The Lancet журналында QazVac екпесі туралы мақала жарияланды

0
1304

14 тамыз күні ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында The Lancet журналында қазақстандық QazVac екпесі туралы мақала жарық көргенін жазып, екпені шығарған Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын беделді журналда мақаланың жариялануымен құттықтады.

«Әлемдік мойындау» деп отырғанымыз тегін емес. Өйткені, 198 жылдық тарихы бар The Lancet медициналық журналының әлемде беделі зор. Апталық журналда жарияланатын түрлі рецензияларға медицина қауымдастығы құлақ түреді. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында ресми тіркелген Спутник V, Pfizer, AstraZeneca, Sinopharm сияқты екпелердің эпидемиологиялық тиімділігі туралы мәліметтер осы британдық журналда жарияланды. Содан кейін жаппай қолданысқа енгізіле бастады. Демек, The Lancet журналында QazVac екпесі туралы көлемді мақаланың жариялануы отандық ғалымдар еңбегіне берілген жоғары баға болса керек.

The Lancet журналының 10 бетіне жарияланған көлемді мақалада QazVac екпесі клиникалық зерттеудің 1-2 фазасынан сәтті өткені, қарсы көрсетілімдер болмағаны жазылып, статистикалық мәліметтер көрсетілді. Журналдың жазуынша, 2020 жылдың басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары алдына вирусқа қарсы екпені әзірлеу тапсырмасын жүктеді. Президент тапсырмасын ойдағыдай орындаған ғалымдар қысқа мерзім ішінде QazVac екпесін әзірлеп шығарды. Бұл – COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған екпе. Инактивтендірілген екпе дәстүрлі және тиімді болып саналады, оны дайындау технологиясы күрделі емес әрі вакциналардың басқа түрлеріне қарағанда қауіпсіз.

Айта кетейік, жақында Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария QazVac екпесінің тиімділігі туралы пікір білдірді. Маман екпеге жасалған сынақтың III фазасы оның тиімділігін көрсеткенін айтады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here