Аида ҚЫСТАУБАЕВА: «Биотехнология – бүкіл ғылымның тоғысқан саласы»

0
3229

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биотехнология кафедрасының ғалымдары өткен жылы «Вирусқа қарсы иммундық жүйені қалпына келтіруші пробиотикалық споралы интраназальді спрей» құрастырды. Осы ғылыми жаңалық авторларының бірі, биология және биотехнология факультеті Биотехнология кафедрасының меңгерушісі Аида Қыстаубаевамен кездесіп, әңгімеге тартқан едік. Аида Серікқызы бұған дейін 12 өнертабыс патентін алған, биотехнология саласында табысты еңбек етіп келе жатқан жас ғалым. А.Қыстаубаева жасап, қолданысқа енгізген дисбактериоз індетінен қорғайтын пробиотикалық препараттар клиникалық тексерістен өтуде. Химия ғылымының докторы, профессор З.Мансұров және биология ғылымының докторы, профессор И.Савицкаямен бірігіп жасаған «ИНГО» препараттарына Жапония, Америка ғалымдары ерекше қызығушылық танытып отыр. Өнертапқыш ғалымның іске асырып жатқан жобаларының ішінде жасартқыш наномаскалар, күйген жараларды емдеуге арналған пленкалар, жоғары температураға төзімді фермент бөлетін термофильді бактериялар бар. Ғылым жолында жүргеніне 20 жылдай болып қалған Аида Қыстаубаева бірнеше ғылыми жобаны сәтті аяқтап, халықаралық патенттерге ие болған белгілі жас ғалым.

– Аида Серікқызы, өзіңіз басқарып отырған Биотехнология кафедрасының ғалымдар тобы бүгінде өте өзекті, бүкіл адамзатқа қажетті вирусқа қарсы иммундық жүйені қалпына келтіруші пробиотикалық споралы интраназальді спрей әзірлеп шығарды. Осы ғылыми жетістіктеріңіз туралы айтып берсеңіз.

– Біздің жасаған препаратымыз H1N1, SARS, MERS, COVID-19 сияқты қауіпті патогендерге қарсы споралы пробиотигі бар вирусқа қарсы интраназальды спрей. Препарат Ғылым қорының байқауынан өтіп, 141 жобаның ішінде үздік өнертабыстардың бірі ретінде танылды. H1N1, SARS, MERS, COVID-19-ға жататын респираторлық-синцитиалды вирустар (RSV) төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайтын қауіпті патогендер. Емдеу әдістерінің тиімді түрлерінің бірі – вирусқа қарсы иммундық әсерлерді күшейту. Бұл әдістің басты ерекшелігі – RSV барлық түрлеріне қарсы әмбебап болуы, себебі ол туа біткен ғана емес, сондай-ақ бейімделген иммундық жүйені де қамтиды. Бұл реакциялардың триггері бактерия – пробиотиктер, жеткілікті мөлшерде қабылдау кезінде денсаулықты нығайтуға ықпал ететін тірі организмдер.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы 26 наурызда Ұлттық биотехнология орталығындағы ғалымдармен кездесуде Қазақстан ғылымының мәртебесін арттыру үшін отандық өнім көздерінің маңыздылығын атап өтті. Пандемия кезінде біздің ғалымдар COVID-19 вирустық ауруын емдеу және оның алдын алу үшін үш препарат ұсынған болатын. Сондай-ақ биология және биотехнология факультетінің ғалымдары микотрих препараты, Рисо-Лакт, Спирулина Лайф, стевия негізіндегі диабетпен ауыратын науқастарға арналған өнім шығару және басқа да емделушілерге арналған препараттарды өндіретін орталықтар ашу туралы ұсыныс жасап отырмыз. Университетіміздің жетекші ғалымдары ұсынып отырған әзірлемелерінің аналогы Қазақстан нарығында жоқ. Болашағы зор ғылыми жоба халық денсаулығын нығайтуға үлесін қосады деп сенеміз.

