«Ерлік ескірмейді»

0
3532

Байтұрсынұлы!.. Бұл есімді, ұлы Ахаңды – Ахмет Байтұрсынұлын бар қазақтың баласы біледі. Біздің айтайық деп отырғанымыз, ол да Байтұрсынұлы. Қазақтың талантты қаламгері Дәулетбек Байтұрсынұлы. Бұл есім де тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетіне қазақтың белгілі ақындарының бірі ретінде жақсы танымал есімдердің бірі. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 1990-жылдардың басында азат Отанға келген алғашқы топ қазақ зиялыларының бірі ретінде тәуелсіздікке ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етті. Ақын ретінде, қайраткер ретінде өзін рухани ортаға жақсы танытты. Әлеуметтік жұмыстардың бел ортасында жүрді.

Дәулетбек Байтұрсынұлы – ақын, аудармашы, көсемсөзші, түркі дүниесі поэзия сыйлығының, халықаралық «Ильһам» әдеби сыйлығының, қырғыз елінің Молда Бағыш атындағы сыйлығының, басқа да марапаттардың иегері. «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Сенің арқаң», «Ләтипа лүпілі», «Топыраққа сіңген нұр», «Ясин-Нұр», «Ақыреттің егіні» секілді жыр жинақтарының, «Төлеген оқыған хат», «Өлместің суы бар ма?», «Өмірдің өзі» прозалық кітаптарының авторы. Одан басқа ұйғыр, қырғыз, түрік, әзербайжан тілдерінен аударған көркем аударманың авторы.

Жақында қаламгердің «Мерей» баспасынан «Ерлік ескірмейді» деп аталатын жаңа кітабы жарық көріпті. Оған қаламгердің көсемсөз жанрындағы естелік-эсселері, сын-сараптамалары, ой-пікір, көзқарастары енгізіліпті. Расын айта кетейік, кітап белгілі кәсіпкер, меценат Қанат Зейноллаұлы президенті болып отырған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениетті қолдау қорының» «Зейнолла Сәніктің кітапханасы» сериясымен шығыпты. Иә, бұл деген көңілге қуаныш сыйлайтын құптарлық іс екен. Осы жерде аталған қордың қазақ руханиятына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын, Қанат Зейноллаұлы сынды мәдениет пен әдебиетке жақын азаматтың еңбегін ескеру орынды. Оны айтпай кету дұрыс болмас еді.

Кітапты автор «Ерлік ескірмейді» деп атапты. Несі бар, кітаптың ішкі мазмұнын ашатын кітапқа лайықты ат екен. Кітапқа енген атақты Бауыржан Момышұлы туралы мақалада осылай аталған. Тағы бір жағынан қарасақ, кез келген мақсатқа жетуге талантпен қоса ерлік керек. Әдеби жұмыс та ерлікке пара-пар!

Бас-аяғы бес бөлімнен тұратын кітапқа автордың әр жылдары жазылған, дәлірек айтсақ, 1988 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта жазылған мақалалары топтастырылыпты. Кітапты қолға алып парақтап соңына шыққанымызда біздің бір байқағанымыз, кітаптың ескірмейтін естеліктермен ой толқындарынан, сараптамалық пікірлерден тұратындығы. Ал, оқып шыққасын аңғарғанымыз, қаламгер өзінің жанрын дәл тауып, публицистика жанрындағы қолтаңбасын айқын танытып, шебер көсемсөзші қаламгер екенін көрсетті.

Кітап «Сын-сарап» деген бөлімнен басталыпты. Кітаптың бірінші беті «Адамзаттың Абайы» деген мақаламен ашылған. Абайдан бастап Көдек Маралбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Нұрқасым Қазыбеков, Смағұл Елубай, Тұрлыбек Мәмесейітұлы, Дәулетбек Қаңбақов шығармашылығына шолу жасап, жеке-жеке шығармаларын талдап, синтездеп отырса, Сапабек Әсіп, Сағынғали Сейітов, Қалмұхан Исабаев, Талаптан Ахметжан, Зейнолла Сәнік, Жұмабек Кенжалин, Әзілбек Кіназбек, Жұмабек Табын, Ермұрат Зейіпханұлы секілді тұлғалар туралы эссе-реквиемдері осы аяулы тұлғаларға деген құрметің мен сағынышыңды оятады.      

