Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бірегей ұйым

0
4326

Еліміз егемендігін алған қысылтаяң кезде Қазақстанды паналап келген өзге ұлт өкілдеріне сүйеу болып, бүтінді бөліп, жартыны жарып беріп бауырына басты. Көңілі даладай жұртымыз халықты сүю мен құрметтеудің тамаша үлгісін көрсетті. Татулықты ту еткен Елбасы ұлттар достығы идеясын көтеріп алысты жақындатты. Түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына тоғыстыра білді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында жариялады. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Жарлық шықты. 1995 жылы 24 наурызда Ассамблеяның 1-ші сессиясы сол тұстағы астана Алматы қаласында өтті. Оған қатысуға барлық облыстарда кіші ассамблеялар құрылып, олардан 260 делегат сайланып, 40 ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері енген.

Ассамблеяның міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау әрі дамыту.

2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе беріліп, ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Тұңғыш Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналып, оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды.

Ассамблея жұмысының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсіністік ахуалы қалыптасты.

Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессиялар аралығындағы кезеңде ҚХА басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді. Ассамблеяның өңірлердегі құрылымдарын облыс әкімдері басқарады.

         ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Сол жылы ҚХА ХХІІ сесиясында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея алдына бүкілқазақстандық мәдениетті дамыту, халық бірлігін ортақ рухани-моральдық құндылықтар негізінде нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттік тілді және үштілді білім беруді одан әрі дамыту, транспарентті мемлекеттегі қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, этносаралық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестермен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары бойынша жеті міндет қойды.

Ассамблеяның белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстандағы этностардың мәдени өмірі де жандана бастады. Ассамблея этникалық топтар арасындағы ұйымдастыру жұмыстарының орталығына айналды. Ассамблея органдарына мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты этномәдени орталықтардың мәселелері жедел шешімін тапты. Ассамблея Кеңесінің шешімімен этномәдени орталықтарға қаржылай және ұйымдастыру жұмыстары бойынша көмек көрсету мақсатында республикалық қор құрылған. Бұл қордың бөлімшелері әрбір облыстарда ашылды. Жыл сайын қайырымдылық ұйымдары мен донорларының жалпы республикалық науқаны мен «Қайырымдылық керуені» форумы өткізіледі. 2017 жылы меценаттық және қайырымдылық қызметін дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Жомарт жан» төсбелгісі тағайындалды. Бұл төсбелгі жүрегі кең, қолы ашық меценаттарға беріледі. Ассамблея пандемия кезінде де тынбай жұмыс істеді. Ұйым мүшелері волонтерлермен қатар, алғы шепте қызмет еткен медицина, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жәрдемдесіп, көптеген отбасыға қол ұшын созды.

Бірегей ұйым 365 мүше мен 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктер, 500-ден аса кіші ассамблея мүшелерінен тұрады.

Бүгінде Ассамблея қамқорлығымен мыңнан аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның ішінде отызға жуығы республикалық мәртебеге ие. Елімізде 40-тан аса Достық үйі бар. 2009 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Барлық өңірлерде ғылыми-сараптамалық топтар ашылып, олардың қызметіне 300 ғалым мен сарапшылар тартылған. Ассамблеяның қамқорлығымен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың ұжымдарында  Қоғамдық келісім кеңесі және Аналар кеңесі құрылған. Олар жергілікті жерлерде халықтың өзекті мәселелерін шешуге атсалысады.

2011 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлерінің қауымдастығы» құрылған болатын. Оның республиканың барлық өңірлерінде өкілдіктері бар. Қауымдастықтың қызметі бизнес-жобаларды қолдауға, инновацияларды, жаңа технологияларды, инвестицияларды тартуға және енгізуге, кәсіпкерлік топтарды шоғырландыруға бағытталған. 2017 жылдан бастап Ассамблеяның жаңартылған көпфункционалды assembly.kz веб-порталы іске қосылды. 2018 жылдың наурыз айында ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы құрылды. Барлық өңірлерде оның этномәдени бірлестіктердің жастар қанатын біріктіретін өңірлік штабтары, 22 мыңнан астам белсенді мүшелері тіркелген.

Қазақстанда этностардың мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалған. Ұлттық театрлар: ұйғыр, корей, неміс, өзбек театрлары табысты еңбек етуде. Алғашқы үшеуі 2017 жылы «академиялық» деген мәртебеге ие болды. Республикада этномәдени бірлестіктердің 52 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Ең ірі республикалық газеттер мемлекеттің қолдауымен жарық көреді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік ұйытқысы болып, жақсы модель қалыптастырып, маңызды саяси алаңға айналды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбында өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасы лауазымынан бас тартып, ҚХА Төрағасы лауазымы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырылды.

 «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Ассамблеяның түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан әлемде баламасы жоқ бірегей ұйым екенін баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде Қазақстан үлгісін қолдана бастаған мемлекеттердің барын айтты.

«Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Басқа мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысын ұйымның барлық мүшесі бірауыздан қолдады.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасының бастамасымен құрылған ұйым алдағы уақытта ел бірлігі мен татулығының жарқын айғағына айналып, бейбітшлік пен келісімнің жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here