Әлем мойындаған тұлға

0
2560

Бұл біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің алғашқы курсында оқып жатқан кезіміз болатын. Есімізде мәңгі сақталып қалғаны болашақ қаламгерлерге халқымыздың маңдайына біткен ұлы ғұлама ғалымдары дәріс берді. Бастапқы кезде әдебиет теориясынан көрнекті ғалым, артында өшпес мұра қалдырған Мұхтар Әуезовтың шәкірті Зейнолла Қабдолов оқытты. Оның шешендігі, студенттердің ұйып тыңдайтындығы соншалықты, дәрісханада кәдімгі ұшқан шыбынның ызыңы естілетін. Оның әрбір лекциясын курстастарымыз жібермеуге тырысатын. Өйткені, оның дуалы аузынан шыққан әрбір сөздер, деректер мен дәйектер жүректерге жетіп жататын.

Жарқын жүзі мәңгілік жадымызда

Бір күні академиктің жүргізіп жатқан пәнін одан әрі жоғары оқу орнына Мәскеуде оқыған жас ұстаз жалғастыратынын естідік. «Ол кім болды екен?» деп алаңдай күткеніміз де рас. Көп өтпей дәрісханаға жас шамасы қырықтардағы, үстіндегі киімі өзіне өте жарасқан азамат кіріп келді. Қолында сол уақыттағы зиялы қауым ұстайтын дипломаты бар.

Әдетте, кейбір ұстаздарымыз журналды қолына алып, студенттердің аты-жөндерін біліп жатады. Бұл кісі олай еткен жоқ. Топ жетекшілеріне сенім артатынын білдіріп, өзін бізге Әбсаттар Дербісәлі деп таныстырды.

Өзімізге ерекше ұнағаны, уақыттың бағасын білетіндігі. Сағатына бір қарап алды да, лекциясын бастап кетті. Оның дәрісті түсіндіру тәсілінен таңдап алған тақырыбын жетік білетіндігі, тапқырлығы мен жан-жақты ізденетіндігі айқын көрінді.

Сонан соң ол әрбір сабақтан кейін бес-он минутын студенттердің сауал қоюына, лекциясын түйіндеуге қалдыратын. Қысқасы, ол аз мерзім ішінде бәріміздің көңілімізден шығып, келешегі өте жарқын ғалым екендігін танытты.

Емтихан кезінде де шәкірттерінің жыл бойы семинарлардағы белсенділігіне, терең біліміне, тақырыпты қаншалықты меңгергендігіне айрықша назар аударды. Ұлағатты ұстаздың студенттері де оны ұятқа қалдырған жоқ. Бәрі де сессияны ойдағыдай тапсырып, туған ауылдарына үлкен қуанышпен аттанды.

Зерек те зерделі оқытушымыз студенттермен тең дәрежеде сөйлесіп, оларға ағалық ақыл-кеңесін беріп отырды. Адам өміріндегі ең ұмытылмас әрі қажырлы еңбек етіп, алға қарай талмай ұмтылатын кезең – жастық шақ екендігін үнемі еске салатын. Қазір сол күндердің бәрі де сағыныш. Жайсаң мінезді тұлғамен өткізген күндеріміз ғұмырымыздағы ең бір шуақты да қимас сәттер екендігі еске түскенде жұдырықтай жүрегіміз сыздай жөнеледі.

Киелі Түлкібастың ұрпағы

Арада қаншама жылдар өтті. Әбсаттар Бағысбайұлы өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында еліміздегі таңдаулы ғалымдардың қатарына қосылып, шығыстанушы ғалым ретінде есімі әлемге танылды.

Көз майын тауыса отырып, қаншама құнды еңбектер жазып, кез келген ғалымның батылдығы жете бермейтін тың дүниелерге ден қойды. Басқасын айтпағанның өзінде, арабтілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шыққаны мәлім.

Әрине, алдағы уақытта ғұлама ғалымның сол салада сіңірген әрі артында қалдырған аса бағалы туындыларын жастар жағы зерттеп, танымдық-тағылымдық жағы мол рухани дүниелер жазатындығына шүбә келтірмеймін.

Ізденімпаз ғалымның мағыналы өмірі де талай оқырмандар мен ғалымдарды қызықтыратындығына күмән жоқ. Ол да кешегі ауылда өскен қазақ балаларының бірі. Өзінің зейінділігімен, білімге деген шексіз құштарлығының арқасында Қазақ ұлттық ғылым академиясының академигі дәрежесіне дейін жетті.

