Барак Обама қазір немен айналысады?

0
1862

Тұңғыш қара нәсілді АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама 4 тамызда 60 жасқа толып, төл мерекесін атап өтті. Әлемдік  көшбасшы саясаткерлердің көбімен салыстырғанда, енді алпысты алқымдаған Обама әлі де жас, әлі де тың. Себебі, оның ең жақын серігі, Ақ үйдің қазіргі қожайыны Джо Байден 78 жаста, ал оның атышулы қарсыласы Дональд Трамптың 75 жаста екенін ескерсек, бұлай санауымызға әбден болады. Дегенмен, демократиялық елде үшінші мерзімге сайлануға мүлдем болмайды. Сондықтан Ақ үйдегі екі президенттік мерзімі аяқталған соң Барак Обама «тағын» босатты.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕҢІЛДІКТЕР

Барак Обама отставкаға шыққан көзі тірі АҚШ президенттерінің  төртіншісі болды. Жыл басында олардың қатарына Дональд Трамп қосылды. Оның әріптестері өзінен әлдеқайда үлкен. Мәселен, Джимми Картер қазан айында 97-ге келеді, Билл Клинтон осы айда 75 жасын тойлады, өткенде Джордж Буш пен Дональд Трамп та 75 жастарын атап өтті. Обамаға да заңмен кепілдендірілген жеңілдіктер жиынтығы берілген.

2016 жылдың наурызында Барак Обама АҚШ-тың экс-президенттерінің зейнетақысын 2017 жылдан бастап 17,9%-ға арттыруға мүмкіндік жасады. Осылайша, Обаманың жылдық зейнетақысы шамамен 240 мың долларды құрайды. Алайда, бұл сома үшін де салық төлейтінін айта кеткен жөн.

Зейнетақымен бірге экс-президентті әкімшілік және техникалық қызметкерлермен, көлікпен, пошта қызметімен, азық-түлікпен және басқа да қажеттіліктермен мемлекет қамтамасыз етіп, шығындарын өтейді.

Отставкаға кеткен сәттен бастап алғашқы 30 ай ішінде Обамаға көмекшілер тобын ұстауға арналған ақша бөлінді. Бұл төлем жылына 96 мың долларды құрады. Сондай-ақ, отставкаға шыққан президент Құпия қызметтің тарапынан қорғалу құқығына ие болады. Онымен қазіргі президент Джо Байденнің оққағарларынан кем түспейтін мамандар айналысады. 1997 жылға дейін Құпия қызметтің мамандары экс-президенттерді өмір бойына қорғап келді. Бірақ, қазір бұл құқық президент отставкаға кеткеннен кейін алғашқы он жыл ішінде ғана сақталады.

Бұрынғы бірінші ханымның да Құпия қызметпен қорғалуға тең құқысы бар. Егер ол жұбайымен ажырасып кеткен жағдайда, бұл құқық алынып тасталады. Экс-президенттің бала-шағасы кәмелеттік жасқа толғанға дейін мемлекет тарапынан қорғалады.

Сонымен қатар, экс-президент пен оның отбасы мүшелері әскери госпитальдарда тегін емделуге құқылы. Мұндай жеңілдіктерді олар АҚШ Қорғаныс министрлігінің арнайы нұсқаулығына сәйкес алады. Егер экс-президент қайтыс болған жағдайда, оның жесірінде тегін медициналық қызмет алу құқығы сақталады. Ал, бұрынғы президентті жерлеу рәсімін өткізу мемлекет мойнындағы шаруа.

44-ші президент те алдыңғы басшылар сынды кітап жазды. 2020 жылдың қарашасында Барак Обаманың «Уәде етілген жер» (A Promised Land) атты естеліктер жинағының бірінші бөлімі жарық көрді. Алғашқы аптада тек Солтүстік Американың өзінде кітаптың 1,7 млн данасы сатылып, рекордтық көрсеткішке жетті. Обаманың рекордын оның әріптестері кіші Джордж Буш пен Билл Клинтонның кітаптарының сатылымымен (алғашқы аптадағы) салыстыруға болады. Кітапта әлемдегі №1 лаңкес Усама Бен Ладеннің көзін құртуға арналған арнайы операциямен Обаманың бірінші президенттік мерзімінің табыспен аяқталғаны баяндалады. Автордың тарихта бейбітшілікті сақтауға ұмтылған бітімгер саясаткер ретінде қалу үшін жасаған ұмтылыстарын көруге болады.

