Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы

0
804

Алматыдағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы: өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Конференцияға Түркия, Ресей, Канада, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен ғалымдар қатысуда.

Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сарсенбекова алғысөзін жеткізді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикадағы инновациялық өзгерістерді жандандыру жөніндегі саясаты Қазақстанның жоғары мектебінің алдына элиталы кадрлар даярлау міндетін қояды. Дәл осындай инженер-мамандарды даярлауға Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің барлық қызметі бағытталған. 2020 жылы  Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің даму бағдарламасы, яғни іргелі білім берудің рөлін күшейту, «ғылым арқылы оқыту» қағидатын іске асыру, білім беру ақпараттық технологияларын енгізу, оқу үдерісі барысында «жұмсақ дағдыларды» (soft skills) қалыптастыру арқылы нарыққа бейімделген инновациялық мамандарды даярлауды көздейтін, ЖОО-ны кәсіпкерлік үлгідегі университетке трансформациялау бағдарламасы қабылданды», – деп атады Гүлнар Сәрсенбекова.

Конференцияда халықаралық ғалымдар ғылыми тәжірибе алмасып, білім, ғылым және өндірістің интеграциясын талқылауда. Бұл ғылыми жиын жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды қазіргі ғылымның өзекті мәселелерін шешуге тарту, болашақта олардың өз жобаларын таныстыруына, өз таланттарын тиісті аудиторияға жеткізуіне мүмкіндік беру, бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін сақтау және дамыту, болашақ әріптестер арасында байланыс орнатуды мақсат етеді.

Пленарлық отырыста микробиология жетістіктері, еліміздегі жеміс-көкөніс шаруашылығы саласының жай-күйі және өзге де өзекті тақырыптар қамтылуда. Мәселен, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директоры  Аманкелді Саданов «Бүгінгі тәжірибедегі микробиологияның жетістіктері», Мәскеу мемлекеттік тағам өндірісі университеті ЖБМБФ ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Михаил Щетинин «Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі», ҚР БҒМ ҒК «Ұлттық биотехнология орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры Ерлан Раманқұлов «Теңіз кен орындарында мұнай өндірудің биоқауіпсіздігін бағалаудағы заманауи метагеномдық тәсілдер», Тамақ және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, ФГАОУ ВО «Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінің (Ресей) профессоры (Ұлттық зерттеу университеті) Ирина Потороко Ғылым мен өндірістің интеграциясы: АӨК қайта өңдеу кәсіпорындары үшін инновациялық технологиялық шешімдер, «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасы Серік Садықов Қазақстандағы жеміс-көкөніс шаруашылығы саласының жай-күйі,  «Инновациялық технологиялар» Қырғыз-Өзбек Халықаралық университетінің ғылыми-зерттеу институтының директоры Жыргал Самиева Қырғызстандағы топырақ құнарлылығын арттыру және күріш өсімдіктерін қорғау мәселелері, «Қазақ егіншілік және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Бастаубаева Шолпан Оразовна Өңірлердің ерекшелігін және цифрландыруды ескере отырып, органикалық ауыл шаруашылығын жүргізу технологиялары, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы» РҚБ Вице-президенті Темірбеков Нұрлан Мұқанұлы Сандық деректерді сақтау және қолданбалы есептерді шешу үшін таратылған ақпараттық жүйені құру, «Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасы  Жан Ниязбеков «Жаңа мамандықтар мен кадрлық аштық»,  «Астана» ХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің бас директоры Мұхтар Бубеев «Астана халықаралық қаржы орталығында (AIFC) қаржылық қызметтерді реттеу», «Тәжікстан технологиялық университетінің» (Тәжікстан) доценті Абдулназар Гуломсафдаров «Берілген реттелмеген морфтар жиынтығының шугна тіліндегі сөздерінің морфологиялық синтезінің алгоритмі», Дельта Халықаралық университетінің (Канада) және Барселона Жоғары менеджмент мектебінің (Испания) профессоры Толымбек Алмаз «Ұлттық зейнетақы жүйелерінің тиімділігі», «ЭЫДҰ елдерімен салыстырғандағы Қазақстанның зейнетақы жүйесінің рейтингі мен орны», «Эге» университетінің (Түркия) профессоры түркітанушы, қыпшақтанушы ғалым Мұстафа Өнер «Түркиядағы сандық Түркология журналдары», Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің профессоры Масимжан Велямов «Тамақ және қайта өңдеу саласында биоэкологиялық өнімдердің инновациялық жаңа буынын әзірлеу және олардың қазіргі жағдайдағы маңыздылығы» тақырыптарында кеңінен тоқталып, баяндамалар жасады.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның секциялар бойынша негізгі бағыттары өзекті тақырыптарды қамтиды. Халықаралық ғалымдардың  басын қосқан бұл ғылыми шарада тамақ өнімдерін қайта өңдеу және тамақ қауіпсіздігі;  бұлтты технологияларды қолдана отырып, телекоммуникация, компьютерлік модельдеу саласындағы процестерді автоматтандыру жүйесінің инновациялық дамуы; экологиялық проблемалар мен тіршілік қауіпсіздігі мәселелерін шешудегі инновациялық тәсіл, Қазақстанның цифрлық экономикаға көшуінің мүмкіндіктері мен проблемалары сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын іске асырудағы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың рөлі аясында кеңінен талқыланды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here