Бір жанұяда 16 ұстаз

0
2550

Маңғыстау ауданындағы Құрмашевтар әулеті ұстаздар династиясын жалғап келеді. Отбасындағы алғашқы мұғалім – Алдаберген Құрмашев жарты ғасырдан астам ғұмырын білім беру ісіне арнады. Жасы 82-ге келген педагог осы уақыт ішінде талай шәкіртті тәрбиеледі.

Алдаберген Құрмашев – математика пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын 1962 жылы Шетпе кентіндегі сегіз жылдық білім ошағынан бастаған. Содан бері шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтты. Оқу меңгерушісі, мектеп директоры, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Талай оқу үздіктерін ұядан ұшырды.

Ол – ардагер, білікті ұстаз болумен қатар, үлгілі жанұяның мәуелі бәйтерегі. Немерелерінің ардақты атасы. Балаларының барлығы жоғары білімді мамандар. Жанар, Жанат, Ләззат, Кәмшат есімді қыздары мен бірнеше келіні мен немерелері де әке жолын таңдап, білім саласын дамытуда еңбек етіп жүр.

Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ұстаз деген ұлы ұғымды ту еткен ардагер-ұстаз, білім беру ісінің үздігі, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Алдаберген Құрмашевтың жанұясы 2016 жылы Маңғыстау облысындағы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында да жеңіс тұғырынан көрінді.

Керегесі кең, босағасы берік қара шаңырақтың ақылшысы Алдаберген Құрмашев әкеден жастай жетім қалып, жалғыз анасының қас-қабағын бағып, жанына жалау боламын деген ниетте үй тіршілігіне де, сырттың жұмысына да ерте араласады. Сол себепті «жетістіктің сыры – еңбекте» деген ұстанымды ұстанатын қария балаларынан да, өзі тәрбиелеген шәкірттерінен де көп еңбектеніп, ата-ананың «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жетілдіріп, оқытып-тоқытқан парызын, олардың берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесін адал еңбектерімен, адамгершіліктерімен қарыз ретінде қайтаруды талап етеді.

Жүрегінің пейілі елдің бәріне бірдей Алдаберген ағайдың жұбайы Сәния Туғанбаева медицина саласының үздігі, «Алтын алқа» медалінің иегері, 25 немере мен 22 шөберенің сүйікті әжесі.

«Отауласқанымызға жарты ғасырдан астам уақыт болды. Осы аралықта бір-бірімізді үнсіз ұғынысып, ыммен түсінісе білген біздің отбасымызда ұрыс-керіске орын жоқ», – дейді отанасы.

Қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей сезініп, суығы мен ыстығына күйіп-піскен, қайғысы мен қуанышын бірге бөліскен, өмір бойы бір-біріне демеу, сүйеу бола білген, сыйластығы сырттарынан көрініп тұратын отбасылық жұп жеті бала тәрбиелеп өсіріп, олардың әрқайсысының жоғары білімді маман иесі болуларына тек ата-ана парызы деп қарамай, олардың саналы ортаның салауатты азаматы болуына ден қойған.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, шаттықтың шуағы шашылған шаңырақтың ұл-қызы мен келіні, немерелерінің көпшілігі әке жолын жалғаған ұлағатты ұстаздар. Қанатын кеңге жайған әулеттің мерейлі ұрпақтары бірі домбыра шертсе, енді бірі гитараның құлағында ойнайтын өнерлі жандар.

Анасының табан ет, маңдай терін бағалай білген бала Алдаберген мектепті озат аяқтап, Гурьевтің Мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика мамандығын алып шығады. Ең алғаш еңбек жолын интернаттарда пионер-тәрбиелеуші болып бастап, кейіннен Н.Жұбаев атындағы орта мектепте мұғалім, осы білім ордасы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Білім беру саласында 48 жыл бойы талмай, тынбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздың ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан отбасының бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бейтерек сынды абыройы асқақтап, мерейі тасып тұр.

Гүлжанат ШЫНДЫБАЕВА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here