Тәліптер Кабулды қарулы қақтығыссыз, мылтықты майдансыз алды

0
2475

Жексенбі, 15 тамызда «Талибан» радикалды қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстанның өздерінің бақылауына толығымен өткенін жарияға жар салды. Лаңкестер бір тәуліктің ішінде ресми биліктің абыройын айрандай етіп төгіп, масқара жағдайда елден қашып кетуге мәжбүр етті. Сондай-ақ, олар Президент сарайын өзгелермен бөліспейтіндерін қадап айтты. Содырлар небәрі бірнеше аптаның ішінде Ауғанстанды басып алып, АҚШ пен НАТО күштерінен де жедел қимылдады. Олар, тіпті, әскерлерін елден толық шығарып та үлгермеді. Іс жүзінде тәліптер мақсаттарына жету жолында бәлендей қарсылыққа тап болмады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бұл мақалада тәліптердің Ауғанстандағы жеңістер шеруіне қысқаша шолу жасап, жаңадан құрылатын террористік мемлекеттің әлемдік саясатқа әсері туралы тұжырымдарды назарларыңызға ұсынады.

КАБУЛ ҚҰЛАДЫ

«Бүгін мен қиын таңдаудың алдында тұрдым. Бір жағынан,  Президенттік сарайды басып алғысы келетін тәліптерге қарсы тұрып,  оларды жеңу керек болды. Екінші жағынан алғанда, өз өмірімнің соңғы 20 жылын  қорғауға арнаған елімнен қан-төгіссіз кету керек болды»,  – деді бір күнде Ауғанстанның экс-президенті атанып үлгерген Ашраф Ғани өзінің елден ұшып кету себебін түсіндірген сөзінде.

Бұл бейне жазба әлеуметтік желілерде саясаткер Ауғанстан аумағынан ұзап кеткенде пайда болды. Бейресми мәліметтердің айтуынша, ол Өзбекстанға немесе Тәжікстанға қашып, бас сауғалаған. Тіпті, Президент ел азаматтарымен қоштасып, толыққанды бейне жазба жасауға да уақыт таппай ізін суытты. БАҚ болса Президенттің елден кететінін Ғанидің ұшақ баспалдағына аяғы тигенде ғана барып бір-ақ білді.

«Содырлар мені елден қуып шығару үшін Кабулда қанды қырғын ұйымдастырудан да тайынбайтындықтарын анық көрсетті. Қан-төгісті болдырмау үшін мен елден кетуге бел будым», – деді Ашраф Ғани.

Тәліптер Ауғанстан астанасы Кабулге 15 тамызда жексенбіге қараған түні келді. Таңертең қаланы толықтай қоршауға алып, әлдеқалай жағдай болса, тірі жан, тісті бақа қалдырмайтындықтарын көрсетті. Содан соң содырлар бүкіл ел аумағын, тіпті шекара өткелдеріне дейін бақылауға алғандарын мәлімдеді. Ресми билікті қырғынға жол бермеу үшін бейбіт жолмен берілуге шақырды. Түстен кейін олар Президент сарайына кіріп,  ресми билік өкілдерімен, дәлірек айтсақ, әлі де сарайда қалғандармен келіссөздерді бастады.

Бұл кезде полицейлер жергілікті полиция базалары мен учаскелерін тастап кеткен болатын. Әскерилер қарсыласуын әлдеқашан тоқтатқан еді. Содырлар Кабулға соғыссыз кірді. Тек бірнеше атыс пен жарылыстың болғаны туралы ғана хабарланды. 15 тамызда кешқұрым уақытта елдің басқару тізгіні өтпелі үкімет-кеңеске берілді. Оның құрамына  «Талибанмен» жасалған келісіммен Жоғарғы Кеңестің басшысы Абдулла Абдулла мен экс-президент Хамид Карзай кірді.

АУҒАННАН АСҚАНДАР

Радикалды күштер ел астанасына таяған сайын Ауғанстаннан қашатындардың саны да арта берді. Көші-қон ағымының жағдайы  күрделеніп барады. ЕО-ның кейбір елдері ауғандық босқындарды шекара маңына орналастыруда. Соңғы күндері лауазымды шенеуніктер де елден ашықтан ашық қашып кетті. Мәселен, қаржы министрі Халид Паиндтың тамыз айындағы әдеттегі іссапары оның отставкаға шығуымен және елден кетуімен аяқталды. Ал, вице-президент  Амрулла Сәлех болса Тәжікстанға қашып кетті. Осы жылдың мамыр айынан бастап шамамен  390 мың адам (деректер әлі нақтыланбаған) Ауғанстаннан үдере көшіп кеткен.

Тәліптердің қысымы мен тегеурінді табыстары Ауғанстанның ғана емес, өзге де елдерді тынышынан айырып, мазасын қашырды. Батыс елдерінің тәліптердің шабуылына қатысты нақты мәлімдемелері шыққанша олардың негізгі міндеті Кабулдегі елшіліктегі қызметкерлерін елден шығару. Бірнеше күннің ішінде АҚШ, Германия, Швеция, Дания, Чехия, Финляндия және Норвегия билігі елшіліктеріне қара құлып салып, дипломаттарын шұғыл түрде қақтығыс ошағынан әкетіп жатыр.