Тамыры бір болғанымен, тағдыры басқа Қытайдағы қазақ әдебиеті туралы да, Қазақстандағы туысқан халықтары әдебиеті, соның ішінде ұйғыр әдебиеті туралы да жазылған ойлы, салмақты мақалалары оқырманды риза етеді. Сонымен қатар, өзінің замандастары Баяхмет Жұмабай, Серік Нұғыман, Төреғали Тәшенов, Ләззат Игісін, Құл-Керім Елемес, Болат Құрманғажы еңбектеріне де оқырманмен ой бөліскен қаламгер «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп Мағжан ақын жырлағандай, өзінен кейінгі жас толқынның шығармашылығын қадағалап оқып, ағалық қамқорлық көрсетіпті. Жас толқын шығармашылығы туралы да рецензия, сын мақалалары орын алыпты. Оған дәлел кітапқа енген Мақпал Жұмабай, Әбдіғани Пазылжанұлы, Ұларбек Нұрғалым, Серікбол Хасан, Айнұр Оразбайқызы, Ержан Жұмабек, Қастер Сарқытхан, Айгерім Қиықбай, Алғадай Әбілғазы, Ақжол Әлештердің шығармашылығы туралы әр кезеңде жазылған мақалалар және олардың кітаптарына жазған алғысөздері бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» демей ме?!

«Тау алыстан биік көрінеді» деген мақала белгілі жазушы Нұрқасым аға Қазыбековке арналыпты. Онда Қазыбековтың шығармашылығы және біз білмейтін қайраткерлік болмысымен танысамыз. Өз шығармашылығында ұлттық сипатты сақтауды мақсат етіп, ұлт намысын ту еткен жазушының көркем шығармаларының өзегі ұлт тәуелсіздігі, сол тәуелсіздіктің тарау-тарау жолдары екен. Жазушылықтан сырт әдеби сын, әдеби портреттер де жазып, сыншы ретінде де мойындалған қаламгердің Шығыс Түркістандағы қазақтардың әдебиеті мен Моңғолиядағы ағайындардың әдебиетін тереңінен індете зерттеп әдеби сын мақалалар мен портреттер, зерттеулер жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазақстан мен шетелдегі қазақ әдебиетінің арасына тұңғыш әдеби, дипломатиялық байланыстар орнатқан да осы Нұр ағамыз Қазыбекұлы екен. Жазушы осы жағынан Қытай мен Кеңес Одағы сынды екі ірі империяның арасындағы қатқан мұз әлі де жіби қоймаған, саяси жүйенің қылышынан қаны тамып тұрған заманның өзінде ерлікке пара-пар жұмыстар істепті. Екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысқа тұңғыш жол салыпты. Соның дәлелі ретінде Қазыбекұлының құрастырып, алғысөз жазуымен Қытайдағы қазақ әдебиетінің (прозаның) көрнекті өкілдері Рахметолла Әпшеұлынан Әкпар Мәжитұлына дейінгі жиырмаға жақын жазушының таңдаулы әңгімелерін 1989 жылы «Сәлемдеме» деген атпен «Жазушы» баспасынан шығартса, тағы сол жылы қазақстандық көрнекті жазушылар Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Әкім Тарази (Әшімов), Сейдахмет Бердіқұлов, Дүкенбай Досжанов, Сәкен Жүніс, Роллан Сейсенбаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Оразбек Сәрсенбаев, Кәдірбек Сегізбаев, Әнес Сарай, Сайымжан Еркебаев, Марал Ысқақбаев сынды жазушылардың еңбектерін «Орамал» деген атпен «Шынжаң халық баспасынан» шығартты. Кітаптың алғысөзінде «Әңгімелер жинағын Қазақстан Жазушылар одағы сын бөлімінің кеңесшісі Нұрқасым Қазыбеков құрастырған. Қазыбековтың әдебиет ауысу жағында қосқан бұл үлесіне айырықша алғыс айтамыз!» деп жазған.

Қытай түрмесінде қырық жыл өмірін өткізіп, саяси тұтқын ретінде өмір бойы бақылауда болған жазушы Қажықұмар Шабданұлының шығармаларын алғаш елге әкелген, насихаттаған, атақты «Қылмыстың» алғашқы тарауларын сонау 1991 жылдың өзінде «Жалын» журналына апарып, бөлім редакторы Мереке Құлкеновке айтып жариялатқан да Нұрқасым Қазыбеков екенін Дәулетбек Байтұрсынұлының мақаласын оқығанда барып білдік, таңғалдық, тамсандық, риза болдық. Сөйтсек, тыңға түрен салып, ең алғаш елді құлақтандырған, көз майын тауысып, саусағын талдырып төте жазудан кириллицаға қотарған, романнан үзінді жариялатқан атсыз қаһарманымыз Нұрқасым аға екен. Иә, Мұқағали Мақатаевтың артында қалған асыл мұрасын, қолжазбаларын алғаш реттеп баспаға дайындаған да, зерттеген де Нұрқасым аға Қазыбекұлы екенін Қарасазда өткен Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойындағы жиналыста биік мінберден сөз сөйлеген Бексұлтан Нұржекеев айтыпты.

