Жыл соңына қарай көптен күткен екі отандық фильм қазақстандық прокатқа шығуда. Қаулылар мен локдаундардан шаршаған көрермендерді кинотеатрға қайта әкелетін де, кең кинотеатралды прокатқа сүйеніп, үлкен кассалық жинақтар жасай алатын да – осы екі фильм. Олар – Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес Түркияда» және «Kinopark&KinoplexxTheatres» компаниясы шығарған «Моя большая казахская семья» фильмдері.
Бірінші фильм – «Қазақша бизнес» деп аталатын отандық кино тарихындағы ең табысты франшизаның жалғасы. Идея авторы Нұрлан Қоянбаев бірнеше жыл ішінде тек жергілікті көрерменге түсінікті әзілдер мен сценарий оқулықтарында сипатталған классикалық комедиялық шешімдердің арасындағы тамаша тепе-теңдікті таба алды. Бүгінде оның жобасы ең табысты отандық кинематограф брендтерінің біріне айналып отыр. Франшизаның «Бизнес по-казахски в Корее» деп аталатын соңғы бөлімі 2019 жылы прокатқа шығып, отандық кинематограф тарихында алғаш рет кассалық жинағы бойынша қатар көрсетілген голливудтық «Мстители» блокбастерін басып озды. Негізгі оқиғасы Түркияда орын алатын жаңа бөлімін дәл осындай сәттілік күтіп тұрған сияқты. Оған да ковидтен кейінгі прокат әлемінде рекорд орнатып жатқан танымал «Өрмекші адам» комиксімен біріншілік үшін күресуге тура келеді.
Екіншісі – пандемия кезінде үлкен экранда көрсетуге болатын фильмдердің жетіспеушілігіне тап болған еліміздің ең үлкен кинотеатрлар желісі Kinopark-тың дебюттік жобасы. Нәтижесінде компания батыл қадам жасап, өз фильмдерін шығарумен айналысатын бөлім ашты. Бұл ұжым бір жыл ішінде үш толық метражды картина түсіріп, жақсы нәтиже көрсетті. Кезекте тағы бірнешеуі тұр. Міне көрермен назарына ұсынылатын бірінші туындылары – Ален Ниязбековтың «Моя большая казахская семья» фильмі.
Бұл көрерменге ата-ана мен бала арасындағы отбасылық қарым-қатынас туралы баяндайтын көңілді комедия. Басты рөлдерде 13 кейіпкер бар. Оқиға желісі қарқынды дамиды. Сценарий бойынша отағасының төрт баласы бар: ұлы және үш қызы. Оның тұңғышы армян әйелге үйленген. Үлкен қызы кәріске, ортаншысы орысқа тұрмысқа шыққан. Бірақ әкесі кіші қызының қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын қалайды, дегенмен, қыздың таңдауы африкалыққа түседі. Жанры комедия болғанына қарамастан, фильмде жасырын философия өте көп, дейді картина режиссері Ален Ниязбеков.
«Менің ойымша, екі философия бар. Негізгісі – таңдау еркі. Қазір ересек ұрпақ жастардың таңдауына әсер етуге тырысатын жағдайлар көптеп кездеседі және өте өткір мәселе болып тұр. Сондай-ақ, отағасы өзінің кіші қызына дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар бергісі келеді, ал қызы өз кезегінде жүрегі ата-анасының таңдауын емес, басқаны қалайтынын түсінеді. Екінші философия – ұлтаралық достастық. Осы екі тұжырымдаманы пайдалана отырып, біз өте мейірімді, көңілді, отбасылық комедия жасап шықтық», – дейді картина режиссері.
Бұл екі картина отандық кинопрокат үшін пандемиядан кейінгі үлкен оқиға болып отырғаны сөзсіз. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өз тарапынан «Қазақша бизнес туркияда» фильмінің шығарылымының соңғы кезеңін іске асыруға өз үлесін қосты.
«Жоба жұмысына қатысқаннан кейінгі нәтижелеріміз қуантуда, – деп атап өтті «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев. – «Моя большая казахская семья» фильміне келетін болсақ, бұл өте позитивті, мейірімді картина, тамаша актерлік құрамы, операторлық жұмысы, графикасы бар. Мен көрсетілімнен жақсы әсер алдым. Қоғамға мұндай фильмдер қажет. Тәуелсіздік мерейтойы жылында біз 30 жыл бұрын таңдап алынған жолды негізге ала отырып, ұлтаралық бірлік идеясына адал болып қалатынымызды көріп отырмыз. Қазақ халқының мәдени кодын сақтай отырып, біз бір үлкен отбасында өмір сүретін халықтардың ерекшеліктері мен дәстүрлеріне толеранттылықпен қарауға тиіспіз. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, әлемде баламасы жоқ тиісті заңға қол қоюының ерекше идеясы да осы болатын. Біздің елімізде 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатқанын және этносаралық келісім мен халық бірлігін дамыту үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етіп келе жатқанымызды есте сақтау керек. Демократиялық құндылықтарға сүйене отырып, Мемлекет Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін сақтауға және дамытуға көмектесуде. Мұны бағалау керек. Африкадан келген бозбаланы қазақ қызына немесе қазақ жігітінің кәріс, итальян, испан қызына ғашық қылу арқылы «Моя большая казахская семья» фильмінің авторлары адами қарым-қатынас, достық, махаббат құндылықтарынің маңыздылығын жеткізгісі келеді. Біз бүгін ұлтаралық неке мәселелерін өткір, қарсы деңгейге көтеріп тастамауымыз керек. Адамның өз жолын және өмірлік серігін таңдау құқығын кесіп өту – ешкімге рұқсат етілмейді. Тағы да атап өтемін: өз халқының мәдени кодын сақтау – бұл мәселенің бір жағы ғана. Оның өзара ықпалы мен дамуы, баюы – әрқашан біздің қоғамымыздың маңызды постулаты болып қала береді».