Тартыспен өткен тағдыр

0
4122
Коллаж: Айнұр Қайратбек

ХХ ғасырдың бірінші жартысы – қазақ тарих сахнасында небір трагедиялық «қойылымдардың» өткен кезеңі. «Қойылым» дегенім – солақай саясаттың қатыгез «сценарист», «режиссерлерінің» қолдан жасаған саяси ойындары. Мақсаттары – қайтсек рух сынады, қайтсек қан төгіледі дейтін өр халыққа өктем биліктің шеңгел шекпенін кигізу еді. Қазақ даласында бір батыраш туса, не басын алатын жендетті табу, не қасындағы қораласына «балта ұстату». Осылайша, тоғыз жол торапта талай бағлан бастарға тасадан тас тиді, жалған жала жабылып, қарақұс пен қақ маңдайға қос ауыз кезелді. Чеховтың «сахнада ілулі тұрған мылтық, соңында атылуы керек» дегендей, алаштың мойнында (туғанынан) жүретін қыл арқан мен қайқы қылыш, кезелген мылтық 37-де атылып тынды.

Тынғанымен, қазақтың рухы сынбады. Неге?

Себебі, Алаш қайраткерлері көкжал мінезіңді жүрегіңе қазық қып қағып кетті. Ұлтты оятып, ұлы сапарға нұсқап кетті. Сол нұсқаушы, ағартушы, Сұлтанмахмұт айтқан «күндердің» бірі – Қошке Кемеңгерұлы.

«ЖАЗУШЫ РЕТІНДЕ ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ЗЕРТТЕЛУІ КЕРЕК»

Қошке Кемеңгерұлы – ұлт жолында аянбай еткен, санаулы ғұмырын сарпа жұмсаған, әр салаға қалам тербеген бірегей тұлға. Кемеңгер жайлы көп дүние жазылды, жазылып та жатыр. Дегенмен қаузайтын, зерттейтін, кеңінен тарқататын ашылмай жатқан қыр-сырлары жоқ емес. Олай болса, Алаш арысын зерттеу қай уақыттан басталды, қалай басталды деген сұрақтарға жауап іздесек.

 «Қошкетану 1965 жылы шыққан «Алтын сақина» жинағына жазылған М.Әуезовтің алғы сөзінен бастап қалыптаса бастады», – деп жазады Д.Қамзабекұлы. 10 мың данамен шыққан бұл жинақтағы пьеса 1926 жылы ұлт театрының шымылдығын ашып берген атақты «Алтын сақина» еді.

Пьесаның тұңғыштығына келгенде біраз қарама-қайшылықтар бар. Мектеп табалдырығынан Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» деп келдік. Көпшілікті шатастыратын қате дерек әлі күнге мектеп оқулықтарынан түскен жоқ. Осы орайда тағы да Дихан Қамзабекұлына жүгінеміз. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы қаңтар айындағы бірнеше санының бірінші бетінде басылған хабарландыру тексті төмендегідей: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше» (Д.Қамзабекұлы. «Руханият». Алматы, «Білім» баспасы, 1997, 207-208 бб.), – деп көрсетеді.

1925 жылдың соңына қарай сол кездегі Халық ағарту комиссары болған Смағұл Сәдуақасұлы қазақ театрын құру жөнінде комиссия құрып, қазақ даласының түкпір-түкпірінен әртістерді ел астанасы – Қызылордаға жинап, театрдың ашылуына деп бірнеше спектаклді дайындайды. Осылайша, тарихи қойылымды ұйымдастырған Смағұл болса, көркемдік жетекшісі Қошкенің мүдделес досы – Дінше Әділұлы еді.

Смағұл Садуақасұлы «Ұлт театры туралы» мақаласында пьесаны талдай келе: «Алтын сақина – тәуір пьеса. Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ. Тегінде Қошмағамбет қолынан жақсы пьесалар шығуы мүмкін», – дейді.

Айтпақшы, «Алтын сақинадай» тұңғышты қолымен ұстап, оқып көрем деушілер болса, ҚР Ұлттық кітапханасының «Сирек қолжазбалар мен кітаптар» қорына шақырамыз. Тарихи туындының түпнұсқасы сақтаулы тұр.

