Ахаңның өмір жолын ту еткен өлкетанушы

0
4151

Біз бүгін сөз еткелі отырған кейіпкеріміз аз сөйлеп, қыруар жұмыс атқаратын, айналасына әркез қамқор болып, халқына шын жаны ашитын азамат. Ол игі істердің басы-қасында жүретін ұйымдастырушы, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөзді терең түсініп, әманда берік ұстанады. Ибраһим Ағытайұлы – Тобыл-Торғай өңіріне белгілі ұстаз, журналист, өлкетанушы.

Өзім ерекше қадір тұтып, құрметтейтін Ибраһим ағамыз туралы мақаланың тақырыбын ұзақ ойландым. Мұны оқығанда болмысынан қарапайым, көзіне мақтаса, ыңғайсызданатын Ыбекеңнің не дейтінін алдын ала сезіп отырмын. «Ыбеке, туысқан атаңыз, «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлының іздеушісі ретінде ахметтанудың бастауында, алдынғы легінде жүрген Сіздің еңбегіңізге лайықты баға беретін уақыт жетті. Ол туралы біз айтпағанда, кім айтады?!» – деген жауабымды да дайындап қойдым.

Жапан түзде көкке қасқая біткен алып, биік өскен ағашқа шыжыған аптап ыстық та, дүлей дауыл да әсте қорқынышты емес. Қандай сынақтарға да төтеп беріп, орнынан мызғымайды. Алыс сапардан оралған жолаушы тамырын тереңнен тартқан осындай бәйтеректен сая табады. Өмір аталатын керуенде де рухы асқақ нақ осындай жандардың кездесетіні бір ғанибет. Ондай жандар тағдыр тезіне ешқашан мойымайды. Керісінше шарболаттай ширығып, шамырқана түседі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Жангелдин ауданының Құрметті азаматы, текті жердің тумасы Ибраһим Ағытайұлы туралы осылайша толғануға толық негіз бар.

Ыбекеңнің ғұмырынан сыр шертсек, ағамыз небір тарихи тұлғалар шыққан киелі Ақкөлдің ардақ тұтар төл перзенттерінің бірі, Ахаңның түп бабасы болатын Үмбетей батырдың ұрпағы. 1942 жылдың 11 қарашасында Қостанай облысына (бұрынғы Торғай облысы) қарасты Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында туған. Оның өмірдерегін шолып өтсеңіз, оқиғаға толы әдеби шығарма оқығандай күй кешесіз.

Кітап демекші, Ыбекеңнің қаламгер қауымына да жаттығы жоқ. Олай деуіміздің себебіне тоқталсақ, оның ұшқыр ойынан өрілген  «Ортақ өмір арнасы», «Бабамыз – бекзат данышпан» атты кітаптарын оқырмандар жақсы бағалаған болатын. Журналистиканың ауылынан да алыс емес Ыбекеңнің Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Аңсатқан Ахаң елі», «Ахаң – ұлттық руханияттың ұлы тіні», «Ахаңды қудалау бабасынан басталған» сияқты мақалалары танымдылығымен бағалы.

Әдетте, «өткен күнде белгі жоқты» жиі қайталаймыз. Неге болмасын?! Туған елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосуды өмірлік қағидасы санаған, осы жолда адалдықтан аттамаған аға буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті аз деймісіз. Тек тыңдар құлақ, ұғар зерде табылсын деп тілейік.

Сонымен, Ибраһим ағамыздың өмір жолынан үзінді келтірсек, атам қазақтың «Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген нақылы көпке мәлім. Бұл Ыбекеңнің балалық шағында шынашақтай бала болса да сотқарлау өсіп, соңынан есейе келе мінезді, жігерлі азаматқа айналғанына байланысты айтылғаны хақ. Сол мінезі мен жігері алға сүйреді.

