Балдан береке тапқан кәсіпкер

0
3217

Шымкенттік жас кәсіпкер Абылайхан Еркін «Bal Bereke» сауда маркасымен ерекше өнім шығара бастады. Кәсіпкердің ерекше өнімі қазірдің өзінде қала дәріханаларында сатылуда. Сатылымға түскен өнім – әртүрлі қоспалары бар бал. Оның жеті түрі бар. Бүкіл әлем коронавирустық пандемия жағдайында өмір сүріп жатқан кезде қара зере майы мен имбирь қосылған бал ерекше сұранысқа ие болып тұрғаны жасырын емес.

Кейіпкеріміз жаңа бизнесті бастау идеясы өткен жылдың жаз айларында пайда болғанын айтады. Дәстүрлі медицина әдістерін қолданатын таныс дәрігері иммундық жүйені нығайтқысы келетін, алайда соның жолын таппай тығырыққа тірелген таныстары үшін балды қара зере майымен араластырыпты. «Мұндай өндірісті неге өз қаламызда қолға алмасқа?» деген жас кәсіпкер он ойланып, жүз толғанып, осы тауашаны зерттей бастайды. Ең алдымен, зертханалық сараптама жүргізеді. Сосын тәтті және пайдалы өнімдер шығаруға құқық беретін сертификаттаудан өтіп, қажетті жабдықтар сатып алады.

Содан кейін өнімнің алғашқы сынамалық партиясын шығарып, әлеуметтік желілерге жарнамасын қояды. Бағасына келсек, балдың жарты литрлік банкасы үш мың теңге, бірақ соған қарамастан сатып алушылар тарапынан үлкен қызығушылық байқалады.

Абылайхан Еркіннің айтуынша, досы Б.Адиш екеуі кәсіп бастамас бұрын бастапқы капитал үшін бір жарым миллион теңге қажет болыпты. Тауарды алдымен діни заттар сататын мұсылман дүкеніне өткізеді. Ол жерде сұраныс бар екеніне көз жеткізген соң кәсібін кеңейтуді шешіпті. Олар қаладағы ең ірі дәріхана желілерінің бірімен келісім жасасып, бір-екі айдан бері бал өнімдері қала дәріханаларында сатылуда.

– «Перғауындардың алтыны» деп те аталатын қара зеренің пайдалы қасиеттері ғылыми зерттеулермен дәлелденген, – дейді Абылайхан. – «Қара зере өлімнен басқа барлық ауруларды емдейді» деген Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) сөздері жиі айтылады. Аталған өнім ежелгі заманнан бері иммунитетті арттыратын зат ретінде белгілі. Ол, сонымен қатар, ас қорытуды жақсартады, ағзадағы қалдықтар мен токсиндерді шығаруға көмектеседі, холестеринді төмендетеді, зат алмасу үдерістерін жақсартады. Қара зере құрамына кіретін тимохинон антиоксидант болып саналады. Оның арқасында дененің жалпы тонусы жоғарылайды және жұмыс қабілеті жақсарады. Ал, қара зере қосылған балдың емдік қасиеттері туралы сағаттап айтуға болады. Осы екі құрамдас бөліктің қандай пайдасы бар екенін елестете беріңіз! Бірақ, аталған емдік өнімді кез келген адамның іше беруіне болмайды. Оны қант диабетімен ауыратын науқастарға, асқазан жарасы бар адамдарға және жүкті әйелдерге қолдануға болмайды. Мұндай балдың бір ас қасығын таңертең және ұйықтар алдында аш қарынға қолданған пайдалы.

Шымкенттік кәсіпкер алдымен Алтайдан әкелінген балды пайдаланды. Өйткені, ол үлкен танымалдылыққа ие. Бай кен орындарымен танымал жер қойнауы тау өзендері мен бұлақтарды микроэлементтермен қанықтырса, су топырақ пен өсімдіктерге минералдар жеткізіп тұрады. Гүлді шалғындарда олар тозаң мен балшырындармен «қайта өңделеді», ал аралар бұл «жартылай фабрикатты» пайдалы балға айналдырады. Кәсіби мамандардың тілінде Алтай балы полифлорлы бал-шөптен жасалады. Бірақ, уақыт өте келе Абылайхан жергілікті балдың алтайлық балдан еш кем түспейтінін түсінді. Әсіресе, араб елдерінде өте жоғары бағаланатын жантақ пен мақта балы тек бізде өндіріледі. Сондықтан бүгінгі таңда «Абылайхан» ЖК шымкенттік омарташылармен бірлесе жұмыс істеуде. Ал, майды Пәкістаннан көтерме бағада сатып алады.

– Қара зере салынған балдың кішкене құтысын бір жарым мың теңгеден сатамыз, – дейді Абылайхан Еркін. – Сыртындағы құтысы қымбатқа түсіп жатыр. Қазақстанда әдемі алтыбұрышты банкалар шығарылмайды, сондықтан ресейлік өнімді пайдалануға тура келеді. Шымкенттіктер жақпа-балға да қызығушылық танытуда. Бұл Канадада, АҚШ-та өте танымал, жақында Батыс Еуропада пайда болды. Крем-балдың жасалуына келсек, арнайы жабдықтың көмегімен бал шайқалады. Жеңіл көпіршіктер пайда болады, масса ауаға айналады және ерекше дәмге ие болады. Араластыру барысында үлкен кристалды құрылымдар ұсақталады. Нәтижесінде алынған консистенция жұмсақ болады. Бұл жағдайға тек жасанды түрде қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, балдың құрамы мен қасиеттері толығымен сақталады, ол ашымайды және бұзылмайды. Шынында да, дайындалу процесінде ешқандай қоспалар, эмульгаторлар немесе тұрақтандырғыштар қолданылмайды. Өнім тек араластыру арқылы кремге айналады.

