Әке жолын қуған полицейлер

0
1714

Елімізде тұрақты әрі қауіпсіз қоғам құруда полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Түнгі ауысымға шығу, әрдайым байланыста болу,  жұмыс кестесінің ауырлығы, өміріңді қатерге тігу – сақшы өмірінің ажырамас бөлігі. Соған қарамастан қызығы мен шыжығы көп мамандықты таңдаушылардың қатары сиреген емес. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, бүгінде сақшылық қызметті ата кәсіпке айналдырған отбасылар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысындағы Глубокое ауданында жеті бірдей отбасы құқық қорғау саласында қызмет етеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін өз оқырманын полицейлер династасиямен таныстырады.

«…ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУСА ИГІ»

Әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік қызметкері, аға лейтенант Темірлан Тоқтаров жол полициясында қызмет етуді бала күнінен армандады. Әкесінің ерлігі қиялына қанат бітірді.

Бірнеше жыл бұрын полиция капитаны Жанат Садықанов қызмет бабымен балалар автобусына ілесіп, көлік қозғалысын қадағалап келе жатты. Кенет қарсы бағыттан жеңіл автокөлік шыққанда, полиция капитаны ойланбастан өз көлігін бұрып, қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысты. Жол полициясының жедел әрекеті автобустағы 20 бүлдіршіннің өмірін арашалап қалды. Әкесінің басынан өткен бұл оқиға Темірланның  «полиция болсам» деген арманын бекіте түсті. Арманшыл жігіт университетті бітіре сала, Ішкі істер бөліміне көлік инспекторы болып жұмысқа орналасты. Темірланның үлгі тұтары да, ақыл сұрары да әкесі.

Тергеу бөлімінің полиция лейтенанты Мәди Шәкеновтің де бұл қызметке келуінің өзіндік тарихы бар. Мәди бала күнінде Темірлан сияқты өзін полицей ретінде елестете қоймаса керек. Мектеп бітірген ол  Өскемен қаржы-экономикалық колледжіне оқуға түседі. Диплом қолға тиісімен мамандығы бойынша үш күн банкте жұмыс істеді. Үш күнде қаржы саласына деген құлқының жоқтығын түсінген Мәди жұмыстан шықты. Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанды. Әскерден соң әке ізімен тергеуші болуды шешті.

Әкесі Асқар Сүлейменов отставкадағы полиция подполковнигі. Тергеуші зейнетке Глубокое ауданы ІІБ бастығының орынбасары лауазымында жүріп шықты. Әрине, тергеуші өмірінің қалтарысынан, ауыр бұралаң жолдарынан хабардар әкесі ұлының таңдауына ықпал жасамады. Себебі, шын ықыласпен тырысқан адамнан ғана тергеуші шығарын әке жүрегі сезді. Әскерден келген Мәди 2017 жылы тергеу бөлімінде тергеушінің көмекшісі қызметіне келді. Әкесі Асқар да еңбек майданын осы жерден бастаған еді. Мәди 2019 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін аяқтап, тергеуші болып тағайындалды.

Әкелі-балалы тергеушілердің үйдегі өмірі де жұмыспен байланысты. Асқар Сүлейменов ұлына процессуалдық құжаттар дайындауда, қылмыстық істерді тергеуде кеңес беріп, өмірлік тәжірибесімен бөліседі.

ПОГОН ТАҚҚАН АРУЛАР

Табиғатының нәзіктігіне қарамастан полиция формасын киген қыз-келіншектер аз емес. Арулардың ерік-жігері сақшылық қызметті игеруге де қауқарлы. Солардың бірі – Александра Латкина. Көші-қон полициясының аға инспекторы әкесінің жолын қуған. Әкесі Сергей Симоненко отставкадағы полиция капитаны, он бес жылдан астам уақыт Глубокое АІІБ-ның ведомстводан тыс күзет бөлімінде қызмет атқарған.

Алғашында полицияда қызмет ету Александраның ойына да келмеген. Мектеп бітірген соң қатарластары сияқты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсті. Бірде әкесі қызын полиция командалары арасында өтетін жарысқа шақырған. Содан бері Александра жеңіл атлетикамен белсенді шұғылдана бастады. Сақшылар арасындағы додаға қатысып жүріп, болашақ әріптестерімен жақын танысады.  Топтастарының әңгімесіне еліткен қыз ЖОО-ны бітірген соң әке ізімен полиция болуға бекінді. Қазір міндетін абыроймен атқарып жүрген Александраның әкесінің мақтанышына, көз қуанышына айналған жайы бар.

Нәзік жанды полицейлердің барлығын кездейсоқ таңдау жасағандар сияқты көруіміз мүмкін. Бірақ, көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Ғалия Сәдуақасова полицей болуды бала күнінен армандаған. Ес білгелі ата-анасын полицей формасында көрген қызға олар үлгі болды. Әкесі мансабын патрульдік полицияда бастап, 1985 жылдан бері тергеу бөлімінде қызмет атқарды. 25 жыл еңбек майданында тер төккен Тәукенов подполковник шеніне дейін көтерілді. Отставкадағы подполковник Аягөз ауданының Ішкі істер органының  бас тергеушісі лауазымымен зейнетке шықты. Ал, анасы Аягөз АІІБ-де ведомствадан тыс күзет бөлімінде 15 жыл жұмыс істеді.

