Чернобыль – 35: Шындық пен сұмдық

0
3715

Чернобыль атом электр станциясындағы (АЭС) апат – ХХ ғасырдағы ірі техногендік апат ретінде адамзат санасын сансыратып кетті. Осы қасіреттен кейін әлем халқын атом электр станцияларының бүгінгі ахуалы әлі күнге дейін алаңдатып отыр. Биыл апаттың орын алғанына 35 жыл толды. Әрине, ол тойлайтын мереке емес. Бірақ, оның салдарын еске алып, оқиғаға жол бермеудің әрекеттерін ескеру ғана.

Леонид Телятников – Чернобыль АЭС апатын жою барысында ерлік, батылдық және байсалдылық танытқан Кеңес Одағының Батыры

Осыдан 35 жыл бұрын Чернобыльде не болып еді? 1986 жылы 25 сәуiрден 26 сәуiрге қараған түнi адамдардың өздерiне деген сенiмсіздiгiнiң, немқұрайдылығының салдарынан Украинада бейбiт мақсатта жұмыс iстеп тұрған атом электр стансасы бақылаудан шығып, өзiнiң дүлей күшiн көрсеттi. Чернобыль АЭС-iнде болған апат мемлекет басына келген жаңа билiк үшiн қатаң сынақ болды. Алайда, билiк буындары бұл сынаққа дайын болмай шықты. Орталық және жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдары апатты жағдайды барынша құпия ұстады. Оқиға орын алған екi күннен кейiн орталық «Правда» газетi Чернобыль апатын қатардағы жағдай ретiнде көрсетiп, екi-ақ адамның қаза тапқанын жазды. Әлемнiң көптеген елдерiнiң қысымымен Кремль билiгi қалыптасқан жағдайды там-тұмдап жариялап, апатты аймақтан тұрғындарды көшiрудi сол жылдың 2 мамырынан бастап қолға алды. Екi күннен кейiн радиоактивтi бұлт Украина астанасын торлап, айналасындағы елдi-мекендерге жетті. Киев қаласында қызмет iстейтiн шетелдiк мамандар мен студенттер қаланы тастап кетiп жатты.

Украина Орталық комитетiнiң Саяси бюросы тұрғындарды басқа жаққа көшiру жөнiнде мәселе қарағанымен, түпкiлiктi шешiм қабылданбады. Үкiметтiк комиссия жалпыхалықтық төтенше жағдай жариялаудың орнына 1 мамыр күнгi еңбекшiлердiң Ынтымақ күнiн атап өтудi күн тәртiбiнен түсiрмедi. Киев қаласының орталық көшелерiнде мектеп оқушыларының шеруi өтiп, көңiл-күйдi көтеретiн ән-би, ойын-сауық кештерi өткiзiлдi. Бұл кезде Крещатик алаңындағы радиация қалыптағы нормадан 80 есе көп болған  еді.

Мерекелiк ойын-сауықтан кейiн Киев қаласында дүрбелең туып, халықтың жанайқайы орын алған. Сол күндерi әртүрлi ақпараттар бойынша қаладан 500 мың адамнан 1 миллионға жуық тұрғындар жан сауғалап, көшiп кетуге мәжбүр болған. Көз көргендердiң айтуы бойынша, қалаға келетiн пойыздар бос келiп, адамдарға толып қайта кететiн болған. Темiр жол басшылығы сол күндерi қалаға келу үшiн қосымша 30 пойыз шығарса да жетiспеушiлiктер орын алған.

Чернобыль атом стансасын 30 шақырым айнала 125 мың халық тұрған көрінеді. Станса атымен аталатын Чернобыль қаласында – 12,5 мың, Припять қаласында – 49 мың халық тұрған. Апаттан кейiнгi бар болғаны 8 минутта 4 реактордан сыртқа шыққан 140 тонна радиоактивтi отын ауаға тарап, халық АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған атом бомбасына тең сәулеге шалдыққан. Радиоактивтi сәулеге Белоруссияның Гомель, Могилев облыстары, Украинаның Киев, Житомир облыстары мен Ресейдiң Брянск облыстарының тұрғындары түгелiмен шалдыққан. Жалпы, радиоактивтi отын 160 мың шақырым аумақтағы 17 миллион халықты ажал құшағына алып, ол КСРО-ның 11 облысына тараған.

