Сағым Нағашыбаева: «Суицидке психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады»

0
2944

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Бала құқықтарын қорғау жөнінде ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау мен әлімжетіктің алдын алу үшін білім беру ұйымдарында психологиялық қолдауды, мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерін күшейткен жөн», – деді.

Иә, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі жыл санап артып келеді. Бала бақыт, бала – болашақ. Бала – өмір, бала – ғұмырыңның жалғасы. Балаларды бәле-жаладан сақтау – бірінші кезекте ата-ананың міндеті. Мұны бәріміз білеміз. Алайда, елдің ертеңі деген жасөспірімдерді бақылау, дұрыс тәрбие беру жалпы қоғамның жүгіне айналды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген Әуезовтің даналық сөзінің маңызы бұрынғыдан да арта түскендей. Технология дамыған сайын кез келген ақпарат қолжетімді болып отыр. Әйтсе де, тәрбие жүгінің салмағы ауырлай түскендей. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми практикалық институтының ғылыми әдістемелік бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы жантанушы маман Сағым Нағашыбаева балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін себептер туралы әңгімелеп берді.

«ӨМІРДЕГІ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ МӘНІН ЖОҒАЛТУ –
АДАМНЫҢ ІШКІ БОЛМЫСЫНА ЖАСАЛҒАН ЖАУЫЗДЫҒЫ»

– Сағым Көпбайқызы, соңғы уақытта балалар суицидінің белең алып бара жатқанына не себеп?

– Елімізде балалар арасындағы өзін-өзі қол жұмсау дерегі көбеймесе азаймай тұр. Өзін-өзі қол жұмсаудың бірнеше факторы бар. Біріншіден, психикалық денсаулық мәселелері: депрессия, мазасыздық және басқа психикалық аурулар балалардың эмоциялық күйіне теріс әсер етеді. Одан бөлек, отбасылық қиындықтар: отбасындағы қарым-қатынастар, ажырасу немесе зорлық-зомбылық балаларға ауыр тиеді. Білім берудегі проблема: мектептегі зорлық-зомбылық немесе академиялық қысымды айта кетсек болады. Достық қарым-қатынастардың болмауы немесе әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі балаларды жалғыздық сезіміне ұшыратуы мүмкін. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен медиадағы ақпарат балалардың психологиялық күйіне тікелей қатысты. Күрделі жағдайлар: кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер күрделі жағдайларға (мысалы, зорлық-зомбылық, жыныстық эксплуатация) тап болып жатады. Бұл да жасөспірімдердің ақылын бұзады. Осы себептерді түсіну және алдын алу шараларын қабылдау маңызды. Балалар мен жеткіншектердің эмоциялық жағдайын бақылап, қолдау көрсету қажет.

Балалардың өз-өзіне қол жұмсауына әсер етер нақты факторлар бар ма?

– Өмірдегі ең қымбат құндылықтың мәнін жоғалту – адамның ішкі болмысына жасалған жауыздығы. Суицидке көбіне-көп рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Күнделікті күйзеліс, қысым адамға әсер етеді. Суицидтік әрекетке ұшыраудың нақты факторлары – болашаққа шарасыздықпен қарау, арман-мақсаттың болмауы, өмірден түңілу, әлеуметтік қолайсыздық, қоғамнан оқшаулану һәм шеттетілу. Бұл дегеніңіз – қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуден қашу. Ата-ана тарапынан балаға тиісті көңіл бөлінбеу, мейірімсіздік, қаталдық көрсету. Отбасындағы қаржылық проблемалар немесе тұрмыстық жағдайлардың нашарлауы. Бұл факторларды тереңірек зерттеу және балаларға психологиялық қолдау көрсету өте маңызды деп санаймын. Әлемде жыл сайын 720 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл статистика 15 пен 29 жас аралығындағы адамдар өлімінің үшінші себебі. Әлемдегі өзін-өзі өлтірудің жетпіс үш пайызы табысы төмен және орташа елдерде орын алады. Жеткіншектер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаушылар 31,6%-ға, әрекет жасағандар 21,7%-ға өскені байқалады. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, Қазақстан суицид бойынша 178 елдің тізімінде 19 орында тұр. Өзіне-өзі қол салушылар үлесі 100 мың адамға шаққанда 17 адамға тең. Қысқаша айтқанда, күніне 10 адам өз-өзіне қол салады екен. Дегенмен, сала мамандары статистика жақсарып келетінін айтады. Бірақ, аталған статистика дамыған елдермен салыстырғанда өте жоғары.

«БІЗДІҢ ҚОҒАМДА СУИЦИДКЕ БАРАТЫНДАР – ӨМІРДІҢ
 МӘНІН ІЗДЕП ТАППАҒАН ӨРІМДЕЙ ЖАСТАР»

–  Сағым Көпбайқызы, бұл дертпен күресу әрі оның алдын алу үшін не істеу керек?

