Тілектес Есполов ҚазҰАЗУ-де бір жылда атқарылған жұмыстардың есебін берді

0
2426

Кеше, 28 қыркүйекте онлайн режимінде өткен халық алдындағы жыл сайынғы дәстүрлі есептік кездесуде жұртшылық пен БАҚ алдында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР ҰҒА вице-президенті Есполов Тілектес Исабайұлы бір жылдық атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Есеп беру кездесуі Youtube каналында және әлеуметтік желілерде (Facebook және Instagram) тікелей эфирде өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын онлайн режимінде қойып, өздерінің ұсыныстары мен талап-тілектерін білдірді.

Кездесуге еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының басшылығы, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Алматы облысы, қаласы және Медеу ауданы әкімдіктерінің өкілдері, АҚШ, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және т.б. елдердің танымал ғалымдары, жұмыс берушілер – агроқұрылымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚазҰАУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары, олардың ата-аналары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Еліміздің жетекші аграрлық ЖОО ректоры ретінде Есполов Тілектес Исабайұлы 2020-2021 оқу жылындағы жұмыс қорытындыларына кеңінен тоқталып, әлемдік деңгейдегі ұлттық зерттеу университеті мәртебесін иеленген оқу орнының заман талаптарына сәйкес одан әрі дамыту жоспарын жариялады. ҚазҰАЗУ жұмысының түрлі аспектілері, аграрлық ғылым мен білімді жетілдіру процесінде туындаған жетістіктер мен мәселелер және оны өндіріспен интеграциялау туралы егжей-тегжейлі ортаға салып, алдағы белгіленген стратегиялық мақсаттар мен даму бағдарламасымен көпшілікті жан-жақты таныстырды.

«Құрметті қауым, мен өз баяндамамда ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған күрделі мәселелерге тоқталғаным дұрыс болар. Себебі, осы саладағы өте өзекті мәселелерді шешу алдағы уақытта біздің ғалымдарымызға қойылған міндет деп түсіну керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылдың мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында азық-түлік тапшылығын болдырмау және бүкіл кеңістікте бизнесті дамыту үшін жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Коронавирустық пандемия әлемді түбегейлі өзгертті және барлық елдер үшін үлкен сынақ болды. Әлем, ең алдымен, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету керектігін түсінді. Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі бойынша өткен жылы The Economist Intelligence Unit жаһандық рейтингісінде 113 елдің арасында 32-ші орынға ие болды. Сонымен қатар, Қазақтаның ұсынысымен азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымы құрылды. Бүгінде бұл ұйымға 36 мемлекет кіреді. Бұл елдерде 1,4 миллиард халық тұрады. Бұл ұйым шеңберінде Қазақстан мұқтаж елдерге, бидай мен ұн жеткізу түріндегі гуманитарлық көмекті жүйелі түрде көрсетеді. Орта есеппен алғанда жылына 7 млн. тонна астық, 1,0 млн. тонна өсімдік майы шет мемлекеттерге экспортталады. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Университет осы ұйымның 16 жобасына белсенді түрде қатысады. Ағымдағы жылдың шілде айында осы ұйымның делегациясының құрамында мен Катар мемлекетіне жұмыс сапарымен барып қайтым. Сапардың мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірлескен ғылыми және инвестициялық жобаларды қарастыру. Кездесу нәтижесінде білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол жеткізілді, сонымен қатар біздің университетте Қазақстан-Катар Азық-түлік қауіпсіздігі орталығын ашатын болдық», – деді Тілектес Исабайұлы.

Өткен оқу жылында университет ұжымы білім беру сапасын арттыру, ғылым жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық, тәрбие, жеке тұлғаның кәсіби қалыптасуы, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті жақсарту және басқа да салаларда көптеген маңызды жұмыстар атқарды. Бұған осы есеп берілген аралықта қол жеткізілген нәтижелер дәлел. Биыл университет алғаш рет QS-2021 әлемдік рейтингісінде 60 позицияға көтеріліп, 551 орынға ие болды.