Қандастарымыз қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданын жақсы біледі. Ол өте табиғаты көркем өңірде орналасқан. Бұл жердің алмасының дәмділігі Алматының апортынан кем түспейді. Айналасы жасыл желекке оранған аймақты замандастарымыз «Қазақтың Швейцариясы» деп те атайды. Кәусар ауасы, жаз айларындағы жаныңды сергітіп, рахатқа бөлейтін салқын самалы да ерекше. Әбсаттар ағамыз осы сұлулығымен алыстан көз тартар ауданда 1947 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келді.

Осындай кез келген жанды еріксіз тартып тұратын киелі мекенде туылған бауырларымыздың ғалым, ақын-жазушы, белгілі журналист немесе баспагер болмауы да мүмкін емес-ті. Өйткені, қазақ халқы бұл күндері есімдері ел аузында жүрген аса талантты қаламгерлер Тұтқабай Иманбековті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұтты, Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан Республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәліні, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлын кім білмейді?!

Осы жердің атын шығарып, ұлтымыздың белгілі тұлғаларының бірегейі болған кейіпкеріміз де жастайынан руханиятқа деген талпынысын көрсетіп, өзі тәрбиеленген әулет пен ұстаздарының үміт күттіретін алғыр баласы болды. Ол сол кездің өзінде имандылық, адамгершілік, ізеттілік пен ізгілік секілді қасиеттерді бойына молынан сіңірді. Мектепті тәмамдағаннан кейін ол шырайлы Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжатын тапсырды.

Емтиханнан сүрінбей өткен ол студенттік жылдарында да табандылық пен ізденімпаздық танытты. Таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгеру үшін уақытты тиімді пайдаланды. Оның осындай алғырлығын, көздеген мақсатына жетпей қоймайтын батылдығын жоғары оқу орнының ұстаздары да жете бағалады. Осылайша, курстастары мен  оқытушыларының арасында алғырлығымен құрметке бөленген жас жігіт университетті үздік дипломмен аяқтады. Содан кейін үй ішімен ақылдаса келе оларға алдағы өмірін ғылыммен тығыз байланыстырғысы келетіндігін ашық айтты.

Жанашыр азаматтар мен туған-туыстары таудай талабы бар бозбаланы қолдамаса, қарсы болған жоқ. Ауылда өскен бұл сонау Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының шығыстану институтының аспирантурасына қабылданды. Бұл кезде Әбсаттар Бағысбайұлы жиырма үш жастағы қылшылдаған зерделі жігіт болатын. Жаңа ғылыми ортаға үйреніп кету де оңай болған жоқ. Бірақ, уақыт зырылдап өте шықты. Осы жерден де қаншама қимас достар, бір мақсат жолындағы әріптестер тапты.

Аспирантураны тәмамдаған жас ғалым содан кейін яғни 1975 жылы алдымен Марокко Корольдігінде, содан кейін Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілігін арттырып, осы сала бойынша таным көкжиегін барынша жетілдіре түсті.

Еңбекқорлығы жастарға ғибрат

Беделді шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлінің бүкіл саналы ғұмыры бұрынғы астанамыз Алматы шаһарымен тығыз байланысты. Осындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданды.

Тиянақты білім алған ол осы кезге дейін жинақтаған тәжірибесі мен жан-жақты білімін туған жеріне адал қызмет етуге арнап, өзіне артылған үлкен сенімді ақтауға барын салды. Өзінің жарқын ізін қалдырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қызметін бастапқыда ассистенттіктен бастады. Содан кейін аға оқытушы ретінде шеберлігін шыңдады. Студенттер мен әріптестер арасында жоғары пайым-парасатымен дараланды. Төккен маңдай тер мен адал еңбек нәтижесін берді. Доцент атанып, абырой-беделі асқақтай түсті.

Кіл өзі секілді білікті ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейтін университеттегі жетекші филология факультетінің деканының орынбасары, шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі болды.

Оның есімі еліміздегі арабтану ғылымының негізін салушылардың қатарында құрметпен аталады. Кезінде ол жоғарыда аталған білім ордасында шығыстану факультетінің деканы секілді жауапты қызметті атқарғандығын да көпшілік ұмыта қойған жоқ.

Ақжарқын ғалымның тәлім-тәрбиесін алған жастар республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті қызмет атқарып жатқандығы белгілі. Олардың бәрі де ұстаздарын ардақ тұтып, өздері де осы саланың білікті мамандары дәрежесіне көтерілгендері үшін академиктің алдында мәңгілік қарыздармыз деп есептейді.

