Газға тәуелді Еуропа Ресейдің «газ қақпанынан» қалай шығады?

0
2248
Еуропалық Одақ елдері 2046 жылға қарай ресейлік газдан бас тартып, су, жел және күннен алынатын энергия көздеріне толық көшуге дайындалып жатыр

Бүгінде Еуропа газдың 37 пайызын Ресей Федерациясынан сатып алады. Соның ішінде Беларусь (100%), Финляндия (100%), Болгария (100%), Грекия (96,4%), Молдова (85,7%), Словакия (84,1%), Латвия (76,5%), Сербия (73,9%), Австрия (70,1%), Польша (64,2%), Германия (61,9%) сынды кәрі құрлықтың 28 елі орыстың көгілдір отынына тәуелді. Әрине, бұл жағдай Мәскеудің оң жамбасына келеді. Сөйтіп, шикізат экспортын саяси қысымның құралына айналдыратын Мәскеу газға тәуелді еуропалық елдерге көзін алартып, азулы тісін батыра алады. Дегенмен, біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүруді білмейтін кәрі құрлық елдерінің орыс газына тәуелділіктен құтылуға бет алғандарына біраз болды. Брюссель 2046 жылға қарай Еуропа елдері ресейлік газға мұқтаж болмай, жаңартылатын энергия көздеріне толық көшетіндеріне сенімді.

«25 жылдан кейін біз ресейлік газды сатып алуды доғарамыз. Бұған қазірден бастап Украина да, басқа елдер де дайын болуы керек», – деп ескертті Ангела Меркель Киевке сапары кезінде.

Германия канцлерінің Украинаны бөліп-жарып атауына өзіндік себебі де бар. Өйткені, газ транзитінен пайдаға кенеліп отырған Украина Батыс елдерінің Путиннің «Солтүстік ағыны-2» газ құбыры жобасына тосқауыл қоймағандарына өкпелі екенін Ангела Меркель жақсы түсінеді. Мысалы, Украинаны айналып өтетін «Солтүстік ағыны-2» газ құбыры іске қосылғаннан кейін 2014 жылы Қырымнан көз жазып қалған ел шамамен жылына 5-6 млрд доллар пайдадан қағылады және украиналықтар үшін нарықтағы газ бағасы қымбаттайды. Ал, ресейлік «Газпром» украиналық «Нафтогазбен» жасасқан қазіргі газ транзиті келісімін 2024 жылы ұзартпайтын болса, онда Украинаға тықыр таянады. Содан бүгін-ертең қызметінен кететін Ангела Меркель осылайша украиналықтарды жұбатпақ болды.

Жалпы, баламалы энергетиканы дамытуға шақырған Ангела Меркель сөзінің жаны бар. Неге десеңіз, экологияны басты орынға қойған еуропалық елдер жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беріп, сөзден нақты іске көшті. Мысалы, бір жыл бұрын Еуропалық Одақ (ЕО) жаңартылатын энергия көздерінен алынған сутегіні кеңінен қолдану стратегиясын ұсынды. Алдағы төрт жылда Брюссель жобаға 180-нен 470 млрд еуроға дейін жұмсауды жоспарлап отыр. Ангела Меркель Киев ЕО-ның негізгі серіктестерінің бірі бола алатынын баса айтты.

Рас, Брюссель үшін Еуропада мұнай-газдың болашағы жоқ. Сондықтан ерте ме, кеш пе Украина бәрібір газ транзитінен айырылады. Сол үшін қазірден бастап Киев баламалы энергетиканы дамытуды мықтап қолға алуы керек. Германия канцлері осыны түсіндірмек болды.

Еуропалық Одақ жаңартылатын энергия көздерінен алынған сутегіні кеңінен қолдану стратегиясын іске асырса, «бір оқпен екі қоянды атады». Біріншіден, экологияны жақсартуға үлес қосады. Екіншіден, Ресей газына тәуелді болмайды.

Француздар, немістер мен австриялықтар жетекші сутегі державасы атануға ниетті. Қазірдің өзінде Германияда осы экологиялық таза отынмен жүретін пойыздар бар. Австрияда үш ірі концерн болат құю саласында сутегін қолдану бойынша бірнеше бірлескен жобаны іске қосты. Енді Брюссель ресейлік газ транзитінен түсетін табысқа жалтақтап отырған Киевтің болашаққа көз тіккен бағдар жасағанын қалайды.

Ақиқатын айтқанда, Киевтің Брюссель мен Вашингтонға өкпелейтін реті жоқ. Батыс елдері Украинаны барынша қолдап келеді. Кеңес Одағы құлағаннан бері жөндеу көрмеген украиналық энергетика инфрақұрылымдарын жаңартуға Еуропалық Одақ ақпан айында қосымша 800 мың еуро бөлді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here