ЕУРООДАҚПЕН ӘРІПТЕСТІК АРТАДЫ

0
1711

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан және қазақстандық ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен «ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясы: мүмкіндіктері мен болашағы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

ҚазҰУ-ға сапары барысында Петер Буриан Еуропалық ақпараттық, Германдық және Роман зерттеу орталықтарында болып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, олардың ішінде «Эрасмус+», «Абай-Верн», «IAESTE» және т.б. бағдарламалардың іске асырылуымен танысты. Қонаққа университеттің қазіргі таңда «Эрасмус+» бағдарламасы шеңберінде еуропалық елдермен жоғары білімнің әлеуетін арттыру бойынша 13 ғылыми-білім беру жобасын жүзеге асырып жатқандығы және де аталмыш бағдарлама аясында екі жоба бойынша үйлестіруші болып табылатыны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, жоғары оқу орны Еуроодақ қаржыландыратын 39 академиялық ұтқырлық жобасына қатысып, қос диплом бағдарламаларын белсенді түрде дамытуда.

Талқылау барысында арнайы өкіл ЕО мен Орталық Азия ынтымақтастығының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстары, экология және климаттың өзгеруіне, сондай-ақ азаматтық қоғам, гендерлік және жастар саясатын дамытуға назар аударды. Ол ғылым мен білім саласындағы өзара іс-қимылға да ерекше мән берді. Қазақстанның жоғары оқу орындары ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде арттыру үшін «Horizone Europe», «Эрасмус+» сынды және т.б. еуропалық зерттеу бағдарламаларына белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. ҚазҰУ-дағы бұл кездесу қазақстандық және еуропалық ғалымдардың бірлескен ғылыми іс-шаралары мен зерттеу жобаларында қисынды жалғасын табатынына сенім білдірді, бұдан бөлек, қазақстандық іргелі білім ордасында «ЕО-Орталық Азия» халықаралық форумын өткізуді ұсынды.

Сондай-ақ шарада А.Е.Чеботарев пен М.Ш.Губайдуллина жазған «Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдері: жаңа стратегия аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері мен перспективалары» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Басылым Р.Люксембург атындағы неміс қорының халықаралық жобасын іске асыру аясында Еуропалық Одақтың сыртқы байланыстар қызметінің консультативтік қолдауымен жарық көрді.

Кездесуде еуропалық зерттеулер саласындағы ғалымдар мен сарапшылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ЕО-мен қарым-қатынасын одан әрі дамыту жөнінде өз ойларымен бөлісті. Еуропалық Одақ сыртқы сауда айналымы мен ел экономикасына құйылатын инвестицияның жартысына жуығын құрайтын Қазақстанның стратегиялық сауда және инвестициялық серіктесі екендігі атап өтілді. Өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудағы маңызды шаралардың бірі Брюссельде өткен «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 18-отырысы болды. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысып, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here