Кәріпбек Күйіков: «Менің суретімді Елбасы Барак Обамаға сыйға тартты»

0
4839

Кәріпбек Күйіков – «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсендісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі, қылқалам шебері. Радиацияның салдарынан дүниеге қолсыз келсе де, сурет өнерін игеріп, туындыларымен адамзаттық ой айта білген қайсар жан. Суретші қылқаламының көмегімен экологиялық мәселелер көтеріп қана қоймай, өмірдегі қиыншылықтарымен де қатар күресті. Ол адам рухының мықтылығына мысал бола алатын тұлға. «Мен аяғыма нық тұрып, өмірді тістеп ұстап тұрамын». Бұл – қылқаламды аузына қыстырып, майлы бояуды аяғымен ұстайтын суретшінің өмірлік ұранына айналған сөз! Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Семей полигонының жабылғанына және Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бет-бейнесіне айналған суретшінің өмір жолы мен шығармашылығына, тұшымды ойларына тоқталады.

«ҚОС ПЕРЗЕНТІ ШЕТІНЕП КЕТКЕН ОТБАСЫНДА ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚОЛСЫЗ ДҮНИЕГЕ МЕН КЕЛДІМ»

Суретшінің ата-анасы ұзақ жылдар бойы Семей ядролық полигонына 20 шақырым қашықтықта орналасқан Мыржық ауылында тұрған. Кейін Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылына көшіп барған. Сол жерде 1968 жылы Кәріпбек дүниеге келген. Егіндібұлақтың да полигоннан қашық болғаны шамалы. Сынақ алаңынан 100 шақырым жерде орналасқан. Радиация таралымының өте жақын болуы жергілікті тұрғындардың өмірі мен денсаулығына аса ауыр зардабын тигізді. Кәріпбектің анасы жеті рет құрсақ көтерген. Суретші үйдің ортаншысы.

«Менің алдымда бір ұл мен қыз болды. Бірақ, олар белгісіз себеппен шетінеп кетті. Біздің ауылдың тұрғындары сырқаттанғанда, диагноз қойған ешкім болмады. Тіпті, әскери сынақтар туралы да ескертпейтін. Менің анамның жағдайын елестетіп көріңізші. Қос перзенті шетінеген екі жылдан кейін мен қолсыз дүниеге келдім. Ал, перзентханада дәрігерлер әкеме мені өздеріне тастап кетуді ұсыныпты. Алайда, әкем ойлана келе, «нәресте өз отбасында өмір сүреді» деген шешім қабылдайды», – дейді өткен күнге шегініс жасаған кейіпкеріміз.

Кәріпбек Күйіков қолсыз дүниеге келсе, кейбір балалар психологиялық ауытқушылықпен, қан аздықпен, басқа да ауыр сырқаттармен дүниеге келді. Тіпті, құрсақ көтере алмай, түсік тастағандар қаншама?! Мұның бәрі адамзатқа жат эксперименттің зиянды салдары. Сөйтсе де, Кәріпбектің ата-анасы еш мойымады. Балаларына барынша қамқорлық көрсетті.

«Анам таңертең тұрғанда маған бір аяушылықпен қарап өтетін. Ештеңе демесе де, оның ойындағысын түсінетінмін. Сірә, ол да басқа балалардың ата-анасы сияқты «қораны тазала, сиырға су бер» деп айтқысы келетін болар. Бірақ, мен істей алмайтын болған соң, амалсыз бәрін өзі істейтін», – деп күйіне еске алды суретші.

Алматыда протездеу институты барын естіген Кәріпбектің әкесінде үміттің ұшқыны пайда болғаны рас. Көп ұзамай үмітін үкілеп жеті жасар баласын Алматыға әкеледі.

