«Фильмнің соңы»: Пандемия отандық кинотеатрларды тығырыққа тіреді  

0
493

Әлемдік экономикада кино нарығының айшықты орын алатынын кино сүйер қауым жақсы біледі. Мәселен, Omdia Cinemas компаниясы 2019 жылы әлемдегі кинотеатрлар 42 млрд доллар пайда тапқанын жариялады. Әрине, әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы тышқан жылы бұл саланы тығырыққа тірегені жасырын емес. Сарапшылар өткен жылы кинотеатр иелері 70%-ға дейін табыстарынан қағылғандарын есептеп шығарды. Сөйтіп, локдаун салдарынан кинотеатрлардың  жұмысы едәуір тұралап қалды. Тіпті, есігіне қара құлып салынған кинотеатрлар да аз емес.

КИНОТЕАТРЛАР НЕГЕ ЖАБЫЛЫП ЖАТЫР?

Алғаш рет отандық кинотеатрлар 2020 жылғы наурыз айының ортасында жабылды. Карантинде болған олар былтыр қазан айының соңында жұмыс істеуге рұқсат алды. Бірақ, олардан бірқатар шектеулер талап етілді. Әйтсе де, биылғы жылдың наурыз айындағы коронавирустың кезекті толқыны кинотеатрлардың жұмысын қайта тоқтатты. Ал, сәуір айында кинотеатрлар «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істей бастады. Дегенмен, бұл да кинотеатр иелеріне оңайға түскен жоқ. Мысалы, еліміздегі ең ірі «Kinopark & Kinoplexx Theatres» кинотеатрлар желісі өзінің екі кинотеатрын сатпақ. Айталық, Алматыдағы «Сары-Арқа» және Қостанайдағы «Қазақстан» кинотеатрларын сатылымға шығарды. Алғашқысының тарихы тым тереңде жатыр. Кинотеатр 1966 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тіпті, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан да аман шыққан кинотеатр жұмысына коронавирус пандемиясы кері әсер етті. Осылайша, 55 жылдық тарихы бар атақты кинотеатрдың тағдыры қазір қыл үстінде тұр.

Рас, қазіргі пандемия жағдайында үлкен экранға фильмдерді прокатқа шығару ең тиімсіз бизнеске айналды. Ал, «Сары-Арқаны» сатып алатын адам пайда болған күннің өзінде, оның бұрынғыдай табыс әкелуі екіталай. Бұл мәселені таяуда Vlast.kz порталының тілшісі Светлана Ромашкина көтерді.

Ақпараттық порталға «Kinopark & Kinoplexx Theatres» компаниясының PR-директоры Ерлан Бұқарбаев аталмыш нысандарды пандемия кезінде кино желісін құтқару үшін сатқалы жатқандарын жасырмай айтыпты. Ал, «Сары-Арқа» кинотеатры 2018 жылы күрделі жөндеуден өтті. Кинотеатрға 60 сотық аумақ тиесілі. Демек, жердің бағасы аспандап тұрған Алматыда «Сары-Арқаны» сатып алар байлар табылады.

Ерлан Бұқарбаевтың сөзінше, қос кинотеатрдың жұмысы табысты болса да, басқа кинотеатрларды тығырықтан шығару үшін оларды сатуға тура келеді.

«Соңғы бір жарым жыл ішінде біз тек аман қалудың қамын жасадық. Бұл кезеңнің қанша уақытқа созылатыны да белгісіз», – деп күрсінген Ерлан Бұқарбаев Үкіметтің кинотеатрларда шаруасы жоқтығын жасырмай айтты.

Бұл бір ғана «Kinopark & Kinoplexx Theatres» кинотеатрлар желісінің басындағы жағдай емес. Басқа кинотеатр иелері де өлместің күнін көріп отыр. Мәселен, өткен жазда Семейдегі «Еңлік-Кебек», Алматыдағы «Silk Way City» кинотеатрлары жабылды. Соңғысына 2020 жылдың шілдесінде қара құлып салынды. Қазір кинотеатрдың орнында жабдықтар дүкені тұр. Ал, жабылғанша «Silk Way City» кинотеатрында жұмыс істеген Мүслім Шыңғожинов бүгінде екі кинозалдан тұратын «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жұмыс істейді. Бұл – Алматыдағы жалғыз мемлекеттік және Алатау ауданындағы жалғыз кинотеатр. Мемлекет қолдауының арқасында «Алатау» жекеменшік кинотеатрлар сияқты қаржылық қиындықтарға тап болған жоқ. Бірақ, сонда да біраз көрерменін жоғалтты.