Бәрінен бұрын америкалық қызметкерлердің эвакуациялауы символдық сипатқа ие болып, қоғамның өткір реакциясын тудырды.  Америкалық тікұшақтар елшіліктің қызметкерлерін ғимараттың дәл төбесінде тұрып, шатырынан алып кетті. Расында, АҚШ тарихында бұлай етуге себеп болатын жағдай болған. 1955-1957 жылдары Вьетнам соғысы кезінде америкалықтар Сайгоннан өз азаматтарын әуе арқылы эвакуациялауға мәжбүр болды. Тарихи ұқсастықтар өз дегенін жасайды. АҚШ билігі жағдайдың қайталануынан қауіптенгенімен, ақыр соңында бұл жағдай бәрібір орын алды.

БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ

Тәліптер шілде айының соңында Түркіменстанмен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен жалғасатын шекараны өз бақылауларына алды. Бұл өз кезегінде ресми билікке қару-жарақтың тікелей жеткізілуін қиындатты. АҚШ президенті Джо Байден 2021 жылдың сәуірінде АҚШ пен НАТО-ның барлық әскери күштерін Ауғанстаннан шығаратынын мәлімдегеннен соң, содырлардың белсенді шабуылдары бірден басталды. Сонымен қатар, олар соңғы он күнде қысқа мерзімді шабуылдарын таңғаларлық деңгейде жасады. Содырлар 34 провинцияның 16-сын бағындырды. Тіпті, ірі қалалар ұрыссыз берілді. Тәліптер тактикаларын өзгерту арқылы қысқа уақытта ірі жеңістерге қол жеткізді. Оны үш тармақта сипаттауға болады. Біріншіден, тәліптер аумақтарды басып алу үшін жеткілікті ресурстар жинады. Екіншіден, АҚШ пен НАТО әскерлері шығарыла бастаған соң, ресми Кабул есеңгіреп қалып, қиын психологиялық және саяси жағдайға тап болды. Ресми билік бұған дайын болмады және содырларды өз күштерімен тойтаруға қауқары жетпейтінін жақсы түсінді. Үшіншіден, баяғы тәліптер ірі қалаларға шабуыл жасауға жүрексінетін. Ал, қазір қорқыныштары сейіліп, арандары ашылып, құнығып алды.

Қазіргі жағдай Кабулды басып алғаннан кейін де қауіпті жылдамдықпен өзгеруде. Бірқатар сарапшылар мұндай жағдайлар Қазақстан шекарасына жақын жерлерде экстремизм мен тұрақсыздықтың жаңа ошақтарының пайда болуына ықпал етеді деген пікірлерін бұрыннан айтып келеді. Өйткені, Ауғанстан елімізге қол созым жерде орналасқан. Оңтүстіктегі көршілеріміз Түркіменстан мен Өзбекстан да Ауғанстанмен шектеседі.

Тәліптердің Ауғанстандағы майданда жеңгендері даусыз. Бірақ, олар «ішкі және сыртқы саясатта да осындай табысқа жете ала ма?» деген сұрақ әлі басы ашық күйде. Қалай айтсақ та, тәліптердің жеңіске жетуінің басты себебі ресми Кабулдың әлсіздігінен болып отыр. Ерте ме, кеш пе «Талибан»  Ашраф Ғани мен оның серіктерінің кебін киеді. Өйткені, соңғы он жылдықтар ішінде ауған қақтығысына қатысушы бірде-бір тарап ел билігін ұзақ уақыт уысында ұстап тұра алмады. Содырлар Кабул мен басқа да ірі қалаларда билікті бөлісіп жатқанда, провинциялардың шетінде қарулы оппозициялық күштер құрылып, тәліптерді Президент сарайынан түре қуып шығуға ұмтылады. Осындай құрылымдардың арқасында «Талибан» биліктің бірыңғай жүйесін құра алмайды. Сол себептен де  елде тәліптер ұзақ уақыт тайраңдай алмайды. Өкінішке қарай, тұрақты әрі мызғымас билік Ауғанстан тарихына тән емес. Сарапшылар пікірі осындай.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ауғанстанда ауған деген ұлт жоқ. Ал, елдегі 40 млн-ға жуық халықтың 40,1 пайызын пуштундар, 37,1 пайызын тәжіктер (бұл елдегі тәжіктердің саны Тәжікстандағы тәжіктерден де көп), 9,2 пайызын өзбектер, 9,1 пайызын хазарлар, 1,7 пайызын түркімендер құрайды. Ал, 1994 жылы «Талибан» қозғалысын құрған пуштундармен соңғыларының «басы бір қазанға сыймайды». Демек, олар тәліптердің «ұр да жық» саясатына көнбеуі де мүмкін.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here