Қазіргі уақытта адамзаттың дамуы қоршаған ортаға әсер етуде. Оның ішінде экологияға тигізіп жатқан зияны айтпаса да белгілі. Соған байланысты елімізде экологияға ерекше назар аударылуда. Оған мысал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. Жобаның басты мақсаты – халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту. Жоба негізгі төрт бағытты басшылыққа алады. Соның бірінші бағыты бойынша міндеті – атмосфералық ауа сапасын жақсарту. Бүгінде бірқатар елдер, соның ішінде еліміз де экология мәселесіне бейжай қарамайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін әлем мен елімізде экология саласында атқарылған жұмыстар мен ұсыныстарды саралап көреді.
Қазіргі уақытта елімізде басты назар аударып отырған энергетиканың жаңа бағыты – сутегі энергетикасы. Оны тек Қазақстан ғана емес, экономикалық жағдайы көш бастайтын мемлекеттер де қолдап отыр. Неге? Себебі, біріншіден, сутегі энергетикасының басқа энергетика салаларына қарағанда едәуір шығынның аздығы себеп болып отыр. Екіншіден, сутегі энергетикасын өндіру барысында зиянды қалдықтарға айналу мүмкіндігі мүлдем жоқ. Яғни, сутегіден қалған қалдық таза ауаға айналады, ол экология үшін ауаның құрамын тазалайтыны сөзсіз. Үшіншіден, сутегіні біз кез келген жерден таба аламыз. Қарапайым жерден бастап, галактикаға дейінгі аралықты қамтып жатыр. Бұл, былайша айтқанда, қолжетімді пайдалы қазбаның бірі десек те болады.
Сутегі энергетикасын өндіруді «сұр», «көгілдір» және «жасыл» деп топтарға бөлеміз. «Сұр» сутегі – мұнай өнімдері мен қалдықтары, газ және көмірден булау арқылы көмірқышқыл газы арқылы бөлініп алынады. «Көгілдір» сутегі энергетикасында метан арқылы көмірқышқыл газы арқылы бөлініп алады. Ал, «жасыл» сутегі энергетикасына келсек, суды электролиз арқылы сутегі және оттегі бөлініп, жаңа энергияның көзіне айналады. Бұл күн батареясы мен жел электр станциясы арқылы жүзеге асырылады.
Жалпы, сутегі энергетикасы әлем халқына таңсық дүние емес. Сутегі энергетикасын өндіруде Еуропалық Одақ елдері мен Оңтүстік Корея, Жапония сынды мемлекеттер көш бастап тұр. Олардың басты мақсаты – толығымен сутегі энергетикасына көшу. Фархад Қуанғановтың пікірінше, «Сутегі энергетикасын дамыту Қазақстанның артықшылықтарын жүзеге асыруға, көмірсутегі секторының және экономикамыздағы жаңа технологиялардың дамуына елеулі үлес қосады. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынды алғышарты».
Қазақстанның басқа мемлекеттерге қарағанда сутегі энергиясын өндіруге толығымен мүмкіндігі бар. Оны дамытуға төмендегі шарттар негіз болады. Еліміздегі электр станцияларының қуаттылығы шамамен 20 ГВт құраса, электр станциялардың артық қалған энергия мөлшері 3 ГВт құрайды. Әсіресе, оған шамадан тыс жүктеме болса, ГРЭС-тің қуаттылығы 7 ГВт асып жығылады. Еліміздегі электр энергиясының ең аз мөлшері Павлодар және Маңғыстау облыстарында.
Қазақстан жылына шамамен 1 млн тонна сутекті электролиз әдісімен өндіруге қауқарлы. Бұл еліміздегі көптеген электр станциядағы жүктемені азайту мүмкіндігі жоғары. Мысалы, сутегі энергиясы арқылы 270 мың дана автобустарға күнделікті жанармай құюмен тең. Осылайша, еліміздегі сутегі энергиясын өндіруді 1 млн тоннаға жеткізсек, жылына шамамен 1,5-2 млрд доллар пайда алып келеді. Сутегі болашақта табиғи газ бен көмірден де мықты энергетика көзіне айналуы мүмкін.
