Джо Байден сенім артқан Сәуле Омарова туралы не білеміз?

0
3357

Қазақстан тумасы Сәуле Омарова АҚШ-тың Қаржы министрлігі жанындағы Қаржылық бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалуы мүмкін. Қазір Ақ үй қаржы институттарын реттеуге, банктік құқық, халықаралық және корпоративтік қаржы саласына маманданған қазақ қызының кандидатурасын қарастырып жатыр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байденнің назарын аударған Сәуле Омарованың ғұмырбаянына қатысты деректерге тоқталады.

АҚШ-ТАҒЫ 1,2 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАНКТІ БАҚЫЛАЙТЫН БАСҚАРМА

Күнделікті таралымы 800 мыңнан асатын атақты New York Times газетінің мәліметінше, Ақ үй Демократиялық партия ішіндегі қызу күреске байланысты алдыңғы екі кандидатурадан бас тартқаннан кейін Сәуле Омарованы Қаржылық бақылау басқармасының басшысы қызметіне қарастырып отыр. Егер оның кандидатурасы мақұлданса, онда қазақ қызы АҚШ аумағындағы барлық банктердің, соның ішінде шетелдік банктердің де қызметін бақылауға алады. Сондай-ақ, 158 жылдық тарихы бар аталмыш басқарманың басшысы лауазымына тағайындалған алғашқы әйел атанады.

Джо Байден әкімшілігі АҚШ-та тұратын қазақ қызын бұл абыройлы қызметке алдыңғы айларда немесе келесі жылдың басында ресми түрде ұсынады. Содан кейін сенаторлар бес жылдық мерзімге оның кандидатурасын мақұлдауы қажет болады.

Айта кетейік, Қаржылық бақылау басқармасы – АҚШ-тағы банк секторының ең ықпалды қаржы реттеушілерінің бірі. Басқарманың негізі 1863 жылы қаланған. Тәуелсіз бөлімше жалпы активтері 14 трлн доллар болатын 1,2 мыңға жуық банкті бақылайды. Бұл 330 млн халық тұратын алпауыт елдің банк жүйесіндегі барлық активтердің үштен екісін құрайды.

ҚАЗАҚСТАН ТУМАСЫ, АҚШ ТҰРҒЫНЫ

Сәуле Омарова – Қазақстанның тумасы. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 1989 жылғы түлегі. Үздік оқығаны үшін Лениндік шәкіртақының иегері атанған. 1991 жылы студенттер алмасу бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға кетіп, сонда біржолата қалып қойған. Жоғары білім алуды алыстағы Америкада жалғастырып, 1999 жылы Мадисондағы Висконсин мемлекеттік зерттеу университетін аяқтады, 2001 жылы Солтүстік-Батыс университетінде құқықтану докторы дәрежесін алды.

Қандасымыз алты жыл Davis Polk & Wardwell заңгерлік фирмасында жұмыс істеп, біліктілігін шыңдады. 2006-2007 жылдары Джордж Буш тұсында АҚШ Қаржы министрлігінің реттеуші саясат жөніндегі арнайы кеңесшісі болды. 2014 жылдан бері АҚШ-тың ең ірі және беделді университеттерінің бірі – Корнелл университетінің заң факультетінде профессор қызметін атқарып келеді. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік біледі.

Негізі 1863 жылы қаланған Қаржылық бақылау басқармасы жалпы активтері 14 трлн доллар болатын 1,2 мыңға жуық банкті бақылайды

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ

Америкалық басылымдарға берген сұхбаттарының бірінде Сәуле Омарова кеңестік экономикалық жүйенің артықшылығы көп болғанын, АҚШ-тың банк ісін КСРО Мемлекеттік банкінің құрылымына ұқсатып қайта жасақтау керектігін және америкалық ерлер мен әйелдер жалақысындағы гендерлік алшақтыққа тоқталып, КСРО-да мұндай жағдай болмағанын айтыпты.

«Мен АҚШ-қа келгенше гендерлік жалақы сынды мәселелер әлемде күні бүгінге дейін бар екенін елестетіп те көрмеппін. КСРО туралы не айтсаңыз да және ол туралы қандай пікірде болсаңыз да, онда жалақыға қатысты гендерлік алшақтық болған жоқ», – деп жазыпты Сәуле Омарова өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Сәуле Омарова «Уолл-стрит акулалары» туралы айтқан сыни пікірлерімен де танымал. Қазақ қызы Уолл-стрит мәдениетін «жалқаулар индустриясы» деп атаған. Оның пікірінше, қаржылық технологиялармен айналысатын, бірақ банк ұйымдарына жатпайтын компаниялар мүлдем болмауы керек.

Қаржы туралы ақпарат тарататын Bloomberg агенттігі Сәуле Омарованың криптовалютаға қарсы екенін жазып, оның «криптовалюта ел экономикасының тұрақсыздануына қауіп төндіреді және жеке компаниялардың мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтіруіне ықпал етеді» деген пікірін келтіреді.

Міне, әлемге әйгілі New York Times, Bloomberg сияқты америкалық ақпарат көздерінің Сәуле Омарова туралы жазғандарын назарымызға алсақ, қандасымыздың тегін адам еместігін байқаймыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сірә, Ақ үйдің қазіргі қожайыны Джо Байден Сәуле Омарованың білімін, тәжірибесін, қаржы саласындағы өзіндік ұстанымын ескере отырып, оның кандидатурасын Қаржылық бақылау басқармасының басшысы қызметіне ұсынса керек. Әрине, елден кеткеніне отыз жылдың жүзі болған қандасымыздың жетістігін Қазақстанның жетістігі ретінде қарастыру қисынсыз. Алайда, егер Сәуле Омарова аталмыш лауазымға бекітілсе, қазақ қызының қаржы саласында да әлемдік биіктен көріне алатынын дәлелдейтіні сөзсіз.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here