Бүгінгі Орал һәм тарихқа қиянат

0
5163

Орал – Қазақстанның батысындағы еуропалық қала және Жайық бойындағы өзен порты. Қазір қалада 250 мыңға жуық халық тұрады. Ал, қала тарихына көз жүгіртсек, 1613 жылы негізі салынған шаһардың іргетасы қаланғанына 400 жылдан астам уақыт болған. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл қала тарихының бергі жағы ғана. Қаладан 12 шақырым жердегі Жайық елді мекенінде жүргізілген қазба жұмыстары аймақ құрылысының ХІІІ ғасырдан бастау алатынын бұлтартпай дәлелдейді. Өкінішке қарай, Сингапур сияқты өркениетті елдер жоқтан бар жасап жатқанда, біз «қолда барда алтынның қадірін» білмей жүрміз. Өйткені, жергілікті әкімдіктің салғырттығынан бүгінде Орал қаласының тарихи келбеті жоғалып барады.

АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ

1983 жылы ЮНЕСКО Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнін атап өтуді ұсынып, қоғам назарын мәдени мұраларды сақтау мен қорғауға аударғысы келді. Соған сай ел-елде заңнамалық құжаттар қабылданып, тарихи орындарды қорғау күн тәртібіндегі мәселеге айналды.

Қазақстанда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заң күшіне еніп, тиісті шаралар атқарылғанымен, мәселе күрделі күйінде қалып отыр.

Тарихи орындар мен мәдени мұралардың көп шоғырлануына байланысты Орал қаласы – мәселенің үлкен ошағына айналған. Соңғы жылдары қаланың қауіпсіздік жүйесінде құлдырау сезіліп, мәдени-тарихи ескерткіштерді, рухани мәдениет ошақтарын қиратып, тонау әрекеттері байқалған. Мұндайды термин тілінде «вандализм» деп атайды.

Рас, бүгінде қала күйі мәз емес. Аймақтағы тарихи ғимараттар біртіндеп қирап, мүлде жоғалу алдында тұр. Шаһар жайын айтып шыр-пыр болған жергілікті сәулетші-этнограф Расул Вафеев: «Қалаға республикалық деңгейде көмек көрсетіліп, билік жағдайды өзгертпесе, қолдағы «қазынадан» айырылуымыз ғажап емес», – деп дабыл қағады.

Қалада мәдениет ошақтары жетерлік, алайда олардың барлығы бірдей мемлекет қорғауына алынбаған. Жергілікті билік жаңадан анықталған тарихи объектілермен қорғаудағы ескерткіштер тізімін толықтырғысы жоқ. Бұл мәселені ушықтырып, аталған құндылықтарды қасақана жауыздық пен ұрлықтың құрбаны етуі әбден мүмкін.

Азамат соғысы жылдарында Оралдың революцияға дейінгі мұрағаты түгелге жуық жойылған. Нәтижесінде жаңадан табылған нысандарды тізімге енгізу үшін ғимараттарға тарихи-мәдени сараптама жүргізу қиындық туғызған. Көнені құндылық деп түсінетін білікті мамандардың болмауы да жаңару мен жаңғыруға қол байлау болып отырғаны және бар. Соның салдарынан қаладағы көп ғимараттың нақты атауы да жоқ. Атауы болса, жағдайы жоқ. «Ауруын жасырған өледі» дейді дана халық. Ал, рухани байлықтан айрылу ұлттығымыздың бір бұрышы опырылып құлауына апаруы мүмкін.

Осындай жағдай 2019 жылы болып, ХІХ-ХХ ғасырлар аралығындағы өнеркәсіптік сәулет ғимараттарының кешені – Овчинников-Ванюшиндердің бұрынғы бу диірменін бұзу жағдайы орын алған. «Жаңартуды» жалау еткен облыс басшылары бір кездері қорғауға алынбаған қаншама тарихи орындарды жойғаны белгілі. Сонымен қатар, жергілікті күзет инспекциясы кей аумақтарды қажетсіз деп тауып, қорғау объектілері тізімінен шығаруды ұйғарған. Нәтижесінде өткен жылы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы тарих пен әскери-азаматтық архитектураның ескерткіші саналатын оқ-дәрі сақтайтын жертөле жойылған. Меншік иесіне коммерциялық объектінің құрылысын жүргізу үшін аталған тарихи орынды таптауға рұқсат етілген.

ШАҺАРДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

Мәселені ушықтыра түсетін жайт, Оралдағы ескерткіштердің бірлі-жарым ғимарат түрінде емес, кешен түрінде салынып, сақталғандығы. Мысалы, Оралдағы Емельян Пугачевтің үйі бүкіл қаладағы ең көне ескерткіш болып табылса, «Жайық», «Өзен» қалашықтары да тарих тереңінен сыр шертеді. Әлем елдерінде мұндай тарихи кешендер қатаң режимдегі күзетпен сақталып, қауіпсіздік аймағында қорғауға алынады. Орал қаласында да осындай аймақтарды құру жоспарлануда. Бұл тұста басшылық негізгі қауіпсіздік аймақтарының шекарасын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартады.

