НАҒЫЗ АЗАМАТ

0
1093

Оның әр ойыны ерекше, күлдіріп отырып ойға батырады. Әр әзілінің астары бар. КВН аңызына айналғаннан бері оның теледидардағы кез келген көрінісі көрермен көңілінен шықты. Талантымен бүкіл ресейліктерді тамсандырып жүрген актер, әзілкеш, тележүргізуші, «Сборная Камызякского края» КВН командасының капитаны Азамат Мұсағалиевтің өмір мен өнер жолына үңілмекпіз.

АНА ТІЛІНІҢ УЫЗЫНА ҚАНЫП ӨСКЕН

Азамат Мұсағалиев 1984 жылы 25 қазанда Астрахан облысында (Ресей Федерациясы) дүние дидарын ашады. Оның ата-анасы ұлттық құндылықтарды ту етіп, отбасында ата-баба дәстүрі мен тілін ұрпағының бойына сіңіріп өсіреді. Бала Азамат екі тілде де еркін сөйлеп ержетеді. Үйде қазақ тілін қолданып, мектепте орысша білім алады. Сол өлкеде түркі халықтарының өкілдері көп шоғырланғандықтан, соңынан ерген інісі Ринат екеуі бала болса да олардың салт-дәстүрі мен тілдерінің өзгешелігін ажырата білген.

Азамат №4 орыс мектебінде оқиды. Көп балалар секілді ол да футболшы болуды армандайды. Мектеп командасында, содан кейін аудандық топта ойнайды, бірақ тізе жарақаты жоспарының күл-талқанын шығарады.

«Мен – қазақпын. Ресейде туып-өстім. Әулеттің үлкендері ата-әжем,  ата-анам бала кезімізден інім екеумізге ұлттық дәстүрлерді үйретіп өсірді. Ана тілімді білемін, тіпті оның татар, башқұрт тілдеріне ұқсастығы туралы көп ойланатынмын», – дейді Азамат Мұсағалиев.

Анасы Азамат өскенде кеңседе қызмет ететін білім саласының маманы болғанын қалаған, ал әкесі ақ халат киген дәрігер ретінде көрген.

ЖАЛҒЫЗ АСЫРАУШЫ  

Азамат 16 жасқа толған шағында араларынан асқартаудай әкесін сұм ажал алып кетеді. Арқа сүйер бәйтерегі құлағанда бозбала тез есейіп, есін жияды. Тіпті, әкесін ақырғы сапарға шығарып, жер қойнына тапсырған кезде де көзінен жас тамбайды. Оны өзі былай түсіндіреді: «Менің әкем өте қатал кісі болды. Бір кездері әкемнің соңғы сапарында жыламағаным үшін өзімді жазғырдым. Әкем менің көңілімнің босап, көзімнен жас парлап тұрған түрімді көріп ұрысатын еді деп өзімді ақтап алғандай болдым».

Әкесі өмірден өткен соң отбасының бар ауыртпалығын анасы арқалайды. Екі ұлын ел қатарлы жеткізуді ойлаған шешесі күні-түні жұмыс істейді. Анасының сол кездегі көрген қиындығын актер мұңая еске алады: «Шешеме оңай соқпады. Ер жетсе де алаңғасарлау мектепте оқитын екі ұлын жеткізу керек. Таңның атысы, күннің батысы маңдайынан тері төгіліп жүріп таусылып бітпейтін жұмысқа жегілді. Сондағы бар көздегені ініміз екеумізді мектеп бітіргенше аш қылмай асырау болды».

Жаңа ғасырдағы 2000 жыл есік қаққанда Ресей елінде билік өзгеріп, көптеген отбасылар кедейліктің дәмін татады.

«Анам менің оның бір жағына шығысқанымды қалады. Сол кезде анам екеуміз киіммен ұйықтай беретінбіз. Өйткені, анам екі жерде жұмыс істеді: күндіз наубайханада – дайын өнім қоймасының меңгерушісі, кешке – тазалаушы. Күн бата үйге келіп екі-үш сағат көз шырымын алады. Оянған соң мен қайта жұмысқа шығарып салатынмын», – дейді өткен күндерден сыр шерткен актер.

Азамат мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ КВН ойындарында бақ сынап көрген. Ойын барысында осы өнердің жанына жақын екендігін түсінеді. Жоғары оқу орнына ата-анасының алдыдағы борышын өтеу үшін түседі. Ауданнан үлкен қалаға аттанарда Азамат үшін анасы қатты алаңдайды. Ішпейтін, шекпейтін, қақ-соқта ісі жоқ ұлының теріс қылықтарға тоқтау салмайтын тас қалаға бара жатқанына қатты уайымдайды.

 Ең алдымен әкесінің арманын орындау мақсатында Азамат Астрахандағы медициналық академияға барады, бірақ көп ұзамай дұрыс таңдау жасамағанын ұғады. Кейін техникалық университетті бітіріп, эколог дипломын алады. Мамандығына сай жұмыс істегенімен, бұл салаға де терең бойлай алмайды. 

Ақырындап КВН ойнап, Ресей Федерациясының қалаларында өнер көрсетеді. Осылайша, өмірлік қажеттіліктерін өтейтін азын-аулақ ақша таба бастайды. Отбасындағы жалғыз асыраушы өзі болғандықтан жаны қалайтын жұмыс арқылы табыс тапқысы келеді.

«Дайындықтан шығып дайындыққа жүгіріп жүремін, арасында гитарада бірдеңе істегендей болам… Сондай сәттің бірінде менен анам «Сенің маған көмектеспек ойың бар ма?» деп сұрады. Мен соңы не боларын білмесем де, осы істі қолға алғым келетінін айттым», – дейді актер.

ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАҒАН ЖАН

Бүгінде бүкіл ТМД елдеріне танымал талантты жанның жүріп өткен жолына көз жүгіртсек, Азамат студент кезінде КВН командасын құрады. Жалынды жастар алдымен Астраханда өнер көрсетіп, содан кейін Ресей бойынша гастрольдік сапарлар ұйымдастырады. 2007 жылдан бастап ол Астрахан облысының «Альтернатива» командасының мүшесі болады. Онда ол өзін жақсы көрсетіп қана қоймай, кәсіби түрде өсіп, көп ұзамай жетекші ойыншы атанады. Екі жылдан кейін капитан ретінде «Сборная Камызякского края» командасының капитаны болып ауысады. Команда 2011 жылы Премьер-лиганың финалына қатысты. Тағы екі жылдан кейін жігіттер күмісті жеңіп алды. 2015 жылы команда Жоғары лига чемпионы атанды.

Көп ұзамай дарынды актер телеарнада жұмыс істеуге шақырту ала бастады. Азамат көгілдір экранда «Чувство юмора» шоуымен жарқ ете қалды. Бұдан кейін ресейлік телеарналардың бірі таратқан «Однажды в России» және «Где логика?» бағдарламаларын жүргізді.

«Интерны» телесериалындағы Азаматтың рөліне тоқталмай кету мүмкін емес. Ол ойнаған айлакер терапевт-дәрігер осы сериядағы ең сүйікті кейіпкерлердің бірі болды. Мұсағалиев үшін бұл рөлдің орны ерекше. Өйткені, ол осы рөлі арқылы әкесінің арманын орындағандай болды.  

Кейіннен оның кино қоржыны «Zомбоящик» (2018), «Толя-робот» (2019), «Холоп» (2019) картиналарымен толыға түсті.

2020 жылдың көктемінен бастап Азамат YouTube әлеуметтік желісінде «Я себя знаю» ойын-сауық шоуын жарыққа шығарды. Бұл бағдарлама көрермен көңілінен шықты. Жақында ғана оның ана тілінде шырқаған «Сен» әні тыңдарман жүрегіне жетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Тележүргізуші өзінің ерекше қабілеттерін дамытып, үнемі ізденісте жүреді.

РУХАНИ ЖАҚЫН АДАМ

Әр ер азаматтың артында ақылды әйел тұратыны белгілі. Азамат та жар таңдаудан жаңылыспаған. Ол тек сүйікті жар емес, рухани жақын адамын жолықтырған. Ең қызығы, Азамат болашақ жарымен бес жасар бала кезінде кездескен. Ол кезде болашақ сүйіктісі екі жаста болатын. Олардың таныстығы романтикалық фильм желісіне ұқсайды.

«Бала кезімде мен бес жасымда қатты ауырып, анаммен бірге ауруханада жаттым. Балалар бөлімінде маған ұнайтын екі жасар қыз жүгіріп жүрді. Әкем мен анам қызды болғысы келетін, мен осы қызды үйге алып кетейік, өйткені оның анасы жоқ сияқты дедім», – деп еске алды Азамат.

Қыздың анасы бар болып шығады, тек кезекшілікпен жұмыс істегендіктен, кішкентайын медбике құрбысының қасында қалдырады екен. Жылжып жылдар өтіп бұл оқиға ұмытылып кетеді. Танымал актер Виктория есімді қызбен саябақта танысады. Көп ұзамай Мұсағалиев қалыңдықты анасына таныстыру үшін үйіне алып келеді. Анасы сұрастыра келе, қыздың тегін біледі. Сол кезде ол Азамат өзімен бірге алып кеткісі келген ауруханадағы қыз бала болып шығады…

«Біз бір мектепте оқыдық, бір қалада тұрдық, Астраханда студент кезімізде кездестік», – дейді әзілкеш.

2008 жылы ғашықтар шаңырақ көтереді. Азамат өнер адамы болғандықтан гастрольдік сапарларға көп шығады. Көбіне үйде болмайды. Сондай сәтте жан жары түсінушілік танытып, үнемі жолдасын қолдап отырады. Шығармашылығын дамытуға жайлы жағдай жасайды. Азамат жақындарының қасында қалағанынша бола алмайтынына қынжылатынын жасырмайды.

«Виктория – мені қобалжу мен қорқыныштан алып шығатын жалғыз адам. Ол бәрін көзіңнен ұғып қояды. Үйдегі үрейшіл адам – мен. Егер балалар ауырса, мен олармен бірге ауырамын, барлық дәрігерлерді, медакадемия түлектерін қосып, консилиум өткіземін. Бұған менің барлық медициналық білімі аз достарымның басы қатады. Егер менің бойымды үрей билеп немесе суық тисе, онда ең алдымен Викторияға қоңырау шалып, белгілерді тізіп шығамын. Ал, ол ондай кезде душ қабылдап, ұйықтау керектігін айтады. Ол мені ұялтуды да, тыныштандыруды да жақсы біледі», – дейді Азамат.

Бүгінде екеуі Милана мен Ляйсан атты екі қыз тәрбиелеп отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өмірін өнерге арнайтын жандар болады. Ол үшін ертелі-кеш еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүріп ғұмыр кешеді. Кейде өнер адамның өміріне айналатындай. Мұндайда сол жанның жұлдызы жарқырай түсетіндей көрінеді. Өзге өнер адамдары секілді қатты қиналмауы да мүмкін. Бұл деген еріншектікке ерік беріп, еңбек етпей жатып алу деген сөз емес. Қарекет етеді. Ісі – берекелі, күні – мерекелі болады. Өйткені, ондай таланттарды өнердің өзі таңдайтындай. Азамат та сондай талант секілді…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here