Раушан Иманжүсіп: «Атамның жерленген орны мен суретін табу – әкемнің аманаты»

0
2279

Иманжүсіп – Балуан Шолақ, Қажымұқан есімдерімен қатар тұратын қасиетті халық мақтанышы. Ұлт намысының үлгісі. Қазіргі бізден кейінгі ұрпақ бұл есімдерді ардақтай білсе, халқымыздың мерейі өсе түспек. Ел үшін, теңдік үшін, бостандық үшін жан пида болған ерлер алдында халық қарыздар. Оның өтемі – ерлер есімін өшірмеу.

Шерхан МҰРТАЗА

Иә, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, халық композиторы, әнші, қара өлеңнің қамшы салдырмас жүйрігі Иманжүсіп Құтпанұлының (1863-1931) есімі ел жадында десек, артық айтпаймыз. Иманжүсіптей ақын, батырдың есімі ешқашан ұмытылмайды. Ғасырлар көшінде жаңғыра түсері де анық. Олай дейтін себебіміз, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди сияқты дала өнерпаздарымен үзеңгілес болып, өзі де солардай сан қырлы талант иесі болды. Өз тұсындағы қалың көпшілік Иманжүсіп Құтпанұлының қабілет-қарымын бағалаған, ақындығын жоғары қойған, төрден орын беріп, лайықты құрметтеген. Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Иманжүсіп репрессия құрбаны болған ақын әрі композитордың мұрасын зерттеп келеді. Ол ширек ғасыр бойы теңізден тебен іздегендей еңбек етті. Атасының іздеушісі, жоқшысы болды. Елді аралап ақыннан қалған мұраны іздестіріп, жинастырып жүреді. Өйткені, Раушан Иманжүсіптің өмірлік мақсаты – баба мұрасын жинақтау. Әрине, тарихи тұлғаның өмір жолы, өнербаяны осы уақытқа дейін жазылған түрлі еңбектер арқылы халыққа етене танылды. Ұлы тұлғаның тікелей ұрпағы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Білім және мәдениет саласының үздігі, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Раушан Иманжүсіппен аз-кем әңгімелескен едік.

«АТАМДЫ ХАЛЫҚ
«КЕНЕСАРЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ»
ДЕП АТАП КЕТКЕН»

– Раушан Нұрханқызы, Иманжүсіп Құтпанұлын зерттеуге қалай келдіңіз?

– Менің бұл саладағы зерттеушілік жолым 1992 жылы басталды. Сол жылы үйге Иманжүсіп Құтпанұлының ақталғаны туралы хат келді. Әкем сол хатты менің қолыма табыстап, әкесінің жерленген орны мен суретін табуды өтініш етті. Сәкен Сейфуллин 1927 жылы арнайы іздеу салып, Иманжүсіпті тауыпты. Онымен кездесіпті әрі құрметтепті. Ал, ғалым Тұрсынбек Кәкішев: «Егер Сәкен Сейфуллин іздеп жатса, кейінгі біздер қолымызға шам алып, іздеп жүруге тиістіміз ғой», – деп айтқан екен. Сол сәттен менің зерттеушілік жолым басталды.

Жас кезім, қайнап тұрған шағым, тоқсаныншы жылдардың басында атамның көзін көрген жиырма шақты адам болды – әкем, әпкелерім, ауылдас ағаларым, Ақмоладағы ақсақалдар, Павлодардағы үлкендер. Осы кісілерге барып жүріп, үнтаспаларға жазып, қайта-қайта сұрап аламын. Ең алдымен, атамның бейнесін көргім келді, жүзімен танысуым қажет еді. Өмірде Иманжүсіп қандай адам болған? «Бойы екі метрден аса» деп ел аузында сипатталатын дене бітімін қалай дәлдеп шығаруға болады? Көзінің түсі, мұрнының пішіні, басының өлшемі  қандай болған? Сана түкпірінде осындай сұрақтар туындап, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер өткен. Сол уақыттан бері қарай жалғыз өзім ізденіп келемін. Атамыздың еңбегін зерттеу барысында 200-ге жуық мақала жазып, 30-дан астам кітап жарық көрді.