Қошкентану бойынша үлкен еңбек еткен Рәзия Рүстембек, Бағыбек Құндақбай, Орынай Жұбай сынды зерттеуші ғалымдар еді. Жоғарыда айтылған «ашылмай жатқан қыр-сырларын» Д.Қамзабекұлы 2013 жылы, «Ел шежіре» баспасынан шыққан үш томдыққа былайша бес салаға тарқатады:

  • Бірінші, жазушы ретінде тыңғылықты зерттелуі керек. «Қойшы бала» әңгімесі әлі табылмай жатқанын айтады. 1937 жылы аяқтаған замандас, игі жақсылар туралы жазған қолды болған романы да бар.
  • Екінші, Қошкенің драматургиясы. Үш пьесасының тексті қолымызда екен. Ал «Әулие Тәліп» (1918), «Қасқырлар мен қойлар» (1920), «Бостандық жемісі (1919), «Күнәсіз күйгендер» (1930) атты пьесалардың атауы ғана бар, өзі жоқ екендігі жазылады.
  • Үшінші, Қошкенің тілші, ғалым, әдіскер ретінде зерттелу керектігі. «Химия», «Еуропалықтар үшін оқу құралы», «Қазақша-орысша тілмашы», ауыл шарушылығына қатысты еңбектері де жетерлік.
  • Төртінші, тарихшы-ғалым ретінде қарастыру. «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар» секілді еңбектерін саралау қажеттілігі айтылады.
  • Бесінші, қазақ ұлттық баспасөзін қалыптастырудағы рөлі. «Балапан» журналы, «Жас азамат» газеті, «Сана» журналы, «Бостандық туы» мен «Ақ жол» газеттерінің бірінде редактор, бірінде тілші, журналист болса, бірінде негізін қалап, басылымдардың шығуына атсалысты. Әдеби, әлеуметтік тақырыптағы мақалалары да талдауға тұрарлық дейді.

Міне, осы бес сала зерттелмей жатып Қошкетанудың қамбасы толық деуге келмес.

Бірінші сала бойынша Қошке Кемеңгерұлының жазушылық қабілетіне келетін болсақ, 20-жылдардың басында «Қасқырлар мен қойлар» және «Бостандық жемісі» пьесасы жазылған еді. Екеуі де Қызылжар қаласындағы қалалық бақта қойылады. Жүнісбек Жанғонақ ұлт-азаттық көтерілісі жайында жазылған «Қасқырлар мен қойлар» пьесасында өзі – урядниктің рөлін ойнаса, белгілі жазушы Сәбит Мұқан – болыстың шабарманы рөлін ойнағанын жазады.

Ташкенттегі кезеңі тіпті табысты. Смағұл Сәдуақас «Жас талап Кемеңгерұлының прозасы келешегінен үміт күттіреді» дегені дегендей-ақ, сол жылдары «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын», «Момынтай», «Ерлік жүректе», «Қазақ әйелдері», «Жетім қыз», «Дүрия», «Нәзиха» сынды әңгімелерін жазады. «Қанды толқын», «Отаршылдық ұсқындары» шығармалары 1916 жылғы патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкере қылатын туындылар. Сол кезеңдегі халықтың ашу-ыза, әлеуметтік жағдайларын шыңшыл реализммен шебер жазады.

Қошке Кемеңгерұлының М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасымен ұқсас, идеясы бір, финалы басқа туындысы «Жетім қыз». Екі шығармада пейзаж суреттеумен басталады, екеуінде де салт атты жолаушы бар. Тек өзінше өрбіткен оқиға желісі мен финалдың өзгешілігі. Қошкедегі кейіпкер ажал құшуды емес, өмірден орын табуға ұмтылады. Мұхтардағы болыс – керісінше көмектеседі. Айырмашылығы жазу кезеңіне байланысты болуы мүмкін ғой. Мұхтар төңкеріске дейін жазса, Қошке төңкерістен кейін жазған. Шығарма соңы осылай аяқталады: «Адамның ең қасиетті белгісі – «меннен» айырылған, мендігін көрсете алмай, «біз»-ге қосақталып, жер қорқақ болған, жас бетеге өмір таңында аруақтай семіп, аштықтың азабын тартқан, о кезде қантты көрмеген қазақ даласының терең түкпірінде толып жатыр ғой. Біз көрген жеке бақыттың құны жеті тиынға да тұрмайды. Жалпы бақыт, ортақ өмір керек деген ой желісіне Дарабек байланды». Ой саларлық, ә?

