Мейірімділік символы: Агнес Гондже Тереза Анаға қалай айналды?

0
5220

Тереза Ана (1910-1997) – әлемдегі ең даңқты есімдердің бірі. Мейірімділіктің қастерлі символдарының біріне айналған қасиетті тұлға. Ол – әлемдегі ең атақты монах әйел. Ол «әрбір ажал, өтпелі өмірдің мән-мағынасы оны сүюде және өзіңнің сүйікті болуыңда» деп оған адамдардың көзін жеткізді. Ол – ХХ ғасырдағы аса айтулы тұлғалардың бірі, өзінің миллиондаған тілеулестерін ізгілікті ісімен Тәңірдей табындырды. Оның аты адамзатта ардақталып аталды, жақсылық пен мейірімділіктің қастерлі де қасиетті болмысы ретінде оған халық тағзым етті, Құдайдай сыйлады.

1910 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталардан төрт жыл бұрын қазіргі Македония аумағында орналасқан Сконье қаласында ауқатты албан отбасында Агнес Гондже есімді қыз өмірге келді. Қыздың әкесі саудамен айналысты да, өзінің шағын бизнесін соншалықты дөңгелетіп әкетті.

Анасы үй шаруашылығын тиянақтап жүрумен бірге, екі қызы мен ұлын сүйіспеншілігімен тәрбиеледі. Болар бала балғын шағынан белгілі ғой, кішкентай Агнес жақсы болғаны сондай, көршілері оны періште деп атаған. Айтқанды құлағына құйып алатын елгезек, тыңдағыш, көңілді қыз бақытты балалық шағында мектепке де барады. Мектепте білім алғаны аздай, сабағына үлгере алмаған нашар оқитын оқушыларға да көмектесті. Біртіндеп жергілікті газетке мақала жазып, тағы бір қабілетін көрсетті. Бұл уақытта дүние астаң-кестең болды да кетті. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды, шекара шектелді, содан аман-сау қалған қала тез арада қайыршылыққа ұшырады. Әкесі өмірден өтті. Осы қасірет берекелі отбасының қабырғасын қатты шайқалтып кетті. «Анасы бардың панасы бар» дегендей, Агнестің шешесі Драна үй тірлігін өзі қолға алып, тату шаңырақтың шаттығын шайқалтпады. Драна өз балаларын бағып қана қоймай, көршілеріне көмектесті. Барлық шаруада Дранаға өзінен аумай қалған, мөлдір судың күміс тамшысындай кішкене қызы көмектесіп жүрді. Ол соншалықты елгезек, көңіл жықпас, үй басты болып өсті. Қыз да біртіндеп бойжетті, қолы бос кезде, сонымен бірге, шіркеуге барып ән салды. Кірген сайын әлдене туралы терең ойға бата берді. Драна өзінің жастығын еске алып отыратын да, өзінің үндемес қызына ешқандай мән бермейтін. Жасында жақсы өскен қыз сонда не туралы ойлап, нені армандады екен? Әрине, болашақ жайлы талай қиялға кеткен шығар, өйткені өмірі алдында, жақсы жігіт жолығып, тұрмысқа шықса, отбасын құрып, бала сүю шығар. Басқа не болсын?! Алайда, Агнес арманы мүлде басқаша еді. 17 жасар бойжеткен бірде өзінің күтпеген шешімін шешесіне жеткізгенде, Дрананың денесі селк етіп, қатты күйзелді. Сөйтсе, бойжеткен Калькуттаға барып, монах болғысы келеді екен. Баяғыдан қалың ойға батқаны да осы болса керек.

«Мама, маған сенің ғазиз батаң керек, мен өз ұйғарымымды жасап қойдым, дәлірек айтсам,  маған осыны жоғарыдан жіберіп отыр…  Мен 12 жасқа толғанда, Тәңір өзіне шақырып алып, осыны қалауымды ұсынды. Бірақ, алғашында монах болғым келмеген еді! Енді қазір өз шешіміме нық тірелдім, енді Жаратқан иемнің қалауын орындауға дайынмын…»

Анасы төбесіне жай түскендей мынандай жайдан қалай шығарын білмеді. Ұзақ ойланды. Қызының толық шешімін оңайлықпен қабылдамады. Сырғып сөтке өтті. Ол Агнеске ақжолтай тіледі де, сәл мұңайып барып: «Қызым, қорқатыным, мына дүниеде енді бір-бірімізді көре алмаймыз-ау», – деді.

