Auf Wiedersehen, Angela Merkel!

0
2148

Алдағы жексенбі, 26 қыркүйекте Германияда парламенттік сайлау өтеді. Сайлау нәтижесінен кейін жаңа үкімет жасақталады. Бір анығы, дауыс беру нәтижесінің қандай болатынына қарамастан, 16 жыл канцлер болған 67 жастағы Ангела Меркель «тағын» босатады. Ал, Германия Федеративтік Республикасының сегізінші канцлері неміс халқы мен әлемдік қауымдастықтың есінде несімен қалады? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті осы сауалға жауап іздеп көрді.

«Германияның темір ханымы» атанған Ангела Меркель 16 жыл үкіметті басқарды. Канцлер ретінде елдің саяси және қоғамдық өмірінің бағытын айқындады. «Темір ханымның» билік еткен мерзімі Германия Федеративтік Республикасының бірінші канцлері әрі Ангела Меркельдің саяси мансабымен тікелей байланысты Христиан-демократиялық одағы партиясының (ХДОП) негізін қалаған Конрад Аденауэрдің билік еткен мерзімінен екі жылға ұзағырақ болды. Бірақ, бұл «Германияны біріктіруші канцлер» атанған Гельмут Кольдің билік еткен мерзімімен бірдей уақыт. Сол «біріктіруші канцлер» Ангела Меркельдің саяси мансабындағы ұстазы саналады. Бұрынғы Германия Демократиялық Республикасынан (ГДР) шыққан пастор қызының қарым-қабілетін тамыршыдай дөп басып, саяси мансабының өрлеуіне жол ашқан да осы Гельмут Коль еді.

Иә, «темір ханымның» саяси сатыларды еңсеріп, билік тізгініне ие болуы таңғаларлық құбылыс. Саясаттанушылар күні бүгінге дейін  харизмасымен ерекшеленбейтін, суретке түсуге ебі жоқ, шешендік қабілеті де шамалы әйелдің көптеген жылдар бойы билікте болып, сайлауда төрт рет қатарынан өз партиясымен жеңіске жеткеніне таң қалады. Қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесіне сүйенсек, саяси мансабының аяқталғанына қарамастан, Ангела Меркель әлі де Германиядағы ең танымал саясаткер саналады. Сонымен қатар, оның өзіне ғана тән ерекшеліктерін де жұртшылық назардан тыс қалдырмапты. Қалыпты киім кию үлгісі мен ромбы пішіндес бүгілген саусақтары әлдеқашан мемге айналып үлгерді. Тіпті, неміс тілінде «merkeln» деген жаңа етістік те пайда болды.

Ангела Меркельдің бас бармақтар мен сұқ саусақтарды біріктіріп, төрт бұрыш жасау арқылы көрсететін ишарасы «Меркель ромбысы» деп аталады. Бұл ишараның пайда болу тарихы туралы аңыздар көп. Тіпті, базбіреулер саясаткерді осы арқылы массондарға тиесілі екендігін білдіреді деп санайды. Ал, бұл туралы «темір ханымның» өзі болса, фотосессия барысында қолымен не істерін білмей, осылай істей бастайтынын айтады.

Осыдан он жыл бұрын неміс тілінің канондық сөздігіне енген Мerkeln неологизмі теріс немесе екіұшты ирониялық мағынаға ие. Жаңа етістік ештеңе жасамауды, нақты сұрақтарға нақты жауап беруден қашқақтауды, белгілі бір шешім қабылдаудан аулақ болуды немесе белгісіз мерзімге кейінге шегеруді білдіреді. Немістерше, жалпақ тілмен айтқанда, бұл «резеңке созу» дегенге саяды. Яғни, бұл оның стилі. Бұл үшін Меркель жиі сынға да ұшырады. Алайда, канцлердің жақтастары оған басқаша баға береді. Олар прагматизм туралы айтады.

