Тедрос Аданом Гебреисус: «Халықтың 70%-ы екпе алғанда ғана пандемияны жеңуге болады»

0
429

Әлем халқының кемінде 70 пайызын вакциналаған кезде ғана COVID-19 пандемиясын жеңуге болады. Мұндай мәлімдемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус 12 маусымда Корнуоллде өткен (Ұлыбритания) G7 саммитінде жасады.

«Пандемияны толығымен жеңу үшін біз әлем халқының кем дегенде 70 пайызына екпе егуіміз керек. Мұны «үлкен жетілік» пен «үлкен жиырмалықтың» бірлескен қолдауымен іске асыруға болады. Ол үшін бізге 11 млрд доза вакцина керек. Қысқа мерзімді перспективаға келетін болсақ, ол осы жылдың қыркүйек айына қарай әр елдің тұрғындарының кем дегенде 10 пайызын, ал жыл соңына дейін 40 пайызын вакциналау қажет. Бұл үшін дәл қазір, яғни осы және келесі айда 100 млн доза вакцина, қыркүйекке қарай тағы 250 млн доза вакцина керек. Олар COVAX бастамасы арқылы таратылуы тиіс», – деді Тедрос Аданом Гебреисус.

ДДСҰ басшысының пікірінше, технологияларды кедей елдерге беру және зияткерлік меншік құқығынан бас тарту есебінен олардың өндірісін кеңейту қажет. Сонымен қатар, Тедрос Аданом Гебреисус әлемді алдағы пандемиядан қорғау үшін қазіргі дағдарыстан сабақ алуға шақырды. Қазір ең бастысы – ынтымақтастыққа қол жеткізу және әр елге өз халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті мәліметтер, ақпараттар, ресурстар, технологиялармен және барлық құралдармен алмасуды жолға қою керек.

Айта кетейік, Our World in Data порталының 14 маусымдағы соңғы мәліметіне сенсек, вакцинаның толық дозасын жасатқан тұрғындардың жалпы санына шаққанда Израиль (63,1%) көш бастайды. Халқының тең жартысы екпе алған елдердің қатарында Ұлыбритания (57,3%), Моңғолия (56,5%), Канада (55,5%), Чили (54,1%), Бахрейн (53,2%), Венгрия (53,1%) және АҚШ (50,1%) бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here