«Мен алты жасыма дейін өз үйімде болдым. Ауыл шағын болғандықтан, әңгіме тез тарайтын. Ал, әкем Алматыда протез жасайды дегенді естіген соң, дереу сонда бардық. Ол кезде онда Ленинградтан келген профессор жұмыс істеді. Ол мені өзімен бірге Нева қаласына алып кетуді ұсынды. Мектеп қабырғасындағы жылдарды Невадағы интернатта өткіздім. Жазда Ленинград протез жасау институтында болдым. Онда маған әртүрлі қол протездері жасалды. Белдіктері иықтан аяққа дейін тартылатын және белге корсет тағатын. Құдды бір парашютшінің киіміндей еді. Бірақ, мен үшін бұл ыңғайсыздық тудырды. Кигім келмейтінін айтып жылаған кездерім де болды. Енді қазір сол кезде дәрігерлердің мені протезді киюге көндіре алмағандарына аздап өкінемін. Себебі, бала кезден аяқтың көмегімен ас ішіп, сурет салып машықтанғандықтан, омыртқам қисайып, кеуде сүйектерім ішкі ағзаларымды қажай бастады. Хош! Кейде мұндай эксперименттер қызықты болатын. Оқу аяқталып, үйге қайтарда дәрігерлер маған қарапайым тартқыш, косметикалық протез жасап берді. Бірақ, мен оған да үйрене алмадым. Артық жүк сияқты көрінді. Сондай-ақ, ауыр газ протезі де болды. Екі иыққа арналған екі баллоны және пульті мен кнопкасы бар еді. Біреуін басқанда жасанды қолдың білегі ашылып, екіншісі бұрылады. Ал, үшіншісі шынтақтың қолға икемделуін қамтамасыз етеді. Робот тәрізді. Сонымен қатар, бұлшықетішілік протездер де жасалды. Оның сенсоры иық бұлшықеттеріне хирургиялық жолмен енгізілді. Бұлшықетті қысқанда контакт іске қосылып, протездің механизмі жұмыс істейді», – деп өткен күндерден естелік айтты суретші.

2016 жылы өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол тұстағы АҚШ Президенті Барак Обамаға Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» атты картинасын сыйға табыс етті

«СУРЕТ САЛУДЫ ӨЗДІГІМНЕН ҮЙРЕНДІМ»

Кәріпбек Күйіков жастайынан сурет салуға дағдыланды. Сұлулық пен жасампаздыққа құштар жанға қолының жоқтығы кедергі бола алмады.

«Сурет салуды өз бетіммен үйрендім. Кеңес Одағы кезінде бірінші сыныпқа бардым. Онда үйірмелер көп еді. Балалардың сурет салып жатқанын көріп, оларға қызығып мен де байқап көргім келді. Қолдарым болмағандықтан, қылқаламды башпайларыммен ұстап, кейде тістеуге мәжбүр болдым. Сурет өнеріне төселе бастаған кезде мұғалімдер мені мерекелік плакаттар мен стендтер салуға мәжбүрлейтін. Тек сурет қана салған жоқпын. Ағаш та ойып көрдім, мүсін де жасап көрдім. Қысқасы, қатарластарым нені жасаса, соны жасауға тырыстым. Бір ерекшелігі, бәрін аяқпен жасайтынмын», – дейді талант иесі.

Өршіл жас мектепті аяқтаған соң, Қарағанды университетінің көркем-сурет графика бөліміне оқуға түсіп, кәсіби суретші болуды армандады. Бірақ, арманына жету үшін мүгедектігін өзі ысырып қойғанымен, қоғам қабылдай алмаса керек. Университет ректоры талапкерге «сабақ кезінде өзге студенттердің көңілін бөлесің әрі бізде саған арналған жатақханада бөлме жоқ» деген уәжбен арқадан қағып шығарып салады. Қыңыр шешім Кәріпбектің меселін қайтара алмады. Әйтсе де, Суретшілер одағына кіру мүмкіндігінен қағылды. Өйткені, одаққа мүше болу үшін кәсібилігін растайтын диплом талап етілді. Рухы асқақ азамат бұған да көнді. Дегенмен, кәсіби суретші болам деген мақсатынан еш айныған жоқ.

«Ойланып-толғана келе, мейлі диплом қажет емес деп шештім. Кітапханадан сурет өнеріне қатысты арнаулы әдебиеттерді ақтардым. Өзіме керек білімнің барлығын сол кітаптардан таптым», – дейді шексіз мүмкіндіктің иесі.

