Саябек Сахиев: «Білімсіз өмір жоқ, ғылымсыз білім жоқ»

0
5580

Біз әлемдік мұхитта өз бағытымен аман-есен жүзіп келе жатқан қайығымызды ешкімнің шайқауына жол бермейтін ұлтпыз. Бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелейміз (Н. Назарбаев). Өйткені, бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенсе керек. Сол себепті жаңа Қазақстанды жаңалыққа бағыттайтын құрал – білім. Ал, білімді тасымалдаушылар, болашақтың іргетасын қалаушылар – ұстаздар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ұстаздар ұстаханасына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің отандық білім-ғылымға қосып жүрген үлесі орасан зор. Осыған орай университеттің Ғылым және инновация жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымының докторы, профессор Саябек Қуанышбекұлы Сахиевпен сұхбатымызда әңгіме арқауы негізінен педагог мәртебесі, білім мен ғылыми зерттеулердің жай-күйі болды.

 «ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ – ТЕХНОЛОГИЯ ДАМЫМАЙДЫ»

Саябек Қуанышбекұлы, күзде университет ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында былтыр коронавирус пандемиясының салдарынан 10 мыңнан астам студент оқитын университет екі күнде бос қалғанын жазып еді. Коронавирустың қарқыны әлі де қайтқан жоқ. Әрине, қашықтан оқу оқытушыларға да, студенттерге де келеңсіздік туғызатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Сіздер бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 індетіне байланысты пандемия жариялағанына да бір жылдан асып барады. Оның салқыны барлық салаға әсер етті. Өкінішке қарай, білім саласын да айналып өткен жоқ. Сөйтіп, осыдан тура бір жыл бұрын студенттерге алаңсыз білім беріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүргенде көзге көрінбейтін жау үйреншікті өмірдің әрбір сәтіне өзгеріс әкелді. Көрген түстей абдырап қалғанымыз да рас. Университет ректоры Такир Оспанұлы айтқандай, 13 мыңнан асатын студенттері бар оқу орны пандемия салдарынан санаулы күнде бос қалды. Былтырғы жағдай биыл да қайталанды. Алматы қаласы қайтадан «қызыл» аймаққа өткендіктен, 29 наурыздан бастап университетіміз Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 29 наурыздағы қаулысына байланысты ағымдағы оқу жылының соңына дейін қашықтан оқыту форматына көшті. Содан коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдауға байланысты барлық сабақтар онлайн-форматта өткізіліп жатыр.

«Әр істің қайыры бар» деген нақылды басшылыққа алатын халықпыз ғой. Сол айтқандай, қазіргідей күрделі эпидемиологиялық ахуал кезінде дәстүрлі білім беру жүйесімен студенттерді оқытуға мүмкіндік болмағандықтан, заманауи қашықтан оқыту технологияларын қолданып отырмыз. Университет басшылығы Алматыдағы жағдайды бақылап отырады, өйткені студенттердің, оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты орында.

Рас, студенттердің білім сапасын арттырмасақ, төмендетіп алмауға міндеттіміз. Осы бағытта біраз шаруалар қолға алынды. Мысалы, біліктілікті арттыру аясында білім беру қызметкерлерінің түрлі санаттарына – оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға, оқулық авторларына, әдіскерлер мен оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Біздің Біліктілікті арттыру және қашықтан оқыту орталығы университет оқытушыларына «Цифрлық педагог» тақырыбында курстар өткізді. Бұл оқытушыларға жоғары білім берудің заманауи тәсілдерін жүзеге асыруға көмектесті. Сонымен қатар, шалғай ауылдардағы студенттерге де университет тарапынан көмектер көрсетілді. Осы пандемия кезінде ұстаздарымыз цифрлық технологияларды терең меңгеріп, жаңашылдыққа қарай бет бұрды. Басымызға туған қиыншылықтардан өтуге болады, одан өтуге де тиіспіз. Осы орайда білім алушылардың ғаламторға қолжетімділігі 100 пайызға жеткенін де айта кеткім келеді.

Елбасы бір сөзінде: «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз», – деген еді. Ал, білім-ғылым саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық. Оның үстіне бүгінгі университет – ғылымның қайнар көзі, отандық инновация серпілісінің тірегі. Республиканың жетекші оқу орны ретінде осы бағыттағы қандай әлеуетті ерекше атап өтер едіңіз?