– Қазіргі біздің қоғамда суицидке баратындар – өмірдің мәнін іздеп таппаған өрімдей балдырғандар. Суицидке қарсы тұратын факторлар – рухани жаңғыру, тәлім-тәрбиелік құндылықтарды оқып түсіну, психикалық тұрақтылық, кез келген жағдайға бейімделе білу, өмірлік құндылықтарды ескеру, өмір сүруге құштарлық, суицидтік ойлардың күнә екенін сезіну мен діни сенім деңгейінің жоғарылығы. Бұлар адамның психологиялық қорғанысын қуаттайды. Өзіне жақын тұлғалардың айырықша құрметі, аманат сезімін және жауапкершілікті сезіну, өзіне зақым келтіруден қорқу, денсаулығына мән беру, шығармашылық һәм өмірлік жоспар құру тұлғаны жаман ойдан арылтады. Күйзелістен құтылудың жолын қарастыру қажет. Біреу мақтаса, мейлі әлдекімнен ауыр сөз естісе де, оны жүрекке жақын қабылдамау жеткіншекті бұл бағытта шыңдай түседі. Балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін түрлі шараларды қабылдау қажет. Психологтар мен психотерапевттердің қызметтерін пайдалану. Мектептерде психологиялық консультациялар ұйымдастыру. Отбасыларға психологиялық білім беру, қарым-қатынас дағдыларын дамыту және отбасы ішіндегі мәселелерді шешуге көмектесу. Мектептерде суицидтің алдын алу үшін психикалық денсаулық және эмоциялық интеллект туралы оқу бағдарламаларын енгізу керек. Балалардың эмоциялық күйін бақылау, олардың мінез ерекшеліктеріндегі өзгерістерге назар аудару, достық қарым-қатынастарды дамыту, балалар мен жеткіншектердің әлеуметтік шеңберін кеңейту, балаларды және ата-аналарды әлеуметтік медиа контентінің әсері туралы оқыту.

Балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсауға кім кінәлі? Ата-ана, қоғам, әлде әлеуметтік желі ме

– Балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсауға бірнеше фактор әсер етеді, сондықтан бір жақты кінәлауға болмайды. Бұл күрделі мәселе әртүрлі деңгейлерде қарастырылуы қажет. Отбасындағы қолдау, қарым-қатынас және отбасы тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Ата-аналардың балалармен ашық сөйлесуі, олардың эмоцияларына назар аударуы маңызды. Әлеуметтік орта, мәдени құндылықтар және қоғамдағы психикалық денсаулыққа қатысты стереотиптер балалардың өздерін қалай сезінетініне әсер етеді. Мектептегі зорлық-зомбылық, қысым және әлеуметтік оқшаулануға жол бермеу керек. Әлеуметтік желідегі контент, әсіресе теріс немесе зиянды образдар, балалардың психикалық денсаулығына ықпал етеді. Осылайша, суицидтің алдын алу үшін бәріміздің қоғам алдында жауапкершілігіміз бар.

Қандай әлеуметтік желілерді шектеу қажет және баламен психологиялық жұмысты қалай жүргізу керек?

– Зорлық-зомбылық контенті, яғни зорлық-зомбылықты, өзін-өзі жарақаттауды немесе өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін материалдар жариялайтын платформаларды шектеу керек. Артық салмақ тастау, сұлулық стандарттары немесе өзін-өзі теріс бағалау туралы посттарды насихаттайтын әлеуметтік желілерге шектеу енгізу қажет. Балалардың әлеуметтік желілердегі әрекеттерін бақылау, қажет болса конфиденциалды есептерді қарау да маңызды. Әлеуметтік желілерде өткізілетін уақытты шектеу де кезек күттірмейтін мәселе. Мысалы, күніне 1-2 сағаттан артық емес. Баламен эмоциялар мен проблемалар туралы ашық сөйлесу керек. Олардың сезімдерін тыңдап, құрметтеуге, стресс пен мазасыздықты басқару әдістерін үйретуге тиіспіз. Айталық, медитация, тыныс алу жаттығулары… Сурет салу, жазу немесе музыка сияқты шығармашылық іс-әрекеттер арқылы өзін-өзі білдіруге мүмкіндік беру, балаларға достық қарым-қатынастарды дамыту, командалық жұмыс және қиын жағдайларда қарым-қатынас жасау дағдыларын үйрету керек. Отбасымен бірге өткізілетін уақытты көбейтуге, ортақ әрекеттер жасауға міндеттіміз. Осы шаралар балалардың психикалық денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік желілердің теріс әсерлерінен қорғай алады.

– Бүгінгі сұхбатымызды немен түйіндер едіңіз?

– Әрине, жанұяларында мектеп жасында оқитын ұлы, қызы бар ата-аналар көзінің қарашықтарының әр басқан қадамын барынша қадағалаулары қажет. Балалардың әр күнгі көңіл-күйіне зер салып отырғанның артықтығы жоқ. Сабақтан тыс мезгілде үйде болмаса, қайда жүргенін біліп отыру маңызды. Ал, кешкілік, түн мезгілінде барған жерінен кешіксе, жоқ болып жатса, жедел іздестірген абзал. Қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалар ата-аналарға еренсіздіктен, енжарлықтан, немқұрайлықтан арылуды талап етеді. Өзімізге өзіміздің жанымыз ашыса, аялап өсірген, үкілеп үміт күтіп жүрген балаларымыз жамандықтан аулақ болады.

Ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here