Ғалия ҚР ІІМ ҚТЖК  Павлодар заң колледждінде алғашқы дайындық курсынан өтті. Қызметке Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/21 әйелдер колониясының бақылаушысы ретінде орналасты. Қылмыстық атқару жүйесінде он жыл тәжірибе жинаған оны Глубокое ауданындағы көші-қон қызметінің инспекторлығына ауыстырды.

«Маған адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Оларға жәрдемдесе алатындығым үшін қуаныштымын», – деп қазіргі қызметі жайлы ағынан жарылды ол.

Ғалияның әпкесі – әділет майоры. Оның  құқық қорғау саласын таңдауына ата-анасының өнегелі қызметі әсер еткені анық. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында пробация бөлімінің басшылығында. «Заң қызметкерлерінің отбасында тәрбиеленген баланың есейгенде сол саладан табылуы заңдылық. Бір мамандықты бірнеше ұрпақ игеріп, ортақ іске айналдыру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әсіресе, тәртіп сақшыларына артылар жүк ауыр», – деп санайды погон таққан ару.

«ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР…»

Әке жолын темірқазық етіп алғандардың бірі – Раджан Дәулетов. Бүгінде ол криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция капитаны. Мансабын 2008 жылы әскерден келген соң кіші сержант шенімен бастаған. Криминалист әкесінің жұмысы оны бала кезінен қызықтырған. Қылмыстың жұмбағын, тергеудің тағдырын шешетін із кесушінің абыройлы жұмысы болашақ капитанды шабыттандырғаны даусыз. Әкесі Құмарбек Дәулетов отставкадағы полиция подполковнигі. Өмірінің 25 жылын ішкі істер органына арнаған білікті маман. Құмарбек Алтай (бұрынғы Зырян) қалалық ІІБ-нің Серебрянскі ауылдық полиция бөлімінің басшысы лауазымында зейнетке шықты. Капитан Дәулетов жұмысы жайында: «Көбінде жағымсыз элементтермен күресуге тура келеді. Бұл өз әсерін тигізетіні рас. Бірақ, зерттеулер оң нәтиже беріп, қылмыстың сырына қанығып, қаскүнемді тапқан сәтте кеудемді қуаныш кернейді. Әкем менің жетістіктерімді мақтан тұтады. Ал, мен оны мақтан тұтып қана қоймай, оған ұқсауға тырысамын. Ол маған қылмыстарды ашуда, тергеу жұмыстарында, жеке құраммен жұмыс істеуде жиі кеңес беріп отырады», – дейді.

Тілге тиек етер тағы бір отбасы бар. Тергеу бөлімінің аға лейтенанты Әділет Қалиакперовтің  әкесі отставкадағы полиция майоры Қайрат Сәтеков. Ол Глубокое ауданының ІІБ учаскелік полиция инспекторы болып он бес жыл қызмет атқарды.

ШҚМУ-дің заң факультетін тәмамдаған Әділет ішкі істер бөлімінде жұмыс істеймін деп жоспарламаған көрінеді. Бұл туралы 2017 жылы Глубокое ауданының полиция бөлімі тергеу жұмыстарымен айналысуды ұсынған кезде барып қана ойланған. Бүгінде тергеуші Қалиакперов  полиция бөлімшесіндегі адал қызметкерлердің бірі. Оның сөзінше, тура жолдан тайып, әке беделіне нұқсан келтіру ұятты іс.

Тылмен қамтамасыз ету тобының полиция сержанты Бекнұр Рахимовтің де әкесі полицей. Тек ол әкесі Ораз Рахимов Күршім АІІБ кезекші бөлімінің инспекторы лауазымымен зейнетке шыққанда дүниеге келген. Әкесі ұлына жұмысы туралы аз айтатын болған. Бәлкім ұлының таңдауына ықпал еткісі келмеген болар. Соған қарамастан Бекнұр әскерден келе сала Глубокое ауданының ІІБ-не қызметке тұру үшін барады. Алайда, оның бірінші талпынысы сәтсіз аяқталды. Осыдан соң жас жігіт бағын басқа салада сынап көргісі келді. Бес жылдан кейін 2016 жылы әкесі қайтыс болған соң, Бекнұр бар өмірін полиция қызметіне арнауды шешті. Қазір Рахимов жоғары білім алуда. Офицер шенін алуды армандайды. Бекнұр арманына бір табан жақындап келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Құқық қорғау саласын ата кәсіпке айналдырып келе жатқан жастардан күтеріміз мол. Себебі, мамандық таңдаудағы мұрагерлік феноменін бүгінгі ғылым жоққа шығармайды. Атадан балаға берілген кәсіп ескі мен жаңаны, өткен мен бүгінді қабыстырып, жарқын болашақтың негізін қалауға жол ашады. Ұлылардың шежіресіне үңілсек мұрагерлік феноменін жиі кездестіреміз. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп текке айтылмаса керек.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here