Айта кетейін, «Иманжүсіптің мәдени-тарихи портреті» атты докторлық диссертация қорғадым. Бүгінде өзім туыстардан жырақта – Астана қаласында тұрып жатырмын, негізгі мақсатым – Елордада Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мұражай ашу. «Ел аяғы үзілмейтін орталыққа айналдырсам» деген ойым бар. Біздің жинақтаған кітапхананың ауқымы кең, соны оқырманға жеткізу керек. Атамның өмірі мен еңбегі, ерлігі – ұрпаққа мұра болары анық.

– Жалпы Иманжүсіп Құтпанұлының ерлігі, қайсарлығы туралы шолып өтсеңіз…

– Тамыры терең тарихқа үңілетін болсақ, ел тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрес жолында небір ұлт қайраткерлері құрбан болды. Сондай тұлғалардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Атамыз батыр да батыл отбасының тумасы болғаны бекер емес. Оның әкесі – арғы атамыз 17 жасында Кенесары жасағында болған. Жерімізді Қоқан билігінен азат ету жолында қаза тапқан. Ел бүтіндігін, халық бірлігін қызғыштай қорыды, ақылы мен жүрегін бір арнаға тоғыстырып, елі үшін қызмет етті. Өткен ғасырдың нәубеті талай жандардың тамырына балта шауып, солақай саясаттың қан тамған қылышына іліктірді. Атам Иманжүсіп суырып салма ақын ғана емес, өте қайратты батыр еді. Ол қолындағы қамшымен ақ ұрылардың үрейін ұшырған. Бойы екі метрден асатын және бала кезінен қуатты болыпты. Қоянды жәрмеңкесінде ішімдікке тойып алған екі патша офицері ағашқа Кенесарының суретін іліп қойып, тапаншамен атып тұрған. Халық арасынан жас жігіт шығып, жаңағы офицерлерді жағасынан алып, екеуін екі жаққа лақтырып жіберген. Содан кейін атамды халық «Кенесарының қорғаушысы» деп атап кеткен екен.

– Әңгіме барысында Иманжүсіп Құтпанұлына фильм түсірілгені туралы сөз қозғап қалдыңыз. Осы жөнінде айтып берсеңіз…

– 1997 жылы Әбіш Кекілбайұлымен кездестім. Біз сол кезде Иманжүсіп туралы деректі фильм түсіргенбіз. Сонда Әбіш Кекілбайұлы: «Иманжүсіп Құтпанұлы – өткен ғасырдың бірегей тұлғасы. Заманын дәл суреттеген суретші, ақын, композитор және нағыз батыр. Оның елі үшін жасаған ерлігі, мәдениетке қосқан үлесі өлшеусіз» деп өмірінің соңына дейін Иманжүсіп есімін халыққа жеткізу үшін еңбек етті. Ол мені «Иманжүсіп жоқшысы» деп атайтын. Менің атам туралы жазған алғашқы кітабымды оқып, «Сен үлкен іс тындырдың, Иманжүсіп тегіне әбден лайықсың» деп кітаптың шығуына көмек көрсетті. Одан бөлек Манаш Қозыбаев, Дүкенбай Досжан, Сафуан Шаймерденов, Тұрсынбек Кәкішев сынды мәдениет өкілдері Иманжүсіп Құтпанұлын Халық батыры санады.

«НЕГІЗГІ МАҚСАТЫМ – АСТАНАДА ИМАНЖҮСІП
ҚҰТПАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ АШУ»

– Иманжүсіп Құтпанұлының композиторлық қыры туралы бізге беймәлім тұстарын айтып берсеңіз

– Иманжүсіп Құтпанұлы – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген және азаттық үшін күрескен тұлғалардың бірі. Ақын, әнші, композитор. Оның «Иманжүсіп», «Ерейментау», «Сарымойын», «Сарыарқа» сынды әндері әлі күнге тыңдарман жадында және «Қазақтың 1000 әні» жинағына енген. Атамның кім екенін, шығармашылық мұрасын, дүниетанымын түсіну үшін оның өмір жолына, заманының хал-ахуалына, жүрген ортасына назар аударған жөн. Соңғы жылдары Иманжүсіп атамның жаңа әндері де табылып жатыр, «Сейфүл-мәлік», «Сарыарқа» (4 нұсқасы), «Сарыбел», «Ерейментау» (2 нұсқасы) әндері әр жылдарғы фольклорлық экспедициялар кезінде жазылып алынған. «Сарымойын» әні Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (Бекежан ариясы) пайдаланылды.

