Заңғар Кәрімхан: «Qyr balasy-ның мақсаты – белгісіз Алаш арыстарын ұлықтау»

0
2082

Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына түрмеде жазған хатында «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер…» деп, оларды жігерлендіріп, ақ пен қараны айыратын ұрпақтың келетініне еш күмән келтірмеді. Сондықтан қазақтың азаттығы үшін күрескен зиялылар жазықсыз түрмеге қамалып, «халық жауы» саналып жатса да, қазақтың аспанынан бұлт арылар күннің келеріне кәміл сенді. Бұл сенімді ұялатқан Әлихан Бөкейхан еді. Былтыр Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай бастаған алашшыл жастар сол Ұлт көсемінің бүркеншік атымен қоғамдық қор құрды. Осы бір жылда Qyr balasy қоғамдық қоры тарихтың шаңына көміліп, қызыл империя саясатының құрбаны болған алашордашылардың еңбектерін қайта жаңғыртуда қыруар жұмыстар атқарды. Айталық, қасиетті Рамазан айында қордың Qyr balasy баспасынан «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша алғаш рет жарыққа шыққан кітаптар оқырманға жол тартты. Осы орайда Алаш арыстарының еңбегін ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүрген жас ғалымдардың бірі, Qyr balasy қоғамдық қорының құрылтайшысы,  алаштанушы, PhD докторанты Заңғар Кәрімханмен ашық әңгімелескен едік.

– Күні кеше Өзіңіз басқаратын қоғамдық қор Алматы қаласында «Алаш кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан бірнеше кітаптың таныстырылымын жасады. Осы шара туралы әңгімемізді бастасақ…

– Рас, қасиетті Рамазан айында игі ниетпен Алматы төрінде Qyr balasy қорының баспасынан «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша жарыққа шыққан кітаптарымыздың таныстырылымын өткіздік. Оның Алматы қаласында өту себебі – қала маңында Алаш зиялылары жерленген Ата бейіт (Жаңалық елдімекені) бар. Қор өкілдері осы жерге барып, шаһид кеткен бабалардың рухына арнайы Құран оқып, дұға еттік. Alatau creative hub орталығындағы таныстыру рәсімінде Абдолла Байтасұлының «Көркем әдебиет туралы» (құрастырған Ұшқын Сәйдірахманұлы), Біләл Малдыбайұлының «Кенесары заманынан…» (құрастырған Елдос Тоқтарбай), Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» (құрастырған Заңғар Кәрімхан, Әлібек Байбол), Біләл Сүлейұлының «Үміт» (құрастырған Елдос Тоқтарбай) атты Алаш оқығандарының өз шығармаларының жинағы және «Толағай» (Заңғар Кәрімхан), «Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы» (Ерден Нұрахмет), «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» (Заңғар Кәрімхан) сияқты Алаш тұлғалары туралы зерттеу кітаптарымыздың лентасы ресми қиылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұйыртса, Қазақстанның азаттығы жолында шаһид кеткен 25 мың Алаш арысының кітабын жарыққа шығарамыз деген ұлы жоспарымыз бар.

– Бәрекелді! Жоғарыда аталған кітаптардың арасында сіздің өзіңіздің құрастыруыңызбен жарық көрген Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» кітабы да бар екен. Бұл еңбектің жарық көруіне Qazaq газетінің де септігі болғанын кітаптан оқыдық. Осы туралы толығырақ айтсаңыз…

– Иә, бұл тақырыпқа келуімізге газеттің түрткі болғаны рас. Сонау алмағайып заманда қазақ даласына шамшырақтай жарық сәуле түсірген «Қазақ» газетінің бүгінгі жалғасы – марқұм қаламгер ағамыз Қоғабай Сәрсекеев өмірге қайта әкелген Qazaq газетіне Алаш тақырыбында жазған дүниелерімізді жіберіп тұратын едік. Сондай күндердің бірінде бас редактор Жасұлан Мәуленұлы жеке айдар ашып, оны тұрақты жүргізіп отыруымызды өтінген болатын. Әр апта сайын Алаш кезеңінің айтулы оқиғалары мен таудай тұлғалары хақында газетке үзбей жазып тұрдық. Енді бірде Жасұлан бауырымыз: «Біздің редакцияның электронды поштасына Нәдия есімді үлкен апамыздан хат келіп түсті, жалпы мазмұнымен танысып шықтым, Сіздің айдарыңызға келіп тұр. Бұл ерекше дүниені жіберейін, қарап, өңдеп, жаңа бір еңбек жазып, алдағы сандардың біріне даярласаңыз», – деген ұсыныс айтты. Бұл кезде біз «Қазақстан тарихы» порталында қызметте едік, сол жұмысымыздың арасында Алаш арысының қызы Нәдия апамыздан келіп жеткен хатты ашып оқып, әбден танысып алдық. Өзінің жастық шағынан бастап, өткенін еске ала отырып, қылшылдаған жігіт ағасы кезінде әкеткен әкесін сағынған жанның жүрек лүпілі бар екен. Он үш жасында үйіне төтеннен келген жазалаушы орган адамдарының қатігез тірлігі, аяусыз әрекеті оның жадында ғұмырлық таңба болып қалыпты. Қасиетті шаңырақты шалқайтып, ортасын ойрандап, астаң-кестеңін шығарған сурет есінен бір шықпапты. Екі беттен аспайтын, сырға толы жазбадан апаның ішкі толқынысынан бастап, жан сезім сыры, асқар әкені аңсау, сағынышы қамтылып, ары қарай Алаш ардақтысының өмірі мен қызметіне ұластырған мақаламызға «Әке аманатына адалдық» деген атау қойып, газеттің поштасына жолдап жібердік. Үш жақты жұмыс берілген редактор тапсырмасы, оған негіз болған Нәдия апаның хаты және орындаушы тарап – біздің шаруамыз осымен тәмәмдалғандай көрінген.

