«Идеядан әрекетке»: Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығының тұсаукесері тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті

0
1961

Бүгін, 3 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының негізінде маңызды оқиға – Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығының (KGRCC) тұсаукесері өтті. Орталықтың ашылуы 2024 жылғы 17 қыркүйекте Федералдық канцлер мырза Олаф Шольцтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында жоспарланған, бұл оқиға Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды кезең болмақ.

«Идеядан әрекетке» Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығының тұсаукесері тақырыбындағы дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Президенті, профессор Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев ашты. Ол орталықты құрудың екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Профессор Ақылбек Қажығұлұлы бұл орталықтың бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мен озық тәжірибемен алмасуда маңызды буын болатынын ерекше атап өтті.

Қазақстан-Неміс университетінің Президенті, профессор, доктор Волрад Роммель жаңа орталықтың негізгі мақсаттары мен міндеттерін таныстырып, оның кадрларды даярлау және бірлескен ғылыми жобаларды қолдау саласындағы рөлін ерекше атап өтті. Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, профессор Ляззат Тасболатқызы Ералиева өз сөзінде орталықтың тек ғылыми интеграцияға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени алмасуға да ықпал ететінін айтты.

Іс-шарада Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) Бас хатшысы, доктор Кай Зикс пен Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсеннің сөздері ерекше назар аударды, олар жаңа орталық аясында ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, Германия Федеративтік Республикасының Алматыдағы Бас консулы Матиас Кислер және Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Йоханнес Д. Рей сөз сөйледі. Олар бірлескен ғылыми жобаларды одан әрі дамытудағы өз көзқарастарын ортаға салып, ғылымда жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтарының қатарында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Президенті, MBA, т.ғ.к., профессор Берік Бақытжанұлы Ахметов, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры, MBA, т.ғ.к., ассистент-профессор Сауле Рахметуллина, DKU халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, доктор Болат Қылышбайұлы Сұлтанов, Қазақстан ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KAZNARU) Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасы – Ректордың Бірінші орынбасары, профессор, доктор Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов болды.

Іс-шара Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығына ресми сапармен аяқталды. Орталық «Ғылым Ордасы» ғимаратының екінші қабатында орналасқан, онда дөңгелек үстелдің қатысушылары оның жұмыс жоспарлары мен стратегияларын талқылады. Ғылыми ынтымақтастықты тереңдету және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Орталық заманауи мәселелерді шешуге бағытталған екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Орталықтың негізгі бағыттары экология, агробиология, өмір және денсаулық туралы ғылымдар, сондай-ақ білім беру мен азаматтық қоғам саласындағы зерттеулер болмақ.

Орталықта жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылады, олар үшін Орталық білім мен озық тәжірибемен алмасу, сондай-ақ жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту алаңы болады. Бұл оқиға Қазақстанның әлемдік аренадағы ғылыми ұстанымдарын нығайтуға ғана емес, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін жағдай жасауға ықпал ететін ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басталуын білдіреді.

Бұл оқиға Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми байланыстарды дамытудағы маңызды кезеңге айналып, ғылым мен технология саласындағы ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықтың негізін қалады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here