Аграрлық секторды ғылым өркендетеді

0
1001

Ел экономикасындағы негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Еліміз жан басына шаққанда егістік жер көлемі бойынша әлемде екінші орында екен. Кең байтақ жеріміздің 74 пайызы ауыл шаруашылығы үшін жарамды.  Қазақстанда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында «Агробизнес – 2020» салалық бағдарламасы, Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама және қолданыстағы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл салада өсу серпіні байқалған. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі алты пайызға дейін артқан.

Оңтүстік аймақтың климаттық жағдайының жайлылығының арқасында  фермерлер бір маусымда екі-үш дақыл жинай алады. «Алтын шыққан жерді белден қазатын» Түркістан облысының тұрғындары соңғы уақытта қолда бар жер ресурстарын толық игеруде. Аймақ басшысының Ордабасы ауданында жаңа жүйені енгізу жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып «Ақ Орда-Б» ЖШС қолдаған. Бұған дейін негізінен астық пен жоңышқа өсірумен айналысқан серіктестік басшысы Бақытжан Бекбосын ерте отырғызылған картоп та жақсы пайда әкелуі мүмкін деген шешімге келеді. Бұған дейін кәсіпкер картоп өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Нидерландта болып, ірі шаруашылықтардың тәжірибесімен танысқан екен.

«Бұл елде ғылым мен ауыл шаруашылығы тандемде жұмыс істейді. Сондықтан нәтижелері де керемет. Міне, біз де заманауи технологияларды негізге алдық. Ең алдымен, біз селитра қолданудан бас тарттық. Бұрынғыдай қол күшін қолдануды тоқтаттық, барлық жұмысты ауыл шаруашылық техникалар атқарады», – дейді Бақытжан Балтабайұлы.

Бақытжан Бекбосынның сөзіне қарағанда, тамырынан бастап нәр беру әдісіне баса назар аударылуда. Бір сәтте бірден 3 қызмет атқаратын арнайы сепкіш көмегімен картоп тұқымын топыраққа тастап, оған NPK 18:18 минералды тыңайтқышын бүркіп себеді. Бұл тыңайтқыш түйнектің тезірек өсуіне көмектеседі, сонымен қатар, зиянкестерден қорғайтын арнайы дәрі де себіледі. Кешкі уақытта жапырақпен тыңайту да маңызды рөл атқарады. Өсіп жетілген өсімдікті түнде шықпен араласқан желімдегіш материалды қолдана отырып тозаңдандырады. Соның нәтижесінде қымбат тұратын дәрі шашырап кетпей, жапырақтарға жабысып қалады.

«Ақ Орда-Б» ЖШС жұмысшылары картоптың жас түйінін кәдімгідей күтіп, баптайды. Тіпті, ауыл шаруашылығы техникасының дөңгелектеріне арнайы резеңке кигізіп, өңдеу кезінде бірде бір бұтаның зардап шегуіне жол бермейді. Себебі, өсімдік те содан шошынып, «егін бітік шығады» деген арманның күллі көкке ұшады.

«Картопты неғұрлым ерте отырғызса, соғұрлым жақсы. Себебі, өнімдерді негізінен Ресейге – Иркутск пен Новосибирскке өткіземіз. Алқаптағы өнім тұрып қалмауы керек, өйткені көкөніс қабығы қатқылданып, тауар түрін жоғалтады. Егер екі-үш аптаға кешіксең, көрші елдің нарығына өздерінің Иркутск және Ростов облыстарында өсірілген картоп ене бастайды. Біз өліараны пайдалануымыз керек. Өнімнің бір бөлігін ішкі нарыққа жібереміз. Өткен жылдан бері көптеген елде ұсынылған азық-түлік дүкендерінің ірі желісімен жұмыс істей бастадық. Алдағы күндері аянбай жұмыс істей бастаймыз. Алғашқы егінді мамыр айының соңында – маусымның басында жинаймыз. Бірден «Ривьера», «Коломбо», «Аризона» және тағы да басқа бірнеше сортты отырғызамыз. Тұқым сапасына ерекше мән береміз. Біздің базарларда сатылатын картоп бұған жарамайды. Сапалы картопты Ресейден алдырамыз, олар оның сапасы мен түрлі аурулардан қорғауға кепілдік береді. Шымкенттегі базардан тұқымдық картопты 90-125 теңгеден сатып алуға болады, ал біз алатын сертификатталған өнім 170 теңге тұрады. Бірақ, нәтижесі соған сай», – деп түсіндіреді Бақытжан Бекбосын.

