Павлодарда «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» көрмесі өтті

0
1277

Павлодарда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке заттарын көруге болады. «Ertis» музейінде Теміртау қаласы Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығы мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» көрмесі ашылды.

Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова көмірді өлке экспозициясының келуін облысымыздың мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп атады.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Гүлдана Бейсенғалиева айтып өткендей, көрмеде Қарағанды облысының тарихы мен мәдениеті көрсетілген. Оған қоса мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянына қатысты жеке заттары мен құнды материалдар ұсынылады.

– Жалпы саны 230-дан астам жәдігерлер әкелінді, – дейді Гүлдана Бейсенғалиева. – Барлық жәдігерлер түпнұсқа болып табылады. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың пальтосы, спорттық киімі, қолданған қаламы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың кителі, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің бокс қолғабы және басқа да құнды заттар бар.

Одан бөлек, мұнда Елбасына өзге елдер басшыларының табыс еткен сыйлықтары қойылған. Футбол жанкүйерлерін 2011 және 2012 жылдары Қазақстан чемпионы атанған қарағандылық «Шахтердің» жейдесі мен Андрей Финонченко, Жамбыл Көкеев, Алдин Джидич секілді ойыншылардың қолтаңбасы бар доп қызықтыратыны анық. Көрме 5 қарашаға дейін жалғасады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here