Тұлғасын ұлықтаған ел ардақты

0
4522

Қазан айының 10-жұлдызында Алаш тарихының ізі қалған киелі топырақ Атырау өлкесіндегі Халел Досмұхамедұлы атындағы университетте мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, аудармашы, публицист, редактор, драматург Нұғыман Сәрсенұлы Манайдың 130 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Нұғыман Манайдың тарихи тұлғасы және идеяларының заманауи келбеті» атты өңірлік оқу-әдістемелік семинар мен Құрманғазы ауданының С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде тұлғаның «Иман-ислам» шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Бұл тұлғаның репрессия құрбаны болғаннан кейінгі 86 жыл, ал тәуелсіздіктің 34 жылында өткізілген алғашқы шара, алғашқы шығармалар жинағы еді.

| ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСІМ НҰҒЫМАН МАНАЙ КІМ?

Нұғыман Сәрсенұлы Манай – қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жанбай өлкесінде 1894 жылы 5 қыркүйекте қарапайым шаруа Сәрсеннің отбасында дүниеге келген. Жастайынан ауыл молдасынан хат таныған Нұғыман 1913 жылы сол дәуірдің ең озық білім ошақтарының бірі – Уфа қаласындағы Faлымжан Ибрагимов пен Мажит Ғафури сияқты қалам қайраткерлері дәріс беретін «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Нұғыман Манай «Ғалия» медресесінде оқи жүріп, замандас қайраткерлер Бейімбет Майлы, Жиенғали Тілепбергендермен бірге қолжазба «Садақ» журналын шығаруға ат салысады.

Ғалия медресесінде оқып жүрген шәкірт Нұғыман «Шарқ» баспасынан бастауыш сыныптың 4-жылдығына  арналған «Иман-Ислам» атты оқулығын жазады.

Медреседе ұлтшыл жастардың сапынан табылып, 1915 жылы ұлтты ояту мақсатында «Қазақ» газетінде «Емле хақында», «Мұғалімдерге ашық хат» атты үндеулерге қатысады.

«Ғалия» медресесін аяқтай сала еліне оралып, «Талап» мектебінің негізін салады. 1917-жылдың басында Орда қаласында Б.Құлман, Ғ.Мұсағалиұлы, Ғ.Қараш сынды тұлғалармен бірге  тұңғыш қазақ баспасөзінің бірі «Ұран» газетін шығаруға ат салысады.

1920-1923 жылдары Теңіз уездік оқу бөлімінің меңгерушісі, уездік атқару комитетінің председателі жұмыстарын атқарып, «Кедей туы» газетінің редакторы болады.

1920 жылы Нұғыман ел ісіне араласып, Қиғаш өзені, Бөкей Ордасы, Синиморск, Сафоновка, Ганюшкино, Жанбай елді-мекендерінің Қазақ автономиялық республикасы құрамында қалуына қайрат қылады.

1925 жылы композитор А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні мен күйі» еңбегіне Нұғыман Бөкей Ордасынан «Ақ теңіз», «Гэй-гэй» атты әндерді хабарлап, ел жадынан ұмытылып бара жатқан әндердің нотаға түсуіне үлесін қосады.

Нұғыман Манайдың 1929 жылы қайраткер О.Жандостан кейінгі Қазақстанның халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Бұл қызметте Нұғыман Қазақстандағы оқу-ағарту мәселесінің ішінде бастауыш мектеп, оқулық, мұғалімдер даярлау мәселелерімен қоса, театр, мәдениет, өнер, баспа мәселелерін көтереді.

Ғұмырының соңында қайраткер ғылыми-шығармашылық және аудармашылық жұмыспен айналысады. Орыс жазушылары Соболев, Березовскийлердің шығармаларын қазақ тіліне аударады. 1931 жылы «Тіл жайында» атты саяси еңбегін жазып, 1933 жылы ақын, қоғам қайраткері Шәңгерей Бөкейдің тұңғыш шығармалар жинағын құрастырады.

