атлеттердің ешқайсысы ақталмағандарын ескерсек, онда ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасында алған жалғыз алтын медальді қайтарып беретін түріміз бар. Бұған дейін де допинг дауына байланысты Ниджат Рахимов спорттан шеттетілген еді.

Ниджат Рахимов кім? Әзербайжаннан неге кетті? Қазақстан азаматтығын қашан алды? Енді осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.

2016 жылы Рио Олимпиадасында 77 келіде ерлер арасында өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлет Ниджат Рахимов топ жарғанда «Бұл Олимпиада чемпионын осы жұрт біле ме екен?» деп мақала жазғанбыз. Жұрт білмесе, қайталап айтайық, әзербайжандық Ниджат Рахимов 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алды. 2015 жылдан бері спортшы халықаралық ареналарда Қазақстанның намысын қорғап жүр. 2015 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында Әзербайжанның тумасы 77 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленіп, Қазақстанның туын көкке көтерді.

Рас, Қазақстанның ұлттық құрамасында легионерлердің қатары өте көп. Әсіресе, ауыр атлетикада (көбі кейін допингпен ұсталды). Өз елінде жағаға шығып қалған балықтай күй кешкен сол спортшылардың басым бөлігі өз елдеріне ренжіп Қазақстанға қоныс аударды. Бұл «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегенге саяды. Ал, оларды Қазақстан халқы жатырқаған жоқ. Федерация бар жағдайларын жасады. Ішкендері алдында, ішпегендері артында болды. Қазақстан бұл легионер спортшыларға кәдімгі инвестиция ретінде қарады. Кейбірінің қайтарымы мол болса, кейбірі үмітті, кеткен шығынды ақтамады. Бұл тақырып енді өзге мақаланың өзегі болса керек.

Қазақстан азаматтығын алмай тұрып та Ниджат Рахимов Әзербайжанның атынан біраз жетістікке жетті. Айталық, 2010 жылы Сингапурде өткен жастар арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. 2013 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінде екінші орын алды. Сонымен қатар, ол Татарстан астанасы Қазанда өткен 2013 жылғы Универсиада ойындарында Әзербайжан елінің туын ұстап шыққан. Бірақ, бұл бәсеке барысында бірінші жаттығудың өзінде зілтемірді төбесіне көтере алмай, жүлдесіз қалады. Осыдан кейін ауыр атлеттің спорттағы аяқ алысы нашарлай бастайды. 2014 жылдың басында «Ниджат Рахимов Қазақстан азаматтығын алады» деген әңгіме спортшы әкесінің әзербайжандық БАҚ өкілдеріне берген атышулы сұхбатынан соң шыққан болатын. Мұндай шешімді спортшы ауыр атлетикадан Әзербайжан құрамасының бапкерлерімен сөзге келіп қалған соң қабылдаған екен. Бұдан кейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы бұл спортшыға қолқа салады. Рахимовтың азаматтық ауыстыруына байланысты Қазақстан мен Әзербайжан ауыр атлетика федерациялары арасындағы келіссөздер ұзаққа созылды. Бірақ, екі тарап бітімге келіп, Әзербайжан тарапы Ниджаттың Қазақстан атынан бәсекелерге қатыса беруіне келісім берді. Содан әзербайжандық ауыр атлет 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алды.

Қазақстан атынан 2015 жылы әлем чемпионы болған ол 2016 жылы Олимп шыңын бағындырды. Біздің легионер жеңілуді білмейтіндей көрінген 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, рекордсмен қытайлық Люй Сяоцзюньнің жолын 2015 жылы Хьюстонда да, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода да кесті.

Иә, атағынан ат үркетін қытайлық қарсыласын жеңген Ниджат Рахимов Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлерін марапаттау кезінде еңіреп тұрып жылады. Бұл қуаныштың да, өкініштің де көз жасы шығар. Неге десеңіз, чемпионның қуанатыны – атақты Люй Сяоцзюньнің алдын орап, қоссайыс қорытындысында рекордты жаңартып, Олимпиада чемпионы атанды. Яғни, ең алдымен кезінде өзінен сырт айналған Әзербайжан ауыр атлетика федерациясына, туған еліне мықтылығын сөзбен емес ісімен дәлелдеді (осыған сенгіміз-ақ келеді). Ал, біздің ойымызша, Рио төрінде өз елінің атынан өнер көрсетуге, Әзербайжан туын көкке көтеріп, әнұранын шырқатуға мүмкіндіктің болмағанына өкінді.