1995 жылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының арнайы есебi бойынша Чернобыль апатынан 9 миллион адам зардап шеккен. Оның 4 миллионы – 14 жасқа дейiнгi жас балаларды қамтыған. Бүгiнгi таңда апат зардабынан қаза тапқандардың саны 320 мың адамды құрап отыр. Бұл бiр ғана Украинадағы жағдай.

Чернобыль АЭС-iнде болған апаттың зардаптарын жоюға КСРО-ның барлық аймақтарынан ерiктiлермен қатар арнайы қызмет орындарының қызметкерлерi де барды. Қазақстаннан 30 мың, оның  ішінде Алматы қаласынан бұл апатты аймаққа 16 мың адам қатысқан. Олардың 90 пайызы – әскери қызметкерлер болған. Денсаулық сақтау, Қорғаныс министрлiктерi келтiрген мәлiметтер бойынша, бұл адамдардың бүгiнде еліміз бойынша – 13 мың, Алматы  бойынша тек 323-i ғана тiрi көрiнедi. Демек, 15 мың 577 адам апат зардабынан қайтыс болған.

Кезiнде апат орнына Бас хатшы Горбачевпен бiрге барған Райса Максимовна кейін ақ қан түйiршiгi сырқатына ұшырап, соның зардабынан қайтыс болған. «Торпедо» командасының және КСРО құрамасының атышулы ойыншысы Эдуард Стрельцов та Чернобыль апатынан кейiн терi рагына шалдығып, соның зардабынан қайтыс болды. Бұл  туралы  ұзақ  уақыт  айтылмай  келді. Апаттың  зардаптарымен  күресуге  еліміздің  барлық  аймақтарынан  запастағы офицерлер мен еріктілер де  тартылды. Алғашқылардың  бірі  болып, оқиға  орнына Қазақстанның  тумасы – Леонид Телятников бастаған өрт сөндірушілер  барды. 

Америкалық HBO арнасы түсірген «Чернобыль» сериалының шығуымен елдің назары XX ғасырдағы адамзат тарихында болған ең кеселді апатқа ауды. Сериал әлем бойынша рейтингте киносүйер қауымның бағалауында рекорд жаңартып, кейін Украинаға ағылып жатқан туристің саны артты. Кинолента апат салдарын жою жолында күрескен батырлардың рухына арналған. 

1986 жылы Чернобыль апаты кезінде оқиға орнына бірінші болып жеткендер – өрт сөндірушілер. Біреу білсе, біреу білмес, оларды бастап барған біздің жерлесіміз  –  Леонид Телятников  болатын. Жанқиярлық  ерлігі  үшін кейін Кеңес Одағының батыры атанған жерлесіміз кім еді? Ол апат  аймағына қалай барған? 

Леонид Петрович Телятников Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Веденка ауылында 1951 жылы 25 қаңтарда дүниеге келген. 1968 жылы ол Свердлов өрт-техникалық училищесіне оқуға түседі. 1971 жылы облысқа оралып, Рудный қаласындағы Мемлекеттік өрт қадағалау мекемесінің аға инспекторы болып еңбек жолын бастаған. Ал, 1975 жылы КСРО ІІМ Мәскеу инженерлік-техникалық жоғары қызметіне оқуға түседі. 1979 жылдың тамыз айынан бастап, Қостанай КІІБ Мемлекеттік қадағалау бөлімшесінің бастығы, содан соң Қостанай қалалық №69 әскериленген өрт сөндіру бөлімі  бастығының  орынбасары болып жұмыс істеген.

Леонид Телятников 1982 жылдың тамыз айында Киев облысына  қызмет  бабымен көшіп  барып, бір жылдан кейін Чернобыль АЭС күзету бойынша 2-ӨӨСБ бастығы лауазымына тағайындалған.