Қаламгердің әйел тақырыбында жазылған әңгімелеріне жеке тоқталып өтсек. Сол дәуірде әйел тақырыбы ең актуалды, жазушылар көп барған тақырыптардың бірі еді. Солардың бірі – «Ерлік жүректе» әңгімесі. Қазақ әдебиетіндегі Қамар, Шұға бейнелері қатарына Зәйра да еніп отыр. Әйел бақыты, басына бостандық іздеуі. Еркіндік үшін күрескен Зәйраны «…жар тастың басына томағасын сыпырған бүркіттей шыға келді» деп символдық теңеу арқылы еркіндікті аңсаған құсқа теңейді. «Дүрия», «Нәзиха» әңгімелерінің төркіні де осы сарында.

Қаламгер прозасында қап, дейтін дүние 1925 жылдан бастап жазған романы. Омбыдан бастап бірге түлеген қазақ зиялылары жайлы жазылған құнды роман НКВД жендеттерінің қолында кетті. Табылса, тың дерек, одан алды шындық пен ақиқатқа куә болар едік.

«КЕМЕҢГЕРҰЛЫ – ТҰҢҒЫШ ТӘРЖІМАШЫ»

Қаламгердің поэзиясына келетін болсақ, 1915 жылы «Айқап» журналының бірнеше санында өлеңдері мен аудармалары (А.Пушкин, И.Никитин) жарияланды. Өлеңдері поэзиядағы ізденісін танытса, аудармалары назар аударуды талап етеді.

Қ.Кемеңгерұлы – А.С.Пушкиннің «Пайғамбарын» қазақ әдебиетінде тұңғыш тәржімалаушы. Академик Қаратаев: «…аударманы талантты аудармашы алғанымен, не ұлттық топырақты, не ұлттық тілді білмесе, түпнұсқаның рухына кінәрат тимей қоймайды», – дегендей, Қошкенің аудармасы он бір буынды, төрт аяғы төрт табандап тұрған, жүйелі аударма. Поэзиясындағы осы бір ерекшелігіне тоқталғанды жөн көрдім.

Қазақ зиялылары түрлі салада еңбек етуі ел қажеттілігінен, заман талабынан туған еді. Халқының болашағын ойлаған азаматтардың алдында сан-алуан міндеттер тұрды. Кемеңгерұлы тіл мәселесі жөнінде көкейтесті мәселелерді қозғады. Ол тілмаштардың бірінші конференциясында «Тілшілердің міндеті мәнісі туралы» («Ақ, жол», 1925, сәуір) көлемді баяндама жасады. «Жат сөздер туралы» («Қызыл Қазақстан», 1926, №11, 14, 138-143-б.), «Қотыр сөздер» («Жаңа мектеп», 1926. №14, 15) мақалаларын жазумен қатар, «Қазақша-орысша тілмаш» (1925), «Еуропалықтар үшін оқу құралы» (Ташкент, 1928, 1-том., Қызылорда, 1929) атты еңбектер жазды. «Қазақша-орысша тілмаш» туралы («Еңбекші қазақ», №24, 1926) мақала жазғанын да еске сала кеткенді жөн көрдік.