– Елбасының бұл сөзімен келіспеске тағы болмайды. Білім, ғылым, инновация бір-бірімен тығыз байланысты. Өзімнің де ғылымда жүргеніме 30 жылдан асты. «Білімсіз өмір жоқ» деген мақалды «Ғылымсыз білім жоқ» деп толықтырдым. Жоғары білім мен ғылым егіз қозыдай, бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген екен. Ақиқатын айтар болсам, ғылым дамымай – технология дамымайды, технология дамымай – өндіріс өркендемейді, өндіріс өркендемей – экономика алдыға жылжымайды. Мемлекеттің бұл салаға көңіл бөлуі де сондықтан.

Жалпы білім саласына келер болсам, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Қазақ жоғарғы білімінің қара шаңырағы өзінің тоқсан жылдық тарихында талай белесті бағындырды. Отандық ғылымның дамуына да өзіндік үлесін қосты, қосып та жүр. Айталық, қазақстандық жоғарғы оқу орындарының ұлттық рейтингісінде төртінші орында тұрмыз. Әрине, мұндай көрсеткішке бір күнде қол жеткізу мүмкін емес. Ол университет басшылығы мен министрліктің жоғары білім мен ғылымның қаржыландыруға тікелей тәуелді екенін түсініп, бұл салаға көңіл мен қаржы бөлінуінің арқасында мүмкін болды. Мысалы, 2017 жылы министрліктен университеттің ғылым саласына бөлінген қаржы көлемі 50 млн теңге шамасында болатын. Ал, 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі конкурс жариялады. Біз үш айдың ішінде ғалымдардың басын біріктіріп, барлығы 600 млн теңгеге жуық 23 ғылыми жобаны жеңіп алдық. Ғылыми кеңестің шешімімен жас ғалымдарға жыл сайын 25 млн теңге грант беріп отырдық. Жас ғалымдар үшін Ғылым комитеті конкурс жариялаған болатын, 4 жас ғалым басқарған топ төрт жоба ұтып алды, ал қаржысы 190 млн теңгеден асты. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде жас ғалымдарға көңіл бөлінді. Олар үлкен нәтиже көрсетіп келеді. Бүгінде олар өз жобаларын жетілдіріп, ғылымға бет бұрып, жан-жақты талаптану үстінде. Соның арқасында университет ғалымдарының халықаралық деңгейдегі кәсіби көрсеткіштері де жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Хирш индексі бар ғалымдар саны 2017 жылы – 42 болса, қазір олардың қатары 135-ке жетті.

«ӘР ЖОО ӨЗ ТҮЛЕГІНІҢ САПАСЫНА ТОЛЫҚТАЙ ЖАУАП БЕРУІ КЕРЕК»

– Университет есімін иеленген Ұлы Абай сонау 1886 жылы «Ғылым таппай мақтанба…» атты өлеңін жазды. Абай өз заманындағы жас ұрпаққа, «көкірегі сезімді, көңілі ойлы» адамдарға үміт артып, жастарды өнімді еңбек етіп, ғылым мен білімге ұмтылуға сол заманның өзінде-ақ шақырды. Содан бері айлар ауысып, жылдар жылжыды. Қазір ғылым мен білімнің ғасыры. Тұңғыш университеттің ғылымға қалай көңіл бөліп жатқанын жоғарыда қысқаша айттыңыз. Ал, жас ғалымдарды жан-жақты қолдау бойынша қандай бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр? Ғылым саласында жетістіктерге жетіп, болашағынан зор үміт күттіретін жастардан кімдерді атай аласыз?

– Біздің университетте жас ғалымдардың ғылыми белсенділігін қолдау, түрлі ғылыми-инновациялық конкурстар мен жобаларды сүйемелдеу, соның ішінде олардың ғылыми идеяларын іске асыруға қаржыландыруды тарту мақсатында Жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. Аталған кеңес құрамында 25 жас ғалым бар. Барлық жас ғалымның ғылым кеңістігінде жеткен жетістіктері де мақтанарлық. Төрайымы – Эльмира Уайдуллақызы. Ол – Анкара университетінің пост-докторанты, «Әлеуметтік ғылымдар» саласы бойынша Scopus базасына кіретін шетелдік журналдарда 9 мақаласы бар, индекс хиршасы – 6.

