Самат Сұлтанов: «20 сотық жерден 20 тонна қияр алдым»

0
3139

Дала еңбегі оңай шаруа болмаса керек. Дегенмен, берекені көктен емес, жерден тілеген диқандар қандай дақыл ексе де, одан мол өнім алуға тырысады. Өйткені, диқандар қиындықтан жол табуда табандылық танытып, тың ізденістерге бет бұрып жатыр. Солардың бірі – Самат Сұлтанов. Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылының тумасы тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайда көкөніс өсірудің маманы. Ол әрбір азаматқа қара жерден өнім алуды әлеуметтік желі арқылы үйретіп жүр. Диқанмен көкөніс өсірудің қыр-сыры, тамшылатып суғару әдісінің тиімділігі жайында ашық әңгімелескен едік.

«ҚИЯРМЕН, ҚЫЗАНАҚПЕН ШЕКТЕЛІП ҚАЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»

– Алдымен Өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз…

– Мен 1984 жылы өмірге келдім. Жалпы, ауылда диқаншылықты кәсіп етіп жатқан жайым бар. Өзіміздің әулет жағымыздан да диқаншылықпен айналысады. Қазіргі кезде жерлерін жалға берген. Өзіме бұл қасиет солардан дарыған болуы керек.

Әкем 2000 жылы өмірден қайтты. Жоғарғы білімім жоқ. Бауырларымнан жалғыз қарындасым ғана бар. Қыз баласы болған соң, «барған жерінде жыламасын» деп, екі жоғарғы оқу орнын оқыттық. Жағдайымыз болмай кеткен еді. Содан кейін де оқи алмадым. Сол жылдан бастап қызығушылығым егістікке арта түсті. 2010-шы жылдардан бастап жерлерді жалға ала бастадым. Сол кездері екі-үш жылдай мақта ектім. Кейінірек қауын-қарбызды да өсірдім. Қазіргі кезде бес-алты жылдай болып қалды тек көкөністермен ғана айналысамын.

Кішігірім жасап жатқан дүниелерімді YouTube және Instagram желілеріне жариялап жүрмін. Қазақстанның әр өңірінен қызығып хабарласады. Нұр-Сұлтандағы бір жігіт кеңес сұрап пәтерінің балконына қияр өсірген. Осылай біраз адамдарды диқаншылыққа үйретіп жүрмін. Көп қабатты тұрғын үйлерде тұратындардың егістікпен шұғылдануларына мүмкіндіктері жоқ. «Қызықты болсын» деп гүл өсіретін горшокқа қияр отырғызғанмын. Оның баптау жолдарын үйрету үшін журналистермен видеороликтер де түсірдік.

– Тропикалық жемістерді өсіріп көрмедіңіз бе?

– Ойда түрлі жоспарларым бар. Тропикалық жеміспен айналысып жатқан таныстарым да бар. Сарыағаш ауданындағы бір танысым айналысады. Содан шет жағасын сұрастырып алдым. Биыл Шымкенттен бір түп лимон көшетін алып отырғызғанмын. Қазіргі кезде жылыжайым да гүлдеп жатыр. Жалпы осылармен де айналысу ойымда бар. Тек қияр мен қызанақпен ғана шектеліп қалғым келмейді. Тропикалық, цитрустық жемістерді де өсіргім келеді. Жылыжайым қысы-жазы жұмыс істеп тұр. Дәл қазіргі сәтте қиярым өнімін беруде.

Қара шаңырағымнан қалған үйімнің алды жеті сотық жер. Сондықтан да, шағын ғана жылыжай салып қойдым. Ауылдың сыртынан 24 сотық жер алдым. Енді Алла сәтін салса, биыл жылыжайымды сонда ауыстырсам деп отырмын. Шамамыз келгенше үлкейткім келеді. Бәрі де өз қаржымнан істелініп жатыр.

Бір жылда үшінші өнімді алып жатырмын. Үйдің іргесінен тамшылатып суғару әдісін де қолға алдым. Кейінгі жылдары Түркістан облысында ағын судан мәселелер бар. Су тапшылығы – әлемдік мәселе. Бағынышты болмау үшін алты-жеті жыл бұрын ғаламтор арқылы тамшылатып суғаруды үйрендім. Шымкент қаласынан керекті заттарын алдым. Ең алғаш 30 сотық жерге күздік қияр еккенмін. Сол кезден бастап тамшылатып суғаруды бастадым. Содан бері оң нәтижелерін көрсетті. Суды үнемдеуге көп пайдасын тигізеді екен. Тамшылату арқылы да көкөністерге дәрісін беруге болады. Жылыжай мен егістік алқабына өте жақсы.