Ыбекең 1960 жылы мектепті бітіргелі тұрған мамандық таңдау кешінде ауылда қалып, әкесі сияқты жылқышы болуды шешеді. Оқуын бітіріп, көтеріңкі көңіл-күймен ауылға келсе, үйіне алыстан қонақ келіп, ағайын-туыстары құшақ жая қарсы алып жатады. Ауыл болып күткен қонақ – Үмбетей руына жиен болып келетін, Тобыл-Торғай өңіріне белгілі Мұса-Шегеннің ұрпағы, Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы болып істейтін Кәрім Ещанов екен. Құрметті қонақ нағашыларының елінде бірнеше күн жатып, кетерінде нағашыларына бір сыйлық жасайын деп ойлаған болар, қолына су құйып айналшықтап, естіден жеткен қариялардың есті сөзіне құлақ түріп жүрген боз балаға көзі түсіп, «мына бала маған оқуға келсін» деп, Ағытай нағашысына қолқа салады. Ауыл қариялары да жиеннің бұл таңдауына қарсы болмай, жас балаға батасын береді. Сөйтіп, «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, жылқышы болам деген ақкөлдік жігіт ойда-жоқта Торғайдан Қызылордаға оқуға баратын 18 баланың бірі болып шыға келеді.

Сол кездегі Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) қабырғасында білімі қатарластарынан кем емес екенін түсінген ол оқуға ерекше құлшыныспен ден қояды. Осы кезеңде аталмыш жоғары оқу орнында қазақтың атпал азаматтары абыроймен қызмет атқарды. Жоғары білім алуға белін бекем буған Ыбекең сол кездегі филология ғылымының  корифейлері – қазақтың алғашқы кәсіби шығыстанушыларының бірі, профессор Әуелбек Қоңыратбаев пен профессор Кәрім Ещанов секілді ұстаздардың алдын көріп, олардың білім нәрінен сусындап, жақсы тәлім-тәрбие алды.

Сыр еліндегі студенттік шақ өте шығып, 1964 жылы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ филология факультетін бітіріп, еңбек жолын туған ауылында орта мектепте мұғалімдіктен бастап, директордың тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Қызметі жемісті болып, партия қатарына қабылданып, жас коммунистердің қатарына қосылды.

Жас маманның ауыл төңірегіндегі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүруі ортаға тез танытып, жағымды етті. Ыбекеңнің бойындағы ұйымдастыру қабілеті аудан басшыларының назарын бірден өзіне аударды. 1970 жылы партия таңдауымен Жангелдин аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылып, көп ұзамай Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. 1976 жылы Жоғары партия мектебін аяқтаған соң елге оралып, шамалы уақыт аупарткомда нұсқаушы болып істеп, көп ұзамай Жангелдин аудандық кәсіподақтар ұйымын басқаруға жіберілді.  

1979-1985 жылдар аралығында ауаткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, ауылдық кеңестердің жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыруда біраз тер төкті. 1985 жылы партия жұмысын қайта құру кезеңі басталғанда Ибраһим Ағытайұлының партия, кеңес және кәсіподақ қызметінде жинақтаған мол тәжірибесі ескеріліп, ауданның іргелі шаруашылықтарының бірі Шилі кеңшарына партком хатшысы болып сайланды. Осы жұмыста жігерлі әрекетімен көзге түсіп, партияның ең төменгі буыны – шаруашылықтағы бастауыш ұйымының жұмысын талапқа сай жүргізіп, жариялықтың қалыптасуына өз үлесін қосты. Ыбекең осындай жігерлігінің арқасында қандай қызметте болса да, жүктелген міндетіне жауапкершілікпен қарап, абырой биігінен көріне білді.

Көпшілік Ыбекең деп қадірлеген ардақты азаматтың адамгершілігі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуден жалықпайтын қарапайымдылығы кім-кімге де болсын үлгі болды. Осы орайда сот және адвокат қызметінің ардагері, туысқан інісі Жанабай Исмайловтың айтқан мына сөзі ойдан кетпейді: «…Алдыңда Ыбекеңдей туысшыл, әркез қамқор, жанашыр ағаңның болғаны қандай жақсы. Ағадан үлгі алған мен туысқан інілеріме де дәл сол кісідей аға бола алсам деп ұмтыламын».