Осы жерде ұмытуға болмайтын бір жайтты айта кетейін. Алаштың үні Qazaq газетіне жаздыруды парыз деп білетін ұстазымыз Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан аға Қамзабекұлының мақаламызды оқып шығып, жылы лебіз білдіргені кеше ғана сияқты еді. Содан кейін жасы кіші болса да бас болатын Елдос Тоқтарбай бауырымыз да бұл тақырыпты індете зерттеу үшін өзінің қанаттас досы Әлібек Байболға: «1937 жылы Сейітбаттал Мұстафаұлы атты Алаш үшін жанын қиған азамат туралы жазшы», – деп достық пейілмен тапсырғанын талай айтып жүрді. Қазіргі әдеби процесте есімі аталып жүрген әдебиетші-драматург Әлібек жақсы идеяға келісіп, бастапқыда жауапкершілік жүгін сезінгендіктен де қорқақтағанымен, білек сыбанып іске кірісіп кетеді. Ол Елдос Тоқтарбай берген Нәдия апаның телефон нөміріне хабарласып, үйіне де барады, артынша зерттеу объектісіне қатысты алуан түрлі материалдарды қолына түсіреді. Соның қапталында осы тақырыппен таныс тарихшы ғалым, алаштанушы Светлана Смағұловадан ақыл-кеңес сұрап, барынша бай материалдар жинай алды. Содан не керек, «Сейітбаттал Мұстафаұлының қызметі мен шығармашылығы жайында» атты ғылыми мақала дайын болғанда, оны «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауына жолдап, байқауда I орынға ие болды. Міне, әуелі Алланың алқауы, әруақтың қолдауы!

Бұдан кейін Әлібек Байбол Алаш ағартушысының мұрасын жинақтап, кітап шығаруды ойластырады. Сейітбаттал Мұстафаұлының тұлғасына қатысты жазылған материалдарды іздеу барысында бізге де хабарласып, мақаламызды сұрап алады. Алайда, бұл шаруа ұзаққа созылып кетеді. 2018 жылдың күзінде тәп-тәуір ынтамен, ниетпен басталған жұмыс тым ұзаққа созылады. Ең өкініштісі, Алаштың асыл азаматы Сейітбаттал Мұстафаұлының жалғыз қызы Нәдия апамыз биылғы жылдың 18 қаңтарында 98 жасқа қараған шағында дүниеден өтіп кетеді. Орны толмас қаза, зор қайғы. Мұны да біз кеш естідік. Әкесінен қаршадай кезінде айырылып, одан кейінгі қуғын мен азаптарда бір көрсем деп зарыққан Нәдия апаның «Көзімнің тірісінде ардақты әкемнің шығармашылық мұрасы жарық көрсе, өз көзіммен көріп, қолыммен сипап ұстасам» деген арманнан туған үміті бар еді. Амал не, сынаптай сырғыған уақытта енжарлық пен жайбасарлық бойын билеген жас жазушы игі істі соңына дейін жеткізе алмады. Аманат еді, сол аманат уақытында орындалмай қалды. Қандай өкінішті!

Нәдия апаның дүниеден өткенін естіген бетте Елдосты қозғап, Әлібекті қайта-қайта мазалап, екі бөлімге бөліп жинақтап қойдым деген кітап жобасын қалай да болса алдырып, іліп әкетіп, жалғастыруға тура келді. Бұдан кейін тыныш қана қалу мүмкін емес еді. Бұл кітап міне осылай оқырманға жол тартты.

– Жалпы, Ұлт көсемінің бүркеншік атымен қоғамдық қор құруға не түрткі болды? Бұл кімнің идеясы?