Сезімтал ана жүрегі сол кезден сезген екен. Солай болды да. Талай жылдар өткен соң әлемге әйгілі Тереза ана, «Мейірімділік» орденінің негізін қалаушы көз жасын көл қылып Албания мемлекетінен ауыр халде жатқан шешесімен қоштасып қалу үшін елге келу рұқсатын беру туралы елшіліктен өтінген еді. Шертиіп отырған шенеуніктер сызылса да, баруына рұқсат берген болатын. Ал, шығуы жайлы ұмытып кетіпті. Тереза ана Албанияны басқа әлемнен бөлектеп тұрған темір бетонды шымылдық дереу төмен түсіп, ел алданып қалатынын ұғынды. Асыл анасы жерленген зиратты көріп қайтуға да жылжып жылдар да өтті.

1929 жылы Калькуттаға қарай бағыт алған кемеге мейірбике Тереза көтерілді. Мұндай атауды Агнес Бояджиу өзінің мейірбандылығымен белгілі болған Мария Терезаның құрметіне әулие Лорети орденінің мейірбикелері монастырында алды. Тереза мейірбике ағылшынша қиындықпен түсінді, өзімен бірге көнелеу саквояж алды, онда ауыстыратын киімдері және «Католиктің миссиясы» атты діни газеттің тілшісі екендігін куәландыратын хаты бар еді. Алдағы 16 жыл бойы мейірбике Тереза кәдімгі миссионерлерге арналған өмір өткізді.  Жоқшылықтағы Калькуттада ол қыздарға арналған мектепте мұғалима болды. Тереза мейірбикенің  барлық  ісі сәтімен жүріп жатты, ол ағылшын, хинди, бенгал тілдерін жеткілікті меңгерді. Мектеп директорлығына көтерілді, оны шәкірттері жақсы көрді, ол ешқандай мұқтаждық дегенді білмеді, түпкілікті өміріндегі ең қуанышты оқиға болып мәңгі есінде қалды.

1946 жылы Тереза мейірбике туберкулезбен ауырды да, ылғалды Калькуттадан таулы Дарджлинге аттанды. Пойыз Үнді жерімен әрбір станцияға кідірумен заулап алға қарай тарта берді. Әр мекеннен вагондарға адамдар ағылып кіріп жатты. Балалы әйелдер, қарттар, мүгедектер, күнге әбден күйіп, тотыққан, қалжыраған еркектер. Адамдар күйзеліп, әлсіреген және еңселері түсіп кеткен, аналар аш балаларын амалдап жұбатумен әуре, көпшілігінің өңдерінен аурудың,  күйзелудің, қиыншылықтың табы білінеді. Осынау пойызда келе жатып қарапайым монах қалың ойға батты. «Мен Құдайдың өзімнің орденімдегі жайбарақат өмірімнен еркіммен бас тартып, көшеге шығып қайыршылар мен кем-кетіктерге көмектесуді күтетінін сезінген едім. Бұл анық  та айқын нұсқау еді, мен енді монастырь қабырғасын тастап, қайыршылардың арасында жүруім қажет болды, – деп еске алады Тереза ана сол бір тағдыр таңдауы таразыланған қиын мезеттерді ойға алып. – Тек қана қайыршыларды емес, ол мені де ең кедей Калькуттадағы күдерін үзген ешкімі де, ештеңесі де жоқтарды, тіпті қайыр-садақа сұрауға бара алмайтындарды да. Олар жалаңаш еді, керек болса тәнін жабар жалба-жұлбасы да жоқ болатын. Сөйтсе де, өздерінің өліп бара жатқандарын сезініп, көше де әлсіреп құлағандарды, жылайын десе жанарында бір тамшы жасы жоқтарды да қамқорлығыма алғым келді».