Биотехнология – инновациялық жаңалықтары көп, ғылымның өте қызықты салаларының бірі. Осы саланы игеру бала кездегі арманыңыз шығар?

– Біздің мектепте биология мен химияны тереңдетіп оқытты, осы пәндерден ғылым кандидаттары сабақ берді. Содан болар, биология ғылымына қатты қызықтым. Мектеп бітірген соң, ойланбастан биотехнология мамандығын таңдадым. Аспирантурада жасаған жұмысым ары қарай кандидаттық диссертациямды қорғауға септігін тигізді. Ол кезде дисбактериоз індетінен қорғайтын пробиотикалық препараттар жасадық. Кейін оны клиникаға дейінгі сынамалардан өткіздік. Ғылымда 2002 жылдан бері жүрмін, яғни бакалаврдың 3-курсынан бастап М.Айтхожин атындағы Молекулалық биология институтының лабораториясында жұмыс істедім. Кейін факультетке, кафедраға ауыстым.

Биотехнология кафедрасында атқарып жүрген ғылыми жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз.

– Биотехнология – бүкіл ғылымның тоғысқан саласы. Кафедра ғалымдары бірнеше салада ғылыми жұмыстар жасайды. Экология бағытында шаруашылық келісім арқылы «ҚазТрансОйл» компаниясымен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, судың құрамындағы микроорганизмдердің мөлшерін қадағалаймыз, құбырларды таттандыратын микроорганизмдерді анықтаймыз. Егер құбырда таттану процесі жүріп жатса, соны дер кезінде анықтап, компанияға хабарлаймыз, олар құбырды ауыстырады немесе микроорганизмнің өсуін тоқтататын арнайы заттарды қосады, оның концентрациясын біз таңдап береміз.

Сондай-ақ мұнаймен ластанған топырақты тазартуға арналған препараттарды жасаймыз. Білім және ғылым министрлігінен ұтып алған жобаға жетекшілік жасадым. Бұл ауыл шаруашылығына арналған жоба. Ірі қара мал жеген жемшөпті толықтай қорытып, қажетті мөлшерде қоң жинауы қиын, өйткені пайдалы заттардың барлығы малдың бойына дарымайды. Сондықтан біз бірнеше микроорганизмнің қоспасынан құралған препарат жасадық. Ол жемшөпке араластырылып беріледі. Препараттағы бактериялар өзінің бойынан целлюлозаны ыдырататын фермент бөліп шығарады. Ірі қаралардың асқазанында ондай фермент жоқ. Ал препараттың нәтижесінде жемшөп тез қорытылып, оның барлығы малдың ағзасына толығымен дариды. Ешқандай зияны жоқ. Жоба патенттелген.

Бұл препараттарды тауықтарға да бейімдедік. Себебі тауықтар сальмонеллезбен ауырмауы үшін оларға көптеген антибиотиктерді салады. Бойында антибиотик көп тауық еті экспортқа шығарылмайды. Сол себепті қазіргі кезде қазақстандық тауықтың еті тек өз елімізде ғана сатылады, сөйтіп, халықтың денсаулығына зияны тиіп жатыр. Осының шешімі ретінде біз ірі қара малға арналған препаратқа Bacillus subtilis бактерияларын қостық. Ол өзінің бойынан сальмонелла микроорганизмін өлтіретін биологиялық антибиотик бөліп шығарады. Оның ешқандай зияны жоқ. Соның нәтижесінде тауықтар сальмонеллезбен ауырмайды және ондай тауықтың етін экспорттауға болады. Бөлініп алған штамдарымыз толығымен патенттелген, ендігі арманымыз – коммерциализациялау.