Қорғауға алынған аймақтардың жай-күйіне қатысты мына жағдайдан қаладағы өзге тарихи мұралардың жайынан сыр алуға болады. Жыл басында қаладағы Большая Михайловская (қазіргі Н.Назарбаев) көшесінде Арт Ново ескерткіші мен бұрынғы көпес Стулов дүкенін қайта жандандыру жұмыстары жүргізілетін болып келісілген. Оқиға орнына шақырылған БҚО күзет инспекциясының қызметкері бұл нысанның ескерткіштер тізімінде жоқ екенін, ал аталған орынның көршілес объектілердің қорғау аймағына жатпайтындығын айтқан. Демек, мұндағы ескерткіштер кешені заңды түрде  бірыңғай қауіпсіздік аймағына алынбаған. Әңгіме рухани байлығымызды сақтауға байланысты болғанда, көнесін көзінің қарашығындай сақтайтын әлемдік тәжірибеден үлгі алу керек сияқты.

Оралдың орталық көшелерінің бірі Большая Михайловская бойындағы бірнеше нысан мемлекет қамқорлығында болса, қалған барлық тарихи ғимарат жеке меншік есебінде. Қазақстан Республикасының 1992 жылғы (2004 жылғы толықтырулармен) қабылданған «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» Заңына және ҚР Үкіметінің 2007 жылғы «Тарихи және мәдени ескерткіштерді анықтау, есепке алу, мәртебесін беру мен айыру Ережесіне» сәйкес түрлі өзгерістер мен қалпына келтіру жұмыстары Үкіметтің рұқсатымен жүргізілуі тиіс. Ал, кейбір аймақтар мемлекет қамқорлығына алынбағаннан кейін ғимаратты меншік иесі қалай өзгертемін десе, өз еркінде деген сөз. БҚО-да арнайы тарих және археология орталықтары жұмыс жасауда. Бұл жерде мәселе көненің құндылығында. Жөндеу, жаңарту деп келер ұрпаққа тарихтан сыр шертетін мәнділіктен айыру орынсыз. Шағын шаһар материалдық, техникалық және адами ресурстарының шектеулілігіне байланысты көненің көзін кешенді сақтау мәселесін шешуде кедергілерге кезігіп отыр.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАНДАЙ?

Бұл – тарих төрінен орын алған Оралдың басты мәселесі. Жергілікті билік тарихи мұраларды жаңартуда ғимараттарды біресе бояуға бөктірсе, бірде ғимараттың жарнамалық ақпарат құралдарын орналастыруға арналғандығын алға тартады. Басшылық «ауруын» халықтан жасырғанымен, осындай әдістерді нақты шешім ретінде ұсынуы дау басын «Дайрабайдың көк сиырынан» екенін аңдатып тұр.

Аталған шара шеңберіндегі әрекеттерді қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев: «Оралда көруге тұрарлық ғимараттар, тарихи орталықтар өте көп. Осы ерекше ғимараттардың барлығын әдемі «костюммен» киіндіру керек. Сонымен қатар, Орал қаласының тарихи кешендерін туристер үшін ыңғайлы әрі тартымды ету – біздің басты міндетіміз», – деп түсіндіреді.

Жергілікті ескерткіштерге мұндай «жөндеу» жұмыстарын жүргізу Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан Оралдың сыртқы келбетіне қатысты алған сынынан кейін жасалған әрекеті. Оған дейінгі басшы салған «сара жолды» жалғастырып, «бай» қала құрылысын жүргізу кейінгі басшылыққа қиындық туғызғандай. Алайда, «жыртықты» қанша жамағанымен, аталған мәселе шешім таба қоймасы анық. Себеп жергілікті биліктің біліктілігінде ме, әлде тиісті бақылаудың жетіспеушілігінен бе? Батыс Қазақстанның бұл салаға бағытталған бюджеті де таразының бір басын басып тұрғандай.

Жергілікті басшылық білікті маман жетіспеушілігін алға тартады. Жуырда қала әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов қалалық сәулет бөлімі қызметкерлерінің біреуі ғана арнайы білімі бар маман екенін айта келіп: «Менің ойымша, соның салдарынан қала күйі осындай», – деп түйіндеді. Мәселенің бас-аяғы қызметкерге ғана тірелмейтінін білгенімізбен, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген тәмсілді еске түсірсек, шенеуніктің шамалауы да орынсыз емес.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ. Әркім қалаған жағына тартса, қаланың тарихи бөлігінде деградация одан әрі жалғаса бермек. Жергілікті биліктің бұл саладағы мәселелерді  өз бетінше шешуге тырысуы бюджет қаражатын құр ысырап етіп, оның ақыры тарихи Оралдың түпкілікті жойылуына әкелуі мүмкін. Шешім – мемлекетік қорғау. Мұндай жағдайда тарихи кешендерді тек мамандандырылған мемлекеттік бағдарламалар сақтап қала алады, ал жергілікті билік органдарының міндеті – олардың орындалуын орталықтан талап ету.