«ШАМАЛЫ ЖЕРДІҢ ӨЗІНЕН ДЕ ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАТЫНЫН ДӘЛЕЛДЕП ЖҮРМІН»

– Тамшылату арқылы қанша рет суғарасыз?

– Әрбір өңірдің климаттық орналасуына байланысты болады. Біздің Түркістан облысы басқа өңірлерге қарағанда жылы ғой. Солтүстік жақта он күнде бір рет қана суғаруымыз мүмкін. Өйткені, күн салқын. Өзіміз жақта көктемде аптасына бір реттен ғана суғарамыз. Ал, жазда екі күнде бір суғаруға тура келеді. Шілде айында күніне бір рет суғару қажет. Суғарудың уақытын айтатын болсам, үш сағатта толықтай су ішеді. Арықпен суғаратын болсақ, бір күн жату керек. Бұған да судың көп керегі жоқ. Бір сотыққа бір тонна су мөлшері жетеді. Арық суы бұдан әлдеқайда көп. Ерекшеліктері де бар. Арам шөптердің шықпауына да септігін тигізеді. Өзен суларымен суғарғанда арам шөптердің дәндері де ағып келеді. Тамшылату да сүзгіден өтеді. Ешқандай қоқымдар болмайды.

– Өнімдеріңізді сатылымға шығарасыз ба?

– Иә, сатамын. Ауыл тұрғындарына күндік ақысын беріп жинаймыз. Барлығын жинап болғаннан кейін өз өнімдерімді Шымкент қаласының базарларына шығарамын. Көрші ауылдардағы шағын базарларға да апарамын. Басқаларға қарағанда арзандау болады. Өзім диқаншы болғаннан кейін халыққа қолжетімді етуім керек. Одан артылғанын өзіме қалдырамын. Қалғандарын көтерме бағамен алып сатарлар алып қалады. Ауыл-аймақтағылар мені танып қалған.

Қысқы жабатын салаттарға химикаттар көкөністерге көп берілсе, банканы атып жібереді. Мен ондай зиянды нитраттарды көп бермеймін. Теледидардан да менің өнімдерімді арнайы прибормен тексерген. Таза болғаннан кейін өзімнің тұтынушыларым да көп.

Өзімнің екі жарым гектар суармалы жерім де бар. Бұл жерге ауыспалы ретінде егіп отырамын. Қайта-қайта бір жерге еге беруге де болмайды. Жалғыз өзім болған соң ауыл адамдарын да аламын. Біз жақта диқандар көп. Кейде жұмысшы да таппай қаламыз.

Былтыр ауыл сыртындағы өмірі соқа көрмеген жерге екі рет пісетін қияр ектім. Бір алқаптан көктемнен жазға дейін және жаздан күзге дейін өнім алдым. Жердің өзіне 300 метр тереңдікте құдық қазып, жарық жүргізіп жұмыстарын жасадым. Мұның барлығы да тамшылату арқылы суғарылды. Көктемде 12 тонна қияр, екінші күздік өнімнен 8 тонна алдым. Жалпы 20 сотық жер 20 тонна қияр берді.

Үйдегі жылыжайым қазір де өнім беруде. Оған жиенім көмектеседі. Қазірден бастап қызанақтың көшеттерін өсіріп жатырмыз. Жылыжайды үлкейткен соң, ауылдың апайларын тұрақты айлыққа жұмысқа алсақ деген мақсат бар. Сонда қысы-жазы жұмыс болады.

– Әлеуметтік желіде қызығушылық танытатын азаматтар көп пе?

– Әлеуметтік желілерде көп хабарласады. Жұрттың қызығушылығы артқан сайын бәріне жауап бере алмаймын. Білгенімді олармен бөлісемін. Жеке нөміріме де қоңырау шалады. Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарының жастары қатты қызығушылық танытып жүр. Жылыжайы барлар да кеңес сұрайды. Алматы, Тараз, Қарағанды, Түркістан қалаларынан да көп.

Ең алғаш өзім де еш нәрсе білмей бастадым. Көп адамнан сұрағанымда айтпайтын. Өзімнің ізденісімнің арқасында үйреніп кеттім. Кейін «Диқан болсам, ақыл-кеңесімді аямаймын» деген іштей ой болды. Сондықтан да, барлық азаматтарға бағыт-бағдар беруден қашпаймын. Барлығын білмесем де, бір кісідей тәжірибем бар. Көптеген ауылда бес-алты сотық жерлерді арам шөп басып жатады. Шамалы жердің өзінен де табыс табуға болатындығын дәлелдеп жүрмін. 

«ҰЛАН-БАЙТАҚ ЖЕРІМІЗДЕН ҰЛТАРАҚТАЙ ЖЕР АЛА АЛМАЙ ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ МЕН ҒАНА ЕМЕСПІН»

– Диқан болудың қиындығы неде?