– Атаңызды зерттеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқаныңыз баршаға мәлім. Осы зерттеу барысында ерекше есте қалған оқиға бар ма?

– Мен 30 жыл бұрын зерттеуді бастаған кезде, атамның көзін көрген ақсақалдармен кездесіп, ол туралы естеліктерін жазып алдым. Қазір олардың ұрпақтары атадан қалған естелікті жастарға тәрбие, тарих ретінде айтып жүр. Кезінде ауыл ақсақалдары бүгінгі Ақмола облысының Жібек жолы ауылын Құтпановтар деп атауды ұсынып, әкімдікке хат жазған екен. Ол құжаттар қазір менде сақтаулы. Өйткені, осы ауылдың жанында Құтпан әулетінің зираты жатыр. Сол кезде ақсақалдар маған «Зиратты қорға» деген болатын. Мен «Зиратқа кім тиіседі?» деп ойладым. Бірақ, уақыт өте келе ақсақалдардың айтқаны келді. Иманжүсіп Құтпанұлы өмірінің басым бөлігі Ақмола облысында өтті. Ақын, композитор жарты ғасырдан аса Арқада өмір сүрді.

– Сіздің арманыңыздың бірі – Иманжүсіп атаңызға арнайы мұражай салу екенін жоғарыда тілге тиек еттіңіз. Осы мұражайға қойылатын жәдігерлер туралы айтып өтсеңіз…

– 2006 жылдан бастап осы мұражайды ашуға бар күш-жігерімді жұмсап келемін. Өзімнің 30 жылдан бері қарай жинаған құнды деректер, жәдігерлер, құжаттар сақтаулы тұр. Иманжүсіптің ауылы Жібек ауылында мектепте жинай бердім. Жәдігерлердің ішіндегі ең құндысы – Иманжүсіп Құтпанұлының мылтығы. Атам берен мылтығын қарақшылардан қорған болу үшін ашаршылық көрген ауылдардың біріне табыстаған. Ақын әрі батыр атам: «Қайта жолым түскенде мылтығымды алып кетемін, әзірге халықтың қауіпсіздігіне қызмет ете тұрсын», – деген. Алайда, батыр қайта оралмады. Оны түрмеге қамап, 1931 жылы ол Әулие Ата маңында атылды. Мылтықты аманат еткен тұрғын 1928 жылдан бері күні бүгінге дейін атадан балаға мұра етіп келген. Себебі, аманатқа қиянат жасамаған. Қарт қайтыс болар алдында ұлына мылтықты беріп, батырдың ұрпағына табыстауды сұраған. Бұл мұражайдың маңызды жәдігері болуы керек. Ескі мылтыққа 100 жыл болса да, бәз қалпында сақталған, тіпті атуға жарамды екен. Мұражай қоры батырдың жеке заттарымен де толығады. Берен мылтықтан өзге әйелі Әсемгүлдің Бұхаралық орамалы мен күміс білезігі бар. Иманжүсіп кенже ұлына өз қолымен жасаған ертоқым мен ескі шапаны да сақтаулы тұр. Ақынның өз қолымен жазған әндер жинағы бүгінге дейін жақсы сақталған. «Болашақта үлкен мұражай ашылса, жас ұрпақ көріп, батыр аталарынан рухтанса екен» деген арманым бар.

– Иманжүсіп Құтпанұлының есімі қалай еленіп жүр?