ӨЗГЕНІҢ ӨНЕГЕСІ НЕМЕСЕ ВЫБОРГ ТӘЖІРИБЕСІ

Қазақстанда қаланың тарихи орталығын толыққанды қалпына келтірудің мемлекеттік бағдарламасы жоққа саяды. Есесіне, бұндай тәжірибе әлем елдерінде кең таралған. Мысалы, осындай жоба бойынша Ресей Федерациясындағы Выборг қаласының тарихи орталығын қалпына келтіру жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. РФ Мәдениет және өңірлік даму министрлігінің арнайы бұйрығымен аймақ федералдық маңызы бар тарихи қоныстар қатарына қосылды. Бұл ежелгі Балтық шаһарының қараусыз қалған тарихи орталығын қалпына келтіруге түрткі болған.

Жыл сайын Выборгты қалпына келтірудің ұзақ мерзімді ауқымды бағдарламасы үшін федералдық бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Аталған қаржының бір бөлігін облыстық бюджет төлейді. Ал, жасалып жатқан жұмыс Мәдениет министрлігінің ұдайы бақылауында. Выборгтың тарихи бөлігін сақтау тұжырымдамасын жасауға елдің жетекші мамандандырылған ұйымдары қатысты. «Қала біртұтас ескерткіш ретінде» тұжырымдамасы негізінде музей-қала құру көзделсе, бұл өз кезегінде азаматтардың өмір сүруіне қолайлы ортаны қалыптастыруды, мәдени мұра нысандарын сақтау және оларды қазіргі жағдайда пайдалануға бейімдеу, сондай-ақ, туристік өнімнің түрі мен сапасын арттыруды қамтиды.

Аймақтық билік осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында Ленинград облысының басым жобаларының бірі – Выборгты қалпына келтірген. Жұмыс нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Аймақтың тарихи мұраларын жандандыру қалаға келушілер қатарын көбейтудің бірден-бір жолы екенін ескерсек, Ресейдің аталған аймағына ат басын бұратын туристердің саны артқан.

Көне Выборг қалашығы мен Оралдың өзара ұқсастығы бар. Көпмәдениетті қос қала көлемі жағынан шамалас болса, келесі ұқсастық – екеуінің де дамыған елдер аумағында орналасуы.

Сырт елден келген қонақтар басқа қалаларға қарағанда, тарихы тереңнен тамыр тартатын Орал қаласының ерекшелігіне баса мән береді. Өткен жылы қалалық сәулетші, Елордадағы әйгілі «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінің авторы Асхат Даудов: «Орал қаласы үшін ең құнды нәрсе – оның тарихы. Бұл – тарихи өлке. Тіпті, бір қабатты ғимараттар қалаға сән береді. Әр ескерткіштің маңыздылығын қала тұрғындары түсінуге тиіс. Тағы бір айта кетерлік жайт, көне архитектураны қайта құруға қатысты. Егер ғимарат патша заманының архитектурасы негізінде жасалса, оны қайта құрудың қажеті жоқ. Ол сонысымен тарих, сонысымен де құнды. Тұрғындар Оралдың мәдениетін, тіпті әр бұрышын білуі үшін барлық жағдай жасалуы тиісті. Жыл сайын оқу үдерісі ретінде осы ғимараттарға арналған бөлек фестиваль немесе өзге іс-шаралар өткізу қажет. Мен мұндай ерекше қаланы еш жерде көрмедім. Бәлкім, еш жерде мұндай құндылық жоқ та шығар», – деген болатын.

Өкініштісі, кей қала тұрғындары олай ойламайды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген, жергілікті халық тарихи мұраларға немқұрайлы қарайды. Ескерткіштерге зардап тигізген табиғи апатты былай қойғанда, адам қолынан жасалған қастандықты сөз еткенде «жау алыстан келмейдіні» ескерген жөн.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бір танысым Еуропа елдеріне саяхат жасағанын айтып, көрген-білгенімен бөлісті. Қаланың тарихи жәдігерліктерін таныстырған гидтің атаулы бір ғимарат қабырғасындағы аядай ұяшықтың тарихын сондай бір сүйіспеншілікпен баян еткеніне сондай риза болыпты. «Сонда, – дейді әлгі танысым, – ол ел көненің көзін сақтап, тарихына үңіліп, оны қастерлеп келе жатқаны ғой».

Көне мұралар көп жағдайда қайта жөндеудің құрбанына айналып, жойылып кетіп жатады. Жөндеу, қажет жағдайда өңдеу де қажет-ақ. Дегенмен, тарихқа тағзымды ұмытып, ескерткіштерді мүлде басқаша сипатқа ауыстыру, тіпті ұрлап, тонау – көзі ашық, көкірегі ояу пенде атаулыға жарасымды іс емес. Көненің көзі, ескінің мұрасы сол көнелігімен құнды, бағзылығымен бағалы. Ал, оны сақтауды тек мемлекетке ысырып салу қате.  Үкімет тиісті шараларды атқаруы керек. Бірақ, одан бұрын «homo sapiens» дейтін саналының санасына салынатын салмақты сараптау әрбір адамның парызы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here