– Негізі оңай шаруа емес. Жалпы тұқымдарымыз шетелден келеді. Сатып алғаннан кейін түгелдей өсіп шығуын күтеміз. Уайымға да салынамыз. Егіншілік тұқымды сеуіп, оны сатып жібергенше алаңдатып қояды. Ауа райының да қолайсыздығы кедергі келтіреді. Су тапшылығы тағы бар. Бірақ, оны тамшылату әдісімен шештім. Тұқымның топырағына да мән беремін. Кейде топырақта құрттар пайда болады. Толыққанды өсіру үшін барымызды салу керек. Оның да бір қалыпты температурасы бар. Күндіз 25-тен, ал түнде 18-ден түспеу керек. Өсіп шыққаннан кейін аурулар пайда болады. Оның бәрін қадағалаймыз. Біраз қиындықтардан өткен соң ғана егістікке отырғызамыз. «Тұқым себе салдық» деген жоқ. Аллаға шүкір! Бәрін өткеріп жатырмыз. Жұмысымызға сабыр мен төзім қажет.

Нидерландтың тұқым өндіруші компанияларының ашық алқапқа арналған қызанағы мен қиярын егудемін. Гибридтердің бәрінде мың тұқым болады. Олар әлемдегі тұқым өндіруші ең мықты бестігіне кіретін компаниялар. Қазақстандағы өкілдері қияр тұқымдарын пошта арқылы жіберіп отыр. Бұлардың сорттарының әзірге аты жоқ. Арнайы нөмірлермен келеді. Мен оларды сынақтан өткізіп жатырмын. WhatsApp арқылы олармен төзімділігі, қаншалықты өнім беретіндігі туралы сөйлесіп тұрамыз. Олар ары қарай Нидерландқа жеткізеді. Алдыңғы жылы каталогтарына менің суретімді қойды.

– Жергілікті атқамінерлерден қолдаулар бар ма?

– «Бастау бизнес» жобасынан қайтарымсыз 500 мың теңге үстінде қаржы ұтып алдым. Сол ақшаға жылыжайды тұрғызғанмын. 2020 жылы жерді берген. Оның өзі әбден созылып кетті. Ол кезде Нұрбол Тұрашбеков (қазір Түркістан қаласының әкімі) аудан әкімі еді. Тікелей сол кісінің өзіне хабарластым. Қанша жылдан бері ала алмай жүрген жерді бір күнде шешіп берді. Онысына үлкен алғысымды білдіремін.

Көптеген басшылар мені таниды. Әзірге енді сөз ғана жәрдем болып тұр. Қазіргі аудан әкіміміз Бағлан Батыршаев деген кісі. Мен арқылы да мақтанады. Ауылда жиналыс болғанда тамшылату әдісін дамытқысы келгенін айтқан. Бірақ, іс жағынан жәрдем болмай тұр.

Ауыл сыртындағы жерімде еш инфрақұрылым жоқ. Осы жағынан көмектессе екен. Су мәселесін өзім шештім. Бірақ, кәдімгі құдық суындай болмайды. Басына шағын сарай тұрғызып, жылыжайды көшірсем деймін. Жарығы мен жолына да көмектесіп жіберсе ғой. Өз қалтамнан қаражатым жетпейді. Су, жол келсе, маған ғана пайда әкелмейді. Ол жерге үйлер де соғылып жатыр. Көбісі жастар. Басшылардың сөзіне қарасақ, бір-екі жылда инфрақұрылым келмейтін сияқты. Ең болмаса жолын тегістеп, бетіне тас төгіп, он шақты бағаналар қойып, жарық жүргізсе жақсы болар еді. Бұл «тірлік істеймін» деген аудан халқына үлкен көмек қой.

2019 жылы журналистердің өздері іздеп келді. Сол кезде ауыл әкімі біраз қашқақтады. Басшыларымыз қорыққан сияқты. Енді қазір журналистер келетін болса, мені тастамайды. Жерді де ерте бергенде көп шаруаны бітіретін едім. Жоғарыда айтқанымдай, тек есік алдындағы шағын жердің өзінен табыс табуға болатындығын дәлелдеп жүрмін. Бұдан да мықты насихат жасауға болады. Пысық жігіттеріміз көп. Біздің халық жалқау да емес. Біраз жігіттеріміз жұмыстың көзін таба алмай жүр. Кезінде жақсы бағаламады. Қазір өзім де қашамын. Өйткені, мен арқылы көбі мақтанғысы келеді. Өкінетін ештеңесі жоқ. «Кәсібім ертерек дамитын еді» деген ой ғой. Ұлан-байтақ жерімізден ұлтарақтай жер ала алмай жүрген қазақ мен ғана емеспін. Көптеген азаматтарымызға тосқауыл болады. Ауыл әкімдері де жігіттерді таниды ғой. Сенімді азаматтарға көмектессе екен. Ол жалғыз өзі ғана істемейді. Ауыл тұрғындарына жұмыс тауып береді. 

