Қайғы өтер, дəурен келер…

0
1310

«Алдың сайран, артың ойран» дегенді бастан кешірдік. Жан түршігерлік жастардың лаңкестік содырлық ойраны ұлт намысына нұқсан келтірді десек артық болмас.

«Өмір-өлім, жақсы-жаман – егіз» деп бекер айтпайды, өйткені жастардың бірі елін қорғап қаза тапса, бірі зұлымдық жасап қарақшы болды. Қарақшылық топта (экстремистік, радикалды топтан басқа) жастардың болғанын ескерген жөн болар… Зар илеп ата-ана қалды, не шара, не істеу керек? Кім кінəлі? Қоғам ба? Билік пе? Жоқ əлде отбасы ма?

1. Қоғам, билік пен халық арасына жік түстіме, бір-бірімізді тыңдаудан қалдық па? Кей-кездерде халық көтерген əлеуметтік салаларға өкімет салғырт қарады ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз тарапынан халыққа Жолдауында билікке сын айтты жəне халық үнін естігенін айтты, уақыт орнына келтіретіндігіне сенім артамын.

2. Отбасылық тəрбиенің де олқы кеткенін мойындаған жөн болар. Намысшыл, сезімталдығымыз, мінез-құлық жағынан алғанда асыл текті əрі кең пейілді мызғымас күшке ие, діні, ділі мен Отанына деген ынта-ықыластары кімге болмасын жігер беріп жүрген жан емес пе едік?!

Жəке би Қойтанұлы айтқандай, «Арыстанда қырық адамның күші бар, бір адамның жүрегі бар, ал бөріде бір адамның күші бар, қырық адамның жүрегі бар». Демек, арғы ата-бабаларымыз білек, бұлшық ет, қара дүлей күштен гөрі рух күшін, рух, əруақ айыбын жоғары қойғанын естен шығармайық. Демократиялық құндылықтар дегеніміздің өзі, өз дүниетанымымыздың жемісі болса, онда оларға деген қандай өшпенділік болуы мүмкін?!

3. Білім саласына келетін болсақ, бұқараландыру, имандылық, рухани тəрбие жағын қолға алу. Имандылық бұл сөз жүзінде емес, іс жүзінде мына негіздерді мойындап, бекіту: əрбір бала – қоғамның жоғары əлеуметтік байлығы, сондықтан онда азаматтық, жоғары парасаттылық, ақылдылықтың, адамгершілік пен  дене және тән саласын  тəрбиелеу басты мақсат болуы тиіс.

Мектеп (оқу орны) əмірлік билік емес, ақыл-парасат билігі үстемдік жасау керек. Оқу орындары отбасы, ата-аналармен, ардагер ұстаздармен біте қайнасып жұмыла жұмыс жасау керек. Кейінгі кезде отбасы тəрбиесінде олқылық кеткенін мойындағанымыз жөн. Ақпараттық интернет əлемі баулап алып, көптеген теріс бағыттар енуде, бұл мəселені де ескерген жөн. Бүлдіршіндерді балабақшаға, жас балаларды мектепке, өскелең жастарды жоғары оқу орнына артып қойған сияқтымыз. Ата-əже, ата-ана қасиетті отбасы тəрбиесіне көңіл бөлейік.

Үлкен, орта, кіші буын арасына жік түсірмей жағдай жасап дамыту керек. Желөкпелік, даурықпалықтан ауытқу қажет.

Б. Әлмұхамбетов, п.ғ.д., Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here