Жүз жастағы қарияға қандай айып тағылды?

0
1577

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жылдан асса да, Үшінші рейхтің жауыздығы әлі ұмытылған жоқ. Мысалы, фашистік Германияның әйгілі Заксенхаузен концлагерінің бұрынғы күзетшісі 3,5 мыңнан астам адамның өліміне қатысы бар деген күдікке ілінді. Содан 7 қазанда Германияда жүз жастағы экс-күзетшінің ісін қарау процесі басталды. Бірақ, «асарын асап, жасарын жасаған» қарияға берілетін жаза символдық мәнге ғана ие болуы ықтимал екенін айтады істі бақылауға алған сарапшылар. Олардың пікірінше, экс-күзетші не шартты мерзімге ғана сотталады, не ұзаққа созылатын аппеляциялық сот процесінің арқасында оның ғұмыры жаза шыққанға дейін жетпей де қалуы мүмкін.

1936-1945 жылдары 27 елдің 200 мыңға жуық азаматы Заксенхаузенде (Германия) тұтқында болса, соның 100 мыңға жуығы концлагерьдің құрбаны болды

ОНДАҒАН ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Иә, 7 қазанда Германияда Заксенхаузен концлагерінің бұрынғы күзетшісіне қатысты сот процесі басталды. Мыңдаған адамның өмірін жалмаған концлагерьдің бұрынғы қызметкері сексен жыл өткен соң барып қана айыпталып отыр. Жүз жастағы Йозеф С. 3 518 тұтқынның өліміне қатысы бар деген күдікпен істі болды.

Йозеф С. ерікті түрде аталмыш концлагерьде үш жыл жұмыс істеген. Оның өмірбаянындағы көлеңкелі тұстар Ресей мұрағаттарында сақталған құжаттар арқылы белгілі болған. Айыпталушы сот тыңдалымына мүгедектер арбасымен жеткізілді. Йозеф С. сот барысында бетін көлегейлеп, жасыруға тырысқан. Бүгінде жасы жүзге келген күдіктіні сот отырысына тасымалдауды жедел жәрдем көлігі міндетіне алған. Әрине, сот процесі аяқталғанша егде тартқан айыпталушының денсаулығы тұрақты болғаны жөн.

«Алдымен біз оның сотталып, түрмеге тоғытылғанын қалаймыз. Сондай-ақ, осы процестің арқасында әлем халқы Заксенхаузеннің не екенін және Үшінші рейхтің қылмыстары жайында көбірек білетін болады», – деп санайды жәбірленуші тараптың өкілі Эфраим Зурофф.

Сот ғимаратының алдына келген Заксенхаузеннің бұрынғы тұтқындары да сотқа өз тілектерін білдірді.

«Мен әділдік пен жазаны күтемін. Қанішер өз жазасын алуы тиіс», – дейді лагерьдің бұрынғы тұтқыны Леон Шварцбаум.

Сотталушының жасы егде тартса да, дәрігерлер оның денсаулығы сот процесіне қатысуға жарайды деген қорытындыға келді. Алайда, Йозеф С. күніне сот отырысында екі жарым сағаттан артық отырмау керек.

«Ескіру мерзімі жоқ қылмыстар болады. Сондықтан Германия үшін мұндай процестер өте маңызды. Жазаның сөзсіз тағайындалатынын және одан жалтарудың мүмкін еместігін көрсету қажет. Бұл жерде қылмыскердің жасы маңызды емес», – деген пікірде саясаттану ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Манойло.

ЖАУЫЗДЫҚ МЕКЕНІ

Үшінші рейх Заксенхаузен концлагерін қатігездік пен зұлымдықтың ерен үлгісін көрсету үшін тұрғызған. Аумағы үш бұрыш тәрізді салынған нысанның басты мақсаты тұтқындарды қорлап, жеке басының құндылықтарын басып-жаншу болды. Ол 1936 жылы салынды. Сол жылдың шілдесінде алғашқы тұтқындарды орналастырды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін мұнда фашизмге қарсы шыққан неміс коммунистері мен қуғындалған Германияның еврейлері қамауда болды. Ал, кеңестік тұтқындардың алғашқы легі 1941 жылдың 31 тамызында келді. Түрлі дереккөздерге сүйенсек, лагерьдегі кеңестік тұтқындардың саны 13 мың мен 18 мыңның аралығында болған екен.

«Олардың басым көпшілігі ажал құшты. Атап айтқанда, Иосиф Сталиннің үлкен ұлы Яков сол жерде өлтірілді. Қоршаудағы тікенек сымға жақын барған кезде оны күзетші атып тастады», – дейді Екінші дүниежүзілік соғысы тарихшылары қауымдастығының (РФ) вице-президенті Константин Залесский.

Концлагерьде тұтқындардың жеке басын қорлаудан бөлек, оларға түрлі қатал эксперименттер жүргізілді. Денсаулығына, ориентациясына байланысты түрлі сынақтар жасалды. Мәселен, неміс вакцинасының тиімділігін тексеру үшін тұтқындарға іш сүзегін әдейі жұқтырды. Эксперимент қорытындысы салыстыру арқылы шығып отырды. Тұтқындарды екі топқа бөліп, бір топ түрлі препараттар мен вакциналар қабылдаса, екінші топтағы тұтқындарға дәрі-дәрмек атаулы мүлдем берілмеді. Константин Залесскийдің айтуынша, мұндай эксперименттерден  санаулы адамдар ғана тірі қалған.