1937 жылы Нұғыман Манай өзге де қайраткерлер сияқты қудалауға түсе бастайды. Алаштың басына түскен қайғы Нұғыманды да айналып өтпеген екен. Оның жары Шарипа Манайды «АЛЖИР» абақтысына қамаса, балаларын Шымкент қаласындағы жетімдер үйіне жібереді. Ал 44 жастағы қайраткер Нұғыман Манайды күнделікті тергеу, тінту жұмыстарынан кейін 1938 жылы наурыз айында ОГПУ «үштігінің» шешімімен ату жазасына кеседі. Тек қана араға небәрі 20  жыл салып 1958 жылы Нұғыман Манай Қазақ ССР Жоғары кеңесінің шешімімен  ақталады.

| ТУҒАН ЖЕРДЕЙ ЖЕР БОЛМАС, ТУҒАН ЕЛДЕЙ ЕЛ БОЛМАС…

 (Тұлға рухына тағзым: Атыраудағы арқалы жиыннан)

Әсем де көрікті тарихи шаһар 10 қазан күні Атырау қаласындағы семинар Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, тұлға рухына тағзым ету рәсімімен басталды.

Аталмыш семинарға тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Қабекенов, әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, «Н.С.Манай атындағы жалпы орта мектеп» директоры Рафхат Мукушев, Алаш бағытындағы Qyr balasy ҚҚ Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ директоры, алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманұлы, Qyr balasy ҚҚ негізін салушы, алаштанушы ғалым, жазушы, ұстазымыз Елдос Тоқтарбай, ұстаз Амандық Есқали, белгілі суретші, дизайнер Назерке Болатқызы, Нұғыман Манайдың ұрпақтары: Роза, Раушан Жаңабай, Мадина Манай, қорымыздың жанашырлары: Игілік Байдуллин, Бақыт Жұмахмет, Жомарт Сағындықұлы, Арыстан Сайынұлы, Қуаныш Саматұлы, Еркебұлан Наурызұлы мен университет студенттері қатысты.

Семинар барысында Нұғыман Манайдың қоғамдық-саяси қызметі, шығармашылығы турасындағы баяндамалар оқылып, нұғымантану мәселелері бойынша келелі ұсыныстар жасалды.

 Сонымен қатар, Qyr balasy ҚҚ Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ (10.09.2024 жылғы) шешімімен:

  1. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Қабижанұлы Ахметке;
  2. Әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұратқа;
  3. Публицист-жазушы өлкетанушы Өтепберген Әлімгерейұлына (тұлғаның қызы Айнұр Өтепбергенқызына берілді);
  4. Қайраткер Нұғыман Манайдың ұрпағы Раушан Әбдәліқызы Жаңабайға;
  5. Алаш қайраткері Ғұбайдолла Бердіұлының ұрпағы, қорымыздың жанашыры Бақыт Маратұлы Жұмахметке «Алаш зиялысы» медалі табысталып, қор атынан риясыз құрмет көрсетілді.

Шарада Нұғыман Манайдың «Иман-ислам» шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Бұл кітап тұлғаның репрессияланған кезеңінен 86 жылдан кейін жарық көрген алғашқы кітабы еді. Сонымен қатар, бұл жинақ  краудфандинг есебінен шыққан болатын.

«Иман-ислам» шығармалар жинағы 4 бөлім және Қосымшадан тұрады:

  1. Нұғыман Манайдың ғылыми мұрасы;
  2. Нұғыман Манайдың әдеби мұрасы;
  3. Нұғыман Манайдың публицистикасы;
  4. Нұғыман Манайдың архивтік құжаттары.

Кітапта қайраткердің 1915-1934 жылдары төте, латын қарпімен  жарық көрген еңбектері, мақалалары қазіргі қаріпке түсіріліп, ғылыми түсініктері беріліп, хронологиялық тәртіпте жинақталған болатын.

* * *

Атырау қаласынан 330 шақырымдай жерде орналасқан қасиетті топырақ Құрманғазы ауданы, Жанбай өлкесінде қайраткер Нұғыман Манай дүние есігін ашып, алғаш рет ауыл молдасынан хат таныған еді. Осы өлкеден қанаттанып «Ғалия» медресесіне оқуға түсіп, «Талап» мектебінің негізін салған болатын. Сондықтан да, мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, аудармашы, публицист, драматург, редактор Нұғыман Сәрсенұлы Манайдың 130 жылдық мерейтойы 11 қазан күні тұлғаның туған жері Құрманғазы ауданында жалғасын тапты.