1948 жылы Тереза мейірбике қасиетті Лоретта Мейірбике орденін тастап кетті.

Калькуттадағы бейшаралардың арасында жаңа өмірін бастау үшін оның қолында бәрі де бар еді. Ерікті монах әйел ретінде жүріп тұруға, сари (жеңіл жамылғы киім), сандал және 5 рупия алуына рұқсат берілген қағазы да бар еді. Алдағы екі жыл оған өте қиын тиді. Тереза мейірбике аш жүрді, кез келген жерде ұйықтады, сонан соң Құдайдан шапағат сұрады. Бірақ та сағы сынбады, әр минут сайын өзінің мейірімділік парызын өтеуге ұмтылды: өліп бара жатқан жандарды дұғасымен қолдады, алапеспен ауырғандардың жараларын жуды, аш балаларға ең соңғы үзім нанын берді. Біртіндеп Тереза мейірбикеге бұрынғы шәкірттерінің қатарынан жас монах қыздар қосыла бастады. 1950 жылы олардың саны 12-ге жетті. Осылайша, Мейірімділік орденінің негізі қаланды да, Тереза мейірбике ана аттанды. Бұл орденнің жарғысы өте қатаң мейірбикелерді 9 жыл оқытады, ал осы мерзімнен кейін олар мұқтаждар мен кедейлерге қызмет жасауға ант берді. Монах қыздардың бар мүліктері екі сари мен жұп сандалиден тұрады. Кез келген мезетте олар біздің ғаламда саны көп күдерін үзген бақытсыздарға көмекке аттануға әзір еді. Мейірбикелер өз киімдерін өзі жуды, оларға жасаған жұмысы үшін ақы алуға рұқсат берілмеді. Олар әрбір таң атысымен Тереза ананың сүйікті уағызын айтудан бастайды: «…Тәңірім, маған өзімнің жеке басымнан жоғары тұрған жақыныма ізгілік құрметімен жәрдем ете көр. Иә, мен оны түсіне отырып, еңбек ете беремін, ал одан оны түсінуін  іздемей-ақ, мен адам сүйіспеншілік іздеусіз-ақ ұнатумен еңбек етемін».

Адамның адамға деген бауырмалдығы, ықыласы, имандылығы, мейірім-шапағаты шұғыла шашқан шынайы көңілден шыққан осынау уағыздағы  ұлағатты жолдарды қасиетті анттай әрбір монах арулар жүрегіне жаттады. Уақыт өте келе орденнің қызметі де кеңейе бастады. Терезе ана мен оның ізбасарлары мейірімділік үйін және жылжымалы емдеу орнын ұйымдастырды. Оның ұсынысы бойынша қарғысқа ұшырағандар, алапеспен ауырғандар еш қуалауға және қуғын-қысымға ұшырамай отбасымен бірге тұратын болып шешілді. Жетімдер үйі мен кедей-кемтіктердің балаларына арналған мектептер ашылды. Қысқасы өзінің мейірбикелерімен бірге ана лас әрі қайыршылық жағдайында тәулігіне 16 сағаттан жұмыс жасады. Жаратқан ием жар болсын, кейде жарты сағат немесе санаулы минуттер қызмет жасаса, жұмыс істемесе жаны шығып кететіндей заңды құқығын алдыға қоятындар қаншама. Құдайдың нағыз құлдары ғана уақытпен санаспай, адамдар өмірі үшін аянбай еңбек етсе керек. Тереза ананың жұмысын қадағалап жүрген бір журналист: «Мен, тіпті, миллион ақша беремін десе де, келіспес едім. Сіз мұны қалай жасайсыз?» – деп сұрақ қойды.

«Миллион үшін мен де келісе қоймас едім. Мен мұны ақша үшін жасамаймын, махаббат үшін жасаймын», – деп жауап берді.

Шіркін-ай, әр адам дәл осылай мейіріммен, ақ жүрекпен жақсылық жасаса ғой.

