Жаңа премьер ескі мәселені қозғады

0
1861

4 қазан күні Фумио Кисида Жапонияның 65-ші премьер-министрі қызметіне кірісті. Оның кандидатурасын жақтап төменгі палатаның 311 депутаты дауыс берді. Жаңа қызметіне кіріскен алғашқы күні-ақ 64 жастағы Фумио Кисида Курил аралдары жапондарға ғана тиесілі екенін ашық айтты. Әрине, су жаңа премьердің пікірі жапондарды қуантты, ал орыстарды таң қалдырды. Өйткені, Мәскеу Курил жотасының барлық төрт аралын өзінің аумағы санайды.

ЖАПОНДАР АРАЛДАРЫНАН ҚАЛАЙ КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛДЫ?

Фумио Кисиданың саяси ұстанымына тоқталмай тұрып, алдымен Күншығыс елінің Курил аралдарынан қалай көз жазып қалғанына қысқаша тоқталсақ орынды болар.

1855 жылға дейін Курил аралдарының қай елге тиесілі екендігі анықталмаған. 1855 жылы Қырым соғысынан кейін Ресей мен Жапония арасында «Симод шарты» жасалды. Аталған шарт Жапония мен Ресей арасында дипломатиялық қатынастың орнауына ықпал етті. Екі елдің шекарасы анықталды. Кунашир, Итуруп, Хабомай, Шикотан аралдары жапондардың иелігіне өтті. Сахалин Жапония мен Ресейге ортақ меншік аралға айналды. Тек 20 жыл өткен соң екі тарап «Петербург келісімшартын» жасасты. Нәтижесінде, Курил аралдары Жапонияға, Сахалин аралы Ресейге тиесілі болды. Дегенмен, 1905 жылы болған орыс-жапон соғысы 30 жыл бұрынғы шарттың күшін жойды. Соғыстан жеңілген Ресей Сахалиннің оңтүстік аймағының жартысын Жапонияға беруіне тура келді.

Қырық жылдан кейін жағдай өзгерді. 1945 жылы КСРО Сахалинді қайтару және Курилді тартып алу үшін Жапонияға соғыс ашты. Мәскеу жеңіске жеткен соң, Сахалинді қайтарып қана қоймай, Курил аралдарын Жапониядан 1905 жылы орыс-жапон соғысында келтірген шығынның өтемі ретінде тартып алды. Содан Мәскеу мен Токио арасындағы жер дауы басталды.

Осылайша, Курил аралдары 1945 жылы КСРО-ның иелігіне өтті. Жапония үкіметі аралдарды Кеңес үкіметіне өз еркімен бергенін растайтын құжатқа мәжбүрлі түрде қол қойды. Өйткені, кез келген соғыс шарты бойынша жеңілген тараптың жеңімпаздың талабын орындауы заңды құбылыс.

Соғыстан кейін Күншығыс елі қысқа мерзімде ес жинап, етек жапты. Дамыған озық елдердің қатарына енді. Кешегі кеткен есесін бүгін қайтаруды көздеді. Бабадан қалған мирастың қолды болуын сүйекке түскен таңбадай көрді. Ал, бұған Кеңес Одағының заңды мұрагері саналатын Ресей Федерациясының да айтар өз уәжі, алға тартар құжаты бар.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жылға жуықтаса да, Ресей мен Жапония арасында бейбітшілік шарты туралы бітімге қол қойылмады. Бұл мәселе әлі де шешімін таппаған геосаяси жағдайға айналды. Келіссөздер күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

КУРИЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ АЙТЫЛҒАН СӨЗ БЕН ІСТЕЛГЕН ІС ҚАБЫСПАЙДЫ

Күні кеше отставкаға кеткен Синдзо Абэ Үкімет басшысы болған 2012-2020 жылдары Курил мәселесі бойынша Ресей тарапымен отыз рет стол басына отырған. Дегенмен, келіссөздердің барлығы да нәтижесіз аяқталған. Даулы мәселеде айтылған сөз бен істелген іс бір-бірімен қабыспады. Билік басына келген Фумио Кисида енді мұраға қалған мәселені шешуге тырысып көрмек.

«Жапонияның егемендігі солтүстік аумақтарға да (жапондар Оңтүстік Курилді солай атайды) таралады. Біз бұл күрделі мәселені болашақ ұрпаққа мұраға қалдырмауымыз керек. Аралдардың меншік мәселесін шешу үшін Үкіметтің негізгі жұмысы Ресеймен бейбіт келісім жасауға бағытталады», – деп мәлімдеді Фумио Кисида.

Жаңа премьердің пікірінше, Курил жотасының барлық төрт аралын, яғни Итуруп, Кунашир, Шикотан мен Хабомайды қайтарып алу керек. Ал, оның алдындағы Синдзо Абэ тек соңғы екі аралға ғана үміт артқан болатын.