Отставкаға шыққан АҚШ президенттерінің тағы бір тұрақты табыс көзі – дәріс оқу мен іс-шараларда сөйлеу ақысы. Мысалы, Билл Клинтон отставкаға шыққан соң алты жыл ішінде дәрістер оқып, 40 млн доллар табыс тапқан. Клинтонның ең табысты жылдарында экс-президенттің шетелде бір дәрісті 250 мың долларға оқыған кездері де болған. Обаманың әлемге танымалдылығын, алғашқы қара нәсілді АҚШ президенті болғанын ескерсек, Ақ үйдің 44-ші қожайыны Билл Клинтонның нәтижелерінен оқ бойы озуына мүмкіндігі мол.

ОБАМА «КӨЛЕҢКЕЛІ ПРЕЗИДЕНТ» ПЕ?

Америкалық дәстүр бойынша, екі мерзімге сайланған президент мерзімі аяқталған соң, отставкаға шығып, елдің саяси өміріне араласуды барынша азайтуы қажет. Әйтсе де, базбіреулер Обаманы бұл ережені бұзды деп жиі айыптайды. Айыптаулардың шығу төркініне үңіліп көрейік.

«Come back, Barack»  «Қайтып кел, Барак». Бұл – 2018 жылы «Эмми» сыйлығына ұсынылған америкалық орындаушы Chance the Rapper-дің әнінің атауы. Ән сол жылы көптеген америкалық азаматтар басынан өткізген сезімдерді керемет жеткізе білді. Тыңдармандарының ықыласына ие болды. Эксцентрлік миллиардер, республикашыл Дональд Трамп президенттік сайлауда күтпеген жерден жеңіске жетті. Сайлаудың нәтижесі америкалық либералистерді есеңгіретіп тастады.  Себебі, олар АҚШ-тың алғашқы қара нәсілді президенті 2012 жылы екінші мерзімге қайта сайланғанда, либералдар біржолата жеңіске жеткендей күй кешіп еді. Обаманың кезінде бір жыныстылардың некесі заңдастырылып, мигранттардың құқықтары кеңейтілді. Ал, Обаманың өзі қара нәсілді америкалықтардың жетістікке жету туралы армандарының басты мысалына айналды. Обама оставкаға кетерінде оның рейтингі 58% дауыс болды. Бұл биліктен кетіп бара жатқан президент үшін өте жоғары рейтинг саналады

Дегенмен, оның орнына мүлдем басқа ұстанымдағы адам келді. Республикашыл Трамп көші-қонның жүгенсіз кетуіне, жаһанданудың дамуына қарсы болды. Қарсылық шаралары компаниялардың өндірісін шетелге көшіруге, соның салдарынан америкалық азаматтардың жұмыссыз қалуына ықпал етті. Ол Обаманың ең ірі бастамасына қарсы шықты. Экс-президенттің Obamacare медициналық реформасы АҚШ-тың Денсаулық сақтау жүйесіне ауыр соққы болғанын мәлімдеді. Трамп өз мәлімдемелерінде Обаманы аяусыз сынап, оны өзінің басты саяси қарсыласына айналдырды.

Обама Трампқа үнсіздігімен жауап берді. Сол тұста 54 жаста болған экс-президент шынымен де саясат сахнасынан кеткендей болды. Обама  Twitter  парақшасындағы блогтарын да белсенді жүргізе қоймады. Жаңа биліктің әрекеттерін сынайтын саяси мәлімдемелері жұбайы Мишельдің атынан жазылып жүрді. Тіпті, онда Трамптың аты-жөнін анық атамай, астарлап, емеурінмен жеткізді. Бұрынғы президент бар зейінін өзінің қайырымдылық қорына арнағандай сыңай танытты. Оның дауыл алдындағы тыныштығы келесі сайлауға дейін жалғасты. Сайлау науқаны басталғанда Обама өзіне американың саяси сахнасындағы демократиялық партиялардың «өкіл әкесі» деген жаңа образ ойлап тапты.

«Президент Обаманың аузын ашуға хақысы жоқ деп санаймын.  Біз оның қазіргі биліктің көп нәрсесін жаратпайтынын жақсы білеміз. Бірақ, мен сіздің өзіңізден кейінгі билікті сынауыңызды орынсыз деп білемін. Бір кездері сізде мүмкіндік болды. Сіз бақандай сегіз жыл президент болдыңыз», – деді сенаттың республикалық көшбасшысы Митч Макконел Обаманы сын садағына алған кезінде. Макконелдің ашудан түтігуіне Обаманың сайлау барысында Джо Байденді барынша қолдағаны түрткі болды.