Осы орайда Қазақстан болашақта «жасыл» энергетикаға өту қарқындылығы тек жобаға байланысты болып тұр. Алайда, таңдалып алынатын жерге тек екі нұсқа ұсынылды. Біріншісі – Павлодар облысындағы ГРЭС, екіншісі – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) болып отыр. Айталық, SVEVIND Energy GmbH неміс-швед компаниясы 2027-2031 жылдарға арналған жоба бойынша Маңғыстау облысымен келіссөз жасасқанын хабарлаған еді. Неміс-швед компаниясының басты мақсаты – күн және жел электр станцияларының (КЖЭ) қарқынын күшейту. Күн және жел электр станцияларының қуаттылығын 30 ГВт-қа жеткізіп, энергия мөлшерінен 2 млн тонна сутегі өндіру жоспарлануда. Бұл жобада Қазақстан Еуропа мен Қытаймен бәсекеге қабілетті екендігін көрсетеді. Егер де осы жоба шынымен де жүзеге асырылатын болса, Қазақстан 2030 жылы ең ірі сутегі энергетикасын өндіретін мемлекетке айналуы мүмкін. Салыстырмалы түрде айтсақ, Сауд Арабиясы 2020 жылғы сутегі энергетикасының қуаттылығын 2025 жылы шамамен 230 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Сауд Арабиясы бұл жобаны 5 млрд долларға бағалады. Зауытқа 4 ГВт күн және жел энергиясы қажет деп тапқан. Екі жыл бұрын бұл жоба әлемдегі ең ірі жобалардың қатарына кірген.
Қазіргі таңда SVEVIND Energy GmbH компаниясының жобасы – еліміздегі сутегі энергетикасы бойынша ең ауқымды жоба. Себебі, еліміздегі 2027 жылғы энергетиканың статистикасына қарағанда, бір жарым есе артық энергия өндіре алатындығын (30 ГВт) көрсетіп отыр.
«Қазақстандағы жоба 2035 жылғы Ресейдегі сутегі энергетикасын экспорттаудағы ең төменгі көрсеткішінің өзін басып озады», – деп пікір білдірген ресейлік ғалым Наталья Гриб.
Алайда, қазіргі уақытта белең алып отырған тағы бір мәселе – ол судың тартылуымен тығыз байланысты. Себебі, судың құрғап кету жағдаяттары көбіне елімізде Маңғыстау облысында жиі кездеседі. Оған тағы бір дәлел еліміздегі су мөлшерінің көп бөлігінің құрғап кету салдарынан былтырғы жылғы мал басының кемуі де бар. «Жасыл» экономиканың дамуының аяғына тұсау болып отырғанның тағы бір мысалы осы. Себебі, сутегі алу үшін су керек екені бесенеден белгілі. Мысалы, бір тонна сутегі алу үшін орташа есеппен кемі он тонна суды қажет етеді.
Бұл жөнінде Еуразия даму банкінің сарапшысы Нұрсұлтан Османов былайша пікір білдіреді: «Алайда, он тонна алу үшін бізге жақын маңдағы өзендердің арнасын бұрып бағыттау аздық етеді. Жүйеде шамамен екі тонна лас суды тазалап шығарсақ, оған кемі бір тонна шығады. Сонда біз таза бір тонна сутегі алу үшін бізге электролиздейтін лас судың көлемі он тонна емес, 18 тонна екендігін көрсетеді».
Еуразия даму банкінің пайымдауынша, суды сутегіге айналдыру Қазақстандағы су тапшылығына алып келуге себеп болуы мүмкін екенін алға тартады. Мысалы, 2020 жылы 101 куб. км судың өзінде 43 куб. км ауыл шаруашылығы мақсатта жұмсалған. Ал, 2021 жылы ауыл шаруашылығындағы оның көлемі 25 куб. км-ге дейін азайған.
«Энергетика министрлігі 2022 жылдың аяғында сутегі энергетикасы бойынша бірінші заңды жобасын іске қоспақ. Ол Қарағандыдағы көмір бассейінің газ бен газды метанның негізінде жүзеге асырылуы бек мүмкін. Осы орайда 2023 жылдың бірінші тоқсанында осындай заң қабылданбақ», – дейді Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков.