Иә, бұны туысқан інілерінің атынан Ыбекеңе берілген баға деп қабылдауымыз керек.

Қазіргі биіктен қарап отырсақ, Ыбекең елде қызметте болғанда замандас аға-інілерімен жақсы сыйластықта болғанын көреміз. Атап айтқанда, Сүйінов Манаш, Жүнісов Сапабек, Алматов Орекен, Шаймағанбетов Тұрсынбек, Жармағанбетов Тұрсынбек, Құлпейісов Еркін, Қонқабаев Аңсаған, Ғабдрахманов Ғарыпжан, Ибраев Олжа, Бектұрғанов Рақымжан, Шаханов Сапар, Шайзин Қайыржан, Әбілқайыров Ғалымбек, Дулыбаев Сүлеймен, Оспанов Сұлтанғали, Шаймағамбетов Серікбай, Ахметжанов Рауыл, Ғапбасов Балықбай, Қайралапов Баеке, Ахметжанов Қосылбек, Ғабдрақов Бақыт, Нұржанов Ахметқали сияқты азаматтармен жақсы қарым-қатынаста болып, үлкен-кіші демей өзара түсіністікті бағалай білді. Кейбіреулерімен әзіл-қалжыңы да жарасымды еді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, өзінен үш-төрт жас үлкен, тілі мірдің оғындай Рекеңмен – Рақымжан Бектұрғановпен Ыбекеңнің әзіл-қалжыңы сырт көзге жарасымды көрініп, бір-бірінің беделін түсіретіндей зияны жоқ әзіл болатын.

Елде жүргенде Ыбекеңнің қызметтік мансабында өрлеу мен құлдырауда болып, бір сүрініп, бір тұрған кездері де болғаны рас. (Ол өз алдына бөлек әңгіме). Сол кезде дәуірі жүріп тұрған ел ағасының қаһарына ілігіп, ауданнан тысқары жерге көшуге де мәжбүр болды. Ақыры жазып-сызуға  қабілетінің арқасында журналистік қызметке ауысып, тоқсаныншы жылдары Әулиекөл аудандық «Әулиекөл тынысы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеді. Сол жылдары Сейіт Кенжеахметов, Байтұрсын Ілиясов, Сабыржан Шүкіров, Әмірхан Абдуллин, Жақсылық Жүнісов, Серік Шайман, Болат Әлденов, Жұмабек Жанділдин секілді торғайлық сөз ұстаған жақсылармен тығыз қарым-қатынаста болып, шығармашылық  достық орната білді. Аудандық газетте қаламын жаттықтырып, кеңінен көсіле алды. Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданып, жеңіл тілмен жазған мақалалары жергілікті және орталық баспасөзде жарияланып, әр жазғанын оқырман назарынан тыс қалмайтындай шеберлік танытты.

«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа!» деген нақыл сөзді басшылыққа алған Ыбекең еліміз азаттық алған жылдары елге оралып, Байтұрсынұлы ауылына әкім болып тағайындалып, облыс деңгейінде «Ұрпақтар қауышуы» атты үлкен шара өткізуге мұрындық болды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде елдің рухын көтеру мақсатында ұйымдастырылған шараға Қостанай мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры, академик Зұлқарнай Алдамжаров бастаған қонақтар қатысты. Осы тойда түйе палуанның бас жүлдесіне тағайындалған жүлде қомақты болмай, Ыбекең бас жүлдеге өзінің мініп жүрген жеңіл көлігін салып жібергенін біреу білсе, біреу білмейді. Міне, жомарттық деп осыны айтуға болады.

«Адамның ірілігі ісінде» дейді дана халқымыз. Сырт көзге қораш көрінсе де табиғатынан кішіпейіл, үндемей жүріп үлкен істер бітіріп жүрген Ыбекеңді ірі емес деп кім айтады?! Жасынан сөзуар болмай, сөзұстар болып өскен Ыбекең бабасы Шақшақ батырдан бастап, қарт Торғайдың тарихын бес саусақтай тарқатып, жетік білетін азамат.