1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының бетінде «Жат тіл оқыту әдісі» атты көлемді ғылыми-әдістемелік еңбегі де жарық көрді. Осы еңбегінде орыс ғалымдарының тәжірибесіне сүйене отырып, шет тілді үйретудің тәсілдерін, жолдарын көрсетеді. «Қазақша-орысша тілмаш» еңбегін Байтас Есім, Дәулетбек Ғаббас, Темірбек Сұлтан секілді Ташкенттегі достарымен бірлесіп жазған. Қазақ-орыс сөздігін жасайтын мамандардың жоқтығынан қолға алғандарын айтып, кіріспесінде: «Словарь может послужить не только для слушателей военных школ, но и для европейцев, служаших в Казреспублике, а также для лиц изучающих казаский быт», – деп жазады. Кейін газет беттерінде оқырмандардан келген сауалдарға мақала ретінде де жауап беріп отырады. Кейбір сөздердің мағынасын Мұхтар Әуезовке, Абай шығармаларына сілтеме жасай отырып жазғанын айтқымыз келеді.

Және де «Жаңа мектепке» жарияланған «Қотыр сөздер» атты еңбегінде сырттан кірген сөздер жайын қозғайды. Нәзір Төреқұлдың «Жат сөздер туралы» атты еңбегімен салыстыра жазып шыққан. Ал «Тілшілердің міндеті мәнісі туралы» атты баяндамасы таңқалдырды десек болады. Мына жазғанына қараңызшы: «…Әйел мәселесі қандай күйінде, қалың мал, құда түсу істері бұрынғы шарасынан орталай ма, орталамаса, неліктен? Қалың малды құртуға не айла болар еді? Ел әкімдері қалай қарайды? Елдің өзі кәрі-жас, бай-кедей деп жіктегенде, қайсысы қандай көзбен қарайды? Сотқа тартылғандар болса, сот билігі не болды? Сотқа тартылмаса, үкімет білмей қалғандай болса, не себеп? Үкімет адамдарының жеңұшты жалғасқаны болған жоқ па? Бұны жазып тұру да – тілші міндеті», – дейді. Әлі де өзектілігін жоғалтпайтын журналистің адалдық заңы, ар міндеті дегім келеді.

Қ.Кемеңгерұлы – халық мұрасын жинауға да үлес қосқан қаламгер. Ол «Абайділдә хан айдаудан келгенде Орынбай ақынның айтқаны» («Сана», 1924, №2-3, 120, 121-б.), «Қалмақ-қырғыз», «Мұрат ақынның сөздері» («Сана», 1924, №2, 3), «Есепбике қыз бен жылқышының айтысқаны» («Әйел теңдігі», 1926, 2-3, 40-б.) сынды мұраларды да аса құнды дүниелер демекпіз.

Қошкені айтарда екі үлкен еңбегін жаза кетпеске болмас. Бірі – «Қазақ тарихынан», бірі – «Бұрынғы езілген ұлттар». Екіншісінде 36 елдің тарихы, қоғамдық, әлеуметтік хәл-жағдайларын көрсеттіп, талдап береді.

«Қазақ тарихынан» – патша үкіметіне дейінгі кезеңді баяндайтын жалпы шолу. Басты ерекшелігі – Хан Кене мен Абылай ханды қосуы. Кенесары көтерілісі, оның жеңілу себептері жайында сипаттап келіп, оны «Ұлт қаһарманы» деп атайды. Хан Кенеге қатысты мұндай мәртебелі атақты Қошке тарихшылардың ішінде тұңғыш болып қолданған. Байқап қарасақ, еңбектің жазылған жылы 1924! Қыл арқан жиырманың басынан ілулі, із түскен уақыт. Ішінде Абай, Шоқан сынды қазақ ағартушылары да бар. Ол кезде хәкімді «байшыл ақын» деп жатқанда, Қошке: «Алғаш ұлт әдебиетіне өрнек берген, әлеумет тұрмысын толық тексерген, идеалға сілтеген Абай болды», – деп жазады. Марксшілдік жолды қатаң ұстанған Ғаббас Тоғжан еңбектің алғы сөзін жазған. Бүй депті: «…Кітапшаның зор кемшілігі жазушының саяси жолы – ұлтшылдық жолы. Көздеген саяси идеясы қазақ ұлтын «бұзбай», «жармай» мәдениетті ұлттыққа жеткізу», – деп көрсетеді. «…қазақта сарнаған екі ағым бар. Біреуі – ұлтшылдар ағымы, біреуі – марксшылдар, коммунистер ағымы. Бұл екеуі бір қонысқа қона алмайды. Бір ізбен жүріп, бір нысанаға көздей алмайды. Екеуінің саяси беті, әдісі, негізгі жолы екі басқа. Хошмұхамет сөздің бұл жерің ашпайды» деген секілді бірнеше кемшіліктерді айта келе: «…Әзірге, аз да болса, тарихшыларымызға тарихи мұра болсын деп мына кітапшаны бастық», – деп жазады.