Шынында да, үзілді-кесілді шешімдер қабылдамай және нақты мәлімдемелер жасамай-ақ «темір ханым» өз мақсатына жете білді. Прагматикалық шеберлігінің арқасында күні бүгінге дейін саяси оппоненттерінің тілін таба алды. Оның делдалдық, модераторлық қабілетін қарсыластары да мойындады. Канцлердің прагматизмі мен ымырашылдығы 2008 жылы Германияға жаһандық қаржылық дағдарысты еңсеруге, 2010 жылғы еуропалық қаржы дағдарысының салдарын жоюға, 2015 жылы босқындар мәселесін біржақты етуге және коронавирус пандемиясымен оңтайлы күресуге мүмкіндік берді.

Рас, Ангела Меркель батыл әрі біржақты мәлімдемелерін өте сирек жасайды. Негізінен мұндай мәлімдемелерді жасамауға тырысады. Мәселен, әлемдік қаржы дағдарысы кезінде немістер өз жинақтарына алаңдай бастағанда, ол халықтың жинақтағы қаржылары еш зардап шекпейтініне уәде берді. Және уәдесін бұлжытпай орындады. Босқындар легі Германияға ағылған сәтте де канцлер сөзін тағы қайталады. «Біз мұны жеңеміз!» деп бір-ақ ауыз сөз айтты. Әрине, күрделі мәселені «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» шешу қиынға соқты. Босқындарға қол ұшын созған канцлерді жергілікті тұрғындар айыптап, аямай сынның астына алды. Мұндай оқиғалар оның біржақты сөйлеуге деген құлықсыздығын одан әрі күшейтті. Сондықтан канцлер «аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетінін», «тіл тас жаратынын, тас жармаса бас жаратынын» жақсы біледі.

Осылайша, «темір ханым» басқаша әрекет етуді жөн көрді. Қаржылық дағдарыс Германияны үнемдеу бағдарламаларын қабылдауға, соның ішінде азаматтардың жинақтары зардап шекпеуін қамтамасыз етуге мәжбүр етті. Үнемдеу бағдарламасы бойынша бес жылдың ішінде 80 млрд еуроны үнемдеу қажет болды. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігінің жылдық бюджетін 2 млрд еуроға дейін азайтуға тура келді. «Ангела Меркельдің мұрагері болады» деп болжанған өте танымал саясаткер, сол кездегі Қорғаныс министрі Карл-Теодор цу Гуттенбергтің сонда канцлерге қарсы шыққанын ұмыта қойған жоқпыз. Өйткені, жалпыға бірдей әскери міндет өзі басқарып отырған Христиан-демократиялық одағы партиясының және олардың серіктесі саналатын әрі Гуттенберг өкілі болып табылатын Бавария Христиан-әлеуметтік одағының идеологиялық қағидаларының бірі болды. Мұны Ангела Меркель жақсы түсінді. Сөйтіп, әдеттегідей үнсіз қалды. Сөз таластырған жоқ. Қызбалыққа салынбады, барынша байыптылық танытты. Осы қасиетінің арқасында діттеген мақсатына жетті. 2011 жылы  Меркельдің мақұлдауымен Германия жалпыға бірдей әскери міндеттен бас тартып, кәсіби әскерге көшті. Сол тұста Гуттенберг үлкен жанжалмен (ол диссертация қорғау барысында плагиат материал жасады деп айыпталды, – ред.) отставкаға кетіп, саясат сахнасында маңызды ойыншы болудан қалды.

Канцлер болмай тұрып та Ангела Меркельдің саясатта «үндемеген үйдей бәледен құтылады» қағидасын ұстанатыны айтылатын. Мәселен, Меркель Кольдің министрлер кабинетінде болған тұсында Германиядағы консервативті саясаткерлердің бірі: «Оның  жетістіктерінің құпиясының сыры – менмен еркектерді ырқына көндіре алуында», – деген екен. Айтса, айтқандай-ақ екен! Меркель тек Гуттенбергті ғана емес, сонымен бірге өзіне көлеңке түсіруі мүмкін өзге де ер бәсекелестерін тықсырып шықты. Сондай-ақ, оны халықаралық аренада Берлускони, Ердоған, Путин сынды сақа саясаткерлер де жүрісінен жаңылдыра алмады. Меркель әрдайым сенімді әрі ұстамды болып қала берді.