– Бұл қорды құру туралы идея алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың ойға алған жоспары еді. Пандемия басталған уақыттан бері қордың жұмыстарын атқарып келеміз. Бір жыл бұрын қорды заңды түрде тіркеп, зерттеу жұмыстарын бастадық. Qyr balasy-ның негізгі мақсаты – Алаш зиялыларының тарих түбінде қалып кеткен, бүгінгі көпшілік біле бермейтін, шығармалары қуғынға ұшыраған, жеке жинақ болып жарияланбаған еңбектерін қайта шығару, Тәуелсіз елдің ұрпақтарына таныстыру. Қордың көтеріп отырған мәселелері осындай ауқымды.

Алаш көсемі, ұлтымыздың өткен ғасырдағы саяси лидері болған Әлихан Бөкейханның «Қыр баласы» бүркеншік атын негізге алдық. Әдеби лақап есімін арнайы қойдық. Кезінде Әлихан атамыз «Қыр баласы» атанып, осы есіммен көптеген мақалалар жазған болатын. Содан Qyr balasy жобасы аясында «Алаш кітапханасы» деген серия жасақтадық. Алғашқы бес тұлғаның кітаптарын жоғарыда атап өттім. Осылайша, алаштану ғылымында бұрын жеке кітап болып жарыққа шықпаған ұлы тұлғалардың еңбектерін шығара бастадық. Төл тарихымызды тереңнен тартып түгендеу, тарихи ақтаңдақтарды ақтап алу, олардың есімдерін жаңғырту жолында атқарылар жұмыстар көп. Соларды шамамыз келгенше қолға алмақпыз. Мысалы, Алаш қозғалысына қатысқан үш мыңға жуық қайраткер бар. Олардың есімдері белгілі болғанымен, шығармалары қалың оқырманға жетпеген. Кітап болып басылмаған. Қолжазба күйінде шаң басып жатып қалған. Сол еңбектерді жинақтап, жарыққа шығара беретін боламыз. Қор осы бағытта жұмыстар атқарып келеді. Біз өзімізді Алаш кезеңін зерттеген 1988-1989 жылғы «Әділет» ағарту қоғамының аға буын өкілдерінің ізін жалғаған бүгінгі ізбасарымыз деп есептейміз.

Біз жұмысымызды «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасын жасаушы, 1921-1922 жылғы аштық кезінде сөзімен де, ісімен де халыққа жанталаса көмектескен қайраткер, «Ақ жол» газетінің редакторы, агроном-ғалым Ғазымбек Бірімжаннан бастадық. Берлинде оқыған тұңғыш қазақтың шығармалар жинағы күні бүгінге дейін жарық көрмеген еді. Алғаш рет құрастырылып, оқырман назарына ұсынылған қайраткер-қаламгердің шығармалар жинағына ұлттық маңызы зор жазбалары, әдеби-публицистикалық мұрасы, қоғамдық-саяси мақалалары, ашаршылық кезіндегі үндеулері, некрологтары енгізілді. Кітапқа Ғазымбектей Алаш арысының өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы туралы әр жылдары жазылған зерттеулер, естеліктер топтастырылып, алғы сөзі мен ғылыми түсініктері жазылып, тарихи фотосуреттері жинақталған бұл еңбекті жас зерттеуші Данияр Ихсан құрастырып шықты.

– Қорға демеушілік жасаған азаматтар жөнінде айтып өтсеңіз…

– Өкінішке қарай, елімізде Алаш тұлғаларын зерттеу жоғары дәрежеде қолға алынып жатқан жоқ. Бұл шынына келгенде Үкіметтің, оған қарасты мемлекеттік органдардың, тиісті мекемелердің атқаруы қажет аса маңызды шаруасы еді. Алайда біздің үкіметіміз бен министрліктеріміздің немқұрайлы көзқарасы мұндай сауапты істің жоғары деңгейде шешілуіне көп кедергісін тигізіп келеді. Қазіргі кезде де Үкіметтің қолдауы ауадай қажет екені даусыз. Өйткені, Алаш тұлғалары өздеріне лайықты биік тұғырларынан көрінуі керек.

Демеушілерге келсек, мысалы, бірінші кітабымыз – Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы Алаш қайраткері Торғайдың тумасы болғандықтан Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрді. Ол үшін басқарма басшысы Ерлан Болатұлына мың алғыс айтамыз.

Ал ел руханияты үшін, білім мен мәдениет жолында басқа да бүгінгі күннің атымтай жомарт азаматтары да жоқ емес. Қалған кітаптардың көбі «Ел құрылыс» компаниясының қаржыландыруымен жарыққа шықса, кейбір кітабымыз Аманбек Аханұлы, Жалғас Алтынбек деген жекелеген кәсіпкерлердің қолдауымен жарияланып отыр.