Қазақстанның сутегі энергетикасы бойынша әлемдік нарыққа кіруіне толық негіз бар. Алайда, ол үшін Қазақстан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын тездетіп жүзеге асыруға күш салуы тиіс.
Басқа мемлекеттермен салыстырғанда елімізде сутегі энергетикасын дамытуға көп мүмкіндіктер бар. Қазіргі уақытта сутегі энергетикасынан бөлек, сутегімен жүретін құралдарды дамыта аламыз. Сондықтан сутегіні тек қана энергия көзі ретінде ғана қарамауымыз керек. Бірнеше жылдан соң инвесторлар үшін көмір, табиғи газ және мұнай өнімдері өз қажеттіліктерін жоғалтып, оның орнына сутегі энергетикасы бірінші орынға шығады деген болжам бар. Ғылыми тұрғыдан да салыстырмалы түрде есептеп көргенде, басқа энергетикалармен салыстырғанда сутегіні тасымалдау әрі оны өндіру технологиялары да шешімді тез табатыны анық. Осы орайда сутегі энергетикасын зерттеп жүрген ғалымдардың көпшілігінің еңбектерінің нәтижесін зерделеу үшін қаражат жағына барып тірелері белгілі.
Егерде сутегі энергетикасы қазірден бастап қолға алынбаса, көп мемлекеттермен бәсекеге түсу қиындай түсері сөзсіз. Себебі, Hydrogen Council және McKinsey компанияларының пайымдауынша, сутегі энергетикасының инвестициясы 2030 жылы 300 млрд. долларға дейін көтерілуі бек мүмкін.
Әлемнің жетекші елдері өзара сутегі энергетикасы бойынша бәсекелестікті бастап кеткелі біраз болды. Әсіресе, көш басында Германия, Ұлыбритания, Үндістан, Қытай, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттері 2050 жылдары толығымен сутегі энергетикасына көшуді жоспарлап отыр. Ал, 2017-2020 жылдар аралығында аталған мемлекеттер ұзақмерзімді ұлттық жобасының практикалық кезеңдерін бастап кеткен. Нақтылай кетсек, Жапония 2017 жылы бастапқы сутегі стратегиясын қабылдаса, Оңтүстік Корея 2018 жылы жол картасын сутегі энергетикасына бағыттаған. 2019 жылы Қытай сутегі энергетикасы бойынша «Ақ кітапты», Аустралия ұлттық жобасын қабылдаған. Ал, Еуропалық Одақ 2020 жылы жалпы сутегі энергетикасының даму стратегиясын 2050 жылға дейін жүзеге асыруға ден қойды.
Сутегі энергетикасы – ХХІ ғасырдағы энергетика саласындағы ең таза әрі «жасыл» саласы болып отыр. Себебі, оның көмірқышқыл газын бөлу қасиеті мүлдем жоқ десек болады. Бұл сутегіге айналдыру барысында тек қана электролиз арқылы жүзеге асырылып, оның жылу беру, «жану» және сақтау секілді қасиеттері мұнай мен табиғи газға қарағанда едәуір тиімді екендігін көрсеткен. Сутегінің пайдасы тек бұл ғана емес, ол көліктің жанармайы есебінде, табиғи газды және жанатын кез келген элементтерді, химиялық энергия мен электрлік қасиеттерінің де бар екендігін көрсетеді. Сутегінің жоғарғы жылу сіңіргіштік пен жылу өткізгіштік қасиеті тағы бар.
Қазіргі уақытта көлік құралдарының көбі тек қана табиғи газбен ғана емес, сонымен қатар, сутегімен де жүретін болған. Оған мысал ретінде, Жапониядан шығатын Toyota автокөлігінің Mirai маркасы мысал бола алады. Статистикаға көз жүгіртсек, 2021 жылдың басында 12 мың дана (оның ішінде АҚШ-та 7 мың дана), Honda көлігінің FCX Clarity маркасының 38 мың данасы сатылған екен. Жапония 2030 жылға қарай сутегімен жүретін көліктердің санын 800 мың данаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл өз кезегінде елдің экологиялық проблемасын шешуге бағытталған жобаларының бірі.