«Қазіргі жағдайымыз 1995-1997 жылдарды еске түсіреді. Ол тұста қаламызда тек екі-ақ кинотеатр, яғни «Қазақстан» мен «Сары-Арқа» ғана жұмыс істейтін. Мен адамдар киноға барудан бас тарта ма деп алаңдаймын. «Екатеринбург Арт» компаниясының директоры болған Михаил Бублевскийдің көреген сөздері әлі жадымда. Ол 2009 жылы «Кинопрокат дәуірінің соңы» атты мақаласын жариялады. Сол мақаласында тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары басталған кинотеатрлардың дәурені 2025 жылға дейін аяқталады деп болжам жасаған еді. Содан кейін дағдарыс басталып кетті. Енді көрермендерді қайтарып алу қиынға соқпақ. Бір кездері 3D адамдарды киноға көптеп тартса, енді бұл үшін одан да керемет бір нәрсе ойлап таппаса болмайды», – деп санайды осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» Мүслім Шыңғожинов.

Иә, елімізде былтырғыдай локдаун жоқ. «Ashyq» қосымшасымен кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілді. Бірақ, жаздағы демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салу, залға көрермендерді отыз пайыздан асырмай отырғызу, соңғы сеансты сағат 20:00-де бастау сынды карантиндік шектеулер кинотеатрлар жұмысына кедергі келтірді. Мысалы, бір залда 150 орындық болады деп есептесек, онда тек 40 орынға ғана билеттерді сатуға мүмкіндік бар. Ал, кинотеатр иелері билет сатудан түскен қаржының 60 пайызын дистрибьюторларға беретінін, залда көрермен бұрынғыдай лық толмайтынын ескерсек, қазір көл-көсір пайдаға кенелу қиын.

Соңғы он жылдықтан бері кинопрокатпен айналысып жүрген Бауыржан Шүкенов те қазіргі жағдайды «нағыз катастрофа» деп сипаттайды.

«Бұл – біздің кино нарық үшін қазақстандық кинокөрсетілімнің тарихындағы қауіпті сыналар кезең. Тоқсаныншы жылдары мұндай индустрия жоқ еді. Кинотеатрлар, дистрибуциялар болмады. Бірақ, содан кейін бәрі біртіндеп жақсарды. Таспаларды цифрландырған кездер болды. Бұл да қиын еді. Дегенмен, ол кезде көңіл-күй жақсы болды. Жаңа жобалар табылды. Адамдар киноға баруды мереке ретінде қабылдады. Қазіргіден жаман жағдай ешқашан болған емес. Бұл – анық. Тек материалдық жағынан ғана емес, дәл осы ортада, кинокөрсетілімнің атмосферасында да мұндай жағдай болмаған. Оның бет-әлпеті өзгереді. Стриминг келеді. Осы салада жұмыс істейтін Еуропадағы, АҚШ-тағы, Ресейдегі адамдар стриминг түсірудің жаңа жолдарын табады. Өкінішке қарай, бізде бұл әзірге жоқ. Қайталама нарық жоқ. Мұндай жағдайда бізге жол тауып, әрекет ету қиын», – деп мәселенің мәнісіне тоқталды Бауыржан Шүкенов.

Айта кетейік, биылғы жылдың көктемінде Бауыржан Шүкенов 2000-ші жылдардан бері басқарып келген «Арман» кино орталығынан кетіп, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына жұмысқа орналасты.

Мүслім Шыңғожинов пен Бауыржан Шүкеновтің пікірлерімен де келіспеске тағы болмайды. Өйткені, заман бір орында тұрмайды. Уақыт талабына сай жаңа көзқарас та керек. Мәселен, «Warner Bros.», «Disney» сияқты әлемге әйгілі студиялар пандемия кезінде көрермен асыға күткен таспаларды үлкен экрандар мен ағынды платформаларға шығарып, тәжірибе жасай бастады. Енді үйдегі теледидар, компьютер немесе телефон арқылы картиналар көрерменге бірден жол тартады. Картинаны кинотеатрға барып көрем десеңіз де, үйде диванда жатып тамашалаймын десеңіз де таңдау өз еркіңізде болмақ. Дегенмен, көрермен таңдауы көп жағдайда кинотеатрдың пайдасына шешілмейді. Бұл да жығылғанға жұдырық болады.

БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР НАРЫҚ

Алты залдық «Lumiera Cinema» мультиплексі басқа кинотеатрлар сынды 2020 жылдың наурызында бірінші локдаунға кетті. Былтыр қазан айының соңында жұмысына қайта оралып, 2021 жылдың 13 наурызында екінші карантиннің салдарынан тағы да жабылды. Сәуір айының соңында кинотеатрларға жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, «Lumiera Cinema» қаржылық қиындықтарға тап болды. Мультиплекс пандемияға байланысты несиесін уақытылы төлей алмады. Нәтижесінде, банк компания шотын бұғаттап, ондағы барлық ақшаны ұстап қалды.

«Біз банкпен келісе алмадық. Бізге дефолт жарияланды. Сол үшін де жұмысқа оралуға мүмкіндік болмады. Барлық активтерімізді қайта есептеп, несиеге қайта қабылдауды сұрадық. Барлық процедура үш айға созылды. Бізге кинотеатр жұмыс істей және барлық міндеттемелерді орындай алатындай шарттар берілді. Нәтижесінде, 22 шілдеде зорға дегенде қайта ашылдық», – деп еске алады «Lumiera Cinema» компаниясының басқарушы директоры Юлия Вебер.

Юлия Вебердің айтуынша, қаржылық мәселелермен қатар, кинотеатр қызметкерлері де қиындықтарға тап болған. Мысалы, пандемияға дейін кинотеатрда барлығы 54 адам еңбек етсе, қазір олардың саны 23-ке дейін қысқарған. Сондай-ақ, қызметкерлерінің 96 пайызы екпе алғандықтан, кинотеатр «Ashyq» көшбасшысы мәртебесіне ие болды. Сөйтіп, бұрынғы 30 пайыздың орнына залдың 50 пайызын толтыра алды. Бірақ, жаз айларындағы демалыс күндері жұмыс істемеу және жұмыс күндеріндегі түрлі шектеулер табысқа айтарлықтай кері әсер етті.

«Кинотеатрлар үлкен шығынға ұшырап отыр. Өйткені, бізде прайм уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жоқ», – дейді Юлия Вебер.

Жергілікті билік 4 қыркүйектен бастап Алматы кинотеатрларына демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат берді. Алайда, сенбі және жексенбі күндеріндегі сеанстар тек «Ashyq» жүйесінде жасыл мәртебесі барларға, яғни екпе алғандарға ғана қолжетімді. Бұл да толайым табыс табуға мұрша бермей отыр.

Юлия Вебердің сөзінше, қазір репертуарда айтарлықтай мәселелер жоқ. Әрине, шығарылым кестесінің төңірегіндегі дау-дамайлар әлі де бар. Студиялар премьераларды қыркүйектен қазанға, қазаннан қаңтарға ауыстырады. Бірақ, «Disney» картиналарды қазіргі жағдайға қарамастан репертуарлық жоспар бойынша шығарады. Бұл өз кезегінде кинотеатрларды құтқарады.

Қазақстандық картиналардың үлкен экранға шығуын көрермендермен бірге кинотеатрлар да тағатсыздана күтуде. Жобалардың жарыққа шығуға қолайлы сәтті күтіп, сөрелерде шаң басып жатқанына екі жылға жақындады. Пандемияға дейін кинотеатр нарығы залдардың саны жағынан да, алымдар бойынша да өсіп келе жатты. Отандық картиналар кассалық табыс үшін сенімді күресті. Мысалы, 2018 жылы жалпы кассалық табыстың 12-15 пайызы отандық кино картиналарға тиесілі болды. «Тикетонның» мәліметінше, 2019 жылдың соңында елімізде 101 кинотеатр мен 372 кино залы болған. Кинотеатрлар желісінің өсу қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы кинотеатрлар саны бойынша 5,2%-ды, кино залдар саны бойынша 16,2%-ды құрады. Орта есеппен 100 мың адамға екі залдан келді. Ал, коронавирус пандемиясы жылдан жылға көрсеткіштерін жақсартып келе жатқан отандық кино нарығының аяғына тұсау салды. Тығырықтан шыға алмаған кинотеатрлардың жабылып, сатылып жатқанын жоғарыда жаздық. Содан дәл қазіргі жағдайда саланың болашағын болжау қиын. Себебі, саланың тағдыры пандемия мен қаржылық дағдарыстың ұзақтығына тікелей байланысты.