Осыған дәлел болатын эпизодтардың бірі – Ангела Меркельдің 2007 жылы Сочиде Путинмен кездесуі. Келіссөз өтетін залға Путиннің Кони есімді лабрадор тұқымындағы иті кіріп келеді. (Кейіннен мұны Ресей президенті кездейсоқтық деп түсіндірді). Ал, Меркель бір кездері көршісінің аңшы иті өзін қауып алғаннан бері иттерден өлердей қорқатын. Кейін Владимир Путин бір сұхбатында бұл туралы білмегенін, итінің кездейсоқ кіріп келгенін айтты. Әйтсе де, Ресей президентінің сөзіне илану қиын. Себебі, канцлердің фобиясы жайлы Меркель кездесетін Мемлекет басшыларының барлығына да ескертілетін. Сол кездесудегі фотосуреттерден Ангела Меркельдің итке назар аудармағанын байқауға болады.  Бұл туралы канцлердің өзі: «Меніңше, Ресей президенті менің өзінің итімен амандасуға құлықсыз екенімді білген сияқты. Бірақ, мен батыл түрде итке емес, Путинге қарауға тырысқаным анық», – деген еді.

Меркельдің тұсында Германия Ресей мен Батыс елдері арасындағы делдал рөлін ойнауға тырысты. Алайда, «темір ханымның» делдалдық қызметі бұрынғы канцлерлер Коль мен Шрёдерге қарағанда әлдеқайда сәтсіз болғаны рас. Неміс сарапшыларының пікірінше, мұның себебі – Кремль билігінің агрессиясы мен ымырасыздығының күшеюі болып табылады. Сондықтан да, Ангела Меркельдің ымырашылдық қабілеті бұл жерде көмектескен жоқ. Донбасстағы қарулы қақтығысты реттеу туралы Минск келісімінің нәтижесі де сиырқұйымшақтанып кетті. Іс жүзінде бұл келісімдердің бірде-бір тармағы орындалмады. Ресейдің Украинаның шығысына көрсеткен агрессиясы Еуропада күні бүгінге дейін айыпталса да, іс жүзінде ештеңе де өзгермеді.

Германия, тіпті орталық және шығыс Еуропа елдерінде де Меркель ресейлік «Солтүстік ағыны-2» газ құбыры жобасына саяси қолдау көрсеткені үшін айыпталады. Жобаның аяқталуы жөнінде жақында ғана ресми түрде жарияланды. Бірақ, бұл қадам да канцлердің прагматизмін көтерді. Ол немістердің көпшілігінің газдың арзан болуын қалайтынын жақсы біледі. Сондай-ақ, «Солтүстік ағыны-2» газ құбыры жобасының акционерлері болып табылатын неміс компаниялары пайдаға кенеліп, жұмыс орындарын ашады. Сайлаушылардың басым бөлігінің пікірі сайланған канцлер үшін шешуші рөл атқарады. Экономика саясаттан басым түсті. «Бұл жақсы ма, әлде жаман ба?» деген сауалға келгенде әдеттегідей қоғамдық пікір екіге бөлінеді.

Меркель дәуірінің маңызды нәтижелерінің бірі – канцлер Германияның саяси ландшафтын өзгертті. Оның партиясы бұрынғы консервативті (дәстүрлі әлеуметтік институттардың сақталуын қолдау) көзқарастан бірте-бірте замануи саяси ұстанымдарға ауыса бастады. Атап айтқанда, канцлер мен ХДОП депутаттарының белсенді араласуымен ел кәсіби әскер жасақтауға көшті. Атом энергиясынан дәйекті түрде бас тарта бастады. АЭС-терді бірінен соң бірін жауып тастады. Сондай-ақ, консерватимзге мүлдем жат саналатын бір жыныстылардың некесін заңдастырды және басқа да бірқатар либералды реформалар жүргізді.