Бүгінде Мемлекет басшысы атап өткендей, білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жоғары білім беру бағдарламаларын әлемдік биік талаптардың деңгейіне көтеріп, жаңа болмысқа бейімдеу. Осыған байланысты аграрлық білім мен ғылымды дамытудың алдында тұрған проблемаларды көп болып игеру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

«Біздің университет аграрлық саладағы жетекші рөл атқаратын, Қазақстандағы бірден-бір жоғары оқу орны болып табылады және келесі бағыттар бойынша мамандар дайындайды: ауыл шаруашылығы ғылымдары және биоресурстар, ветеринария, үш деңгей бойынша қызметтер: бакалавриат, магистратура, докторантура. Жаңа талапқа сай Халықаралық білім Хабы құрылды: академиялық ұтқырлық дамуда, үш тілде білім беру жүйесі енгізілген, 14 бағыт бойынша халықаралық жазғы және қысқы мектептер өткізілуде және т.б. АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің беделді университеттерімен белсенді ынтымақтаса отырып, біздің жоғары оқу орны қос тарапта білім берудің 11 бағдарламасын қалыптастырды. Сондай-ақ, университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар бойынша QS әлемдік рейтингісінде №1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген зерттеу университетінің (WUR, Нидерланды) тәжірибесін басшылыққа алады», – деді Тілектес Есполов.

Уақыт талабына сай ҚазҰАЗУ-да «Вагенинген-Қазақстан» институты ашылды. Вагенинген университетімен «Ветеринариялық-тамақ қауіпсіздігі және технологиясы» және «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойылды. Осындай инновациялық бағдарламаларды енгізу әлемдік деңгейдегі жоғары білікті әрі халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға және алынған тәжірибені еліміздің басқа жоғары оқу орындарына таратуға мүмкіндік береді.

ҚазҰАЗУ еліміздегі жаңа бағыттағы зерттеу университеті ретінде ұлттық деңгейде табыстарға жетіп, әлемдік ғылыми ортада мойындалып, халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өз ұстанымын нығайтып келеді.

«Университеттің бүгінгі ұстанымы – мемлекетке жүк артпай, автономиялық басқару негізінде халықаралық байланыстарды күшейте отырып, елдің агроөнеркәсіптік кешенінде сұранысқа ие жаңа буын мамандарын дайындау. Осы мақсатта университет тиімді менеджмент қолдану арқылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына трансформациялануда. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының 70%-ы республиканың 9 облысы мен 88 ауданының ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне қызмет көрсетеді. Пандемияға байланысты университет ғалымдары АӨК-нің барлық бағыттары бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін 100-ге жуық онлайн-конференция өткізді. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 40 мыңнан астам ауыл кәсіпкері қатысты. Есептік кезеңде барлығы 12 000 сұрақ келіп түсті. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «қауырт» сұрақтарына жауап беру үшін Call-орталық табысты жұмыс жасауда. Фермерлердің жоғары мектебі, Агробизнесті зерттеу орталығы мен «Агро-Даму» ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік консорциумы осы орталық арқылы жұмыс жасайды», – деп нақтылады Тілектес Исабайұлы.

Айта кетейік, университеттің оқу және оқу-әдістемелік қызметі туралы толық ақпарат ректордың ФБ парақшасындағы бейнероликте ұсынылған. Сонымен қатар, халықпен кездесудің толық есебі университет сайтында жарияланды.

Оnline есеп беру кездесуінде КАҚ «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығының» Басқарма Төрайымы Гүлмира Исаева, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Жобалық менеджерлері Одағының президенті, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Алексей Цеховой, Жер қатынастары жөніндегі мемлекеттік университеттің ректоры (Ресей), ТМД жетекші аграрлық ЖОО Ректорлар кеңесі төрағасының орынбасары, РҒА академигі Сергей Волков, Мичиган штаты университетінің профессоры (АҚШ) Джигуан Чен, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының құрметті директоры, профессор Рафис Абазов, Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университетінің инновациялық даму орталығының директоры Александр Курдеко сияқты бірқатар ғылым және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, әкімдіктер мен білім, мәдениет, қоғам өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Жарыссөзге қатысқандардың барлығы да ҚазҰАЗУ-дың бір жылдық есебі туралы өз пікірлерін білдіріп, аралық кезеңдегі атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Кездесу соңында азаматтар тарапынна қойылған сұрақтар мен өтініштерге толық жауаптар берілді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here