Абай университеті жаңа маркетинг құралдарын белсенді түрде енгізуде

0
1584

Маркетинг кез келген бизнестің негізгі элементі екені белгілі. Қаншалықты құлаққа жағымсыз естілсе де, білім саласын тек әлеуметтік жоба деп шектемей, бизнес деп те қарастыру керек. Кеңес дәуірінің өзінде Қазақстанда жеке кәсіпкерлік заңдастырылғанға дейін көп уақыт бұрын репетиторлық, автомектептер, киім тігу курстары және т.б. кейіптегі білімдегі бизнес үлгілері болғаны белгілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы аясында бәсекелестік те күшейді. Оның білім беру саласына да қатысы бар. Бұл жағдай кәсіпкерлік философиясы мен құралы ретінде маркетингке деген қызығушылықтың артуына әкелді.

Білім беру ұйымдарының маркетинг элементтерін игере бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ, дегенмен, қарқыны басым. Жоғары оқу орнының маркетингтік саясатын зерттеушілер оның білім беру қызметі нарығына шығаратын өнімі білім беру бағдарламасы деп есептейді. Білім беру бағдарламасы сол нарық сегментіндегі тұтынушылардың әлеуметтік жағдайын өзгертуге бағытталған білім беру қызметтерінің кешені ретінде қарастырылады. Қазір барлық жерде дерлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында олардың қызметтеріне сұранысты бағалау және болжау, мақсатты аудиторияны ақпараттандыру, қоғамдық пікірді қалыптастыру және бәсекелестік позицияларды жақсарту үшін маркетинг құралдары қолданылады. Маркетинг құралдарына деген қажеттілік қазіргі университетті басқарудың ұйымдық құрылымында мамандандырылған бөлімнің – маркетинг бөлімінің пайда болуына әкеледі (мысалы, Абай университетінде маркетинг бөлімі бар). 

Жасыратыны жоқ, әлемнің жетекші елдерінің үкіметтері сапалы білім беру қызметін дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды өздерінің басты міндеттерінің бірі деп санайды. Қазіргі жаһандану процестері жағдайында өзара байланысты ұлттық білім беру жүйелерінен тұратын халықаралық деңгейдегі қауымдастық қалыптасуда. Соның бірі – Болон үдерісі. Болон декларациясына қол қойылғаннан бері қазақстандық университеттер тек ел, аймақ ішінде ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Еуропалық жоғары білім кеңістігінде (EНEA) бәсекеге түсе бастады. Бұл фактор да ЖОО-ның маркетинг пен нарық құралдарын белсенді пайдалануын ынталандырады. Өркендеген жоғары оқу орындарының тәжірибесі университеттің нарық жағдайында табысты жұмыс істеуі үшін оны басқаруда, оның білім беру қызметтерін жарнамалауда маркетинг тәсілдерін қолдану қажеттігін айқын көрсетеді.

90 жылдық қайталанбас тарихы бар Абай университеті – еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны, педагогикалық және гуманитарлық салада білікті мамандарды даярлаудың көшбасшысы. Университет бәсекелес ортада өзінің білім беру қызметінің проактивті маркетинг стратегиясын әзірлеп, дамытып отыр. Ол дегеніміз, университеттің мақсаты мен міндеттерінің нақты анықталып, өзінің тұтынушылары мен мүдделестерінің сипаттамасын, сондай-ақ нарыққа шығарып отырған білім беру қызметтерінің бәсекелестік артықшылықтарын терең талдау деген сөз. Сондықтан маркетинг бөлімінің негізгі бағыты мен міндеттері – университеттің мақсатты аудиториялармен байланысқа түсу аясында бар күшін біріктіру арқылы Абай университетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру; халықаралық және ұлттық деңгейдегі академиялық және іскерлік ортада университет брендін таныту; оң имиджін қалыптастыру, атақ-абыройын нығайту арқылы университетті көпке танымал ету; талапкерлер және олардың ата-аналарымен мүдделі жұмыс істеудің заманауи тәсілін қалыптастыру және енгізу, университетке қабылдау сапасын арттыру және т.б.