Тереза ана туралы жаңалық алдымен бүкіл Үндістанға таралып, содан кейін әлемге дүбірлеп кетті. 1965 жылы Мейірімділік орденінің миссиясы Венесуэлада, содан кейін Шри-Ланкада (Цейлонда) ашылды. Барған сайын жаңаланған үстіне жаңаланып, көк наймасы мен ақ сариін киіп алып, шалғай жерлерге барды. Әлемнің мықтылары енді Тереза ананың қоғамдастығын іздей бастады. Егерде оның уақыты бола қалған жағдайда, өзінің үйшіктей бөлмесінде қарапайым ғана ағаш орындықта қонақтарды қабылдады. Бір жағына қонақтар отырды. Кімдер дейсіз ғой, Ясир Арафат, Джордж Буш, Фидель Кастро, ІІ Иоанн Павел, Диана ханшайым, ал екінші жағына Тереза ана отырды. Бар жиһаз, мүлік осы ғана.

Ол айтқан әрбір сөз келген кісілердің жанына терең бойлады. «Сүюден қорықпандар, жүректеріңді жайып салыңдар да, ондағы махаббатты оята біліңдер». Қандай ұлы да ұлағатты ой. Содан кейін барып «Қайырымдылық құпиясы осында, алғашында ол әлсіз болып көрінгенімен, бірақ соңына таман бәрінен қуатты болады. Зұлымдық, керісінше, бәрінен күшті болғанымен, уақыт өте келе әлсірейді» деп дүниедегі ақ пен қараның айырмашылығын, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен жауыздықтың аражігін айқын ашып берді. Тағы да бір тағылымды тұжырым! «Жылдар бойы сендер тұрғызған ғимарат бір ғана сағаттың ішінде күйреп, күл-талқаны шығуы мүмкін. Бірақ, бәрібір орната беріңдер».

1979 жылы Тереза ана әлемдік ең мәртебелі Нобель сыйлығын алды. Ол «адам құндылығының қол сұғылмаушылығын қорғай отырып, бейбітшілікті нығайтқаны үшін» берілді. Бұл жолы монах әйел ақшаны кедейлердің мұқтаждығын өтеуге бола алды. Қарапайымылық дегенді қойсаңшы. Норвегия патшасы Скандинавия жарты аралының климаты қаталдығын, аяғындағы аяқ киімінен суық өтетіндігін айтып, жылы шұлық сатып алуын өтініпті. Аңыз бойынша аяғына киген ақ саримен, сол күйінде монастырьдан Тереза ана Норвегияға шығып кеткен деседі, сөйтіп айтулы сыйлықты алған кезде әлемдегі құрметті мінберден «Әрбір адамзат өмірінің сүйіспеншілігі мен сыйластығы күллі адамзаттың шапағатты шарты болып табылады» деп сөйлеген. Мерекелік салтанатты дастарханнан Терезе ана бас тартқан, елге жетуге асыққан. Сөйтіп, 6000 долларды үнемдеген. Барлық ақшаны ол өзінің ойдағы шараларын жүзеге асыруға жұмсаған. Тереза ананың жандүниесін түсінбеген рахымсыздар да табылды. Оған мәртебелі сыйлықты не үшін бергенін де түсінгісі келмей, кейбіреулер күңкілдеді. «Бүкіл әлемдегі бейбітшілік сияқты осындай ұлы іске мына тұлабойын шаттық кернеген кемпірдің қандай ғана қатысы бар. Ол жай ғана өзін-өзі жарнамалау мен діни бизнеспен айналысады»  деп көптеген газеттер білген былығын жазды. Тереза ананың мұндай теріс пиғылдыларға берер жауабы әзір еді. Осынау айыптауларға кішкене ғана керемет істі ұсына қойды. Бейруттағы әскери қақтығыс кезінде белгілі бір уақытқа соғысты тоқтатып, қырғын, жойқын ұрыстан 37 жетім баланы алып шыққан. Бұл одан басқа ешкімнің ойына келмепті. Міне, мейірбандылық, аналық ақ жүрек.

