Маңдайының соры бес елі Ауғанстан: G20 елдері қандай шешімге келді?

0
1408

Сейсенбі, 12 қазан күні «үлкен жиырмалық» (G20) елдері Ауғанстан мәселесін талқылады. G20 ұйымының биылғы төрағасы Италия оған мүше АҚШ, Аргентина, Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабия, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония және Еуропалық Одақ елдерінің басын қосып, мәселені шешудің жолын қарастырды.

АУҒАНСТАН МӘСЕЛЕСІ КҮРДЕЛЕНІП БАРАДЫ

«Талибан» террористік қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстан билігін басып алғанға дейін 40 млн-ға жуық халқы бар елдің мемлекеттік шығыстарының 80%-ы халықаралық ұйымдар есебінен қамтамасыз етіліп келді. Бірақ, билікке тәліптер келгеннен кейін Кабулға мұндай қаржылық қолдаулар тоқтатылды. Ал, банктерінде Ауғанстан орталық банкінің 7 млрд доллардан астам қаржысы жатқан АҚШ бұл қыруар қаржыны тәліптердің қолына түсірмеу үшін барлық ауғанстандық шоттарды бұғаттап тастады. Әрине, таяқтың екі ұшы болатындай, Ақ үйдің бұл әрекеті қарапайым ауғанстандықтарға да кері әсер етті. Көбі айлықсыз қалды. Бұл – бірінші мәселе.

Екінші мәселе – ауғанстандықтар банктегі өз ақшаларына да қол жеткізе алмай отыр. Өйткені, жаңа биліктің шешімімен тұрғындар банктегі өз шоттарынан аптасына 200 доллардан артық ақша шеше алмайды. Ал, дәл қазіргі жағдайда Ауғанстанда ақшасыз күн көру мүмкін емес. Ұлттық валюта авгани күрт құнсызданды. Азық-түлік, бензин, газ бағасы аспандап кетті. Мысалы, бір айда газ 60%-ға, ұн 40%-ға қымбаттады. Соның өзінде азық-түлік тапшылығы байқалады. Нәтижесінде, Ауғанстан көшелері жайма базарларға айналды. Тұрғындар азық-түлікке ақша табу үшін үйлеріндегі бар заттарын тиын-тебенге сатып жатыр.

Рас, азық-түлік тапшылығы тәліптер билік басына келмей тұрып та болған. Мәселен, АҚШ әскерилері Ауғанстан жерінен кететіні жаһанға жария болғанда, жанын шүберекке түйген жұрт үрей құшағында қалды. Содан азық-түлік тапшылығы сияқты мәселелер де алдан шықты. Ауғанстан үкіметінің сәуір айындағы мәліметінше, әрбір үшінші ауғанстандық азық-түлік тапшылығын бастан өткерген екен. Бүгінде бұл жағдай шарықтау шегіне жетті. Биылғы құрғақшылық та жығылғанға жұдырық болды. Өйткені, 34 провинцияның 25-інде егін бітік шықпай қалды.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Ауғанстандағы өкілінің орынбасары Фабрицио Сезареттидің мәліметінше, аталған ұйым жыл соңына дейін қиын жағдайда қалған 3,24 млн Ауғанстан халқына азық-түлікпен де, қаржылай да көмектеседі. Оған шамамен 21 млн доллар керек. Қазір қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының болжамы бойынша, егер мәселе осылай басы ашық күйінде қалатын болса, онда 2022 жылдың басында Ауғанстан халқының 97-98%-ы кедейлер қатарына қосылады. 

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР АРҚЫЛЫ КӨРСЕТІЛЕДІ

«Ауғанстанда гуманитарлық апат орын алды. Елге сырттан қолдау жоқ. Бай елдер қол ұшын созуы керек», – деп мәлімдеген Италия премьер-министрі Марио Драги жоғарыда сөз болған «үлкен жиырмалық» елдерінің шұғыл саммитін өткізуге ұйытқы болды.
12 қазандағы сол кездесудің қорытындысы бойынша, еуропалықтар жомарттық танытпақ ниетін білдірді. Еуропалық Одақ Ауғанстан халқының қажеттіліктеріне бұрын уәде етілген 300 млн еуродан басқа қосымша 700 млн еуро бөлу ниеті туралы хабарлады. Алайда, кездесуге қатысушылар бұл ақша тәліптерге емес, Халықаралық ұйымдарға берілетінін бірден ескертті.

Өз кезегінде АҚШ Ауғанстанға гуманитарлық көмектің қайта жанданатынын мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме күні кеше Катарда өткен Ақ үй мен тәліптер арасындағы екі күндік келіссөздерде жасалды. Бірақ, қандай гуманитарлық көмек көрсетілетіні нақтыланбады. Вашингтон Ауғанстанның мемлекеттік қызметкерлеріне алдағы алты айға жалақы төлеу шығындарын өз мойнына алуға дайын екені жөнінде ақпарат пайда болған еді. Бірақ, бұл ақпарат ресми расталған жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, «Талибан» әлі күнге дейін террористік ұйым болып саналатындықтан, оларға берілетін кез келген ақша терроризмді қаржыландыру деп танылады. Ақ үй де бұғатталған шоттарды әлі ашпайды. Өйткені, Ауғанстан ақшасы тәліптерге қысым көрсету құралы ретінде қалады. Сондықтан олар ақшаның орнына гуманитарлық көмек ұсынады.

Кейбір елдер саммиттерсіз-ақ Ауғанстанға дәрі-дәрмек, киім-кешек және азық-түлік жеткізуге көмектесе бастады. Бірақ, гуманитарлық көмектің халыққа емес, тәліптерге үлестіріліп берілгені анықталды. Мысалы, қыркүйек айындағы Қытайдың гуманитарлық көмегі зардап шеккен отбасыларға жетпеген, алдымен «Талибан» содырлары арасында таратылған. Осындай айыптаулар Ауғанстанға төрт партия гуманитарлық көмек жіберген Иран тарапынан да айтылды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here