Жас ғалымдар ғылыми жобаларды орындау бойынша мол тәжірибеге ие. Атап айтар болсам, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Пост-докторлық бағдарламасының стипендиаты (пост-докторант), ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы 2021 жылы Білім және ғылым министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурсынан 2 грант жеңіп алды. Олар: «Отырар ауданындағы топырақтар тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу» және «Тұрақты жер пайдалану мақсатында ЖАЗ мәліметтері мен ГАЖ пайдаланып, Жамбыл облысы Талас ауданы жерлерінің шөлдену және деградациялану процесіне мониторинг жасау». Бірінші жобасының құны – 53,3 млн теңге болса, екінші ғылыми жобасының құны – 55 млн теңгені құрады.

Байшемиров Жарасбек Дүйсембекұлының жетекшілігімен «Математикалық физиканың классикалық емес теңдеулері үшін шекаралық есептердің қисындылығын зерттеу» тақырыбында 2021 жылы Білім және ғылым министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурсынан грант жеңіп алдық.

Дүниежүзілік Банктің конкурсы бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру шеңберінде 2020 жылдың соңында 83 млн 750 мың теңге сомасындағы «Жылу және электр энергиясын өндіруге арналған микро-гидравликалық және жел станцияларының кешенді технологияларын әзірлеу» жобасы сәтті аяқталды.

Басқа да жас ғалымдардың жетістіктеріне тоқталар болсам, тізімнің ұзаратынына күмәніңіз болмасын.

Жалпы, былтыр ғылыми жобаларды іске асыруға шамамен 440 млн теңгедей бөлінген. Қаржыландыру аясында барлығы 58 жоба орындалып жатыр: ҚР БҒМ гранттары бойынша – 29, шаруашылық келісімшарт бойынша – 2, ЭЖМ-мен (РФ) бірлескен – 5, үшжақты халықаралық – 1, ҚР ҒЗИ-мен интеграциялық – 15, ғылыми орталықтар мен ғылыми зертханаларда – 7 жоба. Сонымен қатар, университет 3 патент пен 60 авторлық куәлік алған.

«Абай атындағы ҚазҰПУ» КЕАҚ 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясына сәйкес ғылыми-зерттеу университеті болуға ұмтылады. Қазақтың тұңғыш университеті ғылыми қызметті дамыту аясында зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасады: Ғылым және инновациялық парк, 11 ғылыми және ғылыми-әдістемелік орталық, 5 ғылыми зертхана және Педагогикалық STEM паркі жұмыс істеуде.

Қара шаңырақтың негізгі бағыттарының бірі – профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу қызметі еліміз үшін жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау болып табылады. Жоғарыдағы мәліметтерден байқағандарыңыздай, бұл бағытта университетте атқарылған жұмыстар қыруар, жеткен табыстар толайым.

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдар беретінін хабарлады. Ал, жеке үлгідегі диплом берудің артықшылығы неде?

– Бұл өте орынды шешім. Жеке үлгідегі диплом беруді ертеден бастау керек еді. Әр ЖОО өз түлегінің сапасына толықтай жауап беруі керек. Сондықтан бұл шешімді біз толықтай қолдаймыз. Қазіргі таңда біз университеттің директорлар кеңесінде бекітілген  министрлік талаптарына сәйкес үш тілде, өзіндік үлгідегі дипломдар дайындау үстіндеміз. Осы жылы түлектерімізге аталған дипломдарды табыстаймыз.

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің диссертациялық кеңестерінде қорғаған PhD докторларына өзіміздің үлгідегі дипломдарымызды 2019 жылдан беріп келеміз. Соңғы жылдары Диссертациялық кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар қатаңдатылғаны мәлім. Біздің университеттің ерекше мәртебесі және ұстаздарды даярлайтын бірінші университет болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің қатарына еліміздің және алыс-жақын шетелдерінің жетекші ғалымдарын тартты.

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді Ұлы Абай. Ал, қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі педагогикалық-оқытушылық құрамы қандай?

– Бұл ұлыны ұлықтап, дарынды бағалаған, ұрпақ санасын тәрбиелеудің үлкен мектебін қалыптастырған оқу орны. «Ұстаздар ұстаханасы» аталуы сондықтан. Қазақтың маңдайалды ғалымдары мен профессорлары қызмет етті, қара шаңырақта олардың іздері сайрап жатыр. Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсыновтар, олардан кейінгі буын Мәлік Ғабдуллин, Темірбек Жүргенов сияқты тұлғалар, университетіміздің ректорлары мен ғалымдары туралы айтсақ, әрқайсысының оқу орнының өркендеуіне қосқан үлесі зор. Бір қуаныштысы, сол игі дәстүр бүгінде жалғасып келеді. Шүкір, студенттер саны артқан сайын, педагогикалық-оқытушылар құрамы да еселену үстінде. 2020-2021 оқу жылына олардың саны – 1 054-ке жетсе, соның 137-сі – ғылым докторлары, 293-і – ғылым кандидаттары, 71-і – PhD докторлары. Яғни, мұндағы басты мақсат – сан мен сапаның бірлігін қамтамасыз етіп, білікті мамандарды көптеп тарту.