Заксенхаузенде коммерциялық өнімдерді сынақтан өткізетін алаң да болған. Лагерь аумағында бірнеше учаскелерге бөлінген арнайы шеңбер жасап, әр учаскедегі шеңбер жолын түрлі топырақтан жасаған. Тұтқындарды осындай жолдарға он келілік сөмкемен шығарып, құлағанша жүруге мәжбүр еткен. Осылайша, майданға жеткізілетін етіктердің беріктігін тексерген. Неміс концлагерьлерінің барлығында да «жұмысқа жегіп, зорықтырып өлтіру» әдісі кеңінен қолданылған.

Рас, тұтқындарды түрлі жолдармен аяусыз өлтірген. Кейбір адамдар тобын шағын вагондарға тиеп, лагерьдің сыртына апарып, атып тастайтын болған.

Концлагерьдегі тұтқындарды Қызыл әскер 1945 жылдың 22 сәуірінде азат етті. Бір күн бұрын концлагерь күзетшілері 36 мың тұтқынды өлтіруге тырысқан. Сол кезде лагерьде барлығы 40 мыңға жуық тұтқын болған.

«Фашистер лагерьді тазартуға тырысқан. 36 мың адамды лек-легімен солтүстікке қарай апарған. Тұтқындарды баржаларға отырғызып, суға батырып жіберу жоспарланған. Алайда, оларды жолда кеңес әскерлері құтқарып қалған. Көптеген тұтқындар қайтыс болғанымен, өлім аузынан аман қалғандар да аз болған жоқ. Бірақ, лагерьде қалған шамамен үш мыңға жуық адамның түгелі қайтыс болды. Олар әбден қажыған, ауруға шалдыққан еді. Жүруге әлдері де келмеген», – деп толықтырды Константин Залесский.

27 елден құралған 200 мыңға жуық адам Заксенхаузенде тұтқында болса, соның 100 мыңға жуығы концлагерьдің құрбанына айналған.

АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС

Халықаралық заңгер Валерий Ванин Заксенхаузеннің бұрынғы күзетшісінің кінәлі деп танылатынына сенімі мол.

«Сотталушының жасы мен Германиядағы сот істерінің баяу жүретінін ескерсек, айыпталушы сот үкімі шыққанша өмір сүрмеуі де мүмкін. Сондай-ақ, соттың шешіміне аппеляциялық шағым берілуі ықтимал. Бұл процесті бірнеше жылға созады. Үкімнің шартты немесе нақты болуы сотталушының кінәсінің дәлелденгеніне байланысты. Тірі куәгерлер аз қалды. Сол себепті айыпталушының жүздеген адамның өліміне қатысы барын дәлелдеу қиын. Егер бұл жүзеге асса, онда шартты мерзім болмайды. Ол сол тұста Германияға қызмет етті. Бұл оны кінәлі деп тану үшін жеткілікті. Егер оның қолымен жасалған қылмыстар туралы деректер табылса, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді заңгер.

«Бәлкім, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылады», – деп санайды Андрей Манойло. Бірақ, мұндай қатаң үкім де символдық сипатқа ие болады. Себебі, қазіргі заман айыпталушының қылмысын ақтап ала алмайды. Үшінші рейхтің дәурені әлдеқашан біткен. Идеологиясы да өміршеңдігін жоғалтқан.

«Көптеген жылдар өтсе де, оның әрекеті өз кезегінде қылмыс болып табылады. Алайда, оның жүздеген адамның өліміне тікелей қатысы барын дәлелдеу мүмкін емес. Сірә, оған ең аз мерзім беріледі», – деп атап өтті Констанин Залесский.

«Мұндай жағдайда ең маңыздысы – күзетшіні 25 жылға соттамау. Қылмысы үшін жазалау маңызды. Бұл үкім айыпталушы үшін де емес, тұтқындардың туыстары үшін де емес, қоғам үшін маңызды. Адамдар адамзатқа қарсы жасалған қылмыстардың ескіру мерзімі жоқ екенін және ешқашан ұмытылмайтынын көруі керек», – деп түйіндеді сарапшы.

Жазадан жалтарып кеткен фашистердің ісін қайта қарау жұмыстары Йозефпен ғана шектелмейді. Мәселен, былтыр Германияда Штуттгоф концлагерінің бұрынғы күзетшісі кінәлі деп танылды. 93 жастағы қария екі жылға шартты мерзімге сотталды. Бүгінде бұл елде аталмыш лагерьдің тағы бір бұрынғы қызметкеріне қатысты процесс жүріп жатыр. 96 жастағы оны 10 мыңнан астам адамның өліміне қатысы бар деп айыптауда. Концлагерьдің экс-хатшысының ісі бойынша сот тыңдалымы 19 қазанда өтеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, өткен ғасырда қолдарын қанға малған ардагер фашистердің жазасын бүгін алуы өскелең ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Әйтсе де, бұрынғы Фашистік Германия мен бүгінгі Федеративтік Германия үкімінің айырмасы жер мен көктей екендігі даусыз. Бәлкім, төрінен көрі жақын қалғанда «жұмсақ» жазамен құтылғандары тағдырдың сыйы болар.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here