Ұлты басқа болса да, барлық елдің балаларын бауырына басқан осындай ғаламат адамнан қалай айналмассың! «Мен қаным бойынша албан қызы болғаныммен, азаматтығым бойынша үнділікпін, діни сенім бойынша католикпін. Бірақ, менің қабілеттілігім бүкіл жер жүзіне тән, ал менің жүрегіммен тұтастай Христосқа тән болатын», – деді терең ойлы Тереза. Керемет сабырлылық пен мейірбандылық таныта келе Тереза ана бәрінен бұрын қай жерге көмек керек болса, сол жерден табыла білді. Жер жаһандағы кез келген елде болып жатқан сұмдықтар мен апаттарды естігенде, жаны дегбір таппады, дереу жетіп барды. 1980 жылы Арменияда жер сілкінгенде қираған Спитакқа келді, 1990 жылы соғыс сұрапылындағы Боснияға барды. Ол өзінің осынау қастерлі сапарын «теңізге тамған тамшыға» балады. Бұл да болса дана ананың салмақтылығы мен салқынқандылығы еді. «Біз ұлы істер атқара алмаймыз, тек аз ғана істің өзі махаббатпен жасалады. Мен шағын істерге үміт артамын, біздің күш-қуатымыз дәл сонда» деп ағынан жарылды ақ көңіл Ана. Жүрек өз қожайынының іс-әрекетіне үлгере алмады, ана бірнеше инфаркт алды, бірақ өмірінің соңына дейін түнгі төрт жарымда тұрып, өзінің мейірбикелерімен бірге жұмыс жасады. Көз көргендер бір таңданарлық жайды еске алды. Тереза дүниеден қайтқан кезде кельядан (жеке бөлмесі) алдындағы терезеде кішкене ғана қурап қалған ағаш болыпты. Ал, ол көз жұмғаннан соң, әлгі ағашқа түгелдей ақша қардай ақ гүл қаптап шыққан. Бұл да болса аққа жақ Құдайдың ақжүрек, ақ пейіл, ақ көңіл, адал, ақиқат сүйгіш, алғыр, арманшыл, абыройлы, ардақты, аяулы, адал ананың аруағына деген шексіз ризашылығы, ақ алғысы шығар.

Терезе ананы жерлеу рәсімін ірі телеарналардың бәрі түсіріп, көпшілікке көрсетті. Үндістан мемлекеті кезінде ұлы әкесі Гандиге қандай құрмет көрсетсе, Терезе анаға да сондай құрмет көрсетті. Осынау жаны жомарт, жүрегі жылы жарқын жүзді ананы әлемнің миллиондаған адамдары өмірден өткеніне өкініп, өксіп жылады. Бірақ, Тереза ана өлімнен қорыққан жоқ, өзі өмірден өтсе де, орденнің жұмысы жалғасы беретіндігіне сенді. Алайда, кейбір күмәншілдер мен арампиғылдылардың түрлі жорамалдарының жолы болмады. Осыдан 5-6 жыл бұрынғы мәліметке сүйенсек, Тереза ананың орденінде әлемдегі 127 елден 600 миссионерлік орталық бар. Онда 4 мыңнан аса монах әйел жұмыс істейді, жыл сайын олардың қатары жаңа елгезектермен толықтырыла берді. Бірде ол «Өмірде зұлымдық көп, баспанасыздар да, аурулар да бар, бірақ бәрінен жаманы, кімде-кім махаббат қуанышынан айырылғаны» деді. Ол әркез адамдарға махаббатын да, шапағатын да, мейірімділігін де, ізгілігін де арнады. Тереза ананың үйіне кіргендер оның әр адамға түрінің түсіне, тіліне, дініне, тұрмыс-жағдайына қатыссыз үндеуіндегі арналған сөздері қарсы алды.

Өмір – бұл шаттық, басыңнан өткер!

Өмір – бұл беймәлім шыңырау, одан қорықпай түсе бер!

Өмір – бұл байлық, оны рәсуа етпегін!

Өмір – сондай әдемі, оны құртып алма!

Өмір – сенің тірлігің, ол үшін сен күрес!