Жалпы Ғаббас Тоғжан және Қошке секілді ұлт жақсыларының арасында керағар пікірлер көп болғанын білеміз. Осы орайда, атақты Қошке мен Сәбит арасындағы көзқарастар текетіресіне тоқталғым келеді. Жалпы қазақ әдеби сыны 1922-23 жылдары қатты талқыға түсті. Алғы шепте «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет», «Ақ жол», «Шолпан», «Темірқазық», «Сана», «Лениншіл жас» сынды газет, журналдар қызу талқының алаңы болды.

«ЕЛ ҚОРҒАУ – ЖАСТАРДЫҢ МОЙНЫНДАҒЫ ҚАРЫЗЫ»

Қазақ әдебиетінің ендігі қадамы, қай бағытқа жүрмек керек секілді сұрақтардың жауабын іздеу мақсатында Сәбит Мұқанұлының «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926, 14-16 қазан), «Қошкеге жауап» («Еңбекші қазақ», 1927, 31 қаңтар), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірім» («Қызыл Қазақстан», 1927), «Әркім өзінше ойлады» («Жаңа әдебиет», 1928), Қошке Кемеңгерұлының «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927), Ыдырыс Мұстамбайұлының «Көркем әдебиет туралы» («Қызыл Қазақстан», 1927), «Сын мен баспасөз туралы» («Еңбекші қазақ», 1928), «Біздің таластарымыз» («Жаңа әдебиет», 1928), Смағұл Сәдуақастың «Әдебиет әңгімелері» («Еңбекші қазақ», 1927) сынды мақалалар жазылған болатын.

Әдеби тартыстардың бірден жанданып кетуіне Сәбит Мұқанұлының 1926 жылғы 14-15 қазанда «Еңбекші қазақта» жарияланған «Көркем әдебиет туралы» атты мақаласы түрткі болады. Таптық ұстанымдарды айтып, пролетариаттық әдебиетті дамытуға шақырады. Қарсы шығып, пікір таластыруға Қошке Кемеңгерұлы шығып, «Көркем әдебиет туралы» мақаласында батыл сынап, онымен ашық айтысқа түсті.

Сәбит өз мақаласында Қазақстанда кеңес өкіметі орнағаннан бергі алты жыл ішінде қазақ әдебиетінде ештеңе істелген жоқ деп, үзілді-кесілді сын айтады. Бұлай болуға үш түрлі себеп бар деп, оларды санамалап керсетеді:

  • Біріншіден, кедейлердің сауаты төмен. 99 пайызы хат танымайды.
  • Екіншіден, сын қаттылығынан, жазуға төселген Мұхтар Әуез, Аймауытұлы Жүсіпбек, Жұмабайұлы Мағжандарға қойған шартты жаңа жаза бастағандарға қойды.
  • Көмек болмады, бірі білгенін бірі үйретпейді.

Сол кездегі қаламгерлердің Сәбитке шүйлігуі, оның «Алты жылдың ішінде қандай жұмыс істелді деген сұраққа «жоқ» дегеннен басқа жауапты айту қиын» дегені еді. Мақалада «ұлтшыл-байшыл» жазушыларды сынап, кедей әдебиетінің дамымай жатқаны, баспадағы ұлтшылдардың кесірі дегенге келтіреді.

Бұған Қошке Кемеңгерұлы «Қарама-қарсы пікірлерді салыстырған да дұрыс шығар. Пікір таластырғанда кекетіп, мұқатудың, сөгудің керегі жоқ» дей келе, «мәселені салқын қанмен шешейік» деп, мәдениетті, парасат биігінде жауап қатады.