Ғылым саласында еңбек етіп жүргендерді ынталандыру қажет. Оның өзінде Алаш тақырыбын, репрессия мен ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар мен зерттеушілерді. Бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел президенті Қ.К. Тоқаев мырза да айтқан болатын. Біздің командамыз қазір толығымен осы Алаштың мүддесі үшін, ұлт мұраты үшін жұмыс істеп келеді. Осы тұста айта кетейін, 1913 жылы «Қазақ» газетінде роман бәйгесі жарияланған болатын. Онда алғашқы роман жанрындағы шығармалар сарапқа салынды. Осы байқауға қазақтың белгілі меценат азаматтары қолдау көрсеткен. Сол жылы алғашқы романдар ауқатты азаматтардың демеушілігімен жарық көрген. Олар: Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары. Сондықтан бұл дәстүрдің қазір де жалғасқаны керек.

– Qyr balasy қоғамдық қорының алдағы жоспары қандай? Жоғарыда команда деп қалдыңыз, осы қордың құрамын таныстырсаңыз…

– Бұйыртса, алдағы айларда 7-8 кітап дайындауды жоспарлап отырмыз. Айта кетейін, біз шығарып жатқан кітаптардың ерекшелігі – оқырмандар, анығында тыңдармандар дегенім дұрыс шығар, QR арқылы Ютуб арнасында сақталған бейнелекцияларды тыңдап, қарап, тамашалай алады. Ал Qyr balasy қорында 50-ге жуық азамат жұмыс істейді. Республикамыздың түкпір-түкпірінде зерттеушілеріміз бар. Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты да біздің қордың жанынан құрылған, оның директоры Ұшқын Сәйдірахманұлы деген азамат. Барлық кітаптың дизайнері болған талантты суретші Алмас Сырғабаевтың да еңбегі зор. Қостанайда, Семейде, Қарағандыда ізімізді басып келе жатқан бірқатар жас зерттеушілеріміз бар. Бүгінгі таңда оларды осы ғылымға баулып жүрміз.

Біз кеше ғана осы кітаптардың 7 мың данасын қолымызға алып, республикамыздың барлық өңіріне жібердік. Біз шығарған кітаптардың басым бөлігі кітапханаларға, институттарға таратылып, сатылымға түседі. Мұндай үлкен, ауқымды әрі маңызды жобаны Үкімет тарапынан қаржыландырып, бір орталыққа жинап, қаржылық мәселесін шешіп, жұмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етсе деген зор үмітіміз барын жасырмаймыз.

Рас, біз қор жұмысының алға басуы үшін аянып қалмаймыз. Алда атқарар қыруар жұмыстар жетіп артылады. Алаш қайраткерлерінен бастап, қатардағы мұғалімге, ауыл молдасына, ел батырына дейінгі, тіпті совет билігінің астында жүрсе де Алаш идеясына ниеттес, мүдделес адамдарды қамтимыз деген ойдамыз. Алдағы екі айдың көлемінде қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов, Мұстақым Малдыбайұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Байбатыр Ержанұлы, Отыншы Әлжанұлы, Берікбол Малдыбайұлы, Ахмет Мамытұлы  сияқты қайраткерлердің кітаптарын шығаруды нақты мақсат етіп отырмыз. Алаш ардақтыларының тұңғыш шығармалар жинағын құрастырып шығаруда қордың мүмкіндігі де, ғылыми әлеуеті де толық жетеді.

– Алаштанушы жас ғалымдардан кімдерді ерекше атар едіңіз?

– Сексенінші жылдардың аяғында арыстарымыздың ақталып шығуына байланысты тарихымызды жаңашылдықпен зерттеу, зерделеу деген мақсат-мұрат тұрды. Тәуелсіздік алған жылдары ғалымдарымыздың барлығы осы іске атсалысты. Солардың көшін Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Жүсіп, Айгүл Ісімақова, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгерлер бастап тұр. Алаштың заманының үлкен түлғаларын зерттеп-дәріптеген зерттеушілерді әрдайым мақтан тұтамыз, ол кісілердің еңбектерін бағалаймыз және құрметпен қараймыз. Ал кейінгі жас толқыннан Елдос Тоқтарбай, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Қарлығаш Әубәкірова, Еркін Рахметуллин, Алма Сайлауқызы, Абай Мырзағали, Әлібек Байбол, Данияр Ихсан, Ерден Нұрахмет, т.б. есімдерін ерекше атауға болады. Оған қоса ғылымға құлшынысы бар жастарға демеу беріп, қолдау көрсетіп келеміз.

– Заңғар Тілеуғазыұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз! Істеріңіз берекелі болсын.

Сұхбаттасқан Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here