Юлия Вебер егер коронавирустың беті бері қараса, онда кинотеатрларға көрермендерін қайтаруға екі жыл уақыт кететінін айтады. Қазір мемлекеттің бұл саланың жұмысын шектемегені маңызды. Бастысы – кедергі келтірмеу керек.

Данияр Айсаның Маңғыстау облысында «Жалын» кинотеатрлар желісі бар. Қазіргі таңда алты кинотеатрының үшеуі ғана жұмыс істейді. Жаңаөзендегі кинотеатрдың жағдайы қиын. Кәсіпкер бұл кинотеатрды 2011 жылы банктен несие алып ашқан. Бұл – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі шағын қалада ашылған алғашқы кинотеатр. Пандемия басталғанда кәсіпкерде жеке тұрған бір залды кинотеатры және сауда, ойын-сауық орталығында екі залы болды. Мәселе жалға алып отырған сауда, ойын-сауық орталықтарында туындады. Ондағы екі зал ешқандай жолмен ақша таба алмады. Ал,  сауда орталығының иесі жұмыс тоқтап тұрған уақытта да жалдау ақысын толық төлеуді талап еткен. Дер кезінде төлемеген жағдайда өсім жүретінін айтқан. Данияр Айса мәселесін айтып қала әкіміне де, облыс әкіміне де барды. Кәсіпкерлер палатасына да жүгінді. Бірақ, бәрі бекер болып шықты. Бұл мемлекет араласа алмайтын жеке мәселе деп танылды.

Маңғыстаулық кәсіпкердің өзге қалаларда қиындықтары жоқ. Ол жақтағылармен кездесіп, жалға алу құнын 60-80 пайызға дейін төмендетті. Алайда, бұл да айтарлықтай көмектеспейді. Мысалы, Жаңаөзендегі жеке тұрған кинотеатр өткен жылы жұмыссыз қалған кезде жиналған коммуналдық қарыздарды өтеу үшін жұмыс істейді. Ақтаудағы кинотеатрдың да жағдайы мәз емес. Маусым айында температура 50 градусқа дейін аптап ыстық болғанда кондиционерлер үздіксіз қосылып тұрды. Салдарынан электр энергиясының шоты 400 мың теңгені көрсетті. Енді Данияр Айса жалдау ақысының ең төменгі құнын төлегенімен, коммуналдық қарызын өтеу де оңай болмай тұр. Ал, билет бағасын көтере алмайды. Себебі, бұрынғыдай көрермен жоқ, бағаны көтерсе аз көрерменнің өзінен айырылып қалуы мүмкін. Мысалы, Жаңаөзенде карантинге дейін киноға айына 2-3 мыңдай адам барса, қазір олардың саны 500-ге зорға жетеді.

Өткен жылы кинотеатрлар мемлекеттен жәрдем сұрады. Әйтсе де, ешқандай қолдау көрсетілмеді. Кәсіпкерлер пандемия мен шектеу шараларынан туындаған дағдарыспен бетпе-бет қалды. Абдырап қалған олар көрші Ресейдегі әріптестерінің жағдайларына назар салды.

Иә, Ресейде кинотеатр саласына 4 млрд рубль бөлінді. Кино қоры бұл ақшаны кинотеатрларға үлестіріп берді. Осылайша, олар қызметкерлерінің жалақысын беріп, коммуналдық шығындарын өтеді. Сонымен қатар, залдағы шектеулер де жеңілдетілді. Осыған байланысты қазақстандық кәсіпкерлердің де көкейінде «мемлекеттің қолдауы қайда» деген сұрақтың туындауы заңды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бауыржан Шүкеновтің мәліметінше, былтыр пандемияға байланысты кинотеатрлар толық жабылғанда, олар ай сайын 5 млрд теңге табыстан қағылыпты. Бұл – бір. Екіншіден, кинотеатрлардың жабылуы оның маңайында орналасқан фудкорттарға, кино түсіретін отандық компанияларға кері әсер етеді. Үшіншіден, пандемияға дейін республика бойынша 5 мыңдай адам осы салада табыс тауып жүрді. Демек, отандық кинотеатрларды да қолдаусыз қалдыруға тағы болмайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here