Мақаладан тағы да мынадай деректерді білдік: «Осыдан көп жыл бұрын «Жазушы» баспасының келісімімен Қытайда басылған «Қазақ қиссаларының» 16 томын арапша төте жазудан (Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі) кириллицаға көшіріп, редакциясын қарап, түзетулер мен толықтырулар енгізіп баспаға дайындап берген. Сол еңбегі де тасада қалып, атаусыз кетті». Осы жолдарды оқығанда еріксізден көңілің құлазып, көзіңе жас келеді. Ұлттық руханияттың игілігі үшін жасалған соншалықты мехнаты, үлкен ауқымды жұмыстың бағаланбағанына налисың!.. Шеттен келген қандастарға, оның ішінде әдебиетпен, ғылыммен айналысқан інілеріне ағалық алақанының жылуын өткізіп жүрген үлкен жүректі азамат, қамқор тұлға болғанын жазады мақала авторы. Мақала «Қаламгерлікте қажырлы еңбек еткен, әдебиетте әдемі із қалдырған, елге еткен еңбегі ертеңге жетер жазушының бірі осы кісі деп айта аламыз. Мүмкін бір мезгіл көмескі тартар, айтылмай тасада қалар… Бірақ, тіл, дін деп тәуелсіздікті мейлінше қастерлеп жазып өткен Нұрқасым ағаны саналы ұрпақ архивтен аршып, қажетіне жаратып отырары анық» деп аяқтапты. Біз де солай ойлаймыз. Асқар таулар аласармайды. Таулар алыстаған сайын биік көрінеді. Демек, қас таланттардың болашақпен қауышатынына еш күмән жоқ. Болмайды да!..

Өзінің бүкіл шығармашылық өмірін Жетісудағы ұлт азаттық көтерілісін жазуға арнаған Шығыс Түркістандық жазушы Әскер Тойғанбекұлының «Қайран елім» роман трилогиясы туралы мақаласын оқып отырып, Шығыс Түркістандағы қазақ прозасының (әдебиетінің) көрсеткішін көргендей болдық. Жазушы үш кітаптан тұратын роман-трилогиясын жазуға отыз жыл өмірін жұмсапты. Тарих қатпарына тереңдеп барған қаламгердің Әлмерек Абыздан басталған ұрпақ жалғастығын сабақтастыра отырып, қытай мен орыс екі империяның арасындағы қақтығыстардың куәсі болған екі державаның назарына ілініп, Жетісудағы ұлт азаттық көтерілісінің жетекшілерінің бірі – әйгілі 1916 жылғы «Албан көтерілісі» («Қарқара көтерілісі» деп те аталады) төңкерісінен өрбітіп, қуғын-сүргіннен ұрпақты сақтап қалу үшін жанталасқан ауған елдің жан арпалысын, күрескерлігін, азаттыққа деген ұмтылысын арқау еткен шығарма қытай мен орыстың ортасында жазықсыз отқа күйген Жақыпберді батырдың ерліктеріне жалғасып, Албан, Суан, Қызай руларының арасында ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өшпестей із қалдырған Көдек ақын мен Қожеке күйші дәуірлеріне дейінгі Жетісу жеріндегі бес ғасырға созылған тарихи оқиғалар қамтылған екен.

