Еуропалық Одақ пен G7 елдері «көрпені өздеріне қарай тартып» жатыр ма?

0
2378

Әлемде дамыған, дамушы және артта қалған елдер бар. Соңғылары коронавируспен күресте қауқарсыздық танытып келеді. Әлемдік пандемия бұл елдердің онсыз да әлсіз экономикасын тұралатқаны өз алдына, қолдың қысқалығы да оларға коронавирусқа қарсы екпе сатып алуға мұрша бермей отыр. Содан көзге көрінбейтін жаудан кедей елдердің халқы қынадай қырылып жатыр. Бұл күрделі мәселені БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш көктемде Римде өткен Денсаулық сақтау саласына арналған жаһандық саммитте көтеріп, «үлкен жиырмалық» (G20) елдерін жомарттық танытуға шақырған болатын. Алайда, «өле жегенше, бөле же» қағидасын басшылыққа алған БҰҰ Бас хатшысының сөзіне құлақ түргендер аз.

«Өкінішке қарай, коронавирус ешқайда кеткен жоқ, керісінше мутацияланған штамдары кеңінен таралып жатыр. Бұл – коронавирус пен әлемдік қауымдастық арасындағы соғыс. Ал, соғыс жағдайында қарсы тарапты тізе бүктіретін барлық әскери тәсіл қолданылатындығы сияқты коронавируспен күресте де қол қусырып отыруға тағы болмайды. Оны жеңудегі басты «қару» – вакцинация. Бірақ, біздің қолымызда «қаруымыз» бар болғанымен, көзге көрінбейтін жаумен күресте дамыған мемлекеттердің «көрпені өздеріне қарай тартқыштап» жатқаны байқалады», – деп жасырмай айтты мәселенің мәнісін Антониу Гутерриш.

Рас, Антониу Гутерриш сөзінің жаны бар. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметінше, дамыған елдердің көшін бастайтын АҚШ-та халықтың 55,6%-ы екпе салдырған, бұл көрсеткіш Канадада 70,6%, Ұлыбританияда 66,9%, Италияда 66,4%, Францияда 64,2%, Германияда 63,7%-ды құрайды. Ал, кедей елдерде екпе салдырғандар жоқтың қасы. Айталық, 210 млн халқы бар Нигерияда 1,7 млн адамның ғана екпе алуға шамасы келген, бұл халықтың бар болғаны 0,9 пайызы. Халқы көп Эфиопиядағы жағдай да тура Нигериядағыдай. 116 млн адамның 785 мыңы ғана (0,7%) екпе салдырған. Яғни, екпе егуде дамыған мен арта қалған елдер арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Ал, бай елдер жомарттық танытса, дәл қазіргі жағдай басқаша болар еді.

Airfinity британдық ғылыми-сараптамалық компаниясының мәліметінше, осы жылдың соңына қарай 24 елдің басын қосқан Еуропалық Одақ пен «үлкен жетілік» (АҚШ, Канада, Франция, Италия, Германия, Жапония, Ұлыбритания) елдері екпенің артық 1 млрд  дозасын жинайды. Ал, сол екпелердің ішіндегі 100 млн дозаның жарамдылық мерзімі екі айдың ішінде аяқталады. Демек, жақын арада қоймаларда құры жатқан екпелер жаппай қолданылмаса немесе оған мұқтаж кедей елдерге таратылмаса, онда жыл соңында оларды қоқысқа тастауға тура келеді.

Жоғарыда аталған елдерде Pfizer/BioNTech, Moderna, AstraZeneca, Novavax және Johnson & Johnson екпелерін ғана қолдануға рұқсат берілген. Осы бестіктің ішінен тек Moderna ғана алты айдан жеті айға дейін сақтау мерзімімен мақтана алады.

Жалпы, Еуропалық Одақ пен G7 елдері екпеге мұқтаж мемлекеттерге 2022 жылдың ортасына дейін тегін 1,2 млрд екпе беруге міндеттеме алған болатын. Қазіргі уақытта көрсетілген көмектің 12%-дан азы жеткізілді. Дегенмен, бұл елдер жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын қоймаларындағы екпелерді өзге елдерге таратуға асықпайды. Себебі, өздерінің қажетіне пайдаланулары мүмкін. Мысалы, екі компонентті екпені үшінші рет қолданулары ғажап емес. Еуропалық Одақтың 8 елі, атап айтқанда, Австрия, Бельгия, Франция, Венгрия, Лихтенштейн, Литва, Люксембург және Словения қазірдің өзінде осылай жасап жатыр. Мұндай шешімді жақын арада Одақтың тағы 13 елі қабылдамақ.

Бір анығы, жарамдылық мерзімі аяқталған екпелердің есептен шығарылғаны жөнінде деректер бар. Айталық, Косово үкіметі тамыздың аяғында AstraZeneca екпесінің 130 мыңнан астам дозасын жоюға мәжбүр болды. АҚШ та жарамдылық мерзімі аяқталған 34 млн доза екпені босқа лақтырды.

Айта кетейік, дамушы және артта қалған елдердегі вакцинация мәселесін шешу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVAX жобасын қолға алған болатын. Соңғы мәлімет бойынша, COVAX бағдарламасы аясында екпеге мұқтаж әлемдегі 141 мемлекетке оның 296 млн дозасы гуманитарлық көмек ретінде берілді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here