Қош бол, Темке!

0
1910

Бұл өмірден өткен әрбір азаматтың орны біразға дейін оны білетін, қадір тұтатындардың санасында ойсырап-ақ қалады ғой. Оның үстіне ол бүткіл ел танитын, тірісінде айналасына шапағатын тигізіп, мейірімін төгіп жүретін атышулы тұлға болса. Күні кеше ғана күтпеген жерден бақилық болып кете барған қадірменді әріптес-жолдасымыз, белгілі әдебиеттанушы ғалым,  филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры Темірхан Сақаұлы Тебегеновтың қазасынан кейін, оны жақсы білетін біз секілді қызметтестерінің бәрінің көкейінде осындай бір қимас сезімнің қалғаны сөзсіз. Иә, бұрынғы ата-бабаларымыздың «Жақсылар өлмес болсайшы, шіркін!…» деп күрсінетіні осыдан екен ғой…

Бірақ, екінші жағынан «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейтіні тағы бар ғой, сол әруақты бабаларымыздың. Міне, осы тұрғыдан келгенде біз, әріптестері, достары, жолдастары: «Темірхан Сақаұлы өлген жоқ, ол өзінің мәңгі «бақи» деп аталатын мәңгілік өміріне қайтты, ол жақта оның таусылмайтын рухани өмірі жалғасады…» деп өзімізді жұбатуға хақымыз бар секілді. Өйткені баладай ақкөңіл, айналасына тек қана өзінің шуағын төгіп жүретін Темкең жақсы десең жақсы, ғалым десең ғалым еді.

Шынында да, артына қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің тарихын жан-жақты талдайтын жиырма томға жуық ғылыми еңбегін, өзінен білім нәріне сусындаған жүздеген, тіпті мыңдаған студент шәкірттері мен магистранттарын, ғылым кандидаттары мен докторларын қалдырып, оларды білім мен ғылымның асқарына бағыттап беріп кеткен үлкен педагог ғалымды, зерттеушіні,  білім мен ғылымның, мәдениеттің қайраткерін өлді деудің еш қисыны жоқ. Сондықтан да ол мәңгі тірі, бар болғаны енді оның екінші рухани өмірі басталды. Сондықтан да біз оған: «Қадірлі Темірхан Сақаұлы, Темке, фәнидегі саналы өмірін Қазақ руханиятының қарыштап дамуына арнаған аса еңбекқор ардақты әріптес, айналасына қолынан келген көмегін аямаған қамқор жан, барған жерің жұмақтың төрі болғай, иманың өзіңе дәйім жолдас болғай!..» дейміз.

Серік Асылбекұлы, жазушы, филология ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here