Оңтүстік Корея шығаратын Hyundai автозауытының есептеуінше, қазіргі уақытта 14 мың дана сутегімен жүретін көліктерді айналымға енгізген. 2020 жылғы мәліметтер бойынша, Hyundai автокөліктерінің NEXO және ix35 маркасы ең көп сатылған (шамамен әр маркадан 5 мың дана) көліктер қатарында тұр. Ал, Оңтүстік Корея 2040 жылға қарай сутегімен жүретін көліктердің санын 6,2 млн данаға жеткізуді көздеп отыр.
Көлік саудасында Toyota Mirai маркасы 58 550 доллар, Honda Clarity 58 490 доллар, Hyundai автокөліктерінің NEXO маркасы 58 735 долларды құрайды. Алайда, сутегімен жүретін көліктерді алған жағдайда, мемлекет 24 мың доллар субсидия бөліп отыр.
Қытай 2020 жылдың аяғында сутегімен жүретін көліктердің санын 7 352 данаға жеткізген. Қытайдың қабылдаған «Ақ кітап» жобасы бойынша сутегі ассоциациясы 2025 жылы 50 мың данаға, 2035 жылы 15 млн дана көлікке жеткізуді жоспарлап жатыр. Осы орайда Toyota және Hyundai қытайлық SAIC, BAIC және GreatWall сынды көлік өндіруші компанияларымен бірігіп, сутегімен жүретін көліктің жаңа модельдерін ойлап табуға күш салуда.
Toyota автозауытының хабарлауынша, сутегіні «қорек ететін» автокөліктер климаты нашар саналатын мемлекеттер арасында бәсекеге өте жиі түседі. Яғни, сутегімен жүретін көліктердің көп бөлігі қуатын жоғалтпайды және қуатын төменгі температурада сақтай алады. Одан бөлек ауаның ластануына тосқауыл болады. Бұл өз кезегінде сутегімен жүретін көліктері көп болған қалада ауаның ластануы да төмен болады деген сөз.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) мәліметінше, 2018 жылы сутегіні әлем бойынша өндіру көлемі 74 млн тоннаға жуықтаған. Оның басым бөлігі мұнай-химия саласы мен металлургияға жұмсалған. Әлемдік сутегіні дамыту орталығы 2030 жылы сутегіні 30-35 млн тоннаға артық өндіруді сұрайды. Себебі, олар қазіргі уақытта мұнайдың саудадағы бағамы сутегіге қарағанда тым қымбатқа түсіп, экологиялық тұрғыдан да көп зиян алып келіп жатқандығын айтуда.
Болашақта сутегі энергетика саласының сутегіні өндіруші мемлекеттердің қуатты драйверіне айналуы мүмкін. Әрине, оның ішінде Қазақстан да бар. Себебі, пайдалы қазбалар таусылған жағдайда адамзат энергетиканың жаңа көздерін іздей бастайтыны анық. Осы орайда сутегіні энергетикаға айналдыра алсақ, алдымен экологияға кері әсер етпейміз, екіншіден, біздің елімізге қаржы жағынан қыруар пайда алып келеді.
«Аустралиядан келген инвестор қаржының және жердің аумағын есептеп, біздің жеріміздің Швеция мен Германиядан еш айырмашылығы жоқ екенін айтты. Олар күн жақсы түсетін және жел жиі соғатын жер ретінде Батыс Қазақстанды таңдап алды. Демек, асығудың қажеті жоқ, сутегі энергетикасына кішкене жоба ретінде қарай салуға тағы болмайды. Себебі, сутегі энергетикасы болашақта экономиканың тірегі болуы мүмкін», – деп пікір білдіреді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.
Қазақстан сутегі энергетикасының дәл ыңғайлы жерінде орналасқан мемлекет деп нақты айта аламыз. Себебі, еліміздің географиялық аумағының көбі шөл және шөлейтте орналасқан. Бұл елімізде күннің түсуі мен желдің жиі соғуына себеп болады. Ал, сутегіні электролиз әдісімен алу көбіне күн және жел энергиясына байланысты.
Қазіргі уақытта әлем халқының басты проблемасы – ауаның ластануын тоқтату әрі энергетиканы экологияға зиянсыз түрде өндіру. Экология жақсарған жағдайда адамзаттың өмір сүру сапасының жақсаратыны бесенеден белгілі жайт.
Алмабек ИБРАЙЫМОВ