Калькуттадан шыққан монах әйел күллі әлемге шартарапқа аты жайылған, даңқты да әйгілі тұлға. Оған таңданады, оның есімін ризашылықпен ауызға алады, ол туралы уағызға қосады. Ең бастысы, өзі өлсе де, өнегелі сөзі өлген жоқ, өркенді ісі жалғасып келеді. Оның сенімді мейірбикелері Құдіретті махаббат миссионерлері мейірімділік пен ізгілікке сеніммен қызмет етіп, жарқын жолын лайықты жалғастыруда.

Тереза ананың 10 қағидасы әр адам өміріне қажет өсиет:

  1. Адамдардың ақылсызы, ойсызы және өзімшілі болады – бәрібір оларды кешіріңдер!
  2. Егерде сендер қайырымдылық көрсетсеңдер, адамдар сендерді астыртын және жеке басының ой-пиғылдарымен кінәласа да, бәрібір қайырымдылық жасай беріңіз!
  3. Егерде сендер табысқа қол жеткізе қалсаңдар, онда сендердің жандарыңда көптеген жалған достарың мен нағыз дұшпандарың шыға келеді – бәрібір табысқа кенеле беріңіз!
  4. Егерде сіз адал да ашық болсаңыз, онда адамдар сізді алдайтын болса – бәрібір адал да ашық қалпында бола беріңіз!
  5. Егерде сіздің жылдар бойы салған ғимаратыңыз бір сағатта күйреп қалса, бәрібір тұрғызуды жалғастыра беріңіз!
  6. Егерде сіз баянды бақытқа бөленсеңіз, онда сізге қызғанышпен қарайтын болады – бәрібір бақытқа кенеле беріңіз!
  7. Сіз бүгін жасаған қайырымдылықты адамдар ертең-ақ ұмытып кетеді – бәрібір қайырымдылық жасай беріңіз!
  8. Адамдармен өз бойыңыздағы ең жақсы қасиеттермен бөлісіңіз, оларға бұл ешқашан жеткіліксіз болмайды – бәрібір өзіңіздегі ең жақсы қасиеттерімен бөлісуді жалғастырыңыз. Түптің түбінде сіз осының бәрі Құдай мен сіздің араңызда болғандығына көз жеткізесіз және бұл ешқашан сіздің және олардың арасында болмағандай көрінеді.
  9. Сіз туралы кім не айтпасын, бәрін күлімдеп қабылдаңыз да, өз ісіңізді жалғастыра беріңіз!
  10. Бәрімен бірге сыйыныңыз да, өзіңізбен оңаша қалыңыз!

Тереза ананың тағылымды тұжырымдарын қайталап оқыған сайын, осынау қарапайым да қасиетті ананың адамдардың өзін-өзі тануына, тәрбиеленуге бағытталған берік бағдарына керемет тәнті боласыз. Дүниеде жомарттықпен аты шыққан Атымтай Жомарт араб, түркі әлеміне танымал, аты аңызға айналғаны тұлға болса, ХХ ғасырда мейірімділікпен кедей-кемтіктерді, жоқшылық пен ауру азабын тартқандарды, кембағалдар мен мүгедектерді мейіріміне бөлеген әрбір ісін махаббатпен, шынайы құштарлықпен жасаған Тереза ана – Тәңір сүйген қасиетті адам. Тереза Ана – Тәңірі  Анадай тағылымды, текті тұлға ретінде адамзат өмірінде мәңгі жасай беретін қастерлі де жасампаз жарқын ұлылық иесі. Адамдарға деген мейірім мен махаббатты бала шағынан өмірден өткенше сақтаған, өзінде барды өзгеге беріп, аялап, қамқорлығына бөлеген, сол үшін мынау қысқа тірліктің әйел затына тән қуанышы мен қызығынан бас тартқан қайсар да қажырлы жанның аты да мәңгі ардақталып айтыла береді. Ару Агнесс албан елінің қызы болған еді, төрткүл әлемнің Терезасына, адамзаттың аңыз анасына айналды.

Әнуар Тарақов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here