Роман-трилогия туралы мақала авторы мына пікірлерді алға тартады: «Романнан менің байқағаным, Әскер Тойғанбекұлында біріншіден, қазақтың дәстүрлі әңгімешілдігі толық көрініп тұрады. Жас кезінен әңгімеге құштар, сөзге ұғымтал, тарихқа зерек болғаны айқын аңғарылады. Екіншіден, қаймағы бұзылмаған қазақтың қалың ортасында жүріп, тілді, салт-дәстүрді тереңінен меңгергені сезіледі. Қазақ тілінің көркем сипаттарын барынша емін-еркін қолданумен бірге жергілікті қолданыстағы сөздерді де орны-орнымен пайдаланып, кейіпкерлер характерін ашып отыруды да ұмытпапты. Нақтырақ айтсақ, Албан тайпасының арғы-бергі шежіресі мен шешендік сөз саптаулары өзіндік мақамы, тіл қолданыстары боямасыз беріліп, жазушының суреткерлік қолтаңбасы айқын көрініс тапқан. Үшіншіден, жазушының жан түкпіріндегі ұлтқа деген махаббаты, қазаққа деген жанашырлығы, көркем ой-қиялы өзі сомдаған кейіпкерлерінің (Тазабек, Жақыпбек, Көдек, Қожеке секілді) сөзінен, іс-қимылдарындағы әрбір әрекеттерінен (батырлығынан, ақындығынан) көрініп отырады». Автор Дәулетбек Байтұрсынұлы оқырман ретінде де, әдебиетші ретінде де «Қайран елім» роман-трилогиясы туралы пәрменді пайымдаулар жасап, бұл Әскер Тойғамбекұлының шығармашылығына тән ортақ сипат екенін қадап көрсетеді. 

Қаламгердің Қазақстандағы туысқан халықтары әдебиеті туралы, соның ішінде ұйғыр әдебиеті туралы жазылған мақалаларымен таныспыз. Бұл кітапқа автордың ұйғыр әдебиеті туралы жазылған төрт мақаласы енгізіліпті. Бұл мақалаларында автор Қазақстандағы ұйғыр әдебиетін, ұйғыр әдебиетінің көзі тірі классигі, көрнекті жазушы-драматургі Ахметжан Аширидің шығармашылығымен байланыстыра зерттеп, сол арқылы ұйғыр әдебиетінің қазіргі жағдайын, Ахметжан Ашири шығармашылығының сипатын, жазушының «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текін» тарихи дилогиясы және «Ділі зия» романы, «Нұрана» («Шарбақ»), «Жалғыз жалбыз» пьесалары арқылы қарастырыпты. Автор жазушы-драматург Ахметжан Аширидің біз атаған шығармаларын жеке-жеке талдап, әдебиетші ғалымдардың пікірлерін келтіріп, өзінің авторлық пайымдауларын алға тартады. Белгілі әдебиеттанушы Альмира Қали «Ахметжан Аширидің «Идиқұт» атты тарихи драмасы автордың осы аттас тарихи романының желісімен жазылған. Қазақстандағы ұйғыр драматургиясының соңғы жылдардағы табысы. Әдебиет және театр сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған драмалық туынды. Ұйғыр халқының орта ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Шығарма тарихтың талай-талай ауыр замандарынан өтіп, бүгінге жеткен рухани құндылықтар мен ұлттық жадыны сақтау идеясы арқау болған» дейді. Ал, бұл пікірді толықтыра түскен мақала авторы «Бұл роман дилогияда Юан хандығы дәуіріндегі Ұйғыр-Қошу-Идиқұт мемлекетінің диқаншылық, қол өнері, сауда-саттық мәдениеті, діни таным-сенімі (будда діні) қаламгердің шығармашылығынан қағыс қалмайды» деген пікірді алға тартады.

Біз сөз етіп отырған Ахметжан Ашири туралы жазылған «Сегіз ғасыр және сексен жыл» деген портреттік мақаладан ол кісінің шығармашылық бейнесі мен тұлғалық бейнесін білеміз. Саналы ғұмырын қазақ қаламгерлерімен бірге өткізген жазушының қазақ халқының адал досы болғанын аңғарамыз. Қазақтың асыл текті арда азаматтары Қалихан Ысқақ, Нұрқасым Қазыбеков, Жүсіпбек Қорғасбеков, Сейдахмет Бердіқұлов, Нұрлан Оразалин ағалармен өмірде, өнерде үзеңгі жолдас болғанын, бір-біріне жанашыр аға-іні болғанын жазады. Ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықтың осындай жеке тұлғалар арасындағы жылы қарым-қатынасынан басталатынын еске салады.