– Атам қазақ өнерінде ерекше орны бар тұлға. Бүгінгі ұрпаққа Иманжүсіптің берер тағылымы мол. Қазір Иманжүсіптің есімін ел жадында сақтау мақсатында біршама істер атқарылып келеді. Астанада, Қызылорда облысындағы аудан орталығында, Түркістан облысы Шелек елді мекеніндегі көшелерге, Ақмола облысындағы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы қазақ мектебіне халық батырының есімінің берілуі мұның айқын дәлелі бола алады. Қазір Астанада Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы көше бар. Сол көшеде № 25 мектеп бар. Осы мектептің оқушылары да Иманжүсіп тұлғасын зерттеп өссе деп үміттенемін. Енді ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтылды, бірнеше тарихи кітаптар жазылып, фильм түсірілді. 2012 жылы 15 шілде күні ақын, композитордың 150 жылдығы болып, Тараз қаласындағы 1931 жылы Иманжүсіп атылып, жерленген жерден туған жеріне топырағы жеткізілді. Әулеттің зиратына ескерткіш тақта қойылып, ырымдап топырағы көмілді. Дара тұлға жайлы, өмірі мен шығармашылық жолы туралы тың зерттеу мақалалары, ғылыми еңбектер тарихшылар, әдебиетшілер, өнер зерттеушілері тарапынан жазылды. Ақындар өз өлең жолдарын, жазушылар таңдаулы шығармаларын, режиссерлер кинофильмдерін, фототілшілер альбомдары мен альманахтарын арнаса, ғалымдар ғылыми еңбектерді қосты. 1992 жылдан бері түрлі дәрежедегі ғылыми-практикалық конференцияларда, әдеби кештерде баяндамалар жасалды, зерттеу еңбектері Иманжүсіпке арналып келеді. Идея көп. Алла қаласа біршама ауқымды жұмыстар атқарылады.

– Раушан Нұрханқызы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Индира БІРЖАНСАЛ

Газетімізде 6 жыл бұрын жарияланған Заңғар Кәрімханның «Иманжүсіптің мылтығы немесе Раушан Иманжүсіп атасынан қалған асыл жәдігердің тарихынан сыр шертеді» атты мақаланы оқыңыз: https://qazaq1913.com/2018/06/22/imanzh-sipti-mylty-y-nemese-raushan-imanzh-sip-atasynan-al-an-asyl-zh-digerdi-tarihynan-syr-shertedi/ 

Тектінің тұяғы
(Раушанға сыр )

Есімі –
Ел қызығар гүлдің аты.
Бойында –
Ер жігіттің тұр қуаты.
Кеудесі –
Ізгіліктің ұясындай,
Сай келген
Сымбатына инабаты.

Қызады көрген жанның делебесі,
Тараған туған елге өнегесі.
Нұрханнан нұр-шуақ боп бізге жеткен,
Атақты Иманжүсіп немересі.

Серідей қарайламай үй жағына,
Алданбай дүние-мүлік жиғанына.
Ылғи да
Игі жақсы айналасы –
Ұйыған Иманжүсіп иманына.

Архивтен құжат-қағаз, хатқа үңіліп,
Жырларын атасының жатқа біліп.
Бұзбай жүр
Бейбіт күннің тыныштығын.
Жау келсе,
Тұра шабар атқа мініп.

Білгенге батыр да өзі,
Ақын да өзі.
Жанып тұр жүрегінде ақыл көзі.
Алыстау жүреді елден
Ойға батып,
Тым сирек жұғысатын жақын кезі.

Аз оның
Арқа сүйер асыл досы,
Сыйып тұр иініне ғасыр көші.
Баяғы Иманжүсіп атасындай,
Жүреді қыпшақтардың басын қосып.

Бәрібір күрлеуіті, шаштысы да,
Жақындап жиі келер бақ тұсына.
Қашанда
Тектілермен тең сөйлесіп,
Тек қана иек артар жақcыcына.

Сырласар
Жүрегіңе шер түсті ме,
Шынында жоламайды дерт күштіге.
Жүрген соң Иманжүсіп жағасында,
Сүйеді –
Есілді де,
Ертісті де.
Қаражат –
Қарамайды аз ақшаңа.
Ерлердей көрсетеді өзі-ақ шама.
Қаламын
Қанжардайын қатар сілтеп,
Жазады –
Орысша да, қазақша да.
Қалмайды –
Кездесуден, жыр кешінен.
Атасын шығармайды күнде есінен.
Жіберсең,
Академик-ғалым болып,
Сөйлейді –
Шетелдердің мінбесінен.

Осылай асыл қызын сүйгенде елі,
Тартады жүректерге күйден желі.
Жатады қай кезде де тебіреніп,
Тектінің тұяғының тиген жері!

Серік Тұрғынбекұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here