Естеріңізге сала кетейік, Обама президент болған тұста Джо Байден вице-президент еді.

«Бұрынғы президент жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқара алмаса да, өз партиясының атынан елдегі саяси істерге әсер етудің қуатты тетігі болып қала береді. Саяси партиялар мен партиялық мекемелер  АҚШ-та өте ықпалды», – дейді ресейлік саясаттанушы Виктория Журавлева.

Рас, Хиллари Клинтонның жеңілісінен кейін елде демократияның құлдырауы басталды. Клинтон кланының партияға ықпалы төмендеді. Президенттікке келесі үміткердің кім болары белгісіз болғандықтан, Обама саяси сахнаға шықты.

Америкалық New York Magazine және Vanity Fair басылымдарының дерегінше, Трамп билікте болған төрт жылдың ішінде Обама халықтың оны не үшін президент ретінде таңдағанын түсінуге тырысқан. Сонымен қатар, Politico басылымының мәліметінше, Обама президенттікке басты үміткер болған сенаторлар Берни Сандерс, Элизабет Уорренмен, Массачусетстің экс-губернаторы Деваль Патрикпен және өзге де үміткерлермен кездесу өткізген. Сондай-ақ, Обаманың көмегімен партияның соңғы үміткері Джо Байден атанды.

Джо Байден үміткер атанғаннан кейін Барак Обама сайлау науқанына тікелей араласа бастады.

«Ең бастысы, бұл пандемия басшылық лауазымдағы көптеген адамдардың өз істерінің білгірі деген жаңсақ түсініктің пердесін сыпырып тастады. Олардың көпшілігі бір нәрсені жасап жатқанда, бұл үшін жауап беретіндіктерін қаперіне де алмайды», – деді Обама өз үндеуінде.

Обама «басшылық лауазымдағы» адамдардың атын атап, түсін түстемесе де, көпшілік оның бұл сөздерін Трампқа бағыштағанын  жақсы түсінді. Мұнысын New York Times, CNN, Washington Post және өзге де басылымдар «Обама Трампқа қарсы ойын бастады» деп оқырмандарына ұсынды.

Барак Обама тек президенттік сайлауға араласумен ғана шектелмеді. Мәселен, Алабама штатының сенатына үмітер Даг Джонсты қолдауға шақырып, үгіт жүргізді. Ал, республикашыл үміткер Рой Мурға Трамптың өзі тікелей қолдау көрсеткенін ескерсек, мұны кездейсоқтыққа балау бекер.

2020 жылғы президенттік сайлауда Джо Байден Дональд Трамптан басым түсіп, жеңіске жетті. Көптеген сарапшылар Трамп билігінің әлсіреуіне коронавирустың салдары әсер еткеніне сенімді.  Себебі, оның билігі кезінде АҚШ ауруға шалдыққандар саны бойынша көш бастады. Ал, басқалары «Обама қолдамағанда Байден жеңіске жетпес еді» деп санайды.

Байден мен Обаманың арасындағы байланысты республикашылдар бірнеше мәрте үзуге тырысты. Қызғаныштың қызыл итін оятып, бір-біріне өшіктіруге барын салды. Олар Байденнің қартайғанын, оған қарағанда президет болуға Обаманың әбден лайық екенін айта бастады. Сондай-ақ, Обама Байденнің айналасына өз адамдарын шоғырландырып, билікті сахнаның сыртында жүргізгісі келеді деп болжам жасады. Іс жүзінде олардың болжағанындай болмады. Әкімшіліктегі ең маңызды лауазымдардың көпшілігін Байденнің жақын достары иеленді. Мәселен, Энтони Блинкенді Мемлекеттік хатшы, Джейк Салливанды Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметіне алды.

«Обаманың қолдауымен президент болды» деген айыптаулар Байденнің шамына тиетіні анық. Бәлкім, бұрынғы бастығының 60 жылдық мерейтойына барудан бас тартқаны содан болар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Барак Обама болсын, Дональд Трамп болсын, Джо Байден болсын барлығы да тарихтағы өз миссиясын атқарады. АҚШ-тағы республикашылар мен демократтардың текетіресіне жуық арада нүкте қойыла қоймас. Маргарет Тэтчер айтқандай, «Еуропа тарихпен, Америка философиямен құрылды». Ал, республикашылар мен демократтардың тартысы қытайдың инь мен янь философиясына ұқсайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here