«Алтын адам» аманатын арқалаған ғалым

0
1989

Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Əл-Фараби ғылыми кітапханасында «Мағрипа Жылқыбаева – Алтын адамның күміс зереншедегі 26 таңбасының құпиясын ашқан ғалым» деп аталатын дөңгелек үстел-конференция өтті.

ЖОО мен ғылыми институттардың профессор-оқытушылары қатысқан жиында ғалымның «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптары туралы баяндамалар жасалды.

Мағрипа Жылқыбаева – кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанынан табылған Алтын адам таңбаларын 30 жыл зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик.

Жиынды қаламгер Болат Шарахымбай жүргізді. Мамандар ғалым М.Жылқыбаеваның еңбектерін білім беру үрдісіне енгізу мәселелерін де талқылады. Тарих пәнінің мұғалімі Азиза Оңғарбаева Жамбыл атындағы орта мектебінде ашылған Мағрипа Жылқыбаева атындағы ғылыми музейі аясында жүргізілген танымдық іс-шаралардың жұмысы туралы баяндама жасады.

2020 жылдың 15 қазан күні ашылған музей-кабинетте ғалымның кітаптары, тұтынған жеке заттары қойылған. Жуырда Мағрипа Шөжеғұлқызының дүниеге келген күніне орай 5-10 сынып оқушылары арасында «Алтын адам мұрасын арқалаған ғалым» деп аталатын конференция өткізілді. Сондай-ақ осы мектептің оқушылары Мағрипа Жылқыбаеваның зерттеу еңбектерінің тарихи маңызы» тақырыбы аясында облыстық, республикалық олимпиада, байқауларға қатысуда.  Жуырда оқушыларға арнап «Алтын адамның аманатын арқалаған – Мағрипа Шөжеғұлқызы» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылған.

Петроглифтерді, көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазуларды кванттық оптиканың көмегімен оқу əдісі Мағрипа Жылқыбаеваның əдісі болып табылады. 1989 жылдан өмірінің соңына дейін Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оптика ілімі арқылы зерттеумен айналысқан ғалым еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің де шифрын ашқан.

Жиында сөз алған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Айтқұл Хамит артына мол мұра қалдырған Мағрипа Жылқыбаева еңбектерінің еліміз үшін ерекше екендігін атап өтті. Сондай-ақ профессор Гүлзия Пірәлиева (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты), А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжиһан Көбденова  Алтын адам мұрасына өмірін арнаған ғалым еңбектерінің ғылыми маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы кезінде Мағрипа Шөжеғұлқызымен кездескенде естіген тарихи-танымдық әңгімелерін еске алып, естеліктерімен бөлісті. Қаламгер Кәдірбек Құныпияұлы ел-жер тарихын тануда ғалым еңбектерін зерделеп оқу қажеттігін айтты. Шара барысында Мағрипа Шөжеғұлқызының ғылыми мұрасына арналған көрме өткізілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here