Бұған қоса, ауыл шаруашылығына арналған біраз идеямыз бар. Мысалы, біз термофильді бактерияларды Қазақстандағы ыстық қойнаулардан бөліп алдық, бұндай бактериялар 100 °С температураға төзімді келеді. Олардың өте көп қызықты, адам сенбейтін қасиеттері бар, соның бірі – құстың қауырсынын және жүнді қас қағым сәтте толығымен ыдыратып, сұйық кератинге айналдырады, бұл штамды біз қазір Дүниежүзілік микроорганизмдер коллекциясына жіберіп жатырмыз және келесі қадамымыз – патенттеу. Бүгінгі таңда осы термофильді штамм туралы біраз мақала шығардық және импакт факторы жоғары журналдарда мақаламыз жарық көрді. Оған Норвегиядағы Берген университетінің ғалымдары үлкен қызығушылық танытуда.

Тағы бір жаңалығымыз – бактериалды целлюлоза, бұл жобаны профессор Ирина Савицкаямен жүзеге асырудамыз. Бактериалды целлюлоза – пленка тәріздес зат. Бактериялар өздері сол пленканы бойынан бөліп шығарады. Оны адам күйіп қалғанда апликациялық жапқыш ретінде қолдануға болады немесе пленканы түрлі бактериялармен байытып, жасартқыш маскаларды шығаруға, жазылмайтын жараларға жабыстырып, жазуға болады. Бұған қоса, бактериалды целлюлозаға қосымша заттармен байытып, табиғатта тез еритін пакеттер жасауға болатынын қазіргі таңда зерттеудеміз.

 Сонымен қатар арықтағысы келетін немесе уланып қалған адамдарға арналған «ИНГО-1», «ИНГО-2» наносорбентті препараттарын Жану мәселелерін зерттейтін институтпен бірігіп жасадық. Бұрын пайдаланып жүрген белсендірілген көмір барлық токсиндерді сіңіре алмайды, ал наносорбенттер барлық токсиндерді бойына жинап алып шығады. Осы препараттың халықаралық патенті бар. Оған Жапонияда, Америкада қатты қызығушылық танытып отыр. Бұл препараттар қазір айналымда жүр, дәріханаларда бар.

Ұстаз шәкірттерімен мақтанады, оқушыларыңыз туралы не айтасыз?

– Мақтанып айтатын шәкірттерім өте көп. Биотехнология кафедрасы бүгінгі таңда тек қана биотехнологтарды ғана емес, сонымен қатар микробиологтарды, вирусологтарды, биоинженерлерді, қоршаған орта, тағам және фито- биотехнологтарын даярлайтын оқу бағдарламасын заманауи талаптарға және халықаралық стандарттарға сай ұсынып отырған оқу және ғылым ордасы. Бүгінде кафедрада қосдипломды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жақында студенттеріміз Францияның Лилль университетімен бірігіп дайындаған «Тағамдық биотехнология» мамандығы бойынша қос дипломға ие болды және Францияның Нанси университетімен бірге даярлаған «Биотехнология» мамандығы бойынша қос дипломдарын алды.

Біздің көптеген түлектеріміз қазір Назарбаев университетінде жұмыс істейді. Олардың өздерінің лабораториялары, жеке жобалары бар. Астанадағы Ұлттық биотехнологиялық орталықта да түлектеріміз жұмыс атқаруда, сонымен қатар Qaz-Covid вакцинасын өндіріп жатқан Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтында да біздің түлектер еңбек етеді. Бүгінде барлық тағам және сусын өндіретін зауыттарға микробиологтар керек, онда жұмыс атқарып жүргендердің көбі біздің түлектер. Қай клиникаға барсам да, алдымнан түлектеріміз шығады. Бірқатар шәкірттеріміз үлкен салалардың басшылары, технологтары болып абыройлы қызмет атқарып жүр. Шет тілдерін жақсы меңгергендері Еуропа және АҚШ университеттерінде жұмыс істеуде. Мен олар үшін қуаныштымын. Биотехнология – болашақтың ғылымы. Ол әрдайым сұранысқа ие.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here