Ыбекең елге келіп еңбек жолын туған ауылында бастаған кезде ауылда Ахаңды жастық шақтарында көрген көнекөз қариялардың бар кезі еді. Сол қарттардан Ахаңның алып тұлғасы туралы естіп, бірақ ашық айтуға тіл жоқ болғандықтан, естігендерін ішіне жұтып, сыртқа шығара алмады. Тек қана сексенінші жылдардың ортасында М. Горбачевтің «Қайта құру» кезеңінің таңы атып, саяси өзгерістерге жол ашылғанда алғаш ақталған Алаш арыстарының қатарында Ахмет Байтұрсынұлы да болып, халқына қайта оралғанын Ыбекең де қуанышпен қарсы алды. Сол жылдардан бастап ол Ахаңның қайраткерлік өмір жолын зерттеп, іздеуге бел шешініп кірісті. Мүйізі қарағайдай ахметтанушы ғалымдардан артық болмаса, кем жұмыс атқарған жоқ. Ол кәсіби тарихшы болмаса да, өлкетанушы ретінде Ахаңның өмір жолын ту етіп, қыруар жұмыс атқарды. 

Міне, Ыбекеңнің Ұлт ұстазын іздеу жұмысын қолға алғанына да биыл 35 жыл толды. Жасы сексенге келсе де, қатарластарына қарағанда әлі ширақ, ойы да сергек, қолынан қаламы түспеген. Ахмет Байтұрсынұлының іздеушісі ретінде ахметтанудың бастауында, алдынғы легінде жүрген Ыбекеңді «Ахаңның шырақшысы» деп те атауға болады.

Биыл жазда Тобыл-Торғай өңіріне белгілі жас ақын, журналист, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Абылай Мауданов бар шағын экспедициялық топ құрамында елімізді айтпағанда Ахаңның табаны тиген, қызмет еткен, айдауда болған бұрынғы Одақ көлеміндегі сонау Ақ теңіз жағалауындағы Архангельск секілді қалаға дейін барғанын баспасөзден және әлеуметтік желіден оқып-білдік. Сондай-ақ,  2010 жылы Ахмет Байтұрсынұлының адал жары Бадрисафаға арналған экспедициялық жұмыстарға қатысып, Тобыл өңіріндегі «Екпінді» ауылында белгі, Әулиекөл ауданында Ахаңа ескерткіш-мүсін қоюына тиісті орындарға ұсыныспен шығып, атсалысқанын да жақсы білеміз.

Қазан айының басында қарт Торғайдың киелі Ақкөлінің Сарытүбегінде ЮНЕСКО деңгейінде өткен Ахаңның 150 жылдығының басы-қасында да Ыбекең жүрді. Ауылдас туыстарын ұйымдастырып, Сарытүбектегі Ахаңның ата-бабаларының ескі қорым басына Ұлт ұстазына Маңғыстаудың мәрмәр ақ тасынан кесене орнатуға да мұрындық болды. Кең ауқыммен тойланған осы мерейтойда  Ибраһим Ағытайұлының ахметтанудағы еңбегі орынды бағаланып, ҚР Парламентінің Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолынан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерекелік медалін алып, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы төсбелгісін кеудесіне тақты. Ыбекеңнің өлкетану ісіндегі атқарған осындай көп жылғы еңбегі бағаланып, лайықты бағасын алғанын ел үлкен ризашылықпен қуана қарсы алды.  

Ыбекең өмірлік жолдасы Зәуреш апаймен бірге үлкен жанұяның отағасы мен отанасы болып, Тобыл-Торғайдың астанасы Қостанайдың төрінде бақытты ғұмыр кешуде. Ыбекең екеуара әңгіменің шебері, рухани-мәдени әдебиеттерді көп оқып, көп біледі. Адамгершілігі мол, қарапайым, көпшіл жан, осындай қасиеттері арқылы елінің құрметіне бөленіп жүр. Сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыздың зиялылық пен парасаттылықтың биігінен көрінуін, мәртебесі жоғары болуын тілейміз!

Ертай ҚАРАБАЛА, ҚР ІІМ зейнеткері

АСТАНА ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here