Алматыда педагогикалық идеялар фестивалі өтеді

0
1475

Алматыда ұстаздардың педагогикалық идеялар фестивалі өтеді. «Кластерлік білім беру – жүзеге асыру және перспективалары» атты іс-шараға республикалық білім беру саласының басшылары, Алматы қаласы және Алматы облысының мектеп мұғалімдері және педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің басты мақсаты –  өмір бойы үздіксіз білім беру қағидасын жүзеге асыру.

– Заманауи мектеп алдына қойылған міндеттерді шешуде мұғалім жұмысының маңызы зор. Бұл орайда педагогикалық жоғары оқу орны мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату өте өзекті. Фестиваль барысында ұстаз мамандарын даярлайтын оқу орындары, колледждер мен мектептер арасында өзара іс-қимылды нығайту басты назарға алынып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы мұғалім мәртебесінің артуына тың серпін береді деп ойлаймыз, – деп атап өтті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры Жандар Асан.

Фестивальдің алға қойған міндеттерінің қатарында қазақстандық мұғалімдердің пікірталас алаңдарын құру және білім берудің барлық деңгейлерінде сабақтастықты қамтамасыз ету, болашақ педагогтің құрылымдық-мазмұндық моделін әзірлеуде жұмыс берушілер мен студенттердің рөлін кеңейту сынды маңызды мәселелер бар.

Бір аптаға созылатын фестиваль аясында отандық жетекші әдіскер мұғалімдер болашақ педагогтерге ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізбек.

Сонымен қатар, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жетекші ғалымдарының шеберлік сыныптары да ұйымдастырылады.

Қосымша ақпарат:
Күні: 02.11.2021
Уақыты: 09.30
Мекенжайы: Алматы қаласы, Гоголь көшесі 114, (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 1-оқу ғимараты)

Маркетинг және коммуникациялар департаменті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here