«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРАТЫН ЗАҢ УАҚЫТЫНДА ҚАБЫЛДАНДЫ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасындағы Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп айтқан даналық сөзін қайта тірілтіп, 2019 жылы 30 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, беделі түсіп кеткен қастерлі мамандықтың мәртебесін заңмен бекітті. Болашақ ұстаздарды дайындап отырған ұстаздар ұстаханасы педагог мәртебесін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– «Педагог мәртебесі» туралы заң өз уақытында қабылданды. Себебі, қазір ең керек мамандық ұстаздық десек артық айтқандық болмас. Сондықтан да, бұл мамандыққа құлшыныс пен қызығушылық арта түсті. Қазіргі таңда педагогикалық мамандыққа түсудің шектік балы 75-ті құрайды. Бұл – педагогикаға кім болса соның келуін шектеудің бір жолы, талантты мамандарды қолдаудың көрсеткіші. Мәселен, ЖОО бітіретін түлектерге ұлттық біліктілік тестін тапсырту жоспары бар. Бұл тесттен жақсы көрсеткіш көрсеткендер жұмысқа орналасу мүмкіндігін алады. Ал, төмен көрсеткіш көрсеткендер жұмысқа орналаса алмайды. Бұл да ЖОО түлектерінің сапалы педагог болуына үлкен мүмкіндік. Қосымша мына ақпаратты да айтқым келеді, мысалы, біздің университетке соңғы үш жылда 200-ден 600-ге дейін Алтын белгі иегерлері оқуға қабылданды. Осы Алтын белгімен түскен талапкерлердің 52-72 пайызы педагогикалық мамандықты таңдағаны қуантады. Бұдан жастар арасында педагог мамандығына сұраныстың артып отырғанын байқасақ керек.

– Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты да тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы Сіздерде қалай орындалып жатыр?

– Біздің университет Қазақстандағы айлығы жоғары университеттердің алғашқы үштігіне енеді. Бізде жалақының көтерілуі дұрыс жолға қойылып отыр. Айталық, 2020 жылы қарапайым оқытушының айлығы 144 мың теңгеден 203 мың теңгеге, профессорлар жалақысы 204 мың теңгеден 287 мың теңгеге  дейін артты. Қазір университеттегі орташа жалақы – 284 мың теңгені құрайды. «Еңбегіне қарай өнбегі» деп, біз мүмкіндігінше ұстаздар қауымын қолдап келеміз. Оның үстіне ҚР Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгіледі. Мысалы, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап профессорлар айлығын 400 мың теңгеге дейін көтеруге міндеттеді.

Такир Оспанұлының бастамасымен «Жұмыс берушілер апталығы» өтті. Бұл апталықтың мақсаты не?

– Жас мамандарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспек емес. Бұл тұрғыда университеттер де өз түлектерінің бітірген мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына қолдау көрсетеді. Осы мақсатта бос орындар жәрмеңкесін дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз. Биылғы жылы да университет ректоры Такир Оспанұлының бастамасымен 2 сәуірде «Жұмыс берушілер апталығы» жарияланды. «Жұмыс берушілер апталығы» аясында Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы білім басқармаларымен, BINOM SCHOOL мектептер желісімен жеке кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында студенттер жұмысқа қатысты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Университет пен білім басқармалары бірігіп жұмыс істеудің оң шешімдерін қарастырды. Жұмыс берушілер апталығының басты мақсаты осы. Апталықта университеттің «BAGDAR» платформасы таныстырылды. Жәрмеңке барысында «BAGDAR» платформасына енгізілген еліміздің 10 аймағының 357 мекемесінен келген 945 бос жұмыс орны университет түлектеріне ұсынылды. Осындай ауқымды берері мол кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Болашақта түлектеріміз жұмыссыз қалмайды деген ойдамыз. Шәкірттерімізге сенім артамыз.

– Саябек Қуанышбекұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here