Құрманғазы ауданының С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өткен шарада тұлғаның «Иман-ислам» шығармалар жинағының тұсаукесері өтіп, жергілікті зерттеушілер: Өмірзақ Қожағалиев, Сара Алпысқызы қайраткердің өмірі, қоғамдық-саяси, шығармашылық кезеңдері жайынан баяндамалар жасады.

Сара Алпысқызы – Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылында алғаш рет Нұғыман Манайдың шағын болса да тарихи дерекке толы мұражайын жасаған, тұлға туралы мақалалар жазып, халыққа танытқан көзі тірі нұғымантанушы. Әжемізге қайраткердің алғашқы кітабы беріп, батасын алдық.

Сонымен қатар, осы өңірдің тумалары, қоғам қайраткерлері: Сәрсенбай Еңсегенов, Ғизаттолла Мурсалиев тұлғаның 130 жылдық мерейтойымен құттықтаса, ауданның жас ақындары Нұғыман тұлғасы жайынан жүрекжарды өлеңдерін оқыды.

Қасиетті жұма күніне орай келгендіктен, жергілікті мешітте тұлғаның рухына құран бағышталды.

Түс ауа Ибадолла Қалиев, Балтабек Құбашев сынды ауыл ақсақалдарының бастауымен қайраткердің кіндік қаны тамған жері, қазіргі уақытта тек орны ғана қалған Жанбай ауылына бардық. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан ауылдың иірім, ескі жолдарынан өтіп, әуелі, Үшшеркеш болысына, кейін Нұғыманның әкесі Сәрсен қоныс тепкен ескі Жанбай ауылының орнын көрдік. Сөз жоқ, қайраткердің туған жеріне табанымыздың тигені бізді тамаша әсерге бөледі. Тұлғаның мұрасын зерттеуші ғалым ретінде Нұғыман Манайдың кіндік қаны тамған топыраққа аунап, ауыл ақсақалы Ибадолла атаның батасын алып, қасиет қонған өлкенің өз баласына айналдық. Бұл ырым болғанымен, астары терең еді. Енді Алаш аманатына қиянат жасамай, ғылым жолында адал еңбек ету – парызымыз!

Ауыл ақсақалдары Ибадолла, Балтабек аталарымыздың айтуынша, бұрнағыда бұл өлкеде орыс, татар халқы көп орналасыпты, содан болуы керек өндіріс ошақтары да  аз болмаған деседі. Осы жерді қазіргі таңда ауыл халқы «Ескі Жанбай» деп атайтын көрінеді.

Солай тұлғаның туған жерінен Орлы ауылындағы Нұғыман атамыздың есімі иеленген жалпы білім беретін орта мектепке бардық.

 Шағын ғана мектеп болғанымен де, оқушылардың қайраткерге деген риясыз құрметі бізді шын толқытты. Шет-шетінен талапты жас шәкірттердің әрқайсысы қайраткердің ерен еңбегін, есім-сойын жатқа біледі. Қандай тамаша дерсіз!

Бұл мектептен де әлі талай Нұғымандар шығатыны анық!

Өлкенің тарихи орындарының бірі – Мақаш Әкім мазараты. Өз заманында ел ісіне араласып, саяси істе тұтқа бола білген қайраткердің басына барып, тағзым еттік.

Мінекей, тұлғаның туған жеріндегі сапарымыз осындай әсермен аяқталды.

* * *

Есімі ұмытылған, еңбегі қараусыз қалған тұлғаның мұрасы қаншама жыл өткеннен кейін жинақталды. Туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмаған тұлғаның туған жеріне қайраткердің мұрасы жетті. Жан-жаққа тарыдай шашылған ұрпақтары Ташкент, Шымкент, Алматыдан аталарының туған жерінде алғаш рет табандары тиіп, бастары қосылды. Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын… Қандай тамаша сәт!

Сондықтан да біз, жас ұрпақ, ұлты үшін жанын берген қайраткерлерге тағзым етіп, тарих алдында, тұлға алдында парызымызды өтеуіміз тиіс. Сонда ғана тарихи тамыры терең жайылған ұлтқа айналамыз.

Қайраткер Нұғыман Манайдың 130 жылдығы құтты болсын!

Ардақты есімді ұлықтаған Атырау жұртына алғысымызды білдіреміз!

ЖАСАСЫН, АЛАШ, ЖАСАСЫН!

Ертай БІЛӘЛ, алаштанушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here