Егін үшін ең басты жау колорад қоңызы екені бәріне белгілі. Бақытжан Балтабайұлының айтуынша, ең қызығы зиянкестердің ішінде «алашапан» деген түрі де бар, оның сыртқы түсі оюлы шапанды еске түсіреді. Оларды арнайы дәрілер көмегімен ғана емес, қолмен де үркітіп отырады. Иә-иә. Шаруашылық жұмысшылары жаппай жорғалап келе жатқан жәндіктерді көздері шалған бойда қолдарымен қағып, оларды жайпай бастайды. Бауырларын аямай жойып жатқанын көрген басқалары дереу бой жылыстатады. Зиянкестермен күрестің осындай да тәсілі болады екен. 

Шаруашылық басшысының сөзіне қарағанда, шаруашылықты бастаған бірінші жылы ол картоптан кейін жапондық сұрыптағы қырыққабат еккен. Егін бітік шығып қуантты, бірақ оны өткізуге байланысты мәселе туындады. Елде коронавирус инфекциясы асқынып тұрды. Шымкенттегі көлік-логистикалық орталығында сақталған тауарларды Ресейге әзер дегенде жеткізген, бірақ мүлдем арзан бағаға сатуға тура келген.

«Жерде шаруашылық жүргізудің ескі түрлерінен бас тартып, егіншіліктің анағұрлым тиімді әдістерін енгізетін уақыт келді. Бұл ретте әр аудан табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарай жұмыс жүргізуі керек, сонда алатын өнім де көп болады. Дамыған мемлекеттерден қалып қоймау үшін бәсекеге қабілетті болу керек, ғалымдармен бірге зерттеулер жүргізіп, халықаралық стандарттарға сай келетін өнімдер шығаруға ұмтылу қажет.  Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара сияқты оңтүстік аудандарда бір егістіктен үш, тіпті төрт егін алуға болады. Біздің аудан орталық бөлігінде орналасқан, сондықтан болашағынан зор үміт күтетін жобаға қатысқысы келетіндер көп. Қандай дәнді-дақылдарды өсіруге болатынын, әртараптандыру арқылы олардың егу мерзімін жоспарлап алу керек» , – дейді Бақытжан Балтабайұлы. 

Бақытжан Бекбосын аумағы екі-үш гектарлық шағын жер телімі бар ұсақ шаруа қожалықтары картоп еккісі келетінін, бірақ оларда ауыл шаруашылығы техникасы жоқ екенін, ал оны жалдау қымбатқа түсетінін айтады. Одан шығу жолы біреу – осындай агроқұрылымдар бірігуі керек. Кооперативтерге бірігудегі басты артықшылық – жер иелерінің сервистік және консультациялық қызметтер ала алатындығында. Олардың несие, лизингке техника алуға мүмкіндігі пайда болады. 

Түркістан облысының аграрлық секторында өнімділікті арттыру үшін мүмкіндіктер зор. Жерде шаруашылық жүргізу әдістерін қайта қарау және екі рет ғана емес, тіпті үш рет егін алу идеясын көптеген егіншілер қолдайды.  Оңтүстік өңірлерде жыл бойына жылу мен жарық мол болып, күн жақсы түседі. Қолайлы топырақ-климаттық жағдайда жерде егін егу фермерлерді жоғары табысқа кенелтері анық. Түркістандық шаруалардың міндеті сол нәтижеге қол жеткізу.

Елімізде мемлекет тарапынан әр салаға қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше басымдық берілген.  Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың наурыз айындағы мәліметінше,  республика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін ұлғайту мақсатында өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша жобалар енгізілген. Демек, алдағы уақытта ауыл шаруашылығының одан сайын өркендейтіні анық.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here