Сайлау қарсаңында Ангела Меркельдің кетуі оның партиясы үшін апатқа айналуы мүмкін екендігі белгілі бола бастады. «Темір ханымның» өзіне жол ашқан Кольден айырмашылығы – орнын басатын лайықты мұрагерді таба алмауында. Қазіргі Қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауэр 2018 жылы Ангела Меркельдің батасымен ХДОП төрағасы болып сайланды. Бірақ, саяси қақтығыстардың шырмауына түсіп кеткен ол танымалдылығын жоғалтып, партия жетекшілігінен кетіп тынды. Оның орнына келген Армин Лашет канцлер үміткерлігіне лайық емес болып шықты. Сонымен қатар, Меркельдің коалициялық үкіметіндегі Қаржы министрі социал-демократ Олаф Шольц қарсыласымен салыстырғанда қабілеті төмен болды. Бүгінде ХДОП рейтингі партия тарихындағы ең төмен деңгейге түсті. Небәрі 23 пайызды құрады.

Саяси бақылаушылар Ангела Меркельдің 16 жылдық билігін қорытындылай келе, оны өзінің алдындағы басшылармен салыстырады. Әрине, мұндай салыстырулар қазіргі канцлердің пайдасына шешіле қоймайды. Олардан айырмашылығы – Меркельге дүниетанымдық тұжырымдалар, ірі жобалар, көрегендік жетіспеді. Конрад Аденауэр Германияны Батыс елдерінің құрылымдарына табысты интеграциялағанының арқасында тарихта қалды. Вилли Брандт өзінің «шығыс саясатымен» Германияның соғыстан кейінгі шекарасын шегендеуімен танымал болды. Гельмут Шмидт «Үлкен жетілікті» құруға ат салысса, Гельмут Коль Германияны біріктіруші канцлер атанды. Ал, Ангела Меркель ше? Ол өзін қалай көрсетті? Әдетте, ол көптеген дағдарыстарға қарсы тиімді күрескен менеджер ретінде есептеледі. Алайда, бұл бүгінгі немістер үшін де аз жұмыс емес.

Иә, Ангела Меркельге және оның 16 жылдық билігіне қатысты тарихи үкімнің қандай болатындығы туралы айтуға әлі ерте. Оған уақыт төреші…

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Ангела Меркель – әйгілі неміс саясаткері. Германия канцлері ретінде ол бірнеше рет Forbes журналы бойынша  әлемдегі ең ықпалды әйелдер рейтингісінде көш бастады. Оның суреттері әлемдегі басты басылымдардың мұқабасына жарияланды. Нәзік жанды канцлерді журналистер атақты «жаңа темір ханым» деп те атайды.

Сегізінші канцлердің өмірбаяны Гамбургтен басталады. Ол сонда 1954 жылы 17 шілдеде шет тілі мұғалімі мен Берлин-Браденбург лютеран шіркеуінің пасторының отбасында дүниеге келді.

Болашақ «жаңа темір ханым» жастайынан өз ісіне ынталы болды және мектептегі оқу үлгерімімен өзгелерден оқ бойына озық тұрды. Әсіресе, ол математика мен орыс тіліне құмар болды. Мектеп қабырғасында жүрген Ангела оқуын Карл Маркс атындағы Лейпциг университетінде жалғастыруды шешті. Сөйтіп, 1973 жылы физика факультетіне оқуға түсті. Жас қыз ғылыми қызметпен белсенді айналысты.

Дипломын үздік қорғаған Ангела Меркель ГДР ғылым академиясы жанындағы институтқа қабылданды. Алдымен ол теориялық химия бөлімінде жұмыс істеді. Кейіннен докторлық диссертациясын қорғап, аналитикалық оқуды бастады. Осы кезден бастап саясатқа қызыға бастады.