Кәріпбек Күйіков жеті жасында Ленинградқа кеткеннен соң, 18 жасына дейін туған жерінен жырақта өмір сүрді. Өзінің елге оралғандағы әсерін баяндай келе: «Осы жылдар ішінде мен туған ауылым туралы мүлде ұмытып кетіппін. Біздің даламыз сондай кең екен. Көптеген жылдар бойы Ленинградта жүріп, зәулім ғимараттар мен дуалдарға етім әбден үйреніп кетіпті. Мен Ленинградта төрт қабырғаның арасында өмір сүрдім. Елге оралған соң маған мүлдем басқаша әлем ашылғандай болды. Қайта туылғандай күй кештім», – деп тебіренеді суретші.

Ауылына келген Кәріпбек Күйіков қалаға жақын аудандар мен ауылдардың арасындағы айырмашылықтарды көріп таңғалды. Қара түсті қардың жаууы, тынысты тарылтатын лас ауа мен науқастанған арық адамдар оның жағасын ұстатты. Алты аяқты жайылып жүрген бұзауды көргенде тіптен таңданды. Мән-жайды әкесінен сұрастыра келе, ондаған жылдардан бері бойы ауық-ауық жер сілкінетінін, тұрғындар өлім-жітімінің жиілегенін, мутант балалардың көбейіп келе жатқанын естіді. Ол заманда мұның себеп-салдарын тәптіштеп түсіндіретін ақпарат көздерінің болмағанын жақсы білеміз. Соған қарамастан Кәріпбек Күйіков Олжас Сүлейменовке хат жазады.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі жас суретшіні Хиросима мен Нагасакидегі ядролық жарылыстың 45 жылдығына орай ұйымдастырылған Алматы-Хиросима телекөпіріне шақырады. Осы әйгілі телекөпірден кейін Кәріпбекке Жапонияда көрмесін өткізуге ұсыныс түседі.

Бұл туралы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов: «1993 жылы тамыз айында Кәріпбек екеуіміз Жапонияда өткен митингте болдық. Митинг үлкен бетон алаңында болды. Жиналған алаңда сап түзеп тұрмай, малдас құрып отырды. Кәріпбек сөз алып былай деді: «Біздің «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының символы – көтерілген қол. Біз полигонға қарсымыз. Бірақ, мен бұл қимылды жасай алмаймын. Өкінішке қарай, полигондағы сынақтардың кесірінен қолсыз туылдым. Мен сіздерден, жапондардан осы қимылды мен үшін жасауларыңызды өтінемін. Себебі, оның зардабын сіздер де бастарыңыздан өткердіңіздер». Сол сәтте алаңдағы үш мың адам орындарынан өре түрегеліп, қолдарын көтерді. Бұл ерекше сәт. Өкінішке қарай, ол кезде бізде мұны суретке, бейнетаспаға түсіретін техникамыз болмады. Егер түсіріп алғанымызда әлі де көрсетуге тұрарлық тарихи таспа болар еді», – деп тебірене еске алады.

Содан кейін суретшінің көрмелері Жапония, АҚШ, Германия, Түркия мен Қытайда өтті. Осылайша, суретші қылқаламының құдіретімен қазақ даласының қасіретін күллі әлемге жария етті.

Семей полигонының зардабын тартқан Кәріпбек Күйіковтің тісімен немесе аяқтарының башпайының көмегімен салған суреттері полигонның қасіретін көз алдыңызға әкеледі

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫН ТАҢДАҒАНЫН ЕЛБАСЫ БҮКІЛ ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТТІ»

Суретшінің «Құрбандар», «Алғашқы жарылыс», «Жарылыс», «Радиоактивті балалық шақ», «Ана қорқынышы», «Берік», «Арал теңізі», «Жердің күңіренуі», «Егіндібұлақ» сынды танымал картиналары бар. Ол туындыларының нақты санын білмейтінін айта келе: «Майлы бояумен салынғандардың саны шамамен бес жүз болар. Одан бөлек көптеген акварель эскиздері, қарындашпен жасалған сызбалар, графикалар, сиялы суреттерім де бар. Менде картиналарымның аз бөлігі ғана қалды. Көбісі өзім барған елдердің жеке және қоғамдық жинақтарында ілінулі тұр», – дейді.

