ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында қазақстандықтар тұрғын үйлердің құрылысын «Е-Құрылыс» жүйесі арқылы онлайн бақылай алатынын хабарлады.
«Бүгінде құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде 2 472 кәсіпорын бар. Жұмыспен қамтылғандар – 641 мың жұмыскер мен маман. Біз жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту жөніндегі саясатты одан әрі жалғастырамыз», – деді Қайырбек Айтбайұлы.
Министр тұрғын үйдің қымбаттауына жол бермеу бағытындағы шараларға тоқталды. Министрлік сол үшін үш бағытта жұмыс жүргізіп жатыр:
Біріншісі – құрылыс саласын цифрландыру;
Екіншісі – баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту;
Үшіншісі – құрылыс материалдары өндірісін дамыту.
«Құрылыс саласын цифрландыру бойынша «Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі» енгізіліп жатыр. Ол құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде ақпараттық модельдеу технологияларын (BIM-технологиялар) қолдана отырып модельдеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде «Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдегі құрылыс процесін бақылауға мүмкіндік береді», – деп нақтылады Қайырбек Айтбайұлы.