«ӨЗІМ СЫНАҚТАН ӨТКІЗБЕГЕН ТҰҚЫМДАРДЫ ЖАРНАМАЛАЙ АЛМАЙМЫН»

– Сіздей азаматтарды Үкімет нақты қолдайтын болса, басқа елдердің көкөністеріне тәуелді болмайтын шығармыз?

– Әрине! Өзім қарапайым отбасынан шықтым. Тапқаным өзімді қамтамасыз етуге жетеді. Кәсібімді үлкейтуге көп қаржы керек. Бір гектар жылыжайым болса, көрші ауыл-аймақты қысы-жазы қамтамасыз ететін едім. Пәкістан, Қытай, т.б. елдерден көкөністер келеді. Кейбіріне небір зиянды химикаттарды қосады. Таза табиғи өнімді өсіріп, шама келгенше халыққа ұсынатын едік. Біз сияқты диқандар көп. Көбісі жер ала алмай жүр. Жергілікті билік жер беретін болса, өз өңірлерін алып шығады. Нұр-Сұлтандағы досым бір маркеттен 2000 теңгенің үстінде қияр сатылып тұрғанын суретке түсіріп жіберді. Мен дәл қазір 800 теңгеден сатып жатырмын. Ол сол маркеттегі қиярды желіге салып қойдым. Тіпті, сарғайып кеткен. Айырмашылығы жер мен көктей. Әр ауылдағы диқандарға көмек берілсе, шетелдің көкөністеріне тәуелді болмайтын едік. Үкімет диқандарды жермен, одан кейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етсе, елдің тұрмысы түзеледі, ауылдағы ағайынның «екі қолына бір күрек» табылады.

Мен сияқты диқандарда ортақ тағы бір мәселе бар. Жеңілдетілген несие берерде оған кепілдеме сұрайды. Осы жағын да бір қарастырса екен. Несие алатын болсам, үй анамның атында тұр. Ол кісі қанша дегенмен қорқады. Кәсіпкерлерді анық қолдағылары келсе, несие жағын әлі де қарап шықса дұрыс болар еді.

Жылыжайды үлкейтуге тырысып жатырмын. Цитрустық жемістерді де көптеп өсіргім келіп жүр. Оны жасап жүрген азаматтарымыз да бар. Тропикалық жемістерді де қолға алу керек. Әр жерден бастасақ, басқа елге тәуелді болудан құтыламыз. Алдағы жоспарларым – соларды да ексем деймін. Ол үшін біраз тәжірибе жинақтауым керек. Бір түп болса да, зерттеп жатырмын. 10-20 көшетін жылыжайға еге бастаймын. Дәу тал болып өскенше, арасына көкөністерімді еге беремін. Кейін бір-біріне кедергілер жасағанда, лимонға ауысып кетемін.

Нидерландтың өзі кішкентай ғана мемлекет. Бірақ, аграрлық жағынан қатты дамыған. Бос жатқан жері жоқ. Бізде жерлерді байлар сатып алған. Өздері пайдаланып жарытпаса да, біз сияқты шаруа адамдарына рахатын көрсетпейді. 10-20 сотық жерді әрең алған адаммын. Бізге басшыларымыз мүмкіндік беруі керек. Бір жігіт жәшіктерге 60 түк қияр өсіріп жатыр. Менімен хабарласып, суреттерін жіберіп қояды. Шағын ғана жылыжайы бар. Арасына басқа да нәрселерді еккен. Кейбіреулер мұндай нәрсеге де ерінеді.

– Басқа компаниялардан ұсыныстар болмады ма?

– Әлеуметтік желіні жақсы пайдаланған соң көбісі хабарласады. Түркияның компаниясынан да хабарласқандар болды. Бірақ, шарттары ұнамады. Шымкенттегі үлкен агродүкендер де асты-үстіме түседі. Агроном ғалымдар да ұсыныстар айтады. Көбі мен арқылы жарнама жасағылары келеді. Мәселен, тыңайтқыштарды жарнамалауды ұсынады. Ондай ұсыныстардан бас тартамын. Себебі, маған көп адам сенім білдіретіндіктен, өзім сынақтан өткізбей ешбірін жарнамалай алмаймын.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз! 

Әңгімелескен: Қадірәлі САРЫПБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here