Мен не деймін, домбырам ше? (Ермекбайға жауап)

0
3335

Жазушы Ермекбай мырза әңгімені әріден бастапты. Тіпті, бастағанда да менің қала әкімі Қайрат Ахметовке жазған ашық хатыма үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мәселеден бастапты және мені «ол кісі үнемі асығыстыққа жол береді» деп кінәлайды. Асығыстық дегенде не айтпақ болды екен?! «Облыс атауын Қостанай емес, Торғай атайық» деген бастаманың күн тәртібіне қойылуы әлі ерте дегені ме? Ең қызығы сол – бастама үшін «қостанайлықтар мен торғайлықтар қызыл кеңірдек болып айтысып, жағаларын ұстауға дейін барды» деп елдің зәресін алады. Бейне бір қып-қызыл төбелес болып жатқан  сияқты. Егер ол рас болса, Ермекбаймен ұғымдас сөзге қонақ бермейтін ұшқалақ біреулер шығар.

Қостанай атауы бертінде пайда болған. Оның шығу тарихын әркім әртүрлі түсіндіреді. Ал, Торғай атауы – тарихы ықылым заманға кететін Тұран, Түркістан сияқты сакралды атау. Ол тұтас аймаққа қаратылып айтылады. Әмбеге аян Қостанай қаласы Торғай қақпасы немесе Торғай ойпаты аталатын алып аңғардың ең жоғарғы сағасында тұр. Ол аңғар облыстың бүкіл аумағын  жарып өтіп, Тұран ойпатымен ұштасады. Бұл жердің Торғай даласы деп аталуының бір себебі де сол.

Ресей империясының 1868 жылдың 21 қазанындағы жарлығымен Торғай облысы құрылды. Орталығы Орынбор қаласы болды. Енді осы картаға қарасаңыз, облыстың бір шеті Арал теңізімен, Ұлытаумен, екінші жағы Атбасармен шектесіп жатыр. Ең терістік нүктесінде Қостанай тұр.

Торғай деген сөзді патша үкіметі де, Кеңес үкіметі де онша ұната қойған жоқ. Өйткені, бұл аймақта талай айтулы оқиғалар болды. Торғайда Кенесары хан қыстады. Торғайда Алаш арыстары болды. Торғай 1916 жылы ақ патшаға қарсы көтеріліс жасады. Белгілі жазушы Әнес Сарайдың «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» деуі тегін емес. Содан барып Кеңес үкіметі 1936 жылы Торғай деген атауды жұлып тастап, облыс атауын Қостанай деп өзгертті. Облыстық әкімшілік орталығын Қостанай қаласына көшірді. Енді осы әділетсіздікті қалпына келтірейік десек оның несі айып? Одан Қостанай қаласының дәрежесі төмендеп қалмайды ғой. Бұл жерде бір облыстың ішінде адамдар арасына қандай жік салынуы мүмкін? Жалпы, Торғай – Қостанай деп «бөлу» ауруы қайдан шықты?

Менің байқауымша, жазушы Ермекбай Торғай деген атауды тек қана Жангелдин ауданына қатысты деп ұғады. Осы ауданнан көшіп келген азаматтарға «неге біз торғайлықтармыз дейсіздер, Торғай деп неге ән саласыздар» деп айбат шегеді.

Менің қала әкімі Қайрат Ахметовке жазған екі хатымда да Торғай-Қостанай деген сөз жоқ. Ал, Ермекбай «Мақала авторы Шақшақ Жәнібек атамыздың жырын жырлаған болып, тағы да қостанайлықтар мен торғайлықтардың арасына жік салғанын байқамайтын сияқты» деп ай-күн аманында маған тағы да жала жабады. Соған қарағанда Қостанай-Торғай деп бөлектеудің авторы Ермекбайшылардың өздері болмаса не қылсын…

Жазушы Ермекбай маған арнаған ашық хатында қала әкімі Қайраттың істеген жақсы істерін тізбектей келіп: «Сіз, Серік ағай, оған «неге үндемейсіз» деп буынсыз жерге пышақ ұрғандай боласыз. Қайрат Жұмашұлы үндемейді емес, толғанып-ақ жүр. Қостанай қаласының былтыр тоқсандай көшесін жөндеген пысық та беделді әкім, биыл да жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргені анау. Батыр атасына қай тұстан орын бұйырса деген арман-мақсатын ішіне сақтап жүрген азаматты орынсыз тықсыра беру лайықты деу қиын» деп шыр-пыры шығады. Осы сөйлемнің құрылымы мен стилистикасының ақсап тұрғанын былай қойғанда, автордың не айтпақ болғанын бағамдау қиын, «орын бұйырса» деген не? Шақшақ Жәнібектің ескерткіші тұрған жоқ па? Әлде оны тағы бір жерге көшірмек ойлары бар ма?

Мен «Qazaq» газетінің 20 сәуірдегі №16 (1067) санында жарияланған «Ахметов мырза, Сіз неге үндемейсіз?» деген екінші хатымда әкімнің іскерлігіне, ұлтжандылығына шек келтірген емеспін. Өткен жылы «Қостанай таңы» газетінде жарияланған ашық хатқа, онда айтылған ұсынысты қолдаған оншақты оқырманның пікіріне неге бір жыл бойы жауап бермейсіз деп сұрадым ғой. Шындығын айту керек, облыстық газетте жарияланған бірнеше хатқа әкім де, оның баспасөз хатшысы мен ішкі саясат бөлімі де ешқандай мән берген жоқ. Менің екінші хатты ашыныңқырап жазғаным да содан. Ал, материал республикалық басылымда жариялануы мұң екен (әкім бірінші бетте Президенттің табақтай суреті жанында өзінің де суреті тұрғанын көріп, шошып кеткен болар) бас-аяғы  он күннің ішінде облыстық газетке де, «Qazaq» газетіне де түбегейлі жауап берді. Егер ол жауап былтыр берілгенде, екінші хат жазылмайтын еді. Әңгіме ушығып, республикалық деңгейге жетпейтін еді.

Мәселенің тоқ етері осы. Оған Ермекбай мырза, Сіздің құйысқанға қыстырылғандай киліге кетуіңіздің себебі маған мүлде түсініксіз. Егер ол әкімге жағымпаздану болса, оның басқаша жолын табу керек еді. Ал, әкімді қорғамақ ниетіңіз болса, ол бекершілік пе деймін. Өйткені, Қайрат Ахметов ешкімнің қорғауынсыз-ақ өзін насихаттата білетін, басшылық жұмыста әбден ысылған, иненің жасуындай жерден жол тауып, өз пайдасына жарата алатын тұлға сияқты.

Серік Шайман, «Qazaq» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here