Ахметжан Ашири ақсақал жазушы інісі Жүсіпбек Қорғасбектің бір ерлігін ылғи да айтып жүреді екен. Оны да Байтұрсынұлының мақаласын оқығанда білдік. Автордың мақаласындағы мына бір абзацты бөліп алып цитата келтірсек дейміз: «Ахметжан Аширидің ылғи аузынан тастамай айтып жүретін әңгімесінің бірі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек туралы болып келеді. 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» кейінгі кез… Ахметжан Ашири Қазақстан Жазушылар одағының партия комитетінің хатшысы болатын. Одаққа аты шулы Колбин келіп жиналыс ашады. Сол күні Жұбан Молдағалиевтің ащы дауысы, Сафуан Шаймерденовтың жан күйзелісі естілді. Адамның басына бергісіз толқыған күй, қысылған сәт өтіп жатады. Екі оттың ортасында қалған Ашири қаны көтеріліп, есінен танып құлайды. Біреуді біреу біліп болмайтын минуты мың жылға тең сол мезетте жас жігіт Жүсіпбек Қорғасбек ес-түссіз жатқан Ахметжан ағаны балаша көтеріп, топ ішінен алып шығып, «Жедел жәрдемге» жеткізіп құтқарып қалады. «Кімнің не айтқанын, кімнің кім жақта болғанын ешкімге айтпаймын. Мені ажалдан арашалап қалған Жүсіпбекті және жайдың отындай жарқ етіп өте шыққан ол күнді ешқашан ұмыта алмаймын» деген жазушының жан сыры біз білмейтін сол бір алмағайып заманның тынысын аңғартатындай».

Кітаптың «Сыр-сұхбат» деген екінші бөлімінен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын алғаш басқарған Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлымен және Шыңғысхантанушы Тілеуберді Әбенайұлымен болған мәнді де мазмұнды сұхбатын оқи аласыздар.

«Өнер» деп аталатын үшінші бөлімінде талғампаз қаламгердің театр және бүгінгі драматургия туралы «Қазақтардың» қазақтарға айтары бар» (Қалихан Ысқақ пен Шахмерден), «Қорқыттың күйі» (Иран Ғайып пен Йонас Вайткус), «Дастарқаннан аттау даңқ па?» (Дулат Исабеков және Алма Кәкішева), «Гүлдер мен Семсер» (Ә.Рахимовтың аудармасы) мақалалары бүгінгі режиссура мен драматургия, актерлік шеберліктегі қолтаңбалар, тіпті кемшіліктерді де талғампаз көрермен ретінде, сарапшы ретінде нақпа-нақ дәлел-дәйегімен көрсетеді.

«Көзқарас» деп аталатын төртінші бөлімінде автордың әлеуметтік мәселелер, журналистика, тағы басқа да мәселелер жөніндегі көзқарастары, азаматтық ұстанымдары топтастырылған. Бүгінгі Қытай мәселесі, шетте жүрген қандастардың тағдыр-тәлейі, ондағы этникалық аз санды ұлттардың өзекті мәселелері көтерілген мақалаларымен «Көлеңке» деп аталатын соңғы бөлімінен танысуға болады. Осы тұста айта кететін бір мәселе, Дәулетбек Байтұрсынұлының осыдан 15 жыл бұрынғы жазған мақаласындағы алдын ала жазған жағдайдың айдай анық келгеніне таңқалмай амал жоқ!..

Кітапқа жалпы автордың әр жылдары жазған жетпістің үстіндегі мақаласы енгізілген екен. Оның бәрін талдап-таразылап көрсету бұл шағын мақаланың жүгі емес. Әрине, түгелдей қамтып жазу мүмкін емес екені белгілі. Біз Сіздерге өзіміз оқыған Байтұрсынұлының жаңа кітабының мазмұны мен сипатын көрсетуді мақсат еттік.

Сөз соңында тағы да қайталап айтамыз, автор өзінің жанрын дәл тапқан. Кітапқа енген әр жылдары жазылған мақалаларынан әр дәуірдің тынысы, бояуы, әр кейіпкердің мінезі мен характері айқын көрінеді. Бұл кітап арқылы ақын, аудармашы Байтұрсынұлын тағы бір қырынан – ойы өткір, қалам қуаты күшті, көсемсөзші екенін жақсы таныдық.

Иә, кешегі ұстаз, бүгінгі әріптес Байтұрсынұлы аманшылық болса, енді бір-екі жылда «Алпысқа келсек екен енді біздер!» деп Мұқағали ағасы армандаған алпыс дейтін асуға рухани қазынасын арқалап беттеп бара жатыпты. Дәукеңді сол биіктен көретін күн де алыс емес екен. Сол биікке аман-есен жетіңіз, қадірлі қаламгер!

Жанайым АУҒАНБАЙҚЫЗЫ, филолог

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here