Нашақорлық – заманның зұлмат дерті

0
1314

Әлемді алаңдатқан есірткі қоғамның айықпас дертіне айналды. Мұндай дерт біздің елдің азаматтарын да улап жатыр. Еске сала кетейік, 1987 жылы БҰҰ шешімімен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні болып бекітілді. Отыз бес жылдан бері осы дертпен күрес күшейтіліп, жүйеленіп келеді. Дегенмен, нәтиже көңіл қуантпай отыр. Бүгінгі таңда елімізде 18 230 адам наркологиялық есепте тұр.

Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығы жыл сайын Ашық есік күнін ұйымдастырып келеді. Мұндағы мақсат – халыққа нашақорлыққа қарсы күресті үйретіп, салдарын түсіндіру. Себебі, Алматы қаласының өзінде наркологиялық есепке 4 652 адам алынған. Соның ішіндегі 1 169 науқас есірткіге тәуелді. Қазір нашақорлық жасқа қарамайды. Есірткіге тәуелділердің 19-ы балалар. Олар осы орталықта өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде соттың шешімімен емделеді. Орталықта 54 науқас есірткі заттарына тәуелділіктен емделуде.

«Есірткі затын қолданған кезде адамның организмі қалыпты жағдайға қарағанда екі есе артық жұмыс істейді. Екіншіден, синтетикалық есірткіні қолданған кезде орталық жүйке жүйесі бірінші зақымдалады. Сосын барып жүрек-қантамыры, ас қорыту жүйесі осының барлығының қызметі бұзылып, организмнің тез қартаюына алып келеді. Нашақорлар дер кезінде емделмесе 3-5 жыл ғана өмір сүреді. Есірткіні қоя бастаған кезде нашақорлардың сіркесі су көтермейді, мазасызданады, ұйқысы бұзылады, тәбеті қашады және кейбіреулерінің дене қызуы көтеріледі. Біз осы аталған салдардың барлығын азайтатын дәрі-дәрмекті қолданамыз. Кейін психотерапиялық ем арқылы олардың санасын емдейміз», дейді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Орталық қызметкерлері «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында жұртшылыққа есірткінің денсаулыққа зиянын, адам өмірін талқандап, болашағына балта шабатын, әр шаңыраққа қасірет әкелетінін насихаттап, құмарлықтан бас тартуға, аулақ болуға шақырады. Мұндағы мақсат – қоғамға есірткіге қарсы ақпарат беру. Себебі, әлемге жайылған дертпен күрес жолы елімізде де қалыптасқан. Ал, аурудың, дерттің алдын алу негізгі мақсат болу керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақал орталық дәрігерлерінің ұстанымы.

Психикалық сауықтыру орталығы мәліметінше, есірткі дерті әлемді алқымнан алып, еліміздегі статистика мыңнан асып жатыр. Осы дертпен күрес мемлекеттік тұрақты қолдауы арқылы жүзеге асып келеді. Нашақорлыққа қарсы ем толықтай тегін жүргізіледі.

«Менің жасым 35-те. Осында келіп емделіп жатқаныма бір айдан асты. Енді бес ай жатамын. Мен есірткіні әу баста жеңіл түрлерін байқап көруден бастадым. Кейіннен өзімді тоқтата алмай қалдым. Отбасы бұзылып, туыстар алыстай түсті. Өз еркіммен емделе алмайтын болғандықтан сот арқылы мәжбүрлі түрде емдеу бөлімінде жатырмын. Жастарға айтарым, есірткіден аулақ жүріңіздер. Бір рет тартып көру, байқап көрудің арты нашарқорлыққа соқтырады», – дейді орталықта ем қабылдап жатқан азамат.

Жақында Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының қызметкерлері Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай флешмоб өткізді. Психологтар, психиатрлар, мейірбикелер есірткінің зияны мен зардабын дәріптеп, би биледі. Сонымен қатар, мәжбүрлі түрде емдеу бөлімінде тепсе темір үзетін зіңгіттей емделушілер футболдан жарысып, өзара бақ сынады. Орталық басшылары жеңімпаздарды кубок, медальмен марапаттады. Орталыққа келушілер емделушілердің шеберханада өз қолымен жасаған түрлі туындыларын көріп, таңдай қақты. Көрмеге қойылған әрбір заттың астарында автордың есірткіге елітіп, арманынан айырылып қалған ойы, мұраты менмұндалап тұрғандай.