Чернобыль АЭС төртінші энергоблогында шыққан өртті сөндіру үшін тәжірибелі өрт сөндірушілерден жасақ құрылады. Бұл – 1986 жылдың 26 сәуірі еді. Бұл кезде батырдың туған жерінде түрлі әңгімелер болып жатады.  Сол кезде Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде ол туралы естеліктер жазылып, былайша баяндалады: «Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогында апат әсерінен өрт шыққан. Түнгі сағат 1-ден 23 минут кеткен кез болатын. Бұл кезде әр минут, әр секунд маңызды еді. Майор Телятников жағдайдың қаншалықты ауыр екенін бірден аңғарады. Лауазымы мен атағы жоғары болғандықтан ол аса қауіпті аймақтан халықты алып шығу жауапкершілігі өз мойнында екенін сезінеді. Бірнеше күрделі өртті сөндірген сарбаз тілсіз жау одан әрі өршігенде жағдайдың қаншалықты ауырлайтынын бірден түсінеді. Бірнеше мың халықтың тағдыры шешілер сәтте өрт сөндірушілер көзді жұмып іске кіріседі. Майор Телятников шешуші әрекеттерді өзі жасайды. Бірнеше рет 71,5 метр биіктіктегі станцияның биік шыңына көтеріліп, аппараттық блогымен өрттің негізгі ошағын сөндіреді. Алғаш рет от шыққанда Чернобыльден табылып, тілсіз жауға қайыспай қарсы тұрғандар қатары 28 адам болатын. Жасақты біздің жерлесіміз Леонид Петрович басқарады».

Бір айта кетерлігі, апат болған уақытта ол демалыста болған, бірақ оқиға туралы ести сала өрт орнына келіп, басшылықты өз қолына алған. Леонид Телятников – Чернобыль АЭС апатын жою барысында ерлік, батылдық және байсалдылық танытады. Оның кәсіби шеберлігінің арқасында өрт жылдам  оқшауланып, жалын АЭС-тің өзге энергоблоктарын шарпымайды. Өрт сөндіру кезінде Телятниковтың бөлімшесі станцияда үш сағат бойы тілсіз жаумен жалғыз алысқан, ол ауыр деңгейде сәулеге шалдыққан.

Тағы бір мәлімет бойынша, майор Телятниковтың жетекшілігімен оқиға орнына барған 40-қа жуық өрт сөндірушінің алтауы радиациялық күйіктен және қатты сәулелену салдарынан бірнеше апта ішінде қаза табады.

1986 жылы 25 қыркүйекте өрт сөндіруде танытқан ерлігі үшін ішкі істер майоры Леонид Телятниковке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп,  Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталады.

Сол жылдың күзінен бастап, ол Киевте тұрғылықты өмір сүруге қалады. Радиациядан қатты уланған ол көп жыл Мәскеуде емделеді. Денсаулығын жақсартқан соң, Киев облысының ӨКБ өрт сынау зертханасында, содан соң Украина ІІМ ӨКТБ жұмыс істейді. Қызмет баспалдағын бас басқарма бастығының орынбасары лауазымында аяқтайды. 2000 жылдан бастап ол Украинаның Киев қалалық ерікті өрт сөндіру ұйымының төрағасы болады.

Батыр 2004 жылы 2 жетоқсанда Киев қаласында қатерлі ісіктен қайтыс болып, сондағы Байково зиратында жерленеді. Оның артында әйелі мен екі ұлы қалды. Ұлдарының бірі өрт сөндіру училищесін бітірген. 

Бүгінде Киевтегі Чернобыль батырлары аллеясында оның бюсті орнатылған. Ол жұмыс істеген ғимаратта мемориал тақтасы ілінген. Батыр  жатқан Киевтегі Байково зиратында оған ескерткіш қойылған. Ал, елімізде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Чернобыль АЭС апатын жоюшы жауынгерлерге арналған ескерткіштер бар. 

Айта кетейік, Жапонияда орын алған қайғылы уақиғадан кейін цунами мен жер сілкінісі салдарынан болған атом электр стансаларындағы жағдайға орай әлемдік қауымдастық ең алдымен атом энергетикасының қауіпсіздігіне аса алаңдаушылық білдіріп отыр.    

Бүгінгі таңда әлемдегі электр энергиясының 17 пайызы атом стансаларымен өндіріліп отыр. Сонымен қоса, жекеленген мемлекеттерде атом энергетикасының үлесі энерго баланстың 50 пайызынан асады. Мәселен, Францияда мұның үлесі 77 пайызға жеткен. Сондай-ақ, бүгінгі күні дүниежүзінде 439 ядролық реактор жұмыс істеп тұрса, 136-сының құрылысы жобаланған. Атом стансасының ең үлкен паркі АҚШ-та. Алдағы уақытта әлемнің 50-ден астам мемлекеті атом стансаларын иеленетін болады деп болжанып отыр. Қазіргі күні Қытай, Үндістан, Жапония елдерінде АЭС құрылысы бойынша ауқымды бағдарламалар қабылданған. Дегенмен, жоғарыдағы апаттардың зардабынан адамзат баласы әлі де айығар емес.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here