Суретшінің шығармалары әлемде сұранысқа ие және ол үшін қомақты қаражат ұсынатындардың қатары көп. Әйтсе де, Олжас Сүлейменовтің сөзінше, «Суреттер Кәріпбекке пайда әкелмейді. Негізінде ол суреттерін достарына, туыстарына береді. Достары АҚШ-та сатқан суреттерінен түскен ақшаны ол Егіндібұлақтың балаларына дәрі-дәрмек алуға жұмсайды. Ол нағыз миссионер».

2016 жылы 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында Вашингтонда өткен әлемдік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президеті Барак Обамаға Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» туындысын сыйға тартты.  

«Барак Обамаға сыйға тартылған суретте мен өзімнің әкемді бейнелеген болатынмын. Ядролық бомбаның жарылысын көріп, көзін жауып тұрған бейнесін салдым. Сурет менің ғана емес, Қазақстан халқының ұстанымын көрсетеді. АҚШ-тың қазіргі де, кейінгі де президенттеріне ой салады деп үміттенемін. Бірақ, туындымның Ақ үйден орын алатынын күтпеген едім», – дейді суретші.

2017 жылы шотландиялық саясаткер Билл Кидд Кәріпбек Күйіков пен Нұрсұлтан Назарбаев екеуін ядролық қарусыздануға қосқан үлестері үшін атақты Нобель сыйлығына ұсынды.

2018 жылы қазан айында Австрияда Кәріпбек Күйіков  Халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды.

«Қандай да бір жетістікке жетсем, бірінші кезекте ол ата-анамның арқасы. Дәрігерлердің үкіміне қарамастан мені далаға тастамай, бағып-қағып осы күнге жеткізді. 6 жасымнан бастап сурет сала бастадым. Қабілетімді алғаш байқап, қолдау көрсетіп, шығармашылық тұрғыда ілгерілеуіме ықпал еткен де осы жүрегіме ең жақын адамдар», – дейді.

Кәріпбек Күйіковтің шығармашылығын суретшілер мен көрермендері ғана емес, экологтар да жоғары бағалайды. Мәселен, эколог Виктор Калмыков: «Кәріпбектің әрбір картинасы үлкен әсер қалдырады. Ол өз туындыларында қылқаламның құдіреті мен атом бомбасының зардабын көрсете отырып, әлемді аждаһадан бас тартуға шақырады. Өкінішке қарай, қазір жер жаһанда ядролық қаруы бар мемлекеттердің саны азайған жоқ. Сондықтан, Кәріпбектің картиналарын біздің жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан үлкен күрес деп айтуға болады», – деп баға берді.

2019 жылы БҰҰ мінберінде Кәріпбек Күйіков: «Қазақстан ядролық сынақтардың ауыр тақсіретін тартқан ел. Сол себептен жойқын қаруларды жоюға бағытталған бастамаларды ұсынуға толық хақы бар. Жақында жасым елуге келді. Оның 25 жылын ядролық қаруға қарсы күреске арнадым. Халықаралық қауымдастық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы саладағы еңбегін қолдайды.  Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы қарарға қол қойып, Қазақстанның бейбітшілік пен игілік жолын таңдағанын бүкіл әлемге паш етті. Бұл өзге елдерге үлгі тұтар іс болды», – деп сөз сөйледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кәріпбек Күйіков табанды күресін күні бүгінге дейін жүргізіп келеді. Ол азаматтық ұстанымдарынан бас тартпады. Жер Ананың сұлулығын кенепке түсірумен ғана шектелмей, оның адал қорғаушысына айналды. Өмірінің мәнін шығармашылықтан, адамзат үшін күрестен тапты. «Мен жанұялы бола алмадым. Балаларым да жоқ. Бірақ, жасаған жұмыстарым ұрпақтарым сияқты. Мен өмірден өткен соң артымнан қалатын мұра осы суреттерім», – дейді бүгінгі кейіпкеріміз.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here