Ең алдымен алты жылда түк өндірмедік дегенін сынайды. Тым болмаса, Сәкен мен Бейімбет, Жүсіпбек, Мағжандарды көру керек еді. «Қартқожа секілді романды көру керек еді, осының бәрі алты жылдың жемісі емес пе?» дейді.

Ал кедей әдебиетінің дамымай жатқанына сауатсыздықтан екенін айтып, ал қатал сынның кедей әдебиеттің шеңберін қысу емес, қайта қозғаушы күш «…сыннан қорыққан адам тоғыз қабат торқаға орасаң да жазушы болмайды» дейді.

«Ұлтшылдар әдебиеті қанат жайып кетті» дегеніне: «Қартқожадан» қандай кінәрат көрдіңіз, ұлтшылдықтың иісі табылмас, Мұхтардікі де сондай», – деп көрсетеді. Тургенов, Достаевский, Фет, Пушкин, Толстойлардан мысал келтіре, үстем таптан шықпағанын айтып, дәлел-дәйекпен сөйлейді.

«Қазақ әдебитіне тойып секіретін күн әлі туған жоқ!» дей келе, сонау орыс әдеби аренасына Карамзин, Дмитриев, Державиндер шыққан да аспанмен тең еді, кейінгі жазушылар пысқырып қарамайды дейді.

Ал Міржақыптың «Оян, Қазақ!» шыққанда, Грибоедовтың «Горе от умасындай» болған, «Бақытсыз Жамалы» «Бедная Лиза» сияқты болған дейді. Көріп тұрғандарыңыздай, Қошкенің кең көкжиегі, терей ойлауы, таным деңгейінің биіктігі сол, нағыз әдеби сын жағынан дәлелмен, дәйекпен көрсетеді. Жалпы Сәбит пен Қошке арасындағы әдеби тартыс жеке талдауға тұрарлық, тіпті зерттеуге де алуға болатындай. Талант пен таным жайын, ұлт әдебиетінің қадамын және өзіндік сенім көзқарастарын ғылыми жағынан тамаша талдап шыққан. Қорыта келіп, ұлт әдебиетін жасауда «байшыл», «кедейшіл» деп бөлінбей, қазақ әдебиетін дамытуға қызмет қылуға, жұмыс жасауға шақырады.

Кейін Қошке Кемеңгерұлы ұзақ тартыстан соң, «Сәбитпен айтысты доғардым» деп тоқтайды. Бірақ нүктесін әдебиеттегі ерекше финал жасаған «Екеу» атты мақала жазылады. 1927 жылғы «Еңбекші қазақта» жарияланады. Авторы Жүсіпбек және Мұхтар Әуез. Екеуі де Қошкенің көзқарасын қолдайды. Түйін сөздері осында: «Қазақтың ұлтшылдығы, үстемдігі, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда ұлтшылдық жойылмайды. Бұрынғы жалаңаш ұлтшылдық бұл күнде бұқарашылдыққа айналса, бұл – бір саты, бұл – табиғи жол.

«…Әдебиетті, өнердің оқыған өнерлісі, оқымағанның самороттары жасайды» дейді. Кесек ой түсінікті болды деп ойлаймын.

Қорыта келе, Қошке Кемеңгерұлы әлі де зерттеуге, ізденіске шақырып тұрғандай. Ұлт жолында жұрттың қамын жеп, қайтсем күн болам, қайтсем білімнің сәулелі нұры болам деген қайраткердің алда туған күні.

15 шілде…

Әлеуметтік желіде «туған күні» деген сүйінші сұрайтын деңгейден асып, жас білсін, қоғам білсін дейтін игі шара, насихат жұмыс жасалынса дегіміз келеді.

«Ел қорғау – жастардың мойнындағы қарызы» деп кеткен кемеңгер тұлғаның аманатына адал қызмет қылайық!

Жанболат АБАЙХАН,
Ұлттық кітапхана «Қазақстан кітаптары» бөлімінің қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here