Сол Рио Олимпиадасында Әзербайжан халқы Ниджаттай алтын ұлынан айырылып қалғанына өкініш білдірді. Ал, Әзербайжан ауыр атлетика федерациясы кезінде Рахимовтың мықтылығына сенбегендері үшін, спортшыдан сырт айналғандары үшін бармақтарын шайнағандары да анық еді.

Ниджат Рахимов Олимпиада чемпионы болған 2016 жылы  Әзербайжанның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ол туралы түрлі басылымдарда, порталдарда жарыса жазып, телеарналарда жарыса көрсетіп, радиоларда жарыса айтып жатты. Бәрі де спортшының Олимпиадада бұл алтын медальді Әзербайжанның атынан алмағанына, кезінде оның Қазақстан азаматтығын алуына жол бергендеріне өкініш білдірді. Олар Ниджат Рахимовтың Қазақстан туының астына өтуіне сол кездегі ауыр атлетикадан Әзербайжан ұлттық федерациясының басшылығын тікелей кінәлады.

Sportbox.az порталының жазуынша, Ниджаттың туған елінен Қазақстанға кетуіне ауыр атлетикадан Әзербайжанның сол кездегі бас бапкері Златан Ванев тікелей кінәлі.

Болгар маманына өкпесі қара қазандай болған Әли Рахимов баласының Қазақстан азаматтығын алуына ауыр атлетикадан Әзербайжанның сол кездегі бас бапкері Златан Ванев кінәлі екенін ашық айтады. Өз кезегінде сол тұстағы бас бапкер спортшының әкесі айтқан бұл айыптаулармен мүлдем келіспейтінін, бәріне Ниджаттың өзі кінәлі екенін, тәртіпке бағынбағаны үшін ұлттық құрамадан шеттетілгенін алға тартыпты.

Иә, Златан Ванев пен Әли Рахимовтың арасындағы айтыс-тартыс ұзаққа созылды. Екі жақтың да өз шындығы болды. Екі тарап бір ортақ шешімге келе алмады. Жоғарыда жазғанымыздай, ақыры Ниджат Рахимов Әзербайжанның ұлттық құрамасынан шеттетілді. Артынан ауыр атлет Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің атынан халықаралық жарыстарға қатыса бастады.

Өкінішке қарай, Ниджат Рахимовтың Қазақстанда сәтті басталған спорттағы ғұмырына нүкте қойылатын түрі бар. Әрине, ауыр атлетке қатысты соңғы сөзді Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) айтады, түкпілікті шешімді Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қабылдайды.

Ниджат Рахимов допинг дауына байланысты өзінің Instagram парақшасында «Кеше кешке менің атыма жарияланып жатқан айыптар жөнінде хабарлама алдым. Меніңше, мұндай жаңалық кезекті жарысқа дайындалып жатқан кез келген атлет үшін тосын оқиға болары анық. Маған қандай да бір тыйым салынған затты қабылдағаным үшін айып тағып отырған жоқ. Кез келген кәсіби спортшы ретінде маусым бойы мен бірнеше рет допинг сынамасын өткіземін. Кіші дәретіме ары қарай не болатынын мен білмеймін. Одан арғы шаруа бізді тексеретін тестілеуші органдардың жауапкершілігінде. Мен қол қусырып, бөтен адамның айыбын мойныма алғалы отырған жоқпын. Жеңіске жеткен күні мыңдаған қазақстандықтың қуанғаны мені шабыттандырды. Менің сенімді достарым ретінде бүгін де мен сондай қолдауға ие боларыма күмәнім жоқ. Мен адал спортты қолдаймын. Әзірге Халықаралық тест агенттігіне түсінік беруім керек», – деп жазды.

Ауыр атлеттің ақтығына сенгіміз-ақ келеді. Дегенмен, Ильин де, Подобедова да, Чиншанло да, Манеза да кезінде солай айтқан, солай ақталған…

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here