Университеттің маркетингтік қызметі ЖОО-ға қабылдау науқаны барысында жеке акциялар өткізумен шектелмейтіндігін, маркетинг құралдары күнделікті қызмет барысына кіріктірілуі тиістігін біз анық түсінеміз. Университеттің маркетингтік қызметінің пайдасы талапкерлер тарапынан университеттің оқу өніміне тұрақты сұраныстың болуы, түлектердің жұмысқа орналасуы  және мансабының өсуі, тұтынушының сұранысына сәйкес келетін жас мамандардың біліктілік деңгейін қамтамасыз ету барысында байқалады. Маркетингтік стратегияның түп мақсаты – университеттің бәсекелестік артықшылықтарын нығайту, оның оң имиджін қалыптастыру және дамыту.

Қазіргі уақытта Абай университетінің маркетингтік стратегиясындағы басым бағыт жаңашыл перспективалы ғылыми салаларға бар мүмкіндіктерді шоғырландыру болып табылады. Бірінші кезекте әлеуеті мықты халықаралық құрама топ жүргізетін өзекті зерттеулерге баса назар аудару  керек (нейропедагогика, білім беру аналитикасы, цифрлық және дәлелді педагогика, білім берудегі жасанды интеллект және т.б.). Ал, содан кейін барып осы зерттеулер нәтижелері бойынша мектептер мен колледждердің басшылық тобына арнайы тренинг-семинарлар өткізіп тұру қажет. Әлемнің ең үздік педагогикалық университеттерімен студент алмасу, профессор-оқытушы құрамын тағылымдамадан өткізу туралы келісімге тұру сынды әрекеттер де университет ұсынатын білім беру қызметтерінің қосымша құнын арттырмақ.

Университеттің стратегиялық бағдарланған менеджменті ұйымға бәсекелес нарықта орнықты дамуды қамтамасыз ететін маркетингтік міндеттер кешенін жүйелі түрде үйлестіруді көздейді. Білім беру қызметін көрсету ерекшелігіне байланысты (күрделілігі, ұсынылатын қызмет түрін қалыптастыру барысында тұтынушының тікелей қатыса алатындығы, қызмет түрін даярлау мен оны тұтыну процесінің ажырамастығы…) маркетинг құралдарының ішінде қарым-қатынас (коммуникация) маркетингі ерекше маңызға ие. Оған қызмет құнын басқару, оның тұтынушы үшін маңызын анықтау; көрсетілген қызмет сапасын субъективті қабылдау барысын басқару, қызметтің тұрақты оң имиджін қалыптастыру; тұтынушы адалдығын басқару сынды тәсілдер жатады.

Осы мақсатта Abai University маркетинг бөлімі цифрлық маркетингтің жаңа нысандары мен құралдарын көбейту және тиімділікпен енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, ондағы мақсат –біздің бар тұтынушыларымыз бен болашақта тұтынушымыз болатын әлеуетті топ алдында университеттің айқын да жарқын тартымды имиджін қалыптастыру. Цифрлық маркетинг жұмысының негізгі бағыттары мақсатты аудитория арасынан әлеуметтік желілерде университет парағына жазылушылар санын арттыру және ондағы белсенділік түрлерін көбейту (әлеуметтік желілерде лайк басу, пікірлер жазу, беттерді көру); мақсатты жарнама арқылы топтағы жазылушыларға басты хабарлама мен эмоция тарату; пікірлер мен жеке хабарламалардағы тікелей байланыс арқылы жазылушылардың университетке деген адалдығын арттыру және т.б. Сонымен қатар, маркетинг бөлімі университетке қазақстандық талапкерлермен қатар шетелдік азаматтарды тарту қажеттілігін ескере отырып, жыл сайын түрлі халықаралық білім беру көрмелеріне қатысу арқылы студенттер құрамын интернационалдандыру жұмысын да жүргізеді.

Қорытындылай келе, нарық конъюнктурасын, білім беру қызметтеріне деген шынайы сұранысты, туындаған қажеттілік бағыт-бағдарын, бәсекелес орта қызметін тұрақты бақылап отыру керектігін, сондай-ақ, білім беру қызметтерін тұтынушылармен ұзақ мерзімді серіктестік орнату қажеттілігін басты назарда ұстау керек деген оймен бөлісбекшіміз.

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА,
Стратегия, цифрландыру және
интернационалдандыру жөніндегі проректор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here