«Өкінішке қарай, синтетикалық есірткі арзан, интернет арқылы қолжетімді. Елімізде есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан ауқымды шараларға қарамастан бұл індеттің тұзағына құрық болмай тұр. Енді оның уыты героиннен екі есе күшті болуымен қауіпті. Әсіресе, жастар психобелсенді заттардың дәмін бір мәрте көремін деп, өмірбақи оған байланып қалатынын түсінбейді. Әрі қарай сол құмарлықтың құлына айналып, жұмысқа, оқуға зауқы болмайды. Үйіндегі бағалы заттарды ұрлайды, базар, дүкен тонайды, басқа да қылмысқа ұрынады. Тұтынушының денесін ғана емес, санасын да улаған есірткі қан айналымы, жүйке қызметі, іш құрылысы, ойлау қабілетінің қызметін тежейді. Ең сорақысы оған тәуелділіктен айығу оңай емес», – дейді орталық директоры.

Жалпы ресми деректерге сүйенсек, науқастардың саны көп болуы мүмкін дейді сала мамандары. Себебі, көбі ағайыннан, таныстардан ұят деп ауруын жасырады. Екінші жағы тағы бар. «Орталықта емделген жағдайда есепке алады» деп қорқады. Динамикалық бақылауға алған адамға жұмысқа орналасу да қиын. Оған қоса қазір әлеуметтік желі дамыған ғасырда есірткі табу және оны сатып алу да оңай. Әсіресе, синтетикалық есірткі түрлері жиі кездеседі. Мысалы көп тараған зиянды заттың бірі – мефедрон. Мұндай химиялық затты шағын зертханада жасап шығуға болады. Полиция мен арнайы қызмет 2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы 96 операция жүргізген. Нәтижесінде 40-тан аса есірткі жеткізу арнасы жойылған. Соның ішінде 24-і халықаралық, 17-сі аймақтық есірткі жеткізу арнасы. Сондай-ақ, 16 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Зиянды затпен күрес жалғасып келеді. Мамандардың пікірінше, мефедронға деген тәуелділік төрт, бес рет дәмін татқан соң пайда болады екен. Әрмен қарай иммундық жүйе әлсіреп, негізгі ағзалар жүрісінен жаңылады екен. Дер кезінде емделмесе, үш жылдан ұзақ өмір сүру мүмкіндігі өте аз. Алматыда немесе елімізде жылына қанша есірткі тұтынатыны әзірге белгісіз.

Елімізде есірткі дертіне қатысты жаза күшейтіледі. Мәжілісте қаралған заң жобасы бойынша есірткі өндіруді және оны жеткізуде ұйымдастыратын адамдарға қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі өзінің Telegram арнасында мамыр айында өз ойын жазып бөліскен еді.

«Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде есірткі заттарын өндірген адамдардың жазасын барынша күшейтіп, мұндай әрекетті аса ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды. Мәжіліс бірінші оқылымда есірткінің, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар әзірлеген заң жобасын мақұлдады. Заң жобасына сәйкес есірткі өндіруді және оны өткізуді ұйымдастыратын адамдарға қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, синтетикалық есірткінің құрамдас бөліктерінің заңсыз айналымына қатысты жауапкершілік енгізіледі. Бұл қадам астыртын есірткі зертханаларын анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Үкімет былтыр нашақорлықпен күресу және елімізде есірткіге тәуелді адамдардың санын азайту үшін Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске қатысты кешенді жоспар бекіткен болатын. Мәжілісте қаралған заң жобасы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға жол ашады», – деп жазды Ерлан Қарин.

Мамандар балаларға дұрыс тәрбие беріп, әлеуметтік желідегі өмірін бақылап отыруды сұрайды. Өйткені, бұл дерт өзге аурулар сияқты жыл сайын жасарып келеді. Ал жастардың ойы есірткімен уланса, еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Есірткімен күрес – еліміздің болашағы үшін күрес.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here