Өзін қашан да қарапайым ұстаған ол бірқатар лауазымды қызметтерге де тағайындалып, адамгершілік, іскерлік, қайырымдылық секілді тағылымды жақтарымен де жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Қазақ ұлттық университетінде тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор болған жылдарда қаншама жарқын істерге ұйытқы бола білді.

Сөздің реті келгенде, кезінде Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-санатты кеңесші, дипломатиялық лауазым иесі қызметтерін атқарғандығын аға буын өкілдері жақсы біледі.

Дарындыны алыстан таныды

Бүкіл саналы ғұмырын білім, ғылым және шығармашылыққа бағыштаған биік тұлға дінтанушы ретінде де аты-жөні дүние жүзіне мәлім. Оның бойындағы өзгелерге өнеге боларлық асыл қасиеттері, қайраткерлігі жоғары бағаланған болар, ол қос рет Қазақстан мұсылмандарының екі құрылтай жиынында аталған діни басқарманың төрағасы әрі Бас мүфти болып сайланды.

Сол кезең ішінде елімізде қаншама мешіттер ашылып, мұсылман ағайындардың имандылық ордасына айналды. Республикамыздың барлық өңірлеріндегі имамдар мен діни қызметкерлердің қазіргі заманға сай біліктілігін арттыруға, олардың жоғары діни оқу орнында және медреселерде кәсіби білім алуларына айрықша көңіл бөлгендігін де білеміз.

Ұстазымыздың ешкімге ұқсамайтын көркем мінезі, ішкі мәдениетінің жоғарылығы, кез келген адаммен сөйлескен кезде зиялылығы айқын көрініп тұратын. Оның есте сақтау қабілеті тіпті таң қалдыратын.

Осы сөзімізді нақтылай түсу үшін бір мысал келтіре кетейін. Осыдан біраз жыл бұрын Алматы шаһарында орналасқан мүфтиятқа жолымыз түсті. Ол кезде Қостанай облысындағы өкіл имам Ертай қажы Балахмет болатын. Қалыптасқан дәстүр бойынша төралқа мәжілісінде өңірдің өкіл имамдары жылдық есеп берді. Біздің облыстың мешіттеріндегі атқарылған жұмыстарға да лайықты баға берілді. Бұл тұста мен өкілдіктің баспасөз хатшысы міндетін де қоса атқаратынмын.

Әбсаттар Бағысбайұлы өзімді бірден таныды. Маған жылы жүзбен қарап: «Сен менің шәкіртімсің ғой, сонау бір жылы университетте болашақ журналистерге дәріс бергенімде топ старостасы болдың емес пе. Өзіңнің облыстағы мешіттердің тыныс-тіршілігі, қалыптасқан діни ахуал туралы республикалық «Ислам және өркениет» газетіне жазған мақалаларыңды үзбей оқып отырамын. Осы бағытыңнан тайма» деп ризашылығын білдіріп, барша өкіл имамдары мен әріптестерімнің алдында мәртебемді бір көтеріп тастады.

Осы тағылымы мол басқосудан кейін уақыт тауып, менімен жұмыс бөлмесінде асықпай әңгімелесті. Өзімнің университетті аяқтағалы бері енді ғана жүздесіп отырғандықтан хал-жағдайымды сұрап, біраз жайға қанықты. Сол сапардан Ертай қажы екеуміз атқарған жұмысымыз жақсы жағынан аталып, жоғары көңіл-күймен оралған едік.

Ол тек өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізде ғана емес, ТМД елдерінде, басқа да жерлерде беделі өте жоғары-тын. Соның жарқын айғағы 2007 жылы Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан аталмыш кеңестің төрағасы болып бекітілуі еді.

Бас мүфтилік қызметтің жауапкершілігі қаншалықты мол болса да, қаламы қарымды қаламгер бос уақытында өнімді еңбек етті. Табандылық пен төзімділік танытты. Әрине, кезінде оның зерттеушілік жұмыстары жайлы беделді басылымдарда аз айтылған жоқ. Бұл жөнінде әріптестері, көрнекті ғалымдар, шәкірттері қалам тербеді. Сондықтан оның бәріне тоқталып жатуды мақсат тұтпадық. Ол қаншама тарихи тұлғаларды оқырмандарға таныстырып, танымдық-тағылымдық жағы мол кітаптарды баспалардан шығарды.