Жаңғақ, жержаңғақ, бадам қосылған бал кремі – бұл нағыз ем. Болашақта таңқурай, құлпынай, қарақат сияқты қоспалары бар бал өндірісін қолға алуды жоспарлап отырған Абылайхан дұрыс тамақтану мәдениетін бала кезден қалыптастыру керек деп есептейді. Мысалы, балалар ұнататын шоколад пастасының орнына жержаңғақ қосылған дәмді әрі пайдалы балды ұсынуға кеңес береді.

– Күн сайын біздің шағын цехта орта есеппен 100-150 банка бал шығарамыз, – дейді кәсіпкер. – Өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Бірақ, бұл сұранысқа байланысты. Алғашқы партия Таразға жөнелтілді. Егер кәсібіміз бүткіл Қазақстан бойынша қанат жайса, экспорт туралы ойланатын боламыз.

Кәсіпкер табиғи бал өте қатты бағаланатын Қытайды зерттей бастады. Бірақ, оның нарығына кіру қиын. Сол елдің кәсіпкерлерінің тізіміне ену керек, ал ол өте қиын. Парсы шығанағы елдерінде де бал мен қара зере майы жақсы сатылуы бек мүмкін.

Абылайхан небәрі 25 жаста. Алайда, кәсіп жүргізуде ол көп адамдарға дәріс оқитын дәрежеге жеткен. Оның айтуынша, кәсіпкерлік оның қанында бар. Ата-анасы мен туыстары да бір кездері сауданың төңірегінде істеген екен. Ол медициналық колледждің студенті боп жүргенде ұялы телефондарға арналған аксессуарлар сатты. Содан кейін мандарин, пияз, тіпті шегеге дейін алып сатты. Одан соң мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істеді, мекемелерді тұрмыстық химия, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті. Осылайша, ақырындап тәжірибе жинақтады.

– Өткен жылдың басында мен аспа (устрица) саңырауқұлақтарын өсіруде бағымды сынадым. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алып, 505 мың теңге грант иегері атандым. Бұл қаражатты саңырауқұлақ ісіне жұмсадым, – дейді ол.

Сайрам ауданында көп жылдан бері кәсіпкерліктің осы түрімен айналысып келе жатқан әйелмен келісіп, одан мицелий тұқымын сатып алды. Бір бөлмені жалға алып, оның ішін әктеп-сөктеп, арнайы орта жасайды. Өйткені, саңырауқұлақтар таза жерде жақсы өседі.

– Бұл жерде мақтаның кебегімен толтырылған медициналық қаптарды көрдік. Оның үстіне оны 40 минут қайнату керек еді. Алғашқы талпыныс текке кетті. Қажетті желдету дұрыс қамтамасыз етілмегендіктен және жылу режимі сақталмағандықтан, саңырауқұлақтар ұсақтау болып өсті. Салыстыру үшін үйдің жанына отырғызылғандардың өлшемі көз қуантарлықтай еді. Ал, одан кейінгі әрекеттер жаман болған жоқ, – дейді кәсіпкер.

Әрине, кез келген бизнесте кедергілер кездесетіні заңдылық. Абылайханның кәсібінде де сату кезінде проблемалар туындады. Көп мөлшерде сатып алушылар табыла қоймады. Бір жағынан елімізде коронавирустық инфекция өршіп тұрған кез еді. Тамақтану орындары мен ірі базарлар жабылып, жұмыс істемей қалды. Сөйтіп, саңырауқұлақтарды таныстарына сатуға тура келді. Ал қазір Абылайханның кәсібі ақырындап өрге домалауда. Өнімнің көп бөлігін консервілеумен айналысатын фирма сатып алады. Қалғанын кәсіпкер базарларға, кондитерлік цехтарға өткізеді. Қазірде саңырауқұлақ бизнесінде аздаған үзіліс жариялаған. Абылайхан оған бір айдан кейін кірісуді жоспарлап отыр.

Абылайхан Еркін жастарға өз ісін ашуға кеңес береді.

«Көз – қорқақ, қол – батыр. Әрине, белгілі бір тәуекелдерге баруға тура келеді. Бірақ, бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтуге, бизнес-жоспар құруды тегін үйренуге, қайтарымсыз гранттар немесе жеңілдікпен несиелер алуға мүмкіндік мол», – дейді жас кәсіпкер.

Айтпақшы, ағасымен бірге тас төсеуіш өндірумен айналысатын жас кәсіпкердің өзі әртүрлі қоспалары бар шай шығаруды армандайды. Оның арманының орындалатынына күмәніміз жоқ. Өзіміз бір кәсіп те бастай алмай жүргенде Абылайхан сияқты қолынан іс келетін, ілкімді жігіттерге риза болдық. Бірнеше істі қатар ала жүріп, қосымша білім алып, ізденіп, келешекке жоспар құрып, мемлекетіміздің шағын және орта кәсіп ашуға беріп жатқан мүмкіндігін оңтайлы пайдаланғаны көп жастарға үлгі дер едік.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here