Ангела Меркельдің саяси мансабы Германия мен ЕО-ға басшы болғаннан бұрын басталған болатын. Оның саясат жолында биікке өрлеуі ұзаққа созылды. 1989 жылы «Демократиялық серпіліс» партиясының қатарына өтті. Онда алдымен ЭЕМ-нің әкімшісі болды. Содан соң партияның үндеу парақтарын жасаумен айналысты. Кейіннен баспасөз хатшысы қызметін атқарды.

Елдің бірігуіне аз уақыт қалғанда, 1990 жылы 4 тамызда «Демократиялық серпіліс» партиясы Батыс Германияның ХДО партиясының құрамына кірді. Сөйтіп, Меркель ГФР Ақпарат және баспасөз бөлімінде кеңесші лауазымын иеленді. Артынша 1990 жылы желтоқсандағы сайлаудың нәтижесінде Бундестагтың депутаттық мандатын алды. Ары қарай Меркель мансап сатысында емін-еркін көтеріле бастады. Ол канцлер Гельмут Кольдің ықыласына ие болды. Сол себепті де ол «Кольдің қызы» деп аталды. Кольдің қамқорлығының арқасында Меркель Жастар және әйелдер министрі болды. Артынша Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің тізгінін ұстады. Бұл лауазым оның саяси аренада маңызды тұлға болуына жол ашты. Бірақ, Коль аяғын шалыс басып, арты дауға ұласқаннан кейін, Меркель көпшілік алдында бұрынғы тәлімгеріне қарсылығын ашық білдірді. Бұл қадам Меркельді жоғары билікке жақындата түсті. Осылайша, Меркель 2000 жылдың сәуірінде Христиан-демократиялық одағы партиясының басшысына айналды. Ол сол тұста да канцлер болғысы келген еді. Алайда, сайлау қарсаңында қолдаудың болмауына байланысты ниетінен уақытша бас тартты.

Кейінгі жылдары Меркельдің айы оңынан туып, халықтың сеніміне ие болды. Ол ядролық энергетикадан бас тартуды қолдады. Елдің АҚШ-пен ынтымақтасуына ықпал етті. Ақ үй үкіметінің Иракқа әскер кіргізу туралы шешіміне қолдау көрсетті. Түркияның ЕО-ға кіруіне қарсы шықты. Сөйтіп, қоғамның ықыласына бөленген ол 2005 жылдың қарашасында Германия канцлері болып сайланды. Ол ел тарихындағы канцлер атанған алғашқы әйел.

Университет қабырғасында жүргенде Ангела Ульрих Меркельді жолықтырды. Ульрих оның алғашқы күйеуі болды. Ангела қазірге дейін бірінші жұбайының тегімен жүр. Физиктер бес жыл отасқан соң, ажырасуға өтініш берді. Отбасында балалары болмады. Кейінірек канцлер бұл некені қателік деп санайтынын мойындады.

Ажырасқан екі жылдан кейін Ангела екінші күйеуі Иоахим Зауэрды жолықтырды. Бірақ, бұл жолы ол үйлену тойына асықпауға шешім қабылдады. Ерлі-зайыптылар некелерін тек он жылдық қарым-қатынастан кейін ғана 1998 жылы ресми түрде заңдастырды. Оның жұбайы ел көзіне түсуді жөн көрмейді. Тіпті, ол әйелінің ұлықтау рәсіміне де келмеген. Алайда, канцлердің жеке өмірінде үйлесімділік орнады: ерлі-зайыптылар таңғы асты әрдайым бірге ішеді, демалыс күндері қол ұстасып операға баруды ұнатады.

Германия үкіметінің басшысы қарапайымдылығымен де танымал. Оның шағын ғана саяжайы бар. Жұбайы екеуі қалада пәтер жалдап тұрады. Базарға өзі барады. Үй күтушісі тағы жоқ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here