Бас мүфти болған жылдары «Ислам және заман», «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» секілді бұрын ешкім жазбаған зерделі дүниелері жарық көрді. Оның алдында «Шыңырау бұлақтар», «Мың бір түн елінде», «Ежелгі араб жерінде», «Қазақ даласының жұлдыздары», «Араб әдебиеті. Классикалық дәуір» сынды шығармалары мен  «Мұхаммед Хайдар Дулати» деп аталатын өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалығы қалың жұртшылық пен жастар іздеп жүріп оқитын кітаптар екендігі ақиқат.

Кейіпкеріміздің есімі көпшілікке қоғам қайраткері ретінде де әбден танымал. Оның бәрін тілге тиек етсек, екі-үш кітапқа арқау болары сөзсіз. Әбекең Қазақстан Республикасы халыққа білім беру министрлігі жанындағы шығыстанушылардың оқу-әдістемелік кеңесіне төрағалық етті. Оның бойындағы іскерлік қырлары сонау 2003 және 2006 жылдары қыркүйек айларында Елордамыз Нұрсұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізу кезінде де барынша жарқырап көрінді.

Кеудесі тұнған алтын сандық ағамыз ешқашанда барға мақтанып, жоққа жасыған жандардың қатарынан емес. Бойындағы барлық асыл қасиеттерін, өмірден көргендері мен түйгендерін өзінен дәріс алған жас ғалымдардың, яғни магистрант пен докторанттардың бойына сіңіруге тырысты.

Оның елімізде араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырудағы, Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты жазған аса құнды еңбектері де кезінде лайықты бағасын алды. Осы арада ғұлама ұстазымыздың 2002 жылы Египет Араб республикасының 1 дәрежелі «Ғылым және өнер» және мемлекетіміздің «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Оның азаматтық, ұлтжандылық, еңбекқорлық жақтары қолына қалам ұстаған менің журналистика саласындағы әріптестеріме жақсы таныс. Ол қазіргі Қазақ ұлттық университетіне энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін беруге атсалысқаны да қандастарымызға аян. Ол аталмыш университет пен Шығыстану институтының бірлескен білім беру бағдарламасы аясында тікелей өзінің жетекшілік етуімен тұңғыш рет «Шығыстану», «Түркітану» секілді заман талабына сай мамандар дайындауға да қаншама қажыр-қайратын жұмсады.

Жан сарайы рухани бай, зерек те зерделі ғалым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан кейін еліміздегі Білім және ғылым министрлігіне қарасты Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының басшылығына тағайындалып, мұнда да ғылымға құштарлық танытқан ғалымдарға тәлімі мол тәлімгер атанды.

Соңғы жылдары ол сонау кезеңде өзінің еңбек жолын бастап, талапшылдығы, білімге шексіз құштарлығы, нағыз ұлағатты ғалымға тән қасиеттермен көзге түскен Әл-Фараби атындағы университеттің Шығыстану факультетінде студенттерді терең білім нәрімен сусындатты. Сөйтіп, өзінің әмбебаптық жарқын ізін қалдырды.

Ол қашан да қолына қалам ұстаған бауырларымызды жанына жақын тартты. Дарынды жастарды қолтығынан демеп, қанаттандырды. Ізгі тілегімен бағыт-бағдар берді.

Өзі Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі ретінде де айқын қолтаңбасын қалдырды. Жазған кітаптары үздіксіз баспалардан шығып, оқырмандарға жол тартты.

Оның есімін кіндік қаны тамған өңірдегі жерлестері де қадірлеп, ерекше мақтаныш тұтты. Бұған аса танымал тұлғаның Оңтүстік Қазақстан облысы және балалық шағы өткен Түлкібас ауданының Құрметті азаматы атануы нақты дәлел.

Бәріміз қайда жүрсек те өмірін өнеге тұтқан ерекше әрі үлкен жүректі жан, қадірлі тәлімгер, Арабистика саласындағы республикамыздағы тұңғыш профессор, Ұлттық және Халықаралық «Араб тілі» ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Бағысбайұлы өткен жылы шілде айында кенеттен 74 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ол қазақ ұлтының нағыз адал перзенті, ертеңі үшін алаңдайтын қайраткер ұлы еді. Сондықтан да болар, қайтыс болғанда қаншама азаматтар өздерінің қимас сезімдерін республикалық басылымдарда жариялады.

Халқы мен елі үшін адал қызмет еткен, біртуар көрнекті тұлғаның жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы серік болсынІ Оның жетпеген ғұмырын ұрпақтарына берсін!

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here