Рас, жапондардың көбі Абэнің «екі арал + бейбіт келісім» саясатын қолдаған жоқ. Мұны жақсы білетін Кисида енді биік мінберлерден жапондардың құлағына майдай жағатын жалынды сөздерді айтады. Дегенмен, Мәскеудің Токиоға оңайлықпен төрт аралды қайтарып бермейтінін бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін біледі.

Күрделі мәселеден Кисиданың хабары жоқ емес. Ол саясаткер әулетінен шыққан. Атасы да, әкесі де депутат болған. Өзі кезінде Курил мәселесін шешуге құрылған Солтүстік аумақтар істері жөніндегі министрліктің де тізгінін ұстады, Сыртқы істер министрлігін де басқарды. Яғни, Мәскеумен Курил мәселесін бірнеше рет талқылады, Ресейдің өзгермейтін Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де (ол министрлікті 2004 жылдан бері басқарады) талай жүздесті. Демек, Курил мәселесін бір кісідей білетін Кисида бұл мәселеде Мәскеудің өліспей беріспейтінін іштей сезеді.

ДАУЛЫ АРАЛДАР ЖАПОНДАРҒА ҚАЙТАРЫЛА МА?

Рас, төрт аралға байланысты даудың кесірінен Ресей мен Жапония Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанын ресми бекітетін бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қоймады. Тіпті, оған бұл ХХІ ғасырда да қол қойылмайтын түрі бар. Неге десеңіз, жер көлемі біздің Алматы облысының Іле ауданына да жетпейтін аралдар үшін қос держава жан алысып, жан берісуге дайын тұр.

Екі елді де түсінуге болады. Өйткені, Жапонияға жердің әр шаршы шақырымы қымбат. Біріншіден, 125 млн халқы бар Күншығыс елінің жер көлемі біздің Қарағанды облысына да жетпейді. Халқы өте тығыз орналасқан. Бір шаршы шақырымға 336 адамнан келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш Қазақстанда – 6 адам, Ресейде – 8 адам, халқы ең көп Қытайда – 139 адам. Екіншіден, Кеңес Одағы басып алған 1945 жылға дейін бұл аралдар Жапонияның заңды жері болған. 1947 жылы КСРО басшысы Иосиф Сталин жапондарды аралдардан Жапония территориясына күштеп көшіруді бұйырған. Яғни, ата-бабасының жерін Жапония билігі де, халқы да қайтарып алуды көздейді. Дегенмен, Мәскеу де оңай шағылатын жаңғақ емес.

Сонда жеріне 45 Жапония еркін сыйып кететін Ресейге алақандай аралдар неге керек? Енді осы сауалдың жауабын қысқаша берейік.

Біріншіден, Ресей Федерациясы – әлемдік держава. Демек, 2014 жылы Украинадан Қырымды өзіне қосып алған Мәскеу басқа елге ұлтарақтай жерін де бермейді. Екіншіден, Курил аралдары экономикалық, географиялық жағынан маңызды рөл ойнайды. Кунашир мен Итуруп Жапонияға өтсе, АҚШ-қа Охот теңізінің «қақпасы» ашылады. Оған Ресей қарсы бола алмай қалады. Оның үстіне бұл екі аралдан Мәскеу бас тартса, онда Владивостоктан қатынайтын ресейлік кемелер Тынық мұхитына шығу үшін үшінші елдің, яғни Жапонияның рұқсатын сұрайтын болады. Сондықтан Мәскеу «қолында тұрған алтынның қадірін» біледі. Ал, аралдарды көршісіне оңай қайтара салатындай Мәскеу Токиоға тәуелді емес. Одан қорықпайды да. Әскері мықты. Қолында ядролық қаруы және бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Курил мәселесі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалған емес. Мысалы, күніне 40 млн оқырман оқитын қытайлық Eastday.com порталы Курил аралдары түбі Үшінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айналатынын жазды. Басылымның жазуынша, «Токио Мәскеудің  меншігіндегі өз аралдары үшін соғысады. Өйткені, Жапония халқы ел үкіметінен сөзден іске кірісуді талап етіп отыр. Бұл соғыста Токио алдымен Вашингтонға арқа сүйейді. Ал, Вашингтонға ата жауы Мәскеудің әлсірегені керек». Қалай болғанда да, Мәскеу мен Токио Курил мәселесінде «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келмесе, жер дауының арты жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Курил аралдары – барлығы 56 аралдан тұратын Жапония мен Ресей шекарасының аралығындағы аралдар тізбегі. Аралдар екі параллельді жоталарды құрайды: Үлкен Курил және Кіші Курил. Жалпы ұзындығы – 1 200 шақырым, жалпы ауданы – 10,5 мың шаршы шақырым. Курил аралдары ең үлкен төрт аралдан тұрады. Төртеуі де даулы аралдар: Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомай.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here